Тұрғындармен дөрекі сөйлескен әкімге сөгіс жарияланады
2014 ж. 27 ақпан
2727
2
Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданына барып, су тасқыны қауіпі туындаған ауыл тұрғындарымен кездесті.
Облыс басшысы тиісті орган басшыларымен селекторлық байланыс арқылы көшпелі мәжіліс өткізіп, Жаңақорған мен арал аудандар аралығындағы жағдайды үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметінен хабарланды.
"Биыл жауын-шашын мол, Шардара су қоймасы толды, ал Көксарай 1,5 апта ішінде толып қалады, сондықтан ешбір жауапты тұлға қазір демалысқа шықпайды", - деп ескертті Қ.Көшербаев.
Сондай-ақ, осы жиында облыс әкімі Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Қаржыбек Бүркітбаевқа қатаң ескерту жасады.
Естеріңізде болса, бірнеше күн бұрын Жаңақорған ауданындағы үйлердің аулаларын су алған кезде тұрғындар абдырап қалған-ды. Дер кезінде арнайы техникалармен мамандар көмек көрсетті.
Дегенмен, залалды жою кезінде жергілікті тұрғындар көшедегі судың салдарынан көлікпен жүру мүмкін емес екендігін айтып, шағымданған.
Оған аудан әкімінің орынбасары Қаржыбек Бүркітбаев "ол біздің шаруамыз емес, сен оны өзің жөнде" деп дөрекі жауап қайтарған.
Осы оқиға бойынша аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Жаңақорған ауданы әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевқа орынбасарына қатаң ескерту жасауды тапсырды.
"Аудан әкімінің орынбасары Қ.Бүркітбаевқа қатаң ескерту жасалсын. Қанша күрделі мәселе болса да мемлекеттік қызметтің этикасын сақтау біздің парызымыз", - деді аймақ басшысы.
nur.kz