Несие бәріне қажет, бірақ...
2014 ж. 03 наурыз
3216
4
Әңгіме тұтыну несиелері жайында.Ұлттық банк пруденциалық нормативті қысқарту арқылы тұтыну несиелері өсуіне тосқауыл қоюды жоспарлауда.Тұтыну несиесі бойынша жылдық ең жоғары көрсеткіш өсімі Астана (61 млрд теңгеден 161,5 млрд теңгеге дейін) мен Алматыда.
2012 жылдың қарашасынан 2013-тің қарашасы аралығында тұтыну несиелерінің көлемі 48 пайызға өскен. «Бүгінгі таңда еліміздегі берілген тұтыну несиелерінің көлемі 2 трлн теңгеден асып кетті. Бұл дегеніміз, коммерциялық банктердің жиынтық несие портфелінің 18 пайызын құрайтынын көрсетеді. Яғни тұтыну несиелерін де оңды-солды беріп, проблемалы қарыздардың көрсеткішін тағы да көтеріп алғанын банктер байқамай қалды. Егер аталған соманы 17 миллион адамға бөлетін болсақ, әрбір үшінші қазақстандық тағы да мойнына қарыз іліп алған болып шығады. Ал сол 17 миллион адамның тек үштен бірі ғана еңбек етуге қабілетті екенін ұмытқанбыз. Отандық банк секторында тағы да дисбаланс туындай бастауы мүмкін. Мұның себебін іздейтін болсақ, ең алдымен банктердің клиент үшін бәсекесінен іздеуге тура келеді. 2008 жылғы дағдарыстан кейін есін жинай бастаған комбанктер жеңіл жолды таңдады. Қайтарымы тез болатын несие көздерін іздестіріп, оны тұтыну секторынан тапты. Қарап отырсаңыздар, бізде ғана емес, бүкіл әлемде материалдық құндылық бірінші планға шығарылған. Банктер адамдардың осы әлсіздігін дөп басып, бағыттарын осылай қарай бұра қойды. Жаңа технология бойынша шығарылып жатқан жаңа техникалар да адамдардың көз құртына айналуда. Жастар бірінен-бірі қалғысы келмей, қымбат ноутбуктар мен телефондар, телевизорлар, т.б. техниканың соңғы буындарын алуға жанталасады. Материалдық құндылықтар соңынан жүгіру нағыз дүрбелең тудырып, клиент үшін талас тудырды. Банктер де бірінен-бірі асып түскісі келіп, небір қымбат тұтыну заттарын несиеге бере бастады. Осылай елімізде тұтынушылар мен импортқа деген сұраныс өсуде. Бұл өз кезегінде ертеңгі күні проблемалық активтерді де көбейтпесе, азайтпайды» дейді сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Ілияс Исаев.
Тұтыну несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеме стандарттық несиенікіне қарағанда жоғары болып есептеледі екен. Яғни банктер қазіргі кезде осылай өздерінің кейбір шығындарының бір бөлігін тұтыну несиелері есебінен жабуда деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, егер экономикалық талықсу (шок) орын алатын болса (мұнайдың әлемдік бағасы төмендесе деген сөз), банктерді мұндай ойын құтқара алмайтыны белгілі екенін сарапшылар алға тартуда. Шикізат тауарларын сатудан түсетін түсімдердің көлемі қысқара қалған жағдайда, мемлекет шығаратын шығын деңгейіне әсер ететіні белгілі. Ақша массасы қысқарып, тұтынушылардың сатып алу қабілетіне де әсер етеді. Сарапшылар 2 трлн теңгеге үлестірілген тұтыну несиелері қазіргі мұнай бағасының жоғарылығына қарамастан, шошыта бастаса, экономикалық талықсу болған жағдайда, еліміздің банк секторын күйреуге апарып, соқтыруы мүмкін екендігін айтып, ескерту жасаған болатын.
Бөлшек несиенің банктер үшін табыс көзінің біріне айналып отырғаны шын. Өйткені тұтынушыларға берілген несиенің қайтарылмай қалу мүмкіндігі де соншалықты жоғары емес. Егер сарапшылар ескерткеніндей, халықаралық нарықтарда мұнай бағасы төмендейтіндей ахуал туа қалса, тұтынушылардың төлем қабілетіне де әсер етпей қоймайтыны белгілі. Тұрғындар алған тұтыну несиелерін жабуда үзілістер жасап, кешіктіріп жататын болса, экономикалық ахуалдың нашарлай бастауының дабылы болатынын да естен шығармау керек шығар. Ал ондай кешіктірулер қазірдің өзінде бой көрсете бастағанын сарапшылар айтып та отыр.
«Қазірдің өзінде бір адамның мойнына үш-төрт несиеден артулы. Бұдан ары қарай бөлшек несие көлемінің артуы мүмкін емес. Себебі әр нәрсенің де шегі болады. Оның үстіне теңге девальвациясы да тұтынушылардың тәбетін біразға дейін тыятыны рас. Ал банктер болса, клиент үшін бәсеке барысында төлем қабілеті төмен азаматтарды да тартып, оларға тәуекелі жоғары несиелерді ұсынатын болады. Бұл несиелік тәуекелділікті көбейте түседі» деген пікірді білдірген Standard & Poor's агенттігінің сарапшылары қазақстандық екінші деңгейлі банктердің бүгінгі жағдайына баға беру барысында.
Тәуекелді күшейтіп, банктерді екінші рет тағы да тығырыққа тірейтін болса, ондай тұтыну несиелеріне тоқтау салу керек деген шешімге келген Ұлттық банк осы мәселені шындап тұрып қолға алмақшы. Алдағы уақыттан бастап, әр банктің несие портфелінен берілетін тұтыну несиесі оның көлемінің 30 пайызынан аспауы тиіс деген мөлшер белгіленеді. Және де осы уақытқа дейін беріліп келе жатқан несиелердей емес, енді қарыз алып, тауар сатып алам дейтін тұтынушының алатын қарызы ай сайын табатын табысының 50 пайызынан аспауы тиіс. Оған жетпейтін болса, банк несие бермейтін болады.
S&P рейтингтік агенттігінің сарапшылары мына мәселеге де жете назар аудару керектігін еске салады. «Банктерде қарыз алушыларға ұзақмерзімді несие беріледі. Қарыз алушы оны өзгелер секілді ай сайын белгілі бір мөлшерін төлеп, жауып отырмайды, қайтару мерзімі белгіленген жылы бір-ақ төлейді» дейді агенттік сарапшылары. Біздің банктерде ондай несиелер көптеп орын алатын көрінеді. Міне, солардың қайтарылу мерзімі жеткен кезде проблеманың көкесі болуы мүмкін екен. Әзірше ондай несиелерді банктер проблемалық активтер қатарына жатқызбай отырған көрінеді. Қысқасы, шектен тыс несие берудің соңы осындай шешімі қиын жағдайға тіреп отыр.
"Айқын" газеті