Көріпкелдер қаптап жүр
2014 ж. 25 ақпан
5861
0
Қазір жарнама газеттерінде, телеарналардың жүгіртпе жолында «бағыңды ашып, бақытыңды табуға көмектесем, қашқан күйеуіңді тышқыратып отырып, үйіңе қуып әкелем, сүйгеніңе сүліктей жабыстырып, табыстырам» деген мазмұндағы жарнама таңсық болмай қалды. Ең қызығы – жұрттың басым бөлігінің сол жарнамаларға сеніп, иланатындығы. Қараңғы түнекте жылт еткен сәуле ретінде қабылдайтындығы. Осы арада есімізге тоқсаныншы жылдар түсіп отыр. Естеріңіде болса, сол жылдары бақсы-балгер көбейіп, ел-елде, жер-жерде сеанстарын өткізген. Ол сеансқа баруға қырылған жұртта қисап жоқ-тын. Ауылдың алақандай мәдениет үйінің ішіне сыймай сыртында күзеткен жұртты әлі ұмыта қойғанымыз жоқ.
«Ойбай, төленбай емші келіпті. Аттан, түгенбай балгер жетіпті» дегенді естіген жұрттың есі шығатын. Балшы-балгер, емші дегенді құлағы шалса, ішіп отырған асын жерге қоятын. Соның көпшілігі көз алдау, елді арбау екенін жұрт кейін түсінді. Сабасына түсті. Содан біршама сиреген. Ал бүгінде жарнамаларға қарап отырып, қайта белең алып бара ма деп ойға қалдық. Көпке топырақ шашқандық емес. Бірақ сау адамды ауру еткен емшілердің бар екендігі де шын. Онымен қоса, бір үйлі жанның отбасына өзара кикілжің кіргізетіндері де бар. «Келінің анау, ұлың мынау», немесе «отбасыңның жолы жабық. Оны жапқан анау туысың» дейтін сөздер талай туған-туыстың арасына сына қақты. Осы арада өз басымыздан өткенді айтпасақ, болмайды. Сөзіміз нанымды болуы үшін. Қаз-қалпында... ...Тұп-тура осыдан 8 жыл бұрын. Бір құдағиымыздың құдағиы тұратын еді Шымкент жақта. Содан бір күні ағайым әлгі Шымкенттегі құдағидың бір көріпкелі құмалақ салып отырып, осы үйді көріпті. Біздің үйде «түген жерде пәлен дұға, сонау жерде сондай дұға жатыр. Істерінің оңға баспайтыны сол екен» деген хабарды дүңк еткізді. Пендеміз ғой. Әке-шешем, бәрі елеңдесіп қалысты. Әр нәрсеге үмітпен қарайтын жұртпыз. «Ойбай, келсін үйге. Алып берсін сол дұғаны» десіп шу ете қалысты әке-шешем, туғандарым. Айтпақшы, соның алдында ол көріпкеліміз «бір құданың үйінде болып, жастықтың ішінен бірнеше ине тауып алыпты» дегені тіпті үмітімізді үзуге айналып, үздіктіре түсті. Содан құда күткендей күтіп, әлгі көріпкелдерді күттік. Күтіп алдық есіміз шығып. Содан шай-пай ішкен соң көріпкеліміз үйдегі барлық жастықты жинатып алды да, ал кеп ішін тіліп жіберіп, ақтарсын. Бәріміз айнала отырмыз. Ақтарып жатыр, ақтарып жатыр. Не іздегенін сұрадық ақыры. «Ине болу керек» деді. Арасында тұрып, өзге бөлмелерді аралап, кілем, анау-мынау заттардың артын, арасын қарап қояды. Соңында шұбырып біз жүрміз. Жастықтың қасында көмекшісі қалды. Одан таппай, қайтып кеп, қайта отырды жастық тексеруге. Жапа тармағай бәріміз ал кеп әлгі инені іздейік. Бір кезде көріпкелдеріміз әлгі инені тауып алды. Целофонға оралған бірнеше ине. Тоттана бастаған. Бәріміз аузымызды ашып, көзімізді жұмдық та қалдық. Біреу ине салып кетіпті! Кім салды? Оның да жауабын көріпкеліміз айтты. Ет жақын туысымыз! «Аттан, не деген оңбаған, зәлім еді?» Үйдің іші гу-гу. Көзіміз алақандай. Жағамызды ұстап, басымызды шайқай береміз. Қойшы, әйтеуір сонымен бүкіл жастықтың қарнын жарып болып барып, басылдық қой. Мұнымен тоқтаған көріпкеліміз жоқ. «Тағы дұға бар. Іздеу керек үйдің сыртында» деді. Етіміз қызып алған бізде «Іздеу керек» деп қоямыз. Бұл уақытта түннің ортасы боп қалған. «Қараңғыда не іздейміз» деп, таңертеңді күтіп жаттып қалды. Таң алакеуімде үйдің ішін жинап теріп, тағы үйді айнала әлгі дұға көмілген жерді іздесін. Қазір есімде жоқ не екенін. Тағы бірденесін тауып алды. Одан енді мал тұратын қораларды тексеруге кетті. Ол жақтан да бір жерден малдың бас сүйегін тауып әкелді. «Ол малдарың қырылып қалсын» деген дұға-дейді мыс. Осымен тәмам болуы керек еді. Олай емес екен. Енді әлгі дұғаларды қайтару үшін бейітке барып, 30 мың теңге (ол кезде отыз мың теңге ақша әжептәуір ақша еді) ақшамен барып, көміп тастау керек деді.Сонда әлгі дұғаның күші қайтады-мыс. «Жазған құлда шаршау бар ма?», екі көлікке мініп алып, (өздерінің көліктері мен біздің үйдің көлігіне) бір бейіттің басына барып көміп келді. Көміп келісімен, өздері мінген көлік иесіне бірдеңе десіп еді, көлік иесі тұра жөнелді. Қайда, неге кеткенін сұраған адам жоқ. Көп кешікпей қайтып келсін. (Соған қарағанда, өздері барып көмген 30 мың теңгені қазып алып келген ғой деп қазір ойлап қоямыз. Ал инені біз шұбырып басқа бөлмеге соңында еріп жүргенде жанындағы көмекшісі жастыққа салып жіберді ме деймін). Енді спектакльдің екінші актісі басталды. Үйде отырып, бал ашуға кірістік. Онда да аузымызды ашамыз, тамсанып. Сосын іле-шала қайтты. Жай қатйқан жоқ, біраз қаржы-қаражатын қыстыра қайтты. Мойнымыздан жүк түскендей мәзбіз. Екі езу - екі құлақта. Қалтамыз қағылғанында шаруа жоқ. Ақша деген не тәйірі? Ең бастысы, дұға алынды, дұға! Бірер күненн соң, мүмкін бірер айдан соң ойлана бастадық. Ойланғаннан не пайда? Қалтамыз қағылған соң. Одан беріде дұға алынып, байып, шалқып кеткеніміз шамалы. Алданғанымызды кеш білдік... Содан бері де балшы-балгер десе, секеммен қарайтын болғанмын өз басым. Жынымызды емес, қалтамызды қағып кеткеннен кейін... Ғылым не дейді? Әлбетте, Жаратқанның кейбір құлының жаратылысы бөлек болатынына күмән жоқ. Ондай жұмбақтарды біреулер тылсым дейді. Енді біреулер ерекше қасиет-қабілет дейді. Қалай атасақ та, қарапайым пенде үшін ол – жұмбақ. Бүгінде белең алған сондай жұмбақтың бірі – биоэнерготерапия. Ал биоэнерготерапия деген не? Ғылымның берген анықтамасына жүгінейік. Биоэнерготерапия – акупунктуралық нүктелерге әлсіз электрлі импульстермен төмен жиілікті әсер ету арқылы емдеу, ол қол массажы, қыздыру мен ине түйреу әдісіне тең. Ел ішінде «Ақыр заман боларда балшы-балгер қаптайды» деген сөз бар. Алла өзі кешірсін. Асылық айтқанымыз емес. Емдеймін деп елді алдап соғып, «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп кететіндер сансыз. Дертінің үстіне дерт жамап беретіндер де жеткілікті. Әлбетте, халықтық медицина бар. Ғылым тілімен айтқанда, кей адамның бойында Тәңір берген био өрісі өзгеден ас та төк артық болатынын дәлелдеген. Оны жоққа шығарудан қашықпыз. Мәселе онда емес. Мәселе – сол ерекше қабілетті зерттеп, зерделеместен кез келгеннің ем-дом жасап, құмалақ-балын ашып отырғандығында. Оларға берілетін рұқсат қағаздың, лицензияны алудың тым-тым жеңілдеп кеткендігінде. Рұқсаты жоқтар да аз емес. Ал олардың қаншалықты рас,өтірігін тағы дәл басып айтар адам жоқ. Сонымен, ғылым не дейді? Ғылым пенде атаулы энергиядан тұрады дейді. Ол энергия ионнан, ион - катод пен анодтан құралады. Минус және плюс. Бұл екеуі де бірдей тең дәрежеде. Егер теріс энергия шығаратын катод көбейіп кетсе, ол адамды ауруға шалдықтырады. Мұны ғылым дәлелдеген. Осы арада қазақтың «жақсы сөз – жарым ырыс», «жақсы сөз жан семіртеді» дейтін даналығы ойыңызға оралады. Бұдан кейін қазақты әулие демей көріңіз. Діннің де жүрек, көңіл, ниет тазалығын талап етуі осындай тұжырымнан туындағаны және даусыз. Биоэнерготерапевтер адам ағзасындағы оң зарядты энергияның көбеюіне ықпал етеді. Содан барып, дертке қарсы тұру иммунитетін, биоөрісін арттырып, адамның ауруды жеңуіне көмектеседі деседі. Бұдан шығатын қорытынды не? Бұдан шығатын қорыныды мынау... Барлық мәселенің шешімі – көріпкел, балгер, емшіде емес екен. Адамның өзінде екен...Қызғалдақ Айтжанова, "Алаш айнасы"