ТЕРГЕУШІЛЕР ӘДІЛЕТСІЗДІККЕ НЕГЕ ЖОЛ БЕРІП ОТЫР?

0
915

         2005 жылы тамыз айында Қазақ радиосында берілген бір мәліметте қазіргі күнде түрмеде отырғандардың 70 пайызы қазақтың өрімдей жас жігіттері екен. Өкініштісі сол — олардың көбі 16 мен 30 жастың аралығындағы буынды құрайды. Ссондай-ақ 30 пайызға жуығы жаланың құрбаны болғандар. Сараптаушылардың түсіндіруінше — бәріне кінәлі қарапайым халықтың заңға назар аудармайтын немқұрайлы мінезі екен.

         Осының кебін киген Астаналық Еділхан Аймаханның «…кәмелетке толмаған қызды зорлады» деп еріксіз жеті жылға сотталғандығы жөнінде анасы Сұлтанова Рәштің сот үкіміне наразылығы жайлы өз шағымын «Жас Алаш» (қыркүйек айы, 2009ж.) және «Жас қазақ үні» (қазанның 14-і,2009ж.) және жуырда «Қазақстан ZAMAN» (№16, 2010ж.) басылымдарында жариялаған болатын.

        Балапанын жалғыз өзі ғана қорғаштап жүрген бозторғайдың күйін кешкен ананың бар мақсаты — әлі отау құрып үлгермеген 1977 жылы 16 қазанда еліміздің Оңтүстік өңірінде туылған ұлы Еділхан Аймаханның қазір Астанада өзімен бірге тұратынын және де ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екендігін айта отырып, осыған байланысты апеллияцияға шағым түсірсе де оңды шешімін таппағанын жеткізіп отыр.

        Оқиға барысын еске салып өтер болсақ, 2006 жылы тамыздың 20-сы   күні  Астана қаласы   «Промышленный»   кентіне қарасты «Почтовик» деп аталатын саябақта әлі кәмелетке толмаған 1992 жылғы жас қызды зорлады деген айыппен — Астана қаласы, Алматы аудандық №2 сотының судьясы Рамазан Әлтаевтың қылмыстық істі қарау барысында заң талаптарын өрескел бұзып, Еділхан Аймаханды Қазақстан Республикасының ҚК-нің 120 бабы 2 бөлігінің «Д» тармағымен кінәлі деп танып, оны осы баппен 7 жылға бас бостандығынан айырып, жалпы режимде өтеуге үкім шығарған.

         Мұны мойындамай отырған Еділхан Аймаханның өз жауабы былай: 2006 жыл тамыз айының 20-сы күні Астана қаласында болғанын, Промышленный кентіне түс қайта барғанын және мұны таксист Батырбековтің растайтынын, таңертеңгі уақытта үйінде болғанын айтады.

        Жәбірленушінің анасы М.Г.Елюбаева 2006 жылы тамыздың 20-сы күні таңертең шамамен 8.00-де 1992 жылы туылған қызының балабақшада жұмыс істейтін әкесіне тамағы мен киімдерін апаруға бара жатқан бетте әлдекімнен зорлық көргенін айтып, түске таяу сағат 11-лер шамасында өз үйіне үрейлі күйде оралғанын айтып түсіндіреді.

         Сұлтанова Рәштің судья Р.Әлтаевтың «заң талаптарын өрескел бұзып отыр» деп наразылық танытуының себебі, қылмыстық істің анықтамасынан көргеніміздей, тергеу барысында оның ұлы Еділхан Аймаханның берген жауаптарына тергеу орнындағылардың салғырт қарауы, әрі сот кезінде Аймаханмен анасы Рәштің тарапынан оларға ешқандай куәгерлердің кіргізілмеуі, жәбірленуші қыздың сотта екі түрлі жауап беруі, Еділхан Аймаханды айыпсыз деп тапқан сот-медициналық сараптама қорытындысын елемей отыруы тергеу барысында көптеген қарама- қайшылықтардың болғанын байқатады.

          Ал жәбірленуші Е.Н.Елюбаеваның басына түскен зорлыққа кімнің де болса жүрегі ауыратыны хақ. Алайда тергеушілер істі әділ түрде ізденсе, шын қылмыскер неге табылмасын?!

          Елюбаеваның алдын ала тергеуде  берген жауабымен соттағы жауаптары бір-біріне сәйкес келмейді. Алғашқы жауабында өзін зорлаған адам 1979 жылы туған, аты Еділ, Жуковкада тұрады десе, келесі сот тергеуіндегі жауабында зорлаған   адам өзі туралы ешнәрсе айтқан жоқ дегенді айтады.

          Әлде, Сұлтанованың пікірінше — кәмелетке толмаған бала әке-шешесінен қорқып шындықты айтпай, қылмыскер ретінде тәуекел етіп Еділханды көрсетуі оперативтік қызметкерлерінің бейнелеуімен іске асуы әбден мүмкін бе?

          Еділхан Аймаханның анасы әрі ресми өкілі Сұлтанова Рәш өз сөзінде:— «Жәбірленуші «мені зорлады» деп менің ұлымды жазбай таныған болса полицейлер неге сол мезетте-ақ баламның қолына кісен салмады. Егер осы ақиқат болса, менде балама қолыңмен істегенді мойныңмен көтересің деген болар едім. Алайда ұлымды тексере келе полицейлер кінәсіз екенін біліп, сол кезде-ақ босатып жіберген. Бірақ қылмыс ашылмай қала ма деген қауіппен менің ұлыма қайта жармасып отырғанына көзім жетеді. Полицейлер Еділханды тергеуге әкелген күні түнде кеңседен қашып кетті деуі де жалған. Себебі, біреудің рұқсатынсыз, жетегінсіз кіріп шығуы мүмкін емес, іші бейнекамераларға толы орында менің балам қалай сытылып қаша алады екен? Басқасы басқа, медициналық сот сараптаудың жауабынша баламды кінәсіз деп тапты.

          Мұны елемей отырғандығына қарағанда, тергеушілердің істі алып баруы Еділханның тағдырын әлдекімдердің бас араздығының құрбаны етіп отырғандығы ма деп күмәнданамын», дегенді айтады.

         Осылай жауапсыз қалған сауалдардың шешімін таппай сенделген ана Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің және Бас прокурор  мен «НұрОтандағы» Сағадиевтің қабылдауында болыпты.

          Ал Еділхан Аймаханның Астана қаласы №2 аудандық сотының судьясы Р.Д.Әлтаев мырзаға жазған арызында — өзін ұстауға заңсыз санкция берген Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры Т.Жаңғарашовтың мүддесімен тағын қорғау үшін жасалып жатқан әрекет  екендігін атап айтады. Сондай-ақ Р.Әлтаев мырзаға өзінің 60 сұрағын жолдағандығын және мұны баспасөз арқылы алты алашқа жеткізуді өтінеді. Әлтаев мырзаға және жалпы алты алашқа арнаған сауалды қысқаша жеткізер болсақ былай:

«1. Менің аты-жөнім, мекен-жайым белгілі бола тұрып неге мені іздемеген?

2. Осы тұрғыда «Қылмыстық Істегі» қаулы формальді түрде шығарылған емес пе?

3. Не себепті бұл іс бойынша маған байланысты бұлтартпау шарасын, 2008 жылдың 16 наурызы күнгі мені ұстағаннан кейін, 2008 жылдың 18 наурызы күні қамауға алуға берген   прокурордың санкциясын Заңды деп таптыңыз?

4. Неліктен және қай жерде «Қылмыстық іс» бір жыл бойы қозғалыссыз жатты екен?

5. II Д-нің қызметкері Н.Нұреддиннің менен талап етіп жүрген 10 мың АҚШ долларын күтіп жатқан жоқ па?

6. 10 мың АҚШ доллары IIД –нің қызметкеріне не үшін және не мақсатпен керек болды екен?

Ал жәбірленуші Е.Н.Елюбаева екеумізге келетін болсақ:

1. Сот – медициналық сараптама қорытындысы 4 айдан кейін, яғни 12.12.2006 жылы тергеуші Б.Жарасовтың 17.11.2006 жылы шығарған қаулысының негізінде қорытындыланғаны заңды ма?

2. Мүмкін жәбірленуші Е.Н.Елюбаеваның алғашқы беттестірген күні «бұл емес, «Гана-Кана», деді ме, «Гала-Кала» деді ме» әйтеуір «сол азаматпен» менің қанымның топтамасы сәйкес келмегендігінен, сараптама қорытындысы жойынды болып кетпеді ме екен?

3. «Кім? Неге? Неліктен? Жәбірленушінің жауаптарын сот отырысында нақтылауыма мүмкіндік бермеуіңізге менің заңды құқымды қорғауымды, қорғалуымды бұзуға тосқауыл болды екен?

4. Не Үшін? Неге? 08.09.2009 жылы ЕЦ – 166/1 104/94/4-7-А-1256 шығыс хаттамасымен 08.09.2009 жылы сот отырысының хаттамасымен танысайын деген өтінішім қанағаттандырылмады екен» деп отырған Еділханның жанайқайына құлақ түрер әділдікті бірінші Алладан, екінші Судья мырза Рамазан Әлтаевтан үміттене отырып күтеміз.

         «Балам сыбайластықтың құрбаны болып отыр» деп отырған анасы Рәш тергеу органдарынан қылмыстық істі егжей-тегжейлі қайта тексеріп, ұлы Еділхан Аймаханның ақталып шығуына көмек сұрайды.

 

Шара ҚҰРБАНОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз