"Темір тұлпарлыларға" жаза күшейді
2014 ж. 28 ақпан
2128
0
Елді елеңдеткен, «темір тұлпарлы» қазақстандықтарды алаңдатқан «Жол жүрісі туралы» жаңа заң жобасы «қабылдаудың соңғы сатысына» шықты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысы толығымен бір мәселеге – осы жобаға арналды. Бірақ осы және оған ілеспе қос заң жоба екінші оқылым кезінде қызу талқылау тудырмады: жүргізушілердің жауапкершілігін арттырудың өмірлік маңызды екендігін барлығы түсінген. Әйтпесе Елбасы айтқанындай, қара жолда қаншама адамның қаза табатындығы сонша, дәл бір соғыс жүріп жатқан сияқтанады. Сенаторлар кеше «Жол жүрісі туралы» заң жобасын және соған ілескен түзетулерді ақырғы рет қарап, өз ұсыныстарын енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Егер төменгі палатадағы әріптестері түзетулермен келіссе, құжат қол қоюға Президентке жолданады. Ал егер келіспей жатса, қос палата арасында келісім комиссиясы құрылады. Сонда Парламенттің ортақ байламы түзіледі. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс мақұлдаған заң нұсқасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі туындапты. Мәселен, ішкі істер органының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жүргізушінің және оның жолаушысының көліктен шығуына тыйым салынбақ. Осыған орай сенаторлар жүргізуші мен жолаушыға көлік кабинасын тастап кетуге жол полициясы қызметкерінің қандай жағдайларда рұқсат бере алатынын заңда нақты жазып көрсетуді ұсынады. Мысалы, көлік салонындағылар «құқыққа қарсы мінез-құлық танытпаса», «масаң күйде деген күдік болмаса» және тағы басқа жағдайда рұқсат ету көзделеді. Мәжіліс заң жобасындағы бір «қызықты» бапты құптаған, оған сәйкес егер көлік салығы төленбесе, ол машинаны эксплуатациялауға тыйым салынады. «Салықтық міндеттеменің орындалмауы жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер етпейтіндігін ескере отырып, осы норманы алып тастауды, ал көлік салығы бойынша борышты сол көлікті мемлекеттік тіркеу немесе тіркеу деректерін өзгерту кезінде реттеуді ұсынамыз» деді сенатор Серік Ақылбай. Бұдан былай Қазақстанда «жүргізудің агрессивті әдісі» деген ұғым жойылатын болады. Мәжілістегі қалаулылар заң жобасында «жүргізудің агрессивті әдісіне» – «басып озу не маневр жасау ережелерін бірнеше рет бұзуды», «күрт тежелуді», «жол жүрісіне кедергі жасауды», «алда жүріп келе жатқан көліктен қауіпсіз арақашықтықты сақтамауды», «алда жүріп келе жатқан машина жүргізушісінен жарық және дыбыс сигналдарын пайдалана отырып, жолдың босатылуын талап етуді» жатқызған болатын. Сенаторлар бұл баптың Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің маневр жасау және басып озу ережелерін бұзғаны, апаттық жағдай туғызғаны үшін жаза қарастыратын баптарымен «бәсекелестікке түседі» деп, оны заң жобасынан алып тастады. Мәжіліс өзі мақұлдаған нұсқада Үкіметке және жергілікті билікке «интеллектуалды көлік жүйелерін басқару бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мамандандырылған кәсіпорындарды құру» құзырын берді. Сенаторлар оны өзгертіп, «интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге маманданушы ұйымдарға» беруге ғана ұлықсат етті. Сенаттың С.Ақылбай басқаратын бас комитеті бұл өзгерісті былай түсіндіреді: «Мәжіліс мақұлдаған осы редакция мемлекеттік кәсіпорындар санының (шамамен 200 кәсіпорын) ұлғаюына әкеп соғады, бұл квазимемлекеттік секторды қысқартуға бағытталған мемлекеттік мүлікті басқару саясатына қайшы. Сондай-ақ ол жергілікті бюджеттердің мемлекеттік кәсіпорындар құруға арналған шығыстарын арттырады». Ал сенаторлардың түзетуі «атқарушы органдарға интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін тек мемлекеттік емес, басқа да меншік түріндегі компаниялардың қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді». Егер Мәжілістегілер мұндай көлік жүйелерін тек мемлекеттік кәсіпорындар басқаруы керек деп табандаса, қос палатаға отырып, ортақ пікір іздеуге тура келеді. Айтқандай, Мәжілістің осы заң жобасында бекіткен бір «тыйым салуын» сенаторлар түп-тамырымен жұлып тастады: оған сәйкес, заңды күшіне енген сот актілерінің, уәкілетті орган қаулыларының талаптарын орындамаса, ол адамға өз көлігін пайдалануға тыйым салынбақ еді. Бірақ Сенат «назар аударуға тұрарлық барлық мән-жайларды ескере отырып», әр оқиға бойынша жеке шешім қабылдау қажеттігіне екпін түсіреді. Өйткені қолданыстағы заңнама көлікті пайдалануға тыйым салу мүмкіндігін онсыз да қарастырады. Бірақ ол сот орындаушысының міндеті емес, құқығы ретінде ғана көрсетілген. «Ал қазір осы тыйым салу борышкерді жалғыз табыс көзінен айыруы мүмкін, бұл сот актісінің орындалуына ықпал етпейтін болады» дейді сенаторлар. Тағы бір жаңалығы, осы заңда ішкі істер органдары қызметкерлерінің көлікті тоқтату негізінің («Основания остановки транспортного средства») толық тізбесі бекітілмек. Осылардан басқаны сылтауратып, полицейлерге көлікті тоқтатуға тыйым салынбақ. Жалпы, келешекте ол негіздерді жүргізушілерге жаттап алған жөн болады: көп те емес, небары 8 ғана. «Жол жүрісі туралы» негізгі заңға ілеспе екінші заңжоба Қазақстанда көліктердің «блатной» нөмірлерін енді мемлекеттің ақшаға сата бастауын заңдастырады. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін бұзудың барлық дерлік түрлері үшін жаза күшейтіліп, айыппұл көлемі артады. Дегенмен салынған айыппұлды сол жерде немесе тәулік ішінде төлегендерге 50%, ал 7 күн ішінде төлегендерге 30% жеңілдік жасалмақ.