Сочи олимпиадасы өз мәресіне жетті
2014 ж. 24 ақпан
2734
0
Сочиде ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар алаңында Олимпиада алауы сөндірілді.
Ойындардың жабылу салтанатының негізгі тақырыбы орыс мәдениетінің әлемге ықпалы жайлы болғанын естеріңізге сала кетейік. Олимпиада туын стадионға "алтын" иеленген Ресей құрамасының спортшылары алып шықты.
Дәстүр бойынша, Олимпиаданың соңғы күнінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері осы шара барысында марапатталды. Салтанатты рәсім мерекелік от шашулармен аяқталды.
Айта кетейік, Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарына 88 ұлттық Олимпиада комитеттері қатысты. Сондай-ақ мұнда әлемнің 126 елінен 2 миллионнан астам жанкүйер келген. Дәл осы кезеңде Олимпиада ойындарының ресми сайты әлемдегі ең көп қаралатын сайтқа айналды.
Сын сағаттарында оны бір мезетте 150 мың адам қараған, 130 миллионнан астам бірегей қолданушылары болған. Көрермендер үшін миллионнан астам билет сатылды. Алтын медальдарды иеленген елдер саны бойынша да рекорд осы дүбірлі додада орнатылды.
Бұл ойындарда жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы жеңіске жетті. Олар медальдардың жалпы саны бойынша да, алтын медальдар саны бойынша да рекорд орнатты.
Ресейліктердің қанжығасында 33 медаль: 13 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль бар. Екінші орын Норвегия (11, 5, 10), үшінші орында - Канада (10, 10, 5).
Ал, Қазақстан құрамасында бір қола медаль. Оны мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен алды.
Сочи Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласына келесі қысқы Олимпиада ойындарын өткізу эстафетасын тапсырды.
Сочи қаласының мэрі Анатолий Пахомов Олимпиада жалауын Пхёнчхан қаласының мэрі Ли Сок Рэге тапсырды.
Келесі қысқы ойындардың астанасына Олимпиада жалауын тапсыру рәсімі кезінде көрермендер 8 минуттық шоуды тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Онда бес мыңжылдық тарихы бар Кореяның тарихы туралы айтылып, корей халқының дәстүрлі музыкалық аспабы - каягымада саз ойналды. Айта кетейік, Пхёнчхан (Pyeongchang-gun) - Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы уезд.
Ол ел астанасы Сеулден шығысқа қарай 180 шақырым жерде, Тхэбэксан тауларында орналасқан. Пхёнчхан 2010 және 2014 жылдары қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер ретінде екі рет тіркелген.
2011 жылдың 6 шілдесінде Дурбанда Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге аталмыш қалада 2018 жылғы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарының өтетіні туралы хабарлады.
Қазақпарат