Мемлекеттік тілді білу міндетті

d29bd2b1d0bb-d0bcd2b1d185d0b0d0bcd0bcd0b5d0b4        

Өткен аптада Үкімет Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын мақұлдады, яғни атқарушы билік алдағы уақытта доктринада қамтылған әрбір мәселені жүзеге асыруға мүдделі . Демек, алдағы уақытта әрбір министрлік құжаттың ішіндегі өзіне тікелей қатысы бар мәселелердің барлығын әзірленетін бағдарламаларында қаперге алып, болашақ даму жоспарларына түгел қамтитын болады. Құжатта қарастырылған қағидаттарды ары қарай жүзеге асыру жолдарын әрбір министрлік өздері жоспарлап, белгілейтін болады. Қажет болатын болса заңнамалық деңгейде де қамту жүргізіледі. Ең бастысы келешек елдік дамудың басты жолы айқындалды. Ендеше, азаматтық қоғам мен билік органдары бірлесе, жасаған мұндай құжаттың ел бірлігін арттырудағы салмағы да зор болатындығы анық.

          Үкімет мақұлдаған Қазақстанның Ел бірлігі доктринасын билік пен қоғам арасындағы сындарлы келісім негізінде дүниеге келген құжат екендігі анық. Өйткені, құжатты әзірлеу барысында қоғам мен азаматтық институттар толықтай қатысты. ҚР Президенті Әкімшілігінің мақұлдауынан өтті.

           Доктринаны әзірлеу барысында арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс барысында қоғамдық, саяси, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтар тарапынан 500-ден астам ұсыныстар, сондай-ақ жеке жобалар келіп түсіпті. Солардың барлығы саралаудан өтті. Жасалып шыққан жаңа доктрина мәтінін М. Шаханов, А. Әшімов, Д. Исабеков, Қ. Сұлтанов секілді 12 мүшеден, елге белгілі қайраткерлерден тұратын қоғамдық комиссия бірауыздан қолдады. Сондықтан да, бұл доктринаны осындай деңгейдегі кез-келген құжаттардан талап етілетін барлық стандарттарға толық сәйкес келеді деп айтуға болады.

           Доктрина негізінде Елбасы Жолдауында жарияланған халықтың ең басты құндылығы ретінде Тәуелсіздік идеясы қаланған. Бұл ретте құжатта «...ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады», деп нақты көрсетілген. Бұдан әрі «Доктринаның қажеттілігі өмірдің өзінен, біздің жалпы тағдырымыздан, тарих логикасынан туындап отыр. Өйткені бірліксіз - Ұлт жоқ. Ұлтсыз - мемлекет жоқ. Ал, мемлекетсіз - болашақ жоқ», делінеді. Құжат жалпы ережелер мен үш бөлімнен және қорытындыдан тұрады.

            Жақында Үкіметтің отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед доктринада қамтылған мәселелердің қалай орындалатынына тоқталды. Мәселен, оның айтуынша, доктринаның «Бір ел - бір тағдыр», деп аталатын бірінші тарауының іс-шаралары ел бірлігін және қазақстандық патриотизмді нығайтуға бағытталады. Бұл ретте бірқатар институционалдық шаралар қабылданып, Ақсақалдар кеңесі, діни тақырыптарды жариялауға арналған әдістемелік кеңес құрылатын болады, этносаралық қатынастар мәселелері бойынша үздік сарапшы журналистер клубының қызметі қамтамасыз етіледі.

          Ал «Тегі басқа - теңдігі бір», деп аталатын екінші тараудың аясында атқарылатын іс-шаралар ең алдымен өмірдің барлық салаларында әрбір қазақстандықтың өзін-өзі тануы үшін теңдей мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызы зор бағдарламалық құжаттар кешенін қабылдауды және оны әрі қарай жүзеге асыруды қарастырады.

          «Ұлт рухының дамуы», деп аталатын үшінші тарауда рухани және ұлттық бірліктің басты факторларының бірі - мәдениет, тіл, дәстүр болып табылатыны ерекше тоқталған. Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігін мемлекеттік тілді қолданудың аясын кеңейту, «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жобасын тиімді жүзеге асыру, дәстүрлі, моральдік және адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын үкіметтік емес ұйымдар жобаларын ұтымды іске асыру, этно-мәдени бірлестіктердің, мемлекеттік және этнос тілдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін қолдау жөніндегі іс-шаралар құрайды. «Ағымдағы жылы Мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленетін болады.

           Қазақ тіліндегі телеарналар құрылады және қазақ тілді басылымдар мен Интернет-ресурстардың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру жөніндегі шаралар қабылданатын болады», деді министр өз сөзінде.

          Осы орайда М. Құл-Мұхаммед бірқатар ұсыныстар айтты. Оның пікірінше, елдің интеллектуалдық әлеуетін әрі қарай дамытудың маңыздылығын және қажеттілігін ескере отырып, үстіміздегі жылы мемлекеттік және салалық бағдарламалар, стратегиялық жоспарлар шеңберінде оны қалыптастыруға бағытталған шаралар кешенін қарастыру қажет. Сондай-ақ жоспарға сәйкес, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Үкіметке енгізу ұсынылады, ресурстық орталықтар арқылы жастар мен жастар ұйымдарына арналған білімді ұлықтаудың кең қанат жаюына бағытталған жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жүзеге асырылады.

         Сонымен қоғам арасында біраз пікірталас туғызған доктрина ақыры атқарушы биліктіңде мақұлдауынан шықты. Ендігі мақсат оны нақты жүзеге асыру. Доктринада Ұлт бірлігіне жету жолында атқарылатын шаралар, қағидаттар баршылық.

        Ендігі жерде қарапайым халық үміті ақталып, доктринаны жүзеге асыру жүйелі түрде жолға қойылса игі. Елімізде Ұлт бірлігі сақталып қоймай, Қазақ деген ұлт жер бетінде мәңгілік жасай берсе екен!

Гүлмира САДЫҚОВА