Жаңаөзенде жас ана 6 кг сәбиді дүниеге әкеле алмай, бақилық болды
2014 ж. 04 наурыз
3175
0
Жаңаөзенде босана алмай қайтқан жас ананың туыстары жергілікті дәрігерлерді кінәлауда. Перзентхана қызметкерлері бірден бірнеше "қателік жасады" деп отыр олар.
КТК арнасының хабарлауынша, қазір бұл істеп полиция айналысып, қылмыстық іс те қозғалған. Ал осы қайлығы оқиғадан соң марқұм Дәметкен Құдайбергенованы бақылаған дәрігердің өзі төсек тартып қалыпты. Жүрек талмасынан соң ауруханаға жеткізіліп, бір айдан бері ес-түссіз халде екен.
Дәметкеннің туыстары оның көз жұмғанына әлі де сене алар емес. Келіншек 18-ден енді асыпты. Былтыр тұрмысқа шығып, тұңғышын босануға асыққан екен. Бірақ дүние есігін ашқан нәресте қуаныш әкелсе, араға бірер күн салып, бұл отбасы қара жамылған.
"Роддомдағыларға келіншегімді аман -сау апардым өз қолыммен, мамам екеуміз. Маған өлігін берді. Келіншегімнің өлімі үшін жауап берсін деймін", - дейді марқұмның күйеуі Нұрболат Қалбаев.
Дәметкен жүктілік кезінде өзін жақсы сезініп, тіпті колледждегі сабағынан да қалмаған. Сондықтан "ешбір қиындықсыз босануы тиіс еді", - дейді жақындары.
Бірақ жас ананы бақылаған дәрігерлер баланың салмағы 6 келіден асатынын тек босану кезінде байқапты. Толғағы келсе де "өз күшімен босанады" деп шешкен. Бірақ Дәметкеннен қан кетіп, 3 мәрте ота жасалады.
"Келінімнің жағдайы қалай дегенде, сенің келініңнің жағдайы бізді де шаршатып отыр. Не болды дегенімде Ақтаудан дәрігер шақырдық, үшінші операцияға алуымыз мүмкін деді. Енді келініңнің амандығы мен баланың денсаулығын ойла деді", - деп бөлісті Д.Кұдайбергенованың енесі Гүлзира Кенжебекова.
Ота барысында дәрігерлер ананың жатырын алып тастаса да, қан тоқтамаған. Ақтаудан келген мамандардың әрекеті де оңды нәтиже бере қоймапты. Сондықтан жаңаөзендік перзентхана қызметкерлері өздігімен науқасты Ақтауға жеткізбек болған. Бірақ жолды көтере алмапты.
Жаңаөзен қалалық перзентханасының бөлім меңгерушісі Қалампыр Күзембаева : "Қате" деп айта алмаймын. Баланың салмағы үлкен болған соң созылып кеткен жатыр бағынбады. Қолымыздан келгенін істедік. Бізге де, өте ауыр әйелді жоғалтып алу деген", - дейді.
Анықталғандай, Дәметкенді тасымалдаған көлікте оттегі беретін аппарат та болмапты. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы тікұшақ жіберуден бас тартқан. Қазіргі таңда осы қайғылы оқиғаның мән-жайын полицейлер анықтауда.
Жас ананың өлімі қанның тоқтамағанынан, жолдың ауыр тигендігі немесе аяқ астынан асқынған аурудан келгендігін енді олар анықтайтын болады. Ал осы оқиғадан соң марқұмды бақылаған дәрігердің жүрегі ұстап, өзі де комаға түсіпті. Бір ай өтсе де, әлі есін жимаған.
"КТК" арнасы