Ақшадан басқа арманы жоқ министрліктер кімге керек?

photo_88111

Қалың бұқара үшін әлеуметтік маңызы зор министрліктер – денсаулық сақтау, білім беру және ішкі істер. Сол себепті де осы салаларға бөлінген қор көлемі жылдан жылға ұлғая түсуде. Алайда бөлінген қаржы көздері дұрыс игеріліп жатыр ма? Тізгінді ұстап отырған министрлер ақшаны тиімді пайдаланып, жұмыс сапасын жақсарта алып отыр ма? Өкінішке қарай, бұл үштік мақтаудан гөрі даттауға көп ұшырайды. Парламент депутаты Д.Назарбаеваның ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атына айтқан өткір сынын естіген талай жұрттың айызы бір қанған шығар. Өйткені бұл салаға талайдың «өкпесі қара қазандай». «Электронды медицина енгіземіз дегелі 7 жыл болды. Алайда одан еш нәтиже жоқ. Үкімет бұл бағдарламаға 6 млрд. теңге бөлді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету «СК-Фармацияға» жүктелген, техникалық базамен жабдықтауды – «КазМедТех» міндетіне алған, қалған былық-шылықпен жергілікті әкімшіліктер айналысады, ондай болса министрлікті таратып жіберсе де болатын шығар», - деген Д.Назарбаеваның министрлікке таққан «айыбы» негізді. Сонымен қатар, Д.Назарбаева БҰҰ мәліметіне жүгіне келе, «халықтың 49 пайызы медицина сапасына көңілі толмайтындарын айтқан. Елбасы республика азаматтарының денсаулығын жақсартуға мейлінше көңіл бөліп отырғанын ескерсек, бұл көрсеткіш еріксіз жаға ұстады. Егер 2004 жылдан бері айтсақ, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 5 есеге дейін артып, 2013 жылы 862 млрд. теңгені құрады», - деп атап өтті. Осы тұста айта кетейік, 1999 жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті 46 млрд. теңгеден әрең асқан. «Халықтың денсаулығын жақсартуға бөлініп жатқан қомақты қаржы тұтастай болмаса да, бірсыпырасы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеді ме екен» деген біздегі күдік ой ел қалаулысын да мазаласа керек. Айта кетейік, өткен жылы 500 медицина қызметкері сапасыз жұмысы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Оны сала министрі Салидат Қайырбекова Мәжілістегі Үкімет сағатында өзі мойындады. Білім саласы еншісіне тиіп отырған ақша да аз емес. Бюджеттен бөлінген қаржы көлемі триллионға жуықтап қалды. Егер Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы үшін білім беру жүйесіне бөлінген қаржының жоғары деңгейі ЖІӨ-нің 6-7 пайызы болса, біздегі білім беру саласына ЖІӨ-нің 4,2 пайызы тиіп отыр. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 13 съезінде Қазақстан бұл көрсеткішті 2016 жылға дейін 5 пайызға арттырғалы отырғанын мәлімдеді. Қысқасы, бұл салаға да бөлінген қаржы жылдан жылға еселене түсуде. Алайда, ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс көріп отырғанымыз жоқ. Проблема шаш-етектен. Сыбайлас жемқорлық, парақорлық бұл ортаға да жат емес. Кейбір ұстаздарымыз білім, тәрбие ізінде емес, оңай олжаның соңына түсіп кеткен сияқты. Мекен-жай бойынша баласын біреу сол төңіректегі мектепте оқытқысы келген екен, директор 300 доллар сұрапты, тіпті беті бүлк етпепті. Жетіспегені – мұғалім мен оқушының жекпе-жекке шыққаны ма еді, оны да көрдік. «Шағын комплектілі мектептердің өзекті мәселесі – педагогтарды қайта даярлау мен білім сапасы. Педагогтар ерекше маманданып, түрлі сынып оқушыларына білім бере білуі тиіс. Бүгінгі күні барлық осындай мектептер сапалы білім беру жағынан ақсап тұр. Мұндай мектептердің үлесі қазірде 56,6 пайызды құрайды», - деген депутаттар осы мәселені мықтап қолға алса игі еді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері бұл саланы Ш.Шаяхметовтен бастап, қазіргі министр  А.Сәрінжіповты қоса есептегенде 13 министр басқарыпты. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» демекші, тәуелсіздік алған 23 жылда бір саланы 13 министрдің басқаруы аталған министрлікке абырой әкелмеді. Совет-Хан Ғаббасов, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы: – Осы екі проблема менің қабырғама қатты батады. Жерінің асты-үстінде еш байлығы жоқ Жапония мен Оңтүстік Корея бізден бай, бізден мәдениетті. Ондай жетістікке жетудің еш қиын формуласы жоқ. Жалпы, өркениетке жетудің үш жолы бар: біріншісі – басқару, екіншісі – ұйымдастыру, үшіншісі – қадағалау. Міне, осы жүйе біздің елде мектептен бастап дұрыс жолға қойылмаған. Қанша қаржы көп бөлінсін мейлі, осы үшеуі жоқ жерде даму жоқ. Есесіне, сыбайлас жемқорлық алдына жан салар емес. «Түйені түгімен жұтатындар» көбейіп кетті. Қайран, қарапайым халықтың ырыздығы-ай дейсің... Сол ақшалар мына сіз бен біздің байлығымыз. Бізді мәдени жолмен де, жабайы түрмен де тонап жатыр.  Кеңес үкіметі кезінде Еуропаңыз да, Америкаңыз да КСРО-ның білім мен денсаулық саласына қызығатын. Бәрі келмеске кетті. Біреудің «қаңсығы бізге таңсық». Бір нәрсеге еліктейміз де, оны зерттеп жатпай, ала саламыз.  Бір Токио қаласында 12 миллион  адам тұрады. Тұрмыстық жағдайлары бізден жақсы. Ал біз мол табиғи байлығымызбен 15 миллион халықты үлде мен бүлдеге орап қойсақ та бәріне жетер еді, әттең... жемқорлықтан еңсемізді көтере алмай келеміз. Өткен 2013 жылы 359 844 қылмыс тіркелсе, оның 96,6 пайызын немесе 347 614-ін ашу ішкі істер органдарына жүктеліпті. Мұны бекер айтып отырғанымыз жоқ, әңгіменің әлқиссасы: жыл басында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауында болады. Министр орынбасары  арыз-шағыммен келетіндер дәл осылай көп болады деп ойламаса керек: «Кейбір өңірлерде тұрғындарға құқық қорғау органдары дұрыс қызмет көрсетпейтінін мойындауымыз керек. Бүгін айтылған өтініштер жетерлік. Олардың барлығы мұқият тексеріледі, керек болса, жедел топ жіберіледі», - деп ағынан жарылды ол сол жолы.  Арыздар мазмұны әр түрлі болды. Ал басым бөлігі ішкі істер органдары қызметкерлеріне ренжулі.  Нақтырақ айтсақ, 2013 жылы 122 836 адам арыз жазған. Енді қараңыздар, тәртіп сақшылары жыл сайын шамамен 300 мыңнан астам қылмысты ашумен жұмыс істесе, соның тең жартысындай көлемде шағым түсіп жатады. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдарына республикалық бюджеттен 2012-2014 жылдарға 1 триллион 159 миллиард теңге қарастырылған болатын. Бұл әрине аталмыш саланы материалдық-техникалақ базамен қамтамасыз етуден басқа қаржы. Бұл аздық етсе керек, ІІМ-нің 2013 жылғы жанама шығыны 23 млрд. теңгеге жуықтаған. «Рейтинг.kz» зерттеу агенттігі анықтағандай, ІІМ жанама шығындары жағынан елімізге ең қымбатқа айналған құрылым болып шығыпты. «2007 жылы БҰҰ есірткі бизнесіне 6,5 миллион доллар бөлген-ді. Онда Қазақстанның да үлесі бар. Ал 2009-2011 жылдары «Қазақстан республикасындағы есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу жөніндегі бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметі 39 миллиард 714 миллион теңге бөлген. Есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күресті жүзеге асыру мақсатында Үкімет 2000-2003 жылдары 780,2 миллион, 2004-2005 жылдары 1 миллиард 183 миллион, 2006-2008 жылдары 2 миллиард 897 миллион теңге қарастырған. Қысқасы, құзырлы министрлік 2002-2003 жылдары аралығында есірткі бизнесі мен нашақорлықтың алдын алуға бөлінген қаржының 80 миллионға жуығын өз қалауынша жұмсаған. Алайда еш нәтиже жоқ», - деп, 2009 жылы «Ұлы Жібек жолы есірткі жолына айналды» деген тақырыппен мақала жариялаған едік, арада көп уақыт өтпей жатып, Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің бұрынғы басшысы Асқар Исағалиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оған 37 млн. теңгені тиімсіз жұмсаған деген айып тағылған болатын. Сол сияқты халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс ақшалардың қазір де талан-таражға түсіп жатпағанына кім кепіл? Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор: – «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Бұл проблеманы айта беру керек, жаза беру керек. Тәртіп сақшылары қызметтік болмысын жоғалтып алды. «Халықтың оларға деген сеніміне селкеу түсті» деуші едік, ол бер жағы ғана екен, қазір көпшілік оларға жиіркешпен қарайды. Араларында сорақы қылықтарға барып жатқандары жоқ  емес. Бір айта кетерлігі, олардың өнімді жұмыс істеулеріне қазір мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Бірақ  «баяғы жартас – сол жартас».

Ләззат Билан, "Алаш айнасы"