ЖАЛАҢ МАҚТАУ - ЖАРҒА ИТЕРУ

d0bed0bbd0b6d0b0d181-d181d183d0bbd0b5d0b9d0bcd0b5d0bdd0bed0b26       

 «Олжас ақын біздің бүгінгі алақанға салып аялауға тиіс Абайымыз емес пе!».

        «Біздіңше, Олжастың еңбегін ХІХ ғасырдағы археологиялық ұлы ашылымдар мен ХХ ғасырдың басындағы оларға ғылыми-тарихи негіз беруге талпынған ізденістердің тереңнен тамыр тартқан толымды қорытындысы ретінде бағалайтын күн алыс емес. Ақын еңбегінің жұлдызы жанған күн – қазақ ақыл-ойының да бағы жанған күн болмақ».

 «Әлем халқы қазақты Сізге қарап таниды».

 «Сіздің талантыңыз – қазақ халқы ақыл-ойының көрінісі».

 Сіздің ізденістеріңіз – қазақ халқының рухани кеңістіктегі ізденіс шиырлары».

  « Сідің рухыңыз асқақ болса, қазақтың рухы да жоғары».

       Пай-пай-пай-о-о-ой!.. Олжас Сүлейменовте енді арман жоқ шығар! Жоқ-қой, жоқ! Майы шыжылдап қуырылып жатқан картоптай мынау ыстық сөздерді қазақ әдебиетінің тарихында бірде-бір ақын естімеп еді, «Ұлттың Олжасы» («Қазақ әдебиеті» гәзеті, №16. Әмірхан Балқыбек) естіді-ақ!.. «Бірде-бір ақын естімеп еді» деймін-ау, біріншіден, оларға мұндай жалаң мақтау керек емес те еді; екіншіден, мақала авторының сөз саптауына қарағанда, бізде Абайдан беріде қазақтың рухын жоғарылатқан ақын болмапты.

         Ә. Балқыбектің «тарихи тұжырымдарына» таратып көрсек:

Олжас бүгінгі Абай екен. «Сталин – бүгінгі Ленин» дегенді естіген кәрі құлақтар мұны естігенде тағы бір шыңылдаған шығар.

       Қазақ ақыл-ойының бағы әлі жанған жоқ екен. Ей, байғұс қазақ, оны көру үшін «ақын еңбегінің жұлдызы жанған күнді» тосасың да, қайтесің?!.

       Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемге Қазақстанды, қазақты танытты деп жүргеніміз, «негізі жоқ қатын өсек немесе еркекше айтқанда, баяны жоқ бос былшыл ғана» екен (иә, еркек Ә. Балқыбекше айтқанда!).

        Қазақ халқының ақыл-ойы көрініс табу үшін Олжастың таланты керек екен ғой! Олжас тумаса ғой... астапыралла!.. Құдайдың қазақты сақтағаны-ай!

         Ақынның ізденістері... шиырлар... Ә, мұны түсінгісі келгендер ептеп түсініп алсын.

         Қазақтың рухы Олжастың рухына байлаулы болып шықты.

        Жә, «ұлттың Олжасы» жөніндегі мына бір жәйтті еске алайын да, айтарымды содан соң жалғайын. Қазақтың намысын ту етіп, қазаққа тиер салқын сөзді жүрегімен қағып жіберу үшін «Казахская правда» атты гәзет ашып, оны шығарудың қаржысын ескі «Жигули» автокөлігімен кісі тасып тапқан профессор Алдан Айымбетов былай депті:

     «...Я, оказалось, занял место прямо напротив О. Сулейменова. За несколько дней до этого нам были розданы тезисы программы будущей партии. Мне достался национальный вопрос. Материал готовил очень серьезный, как мне казалось, не уступающий «Комманифесту» Маркса и Энгельса. Но когда дошел до тезиса «возрождение казахской нации», Сулейменов поднялся, немного полюбовался собою, затем директивным тоном потребовал убрать «возрождение казахской нации». Я впервые оказался в такой близостиот «великого человека». Но преодолел робость и почти заорал на него: «Какого черта мы собираемся в партию?! Я буду бороться против антиказахской партии!» («Олжаса Сулейменова как антиказаха я раскусил сразу, еще тогда», газета «Казахская правда», №17, сентябрь, 2005 г.).

        Алекең ақынның тәуелсіздігімізден соң дүниеге келген, бірақ ғұмыры қоянның құйрығындай келте болған «Қазақстанның Халық конгресі» партиясының бағдарлама жобасын талқылауға қатыстырылған екен.

      ...Иә, соңғы жылдары ақынның атына сын аз айтылып жүрген жоқ. Жекеменшігі дерліктей «Свобода слова» гәзетінде оның бас редакторы Гүлжан Ерғалиевамен сұхбаты шыққан сайын наразылық туындайды.

        Себебі Олжас:

1. Қазақстанға тәуелсіздік бұйырған күннен бастап орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берілуін талап етті және әліге дейін сол көзқарасында. «Орыстар қағажу көре бастады, орыс тілі шеттетіліп жатыр, қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметке жолатылмайды және бұрыннан істеп келе жатқандар орындарынан босатылмақшы...» дегендей шовиистік арандатушылық мәлімдемелерді малданып, ойланбай сөйледі.

        Орыс тілі кешегі кеңестік дәуірде одақтас республикалардың бәрінде мемлекеттік тіл болды. Тіпті Кремльдегілер: КПСС, ВЦСПС, ВЛКСМ... тәрізді қысқарған сөздерді ұлт тіліне аударып қолдануға ресми тиым салып, мәселен, біз: - КПСС Орталық комитетінің... –деп айтып та, жазып та, шектен шыққан зорлыққа көндік емес пе? 140 милион халқы бар Ресей аман-есенде ешкімге, ешқашан есесі кетпес орыс тілі қағажу көрмес үшін кешегі одақтас республикаларда - бүгінгі тәуелсіз мемлекеттерде мемлекеттік тіл бола беруге тиіс пе? Іс қағаздарын өзінің мемлекеттік тілінде жүргізе алмай отырған Қазақстан орыс тіліне тағы телінсе, тәуелсіздікке жарығаны сол болмақ па? Әуелде Конституциямызға: «орыс тілі - ұлтаралық қарым-қатнас тілі» деп дұрыс жаздық та, кейін, «орыс тілінің жоқшылары» шуылдай бастағанда, оны: «орыс тілі - ресми тіл» деп түзеттік, іс жүзінде мемлекеттік тілге теңедік. Алдағы уақытта Олжастың табандылығымен ол шуыл күшейе түссе, «орыс тілі - мемлекеттіктіл» деп тағы өзгертілуі мүмкін. Қазағының 20 пайызы дерлік шүлдірбай болып тұрған Қазақстан сонда «қарық болар».

2. Алматы қаласының әкімі И. Тасмағамбетовтің 2006-жылдан бастап қаланың іс қағаздарын қазақ тілінде – мемлекеттік тілде жүргізу жөніндегі қаулысына бірінші болып қарсы шықты, президенттік комиссияға мәлімдеп, қаулының пәрменін шектеу қажет деп сестенді. Ол қазағына өйтіп сес көрсетпей, қайта орыс дос-жолдастарына, солар арқылы орыстілді қауымға: - Беу, ағайындар! Қазақ тілі көрмеген құқай жоғын өздерің де білесіңдер, ендеше, мына қаулыны құп алыңдар. Ұлы дала мен Русьтің қарым-қатнасы басталғаннан бері қазақ пен орыс - көрші, құдандалы туыс та. Қазақпен бір жерде туып, бір аулада өсіп, бір мектепте оқып, бір ұжымда жұмыс істеп жүріп құдайы көршің –қазақтың тілін бұған дейін білмей келгендерің жарамады. Оның тілін білгеннен пайда көрмесең, зиян шекпейтін едің. Осыны ойла, әлі де кеш емес. Қазақстанды отаным десең, оның мемлекеттік тілін силағын! – деуге тиіс еді, олай демеді, дейтін түрі де жоқ.

3. «Орыс тілі мен әдебиетін сүйетінім үшін қазақтар мені патриоттық сезімнен мақрұм деп айыптайды» дегенін оқығанымда Олжастың басында шынымен сондай ой барына таңдандым. Мұны саясатта айтылатын шалалық долбар деуден өзге лаж жоқ. Санасы сергек қазақ орыс тілі мен әдебиетінен ешқашан жеріген емес, жерімейді де!

4. «Қазақ - әлі қалыптаспаған халық» деп те «жаңалық» ашты. Бұдан қазақтың мәдениеті, тарихы, ғылымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы... әлі ашық-шашық деген ұғым аңғарылып тұрған жоқ па? Бұл Олжас айтар пікір ме?

5. «Қазақта шекара болмаған» деді. Ата-бабамыз мынау керіліп жатқан кең-байтақ даланы шекарасыз, дал-дұл күйінде қалдырып, «керек болса, өздерің шекара жасап алыңдар» деп кете барып па?

6. «Бүгінгі отырған жерінде қазақтың мемлекеттігі болмаған» деді. Басқаны айтпағанда, Абылай марқұм қайда, неге хан болған? Екі жағындағы айдаһар екі мемлекеттің ортасында оларға ортақ базар-ауылды күзетіп күн кешкен бе?

7. Елді демократияландыру жайындағы бір ресми мәжілісте, Астанада, «демократия мәселесін көтере беруқалай болар екен, батыс осыны ойлай бастады, автократиялық жүйені жөн көретіндей», деп тағы бір «ақыл» таратты. Қызметі Парижде ғой, сірә, ондағы студенттердің еруілінен  шошып келсе керек. Францияның студенттері өз құқықтарын кәдімгі демократия тәсілімен қорғауға жұмылып шыққан болатын. Президент Ширак премьер-министріне ол толқудың себеп-салдарын зерттеуді қатаң тапсырды да, ақиқатты анықтады, әу баста қыңыр қаулы қабылдаған үкіметті жіберген қателігін түзетуге мәжбүр етті. Сол оң құбылысты өнеге деудің орнына құбыжық деп білді.

8. Өзінің халқын тобыр деді. Тіл мамандарын тіл жөніндегі терминдерді шатыстырып жүр деп ғайбаттады. Алматыны Алма-Ата деу керек, қала аттарын қазақ қазақша, орыс орысша атасын деді. Петропавл мен Павлодардың тарихи қазақша аттарын қайтару керектігін айтпады. Әлде «айналайын» Петр мен Павел қазақ жерін жонғарлардың басқыншылығынан қорғап қалып па екен?

9. Ал «АиФ. Казахстан» апталығындағы бір сұхбатында»: «Қазақ тілі өз уақытында жалпы интернационализм идеологиясының құрбаны болды. Ол кезде ұлттық сезім интернационализмге қарама-қарсы қойылды» деп бәрекелді сөйледі   де, іле-шала: «Тәжірибе жүзінде іске асыру үшін, кәне, алдымен теория жасайық, яғни жаңа идеология, ұлттық идея табайық. Ұлттық идеялардың негізінде бәрібір интернационализм қалыптасуға тиіс» деп, Қазақстанда қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін тәжірибе жасауды уағыздады және, В. Лениннің: «Коммунизм неизбежен» дегеніндей, интернационализмді мегзеді. Ұлт тілдерін тұсаған сол интернационализм болғанын ұмытты.

        Осынау ағаттықтары үшін сын пікір жазғандарды, сол баяғы «Свобода слова» арқылы: «невежда, моська, карлик» деп, анау атышулы «Ел бірлігі» деген доктринаға қосылмағандарды «политический дурак» деп тілдеді. Өзінің қатесін мойындау қаперінде жоқ, сірә, «бүгінгі Абай екеніне» сеніп жүрсе керек. Жарықтық Абекең өз мінінің көп екенін айтып еді-ау.

         Өзін мінсіз деп білетін Олжастың жалын күдірейте түсуіне көмекке Гүлжанға қосыла Мұрат Әуезов те ұмтылыпты. Ол да «Свобода словадағы» сұхбатында ақын досының бетіне тура қарағандарды «бандерлог, карлик» деп екіленіпті. Бандерлог – маймылдың бір тұқымы. Мәдениеттанушы (культуролог) Мұрат осылай деген соң, Олжастың басқа жандайшаптарына не жорық?!

         Ал ақынның атына сын айтушылар кімдер десек, олар: саясаткер, дипломат, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Астанадағы «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы Сайлау Батыршаұлы; ақын Мұхтар Шаханов; академик Жанұзақ Әкім; жорналшылар Өмірзақ Ақжігіт, Әбжәлел Бәкір; Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас маманы, филология ғылымдарының   докторы, профессор Сейдін Бизақов; тарихшы Ғалым Оспанов, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы жазушы Эрнест Төреханов; саясаткерлер Жасарал Қуанышәлі, Айдос Сарым және басқалар. Аз емес. Мен де бармын. Арамызда ақын Олжасқа іштарлық жасауы орынды болар жалғыз ақын – Мұхтар. Ал ол әріптесінің поэзиясы туралы бір ауыз теріс сөз айтқан жоқ, айтпайды да, себебі ол да – көпке танымал, өрісі кең ақын, өзгені менсінбейтін сырқаттан ада. Ақын емес басқаларымыздың ақындардың ауласында не шаруамыз бар? Әрбіріміздің өмір жолымыз, қарым-қабілетіміз, іс-қимылымыз, мамандығымыз, орнымыз әрбасқа. «Олжас, саған не болды?» деп наразы ашық хат жолдаған жиырма шақты ақын-жазушы тобы өз алдына. Бәрі де Олжастың азаматтығындағы аталған ақауларды өздері жасап алған ағаттықтай ауырсынды, өйткені жас та жалынды Олжастың ақындығына сүйінгендер еді. Сөйткен адамының кейін түсініксіз сығаржақтылыққа - өзінің ұлтының мүддесіне кереғар пікір таратуға ұрынғанына ренжіді.

        О. Сүлейменовтің «әлемге  книқазақты танытқан» шығармалары десек, оның: дала, арғымақ, қыпшақ, жаугершілік, тағы басқа тақырып-кейіпкерлеріне тамсанушылар бар. Олар – қазақтың өзін, даласын, тірлігін көріп-білмеген сырттағылар. Іштегілер болса, олар – шала қазақтар, бұрынғы-соңғы ақындарымыздың не жазғандарынан бейхабарлар. Ал бізде, Абайдың аруағын мазаламай-ақ қойғанда, мысалы, бергі ақындарымыз: Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Мұзафар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков, Жұбан Молдағалиев, Кәкімбек Салықов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Иран Ғайып... қаламдарынан тыс қалған, Олжас қана тауып қозғаған тақырып бар ма? Сыр-ағаң «қазақ поэзиясының Құлагері» деп мақтаныш еткен Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» дастанындағы арғымақ «әлемге танылмаған» болса, ол - олжастардың арғымақтарының артықшылығы емес, Ілекеңнің де, аталған ақындарымыздың да өлең-дастандарының, шет ел тілдеріне аударылуы былай тұрсын, орыстілді оқырман қауымға да шырайлы қалпында, тіпті мүлде жетпей де жатқандығының салдары.

        ...«Адамға табын, Жер, енді!». Ғарыш әлемінің есігін алғаш ашқан Юрий Гагаринге тайлы-таяқтымыз түгел уралап қол соғып, төбеміз көкке жеткен. Ортақ отанымыз КСРО-ның АҚШ-қа шаң қаптырып кеткеніне масаттанғанбыз, яғни ол оқиға ғылымидан бұрын саяси жеңіс болды, Олжас өлеңі басылған парақшалардың көктен шашылуына, мақалада аталған Жұмекен Нәжімеденевтің,  Жұматай Жақыпбаевтың және басқа жас ақындардың алақай жыр жазғандарына да бір себеп сол еді. Өлең көркемдік жаңалық қуатымен емес, саяси бояуымен баураған. Сол қызу өлеңнің тақырыбындағы айқай-қателікті аңғартпады. Ол қателік Адамзаттың Анасы – Жерге:

- Балаңа табын! - деп бұйрық беру. «Табын!» - түпнұсқадағы «поклонисьтің» тым өктем баламасы, аудармашы ағаттықты асырып жіберген, алайда «поклонись» - «басыңды ій» де Анаға айтылмауға тиіс еді. Қазақта: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, перзенттік борышыңды өтей алмайсың» деген ғажап ескертпе-нақыл бар. Саяси жайлау төріне ойда жоқта шыға қалған ақын да, оның аудармашысы да осыны ескермеді. Сөз ыңғайына орай айта отырсам, жалпы Олжас өлеңдерінің қазақылануында, мысалы, Қадыр Мырзалиевтің еңбегі зор.

       «АЗ и Я» болса, бұл кітап маңында айғай-сүрең көп болғаны белгілі. Біз, тағыда тайлы-таяқтымыз қалмай, Олжасты қолдадық, шовинистерден қорғастық, намысқа шаптық. Өйтпегенде ше?!.

       Мен ақын да, поэзия сыншысы да, тарихшы да емеспін, алайда шын мәнінде әлемге әйгілі тарихшы болған түріктанушы ғұлама Лев Николаевич Гумилевтің «Аз и Я» туралы не дегенін келтіре отыруды жөн көрдім (көрген көзде жазық жоқ):

        «Прародина якутов. Где она?

       Корреспондент газеты «Молодежь  Якутии» Август Муран (Иван Ефимов) 30 марта 1989 года беседовал с известным историком Львом Николаевичем Гумилевым и напечатал такой диалог (цитата):

«А. М. – Как Вы относитесь к книге Олжаса Сулейменова «АЗ и Я» и как оцениваете ее научную значимость? Л. Г. – Я был другом его отца Омара Сулейменова, который открыл Жезказганское месторождение меди. Мы с ним лежали на одних нарах в лагере в Норильске. Омар был моим большим другом. Поэтому я отказался писать разгромную рецензию на книгу Олжаса Сулейменова, хотя лично я считаю, что научная ценность «АЗ и Я» невелика. Скажите, могли бы Вы убить сына своего друга?

А. М. – Нет. Я вообще не смог бы убить никого.

Л. Г. – Я тоже тюрк и по тюркским обычаям тоже не могу. Но бывают случаи, когда врагов надо убивать. (А Олжас, к тому же, отказывается от отца). Сулейменов пишет, что мамелюки – это кипчаки. В четырнадцатом веке черкесы вытеснили кипчаков. Поэтому я считаю, что мамелюки не были кипчаками...».

ГУМИЛЕВ Л. Н.

Спор с поэтом По поводу статьи А.Кузьмина «Точка в круге, из которой вырастает репей» [журнал «Молодая гвардия» 1975. No12.] 

        Олжас Сулейменов написал книгу «A3 и Я» (Алма-Ата, 1975), чтобы «вместе с раздражением чувств читателя вызвать и раздражение мысли». Читая отклик А. Кузьмина на эту книгу, видишь, что О.Сулейменову удалось выполнить только первую часть задачи. Количество фактическихит ляпсусов в книге Сулейменова превышает число страниц (304)...

          Вместо того чтобы отметить десяток-другой фактических ляпов и тем самым показать, что перед читателем поэтическая мистификация, Кузьмин пускается в длинное рассуждение о преимуществе диалектического материализма над позитивизмом, что само по себе верно, но в Советском Союзе ни для кого не ново и, главное, не имеет никакого отношения к эмоциональным фантасмагориям Сулейменова. Огюст Конт никогда не предлагал смотреть на историю «глазами поэта» (отрывок из статьи.).

          Мен Олжаспен құшағы айқасқан дос та емеспін, оған қыжылы бар қас та емеспін. Менің ұстанымым – ақиқат және қазағымның: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтадысы».

           Ақынға алғаш рет ренжігенім   былайша. Жерімізге, елімізге тажал болған Семей атом-ядролық сынаулар полигонына қарсы ресми күресті Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев бастағанын естіп, «Қайнар қасіреті», «Семей полигоны», «29-тамыз» деген кітаптарын оқып, сол туралы «Жас алаш» және «Централ Азия Монитор» гәзеттеріне мақала жаздым. Өмірде өте қарапайым болған Кешірімнің ол жанпидалық ерлігін жұрты білсін деп ойладым. «Жас алаштағы» мақаламды оқи алмаған Олжас өзіне жақын орыстілді гәзеттегі мақаламды оқысымен оны жоққа шығаруға дереу кірісіп, «Казахстанская правда» және «Централ Азия Монитор», т. б. гәзеттердің тілшілеріне сұхбат беріп, өлі Кешіріммен ұстасып: «Да, он был первым секретарем обкома, но не более того. И уж во всяком случае, среди первых борцов за закрытие полигона его не видели», - деп шықты. Кейініректе: - Полигонды біз жаппаппыз, қайдағыбір обком хатшысы жауыпты, - деп қағытты да. Президент Н. Назарбаев 1993 жылы жасы алпысқа толған Кешірімді құттықтаған хатын   да: «...Семей ядролық полигонын жабу, атом қаруын сынаудан зардап шеккен жұртты әлеуметтік қорғау жүйесін жасау мәселелерін шешуге Сіз қосқан үлес баға жеткісіз» десе, Олжас оның ол «қатесін» түзетіп, Кешірімнің аруағымен алыса түсті. Енді мына бір үзіндіні оқыңыз: «...Уважаемый Кешрим Бозтаевич! Мы знаем Вас как крупного общественного и государственного деятеля, очень много сделавшего для процветания народа Казахстана. Вся Ваша жизнь – это добрый и назидательный пример для молодого поколения... .В те нелегкие годы борьбы за прекращения ядерных испытаний на Семипалатинском полигоне Вы проявили стойкость бойца за интересы народа и мудрость истинного народного лидера.

          Мы знаем, что в эти трудные годы Вам пришлось особенно нелегко и на Вашу долю выпали тяжкие испытания, но Вы сумели найти верный путь и сделать немалый личный вклад в долгожданную победу – закрытие Семипалатинского ядерного полигона.В день Вашего шестидесятилетия, дорогой Кешрим Бозтаевич, мы выражаем  Вам свое глубокое почтение и говорим благодарное спасибо! Олжас Сулейменов». 23-мая, 1993г.».

         Бұлайша екі сөйлегені бетіне басылғанда ол: Мен дайын текстке қол қоя салғанмын ғой, ол әдеттегі іс қой, дегенді айтты. Сонда «...среди первых борцов за закрытие полигона его не видели» деп кемсіткен кісісіне қандай құттықтау жолдауда шаруасы болмаған ба? Әлде Н. Ә. Назарбаев мырзаның да «оқымай қол қоя салғанын» көріп, соған еліктеді ме екен?

         Шындықты шырғалаудың, аруақтан аттап кетудің бұдан сорақысын мен әлі көрген жоқпын. Егер К. Бозтаев 1989-жылғы 20-ақпанда М. Горбачевке полигонда     сынауды азайту, тоқтату, полигонды жабу, басқа жаққа көшірі туралы құпия жеделхат жібермесе, ертеңінде: Жоғарғы Кеңестің төрағасы А. Лукьяновқа, Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Рыжковқа, Бейбітшілікті қорғау комитетінің төрағасы Г. Боровикке, Жоғарғы Кеңестің Денсаулық сақтау комитетінің төрайымы З. Пуховаға, халық депутаты О. Сүлейменевке хат жөнелтіп, Горбачевке жіберген жеделхатындағы мәселені оларға да баян етпесе, О. Сүлейменов сол хат бойынша 24-ақпанда, Жоғарғы Кеңеске депутаттық сауал жолдамас еді («Сборник документов. «Ядерные испытания СССР: современное радио-экологическое состояние полигона. Кол. авторов под рук. проф. В. А. Логачева. М. Изд. АТ. 2002 г. 639-стр.),

          Сондай-ақ, 1989-жылғы 28-ақпанда «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысы дүниеге келмес еді.

         Жалпы Олжастың Семейге алғаш баруы, ол жақтан КСРО халық депутаты болып сайлануы былай: ол Алматы қаласының Калинин ауданынан КСРО халық депутаттығына кандидат болды. Участокке Жазушылар одағынан «Простор» жорналының бір қызметкері екеуіміз бақылаушылыққа жіберілдік. Дауыс беру, бюллетень санау таза атқарылды (қазіргі сайлаулардағыдай ухит-сухит жоқ кез). Ақын ұтылып қалды.

           Ертеңінде жұмысқа келсем, бірінші хатшының кабинеті алдында қызметкерлеріміздің төртеу-  бесеуі тұр. «Олжастың кабинетінде концерт болып жатыр» дейді. Барсам, бір топ кісінің ортасында маған бейтаныс тапалдау келіншек табанымен шоқ басып алғандай тыпырлап, еріні сүйреңдеп, шаңқ-шаңқ етеді. «...Бақылаушыларың сайлау участогінде болған жоқ! Оларды жазалау керек!..» дейді. Мен қып-қызыл жалаға қатты ашуланып, парткомымыздың хатшысына дереу мәлімдеме жазып, сайлау участогінде біздің болған-болмағанымызды тексеруді, көргенсіз өсекшінің жаласынан қорғауды талап еттім. Бірақ талабым ескерілмеді.

          Сол кезеңде не болғанын Кешірім «Семей полигоны» кітабында ашық жазған: «Алматыда дауысқа түскен Олжас қиындыққа ұшырапты. Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев маған телефон шалып, жағдайды айтып, О. Сүлейменовті Семей облысынан депутаттыққа өткізуімізді өтінді. «Сүлейменов сізге көмектеседі. Полигонға қарсы күресте жақсы жәрдемші болады», деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ертеңінде Г. В. Колбин телефон соғып, ол да сондай тілек айтты». Ол тілектер, әрине, қабыл болды. Кешірім кітабында сол жақсылықтың ақыры қандай болғаны да жазыпты: “...Полигонды жаптыру күресімнің басталуынан аяқталуы әлдеқайда қиын болды.

          Әу баста жұртшылыққа арқа сүйеп, өзімді қолдайтынына нық сеніп, қуаттанып кіріскен едім. Енді өзім мүддесін қорғағандардың, өкіметпен текетіреске бірге шыққандардың көздеріне сүйел бола бастағандаймын. Өкпек желдің қай жақтан соққанын сездім. Ол ең алдымен қоғамдық қозғалыс жетекшілерінен басталды.

          Олардың кейбіреуі, тіпті Семейге ат ізін бірінші рет салса да, баяғы Юлий Цезарьша: - Бардым, көрдім, жеңдім! - деп шыға келді... «Бұл кімнің еңбегі?» деген сұрақ сампылдай бастады. Баспасөз бетін жауып кеткен жарияланымдарда еңбек «Невада-Семей» қозғалысынікі, тек қана соныкі делінді (сөйлемнің астын мен сыздым, - Ғ. Қ.). Қозғалыстың әрбір әрекеті мейлінше кең насихатталды. Өздерін өздері дәріптеу сияқты біржақтылық өршіді... Жиі-жиі жиын жасау, жалаң ұрандау әдетке айналдырылды...» (сөз ыңғайына қарай ескерте отырарым: Семейде, басқа жерлерде де полигонға қарсы О. Сүлейменов бастап өткізілген шаралардың бәрін үкіметтік ұйымдар қаржыландырған).

          Сірә, сүлейменовтерге осы ақиқат сөз ұнамай қалса керек. Кешірім тіріде амалсыз шыдаған олар кейінде марқұмның тарихи еңбегін мансұқтай бастады. Полигон туралы үлкенді-кішілі жиындарда, мақала-сұқбаттарда, радиохабарларда, телефильмдерде оның аты-жөні аталмайтын болды. Оның есесіне – «Олжас Сүлейменов!». Ал мен ол аруақтан аттап кеткен сайын ақиқатты алдына қайталап тосып, мақала жазуға кірістім (әлі де жазамын, төзе алмаса, киллер жалдап құтылар. Бұлар арқа сүйеп отырған билік: мемлекет және қоғам қайраткерлері Заманбек Нұрқаділев пен Алтынбек Сәрсенбайұлынан да оп-оңай құтылды емес пе?! Айтпақшы, бұл екі Азамат қазаға ұшырағанда Олжас: «Бұл не сұмдық?!» деп дауыс көтере алмады).

          Енді Олжасқа тағы екі мәрте ренжіген себебімді айтуға тиіспін, олары әдебиетімізге тікелей қатысты.

        Біріншісі. Олжас «Свобода словадағы» кезекті бір сұхбатында: «В казахской литературе нет ни одной строчки о голоде 1932-1933 годов» деді. Білмейтінін біліп болғандай тұжырып айтты. Көзі қарақты қазақ ол зұлмат кезең жайында ыза-наза толы өлең, әңгіме, дастан, хикаялар жазылғанын жақсы біледі. Мысалы, ақын Жақан Сыздықов «Әли қарттың әңгімесі» атты батыл да шыншыл дастаны үшін жазаланды емес пе?!.. Қазақша оқымайтын Олжас соның бәрін бір-ақ сөйлемімен жоққа шығарып бақты, қазағының әдебиетіне қара сойыл жұмсады. Жарайды, «білмеген у ішеді» дейік, алайда публицист жазушымыз Валерий Михайлов «Хроника великого джута» деген нақты зерттеу хикаясын шығарды ғой? Олжасқа керек орыс тілінде. Бірақ ақын одан да бейхабар екен...

      Екіншісі. «Егемен Қазақстан» гәзетіндегі (12. 03. 2010 ж.) сұхбаты. «Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды» деп аталған шалқыма сөзінің бір тұсында: «Сонау 1984-жылы Жазушылар одағында қазақ тілін қорғауға арналған ең бірінші жиынды ұйымдастарған Олжас Сүлейменов емей, кім еді? Оған қатысқан адамдар, құдайға шүкір, арамызда жүр ғой» депті. Бұл – ең бірінші болуға құмартып жүретін ақынның кезекті бір желпінісі. Бұлай деу себебім: қазақ тілінің күш-қуаты, байлығы, тазалығы, мәртебесі хақында мақала жазу, жиын өткізу басталғанда Олжас бұл жарық дүниеге келмеген де екен. Мәселен, Әлихан Бөкейханов қазақ тіліне қатысты мақалаларының бірінде былай депті: «...Қазақтың қайбір облысында өткен сайлауда орысша хат білмейтін кісі болыс болмайды деп, қазақтың бұрыннан болыс болып жүрген қадірлі кісісін жолдан қалдырды... Қазақ болысы орысша хат білсін, орысша хат білмесе, тасқа түсуге жарамайды деген закон бұл күнге дейін жоқ. Сөзін адам тыңдамайтын, халыққа қадірсіз сорлы жастар: «Мен орысша білемін!» деп болыс бола қалды». Ал сол тұста қазақ даласында үстем бола бастаған татар тіліне өріс бермеу керектігін айтқанында Абай, Шәкәрімдей ақындары бар, «бір жерде дізе қосып отырған бес миллион қазақтың... татарға мінгескені адасқандық болар» деген.

       Арғыны тізбелемей, бертінгі біреуін ғана еске салсам: Олжас Жазушылар одағынан жырақта жүрген 1969-жылы сөз зергеріміз Ғабит Мүсірепов «Қазақ әдебиеті» гәзетінде «Авгийдің атқорасынан бастайық!» деген мақала шығарып, соның аясында қазақ тілі жөнінде кеңінен пікір алысу болды, көптеген мақала жарияланды. Сол Ғабең, егер жаңылмасам, 1973-жылы қазақ тілінің хал-ахуалы жөнінде Жазушылар одағы басқармасының арнаулы пленумын өткізуге мұрындық болып, пленумда өзі баяндама жасады. Ол екі оқиғаға куә адамдардың бірі мен, құдайға шүкір, әзірше бармын. Қазақ тілінің тарихынан хабардар кісі Ғабеңнің ол еңбегін ұмытпаса керек-ті!

        Қашанда «Свобода слова» гәзеті арқылы сөйлейтін ақынның тағы бір пікірін сондағы түпнұсқасынша келтірсем, ол былай деді: «...За годы работы выделил более трех сотен квартир членам только нашего Союза. И не все были довольно. Один стал врагом за то, что ему досталась квартира на первом этаже».

          Жазушылар одағымызда Олжас 1983 – 1991-жылдары бірінші хатшы болды. 1983-жылы жазушыларымыздың жалпы саны төрт жүздің, ал 1991-жылы бес жүздің о жақ, бұжағы. Сонда ол басшылық еткен кезде «более трех сотен» қаламгеріміз балаларын, тіпті немерелерін жетектеп, үйсіз-күйсіз сенделіп жүріп пе еді? Жоқ! Бұл бір. Екіншіден, қалалық атқару комитетінің өз күшімен тұрғын үй салуы - өте сирек болатын іс, ол, заң бойынша, жалпы пәтер мәселесін басқалар салған тұрғын үйлердің он пайызын алу жолымен шешіп отырады. Сол жолмен 1983 – 1991-жылдары үш жүз пәтер алған екен (фантастика!) десек, соның бәрін түгелдей Сүлейменовке бере салуы (суперфантастика!) мүмкін емес, егер өйтер болса, пәтер алудың кезегінде 10-15 жыл бойы тұрып келе жатқан жұрт мүлгіп отырар ма?! Ақын үш жүзді көздемей-ақ, 30-35 пәтер десе де аз болмас еді. Үшіншіден, КСРО Әдеби қорының Қазақ бөлімшесі 1979 – 1980-жылдары қырық пәтерлі тұрғын үй салды. Мәскеудегі Үлкен Әдеби қордың қаржысына. Істің басы-қасында бөлімше директоры ретінде мен жүрдім. Сөйтіп, біздің жазушылар пәтермен түгел қамтамасыз етілді. Бірі жаңасын алса, екіншісі одан босаған пәтерге кіріп дегендей. Біразының отау тіккен балаларына да пәтер бердік. Ең соңында жылу жүйесі ғана жоқ екі бөлмелі пәтерді, өзімізден алушы шықпаған соң, қалалық «Союзпечатьтің» Жазушылар одағы ғимаратына орналастырылған гәзет-жорнал жаймасының сатушысы Валяға силадық (фамилиясы есіме түспеді, мүмкін Олжастың есінде шығар). Пәтер бірінші қабаттан бұйырған жас жазушы М. Қ-ның жиналыста намыстана сөйлегені есімде (тек ол Марат Қабанбаев емес!), бірақ оның одан кейінгі уақытта, әлі күнге дейін, Олжасқа соқтыққанын көрген де, естіген де емеспін. Демек, өзіне бір ауыз сын айтқанды «стал врагом» деуі «ғажап». Атап өтуім керек және бір жәйт: қырық пәтерліден үш жыл бұрын Одақ (бірінші хатшы болған Әди Шәріповтің күшімен) республика қаржысына он алты пәтерлі еңселі де кең үй салдырып алған болатын.

       ...Тере берсең, Олжасқа реніш білдіруге мысал жеткілікті. Өз басым оның ақындығын құрметтеймін, поэзиясы үшін қандай марапатқа болсын лайық екенін білемін. Ал өзінің азаматтығына өзі көлеңке түсіріп алатын әдетіне еріксіз таңданамын да, оны өзінеашық айтуды қалаймын. Мұны түсінсе – құба-құп; түсінбесе, өзін беталды, парықсыз, жалған мақтауға әлі де ділгер болса – мейлі!

 

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ