Сәнбикелік агенттіктер оқушыларды "жұлдыз" болуға шақырып, білім алуларына кедергі келтіріп жүр
2014 ж. 04 наурыз
1953
0
Былтырғы жылы белгілі актриса Әсел Сағатованың атындағы сәнбикелік мектеп биыл атын өзгертіп жұмысын қайта бастағанға ұқсайды.
Дәл осындай жағдайға Ләйлә Ибрагимованың да сіңлісі тап болған. Келіншектің айтуынша, "бойжетіп тұрған қыздарды түрің келісті, бітімің тартымды деп сәнбикелік агенттік мектеп партасынан сән әлеміне тартып жатқан көрінеді". "Тегін емес әрине. Киноға түсіп, жарнамадан көрінгің келсе, қалтаңнан қомақты қаржы қағып беруің шарт"- дейді Ибрагимова.31 арна редакциясына шығымдарын айтып келген ата-аналар "балаларыңнан жұлдыз жасаймыз деп, мектеп аралап жүрген модельдік агенттіктерден тыным жоқ" - деп арыздануда. Білім ордаларындағы оқушылардың тыныштығын бұзып жүргендер кім екендігін арна тілшісі анықтап көрген еді.
Белгілі әзілкеш Бауыржан Тұрбаев әлде бір сәнбикелік агенттік кіші қызын кастингке шақыртқаннан кейін, алдымен өзі барып мекемені барлап қайтуды жөн санапты. "Мектепке келіп, оқушыларды жаппай үгіттеп, модельдік бизнеске баулып жатқан ұйымның жұмысы күдікті" - дейді ол.
"Анкета толтырады екенсің. Сосын анкетада қызметіңді, жағдайың бар ма, жоқ па соны толтырады екенсің. Жағдайың бар болса қармаққа іліне береді екенсің. Сосын барып мен айттым, жарайды, бұдан алдын балаларды түсіріп журналға шығады екен деді, журналға шықса балаң шықса әр ата-анаға қуаныш қой. Сол журналдарын көрсетіңдерші десем, бізде ондай журнал жоқ дейді", - дейді ата-ана.
"Көзің әдемі, шашың әдемі, көз-қарасың әдемі деген сияқты нәрселерді айтады, сөйтіп баланы алдайды ма деп ойлаймын. Егер киноға түсіріп жатса, олар өздері-ақ шақырып, тауып алады. Дұрыс қой. Ал жалпы біз ойлаймыз осы мектепке барып, кастингке шақырып, баланың санасын бұзбаса екен деп ойлаймыз. Мектеп директорлары осыны қолға алса деп ойлаймыз. Өйткені бала барғысы келеді, қатарынан қалғысы келмейді", - дейді әйел.
Тілшілер орта білім мектептерін фотостудияға айналдырып, кәсіп көзін санасы толықпаған балалардан тапқан агенттіктің басшыларымен тілдесуге аттанды. Сөйтсек бұл, аты бір емес бірнеше рет дауға қалған танымал актриса Әсел Сағатованың атындағы мектеп орналасқан ғимаратта екен.
Өзін сәнбикелік агенттіктің қызметшісімін деп таныстырған қыз, бұл мектептің құрылтайшылары өзгерген, қазір аталмыш агенттік Әсел Искакованыкі деп қайырды.
31 арна