Киевтен тыныштық кетті
2014 ж. 19 ақпан
2302
0
Киевте ереуілшілер арасында қақтығыс кезінде 185 адам зардап шекті, ал қаза болғандар саны 20-ға жетті.
Бұл туралы BNews.kz Украина Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
18 ақпанда таңертең сағат 10-нан кешкі 20-ға дейінгі аралықта ДСМ-ның шұғыл ақпараты бойынша қаладағы денсаулық сақтау мекемелеріне қақтығысқа қатысқан 185 адам медициналық көмек сұрап келген. 89 адам ауруханаға жатқызылған.
Сондай-ақ алты адам қаза тапты деп хабарлануда. Сонымен бірге, "Бұқаралық ақпарат институтының" хабарлауынша Киевтегі қақтығыста бір тәулік ішінде 25 БАҚ қызметкері зардап шеккен. Институт өкілдері осы журналистердің қаншалықты деңгейде зардап шеккені және олардың барлық дерегі көрсетілген толық тізім ұсынып отыр.
Басты зақым түрлі деңгейдегі құқық қорғау қызметкерлерінің бастан соққысы немесе дыбыс гранатасының аяқ тұста жарылуынан келген зақым болды. Тізімдегінің басым көпшілігі Украина журналистері екені анықталды. Сонымен бірге қақтығыс кезінде қираған видео-фотоаппаратурлардың да тізімі бар.
Институттың хабарлауынша полиция әсіресе камерасы бар адамдарға қатты күш қолданған. Сағат 21:30-да Институт көшесі жағынан Тәуелсіздік алаңына полицияның шабуылы тоқтады. Майдан алаңына белсенділерге қолдау көрсету үшін адамдар келіп жатыр. Жобамен алғанда алаңда 20 мың адам шеруге шыққан.
Естеріңізге сала кетсек, кеше Киев орталығында шеруге шыққандар мен құқық қорғау қызметкерлері арасында қақтығыс болды. Ішкі әскер жауынгерлері мен "Беркут" қызметкерлері шерушілердің парламентке қарай бет алуына мүмкіндік бермеді. Шерушілер онда Украинаның жаңа Премьер-министрінін ұсынуға бармақ болған.
Ереуілге шыққандарға қарсы дыбыс гранатасы мен көзден жас ағызатын газ қолданылды. Қазір қаза болғандар саны 20-ға жетіп отыр. Олардың 11-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері болса, қалған 9-ы – азаматтық тұлғалар, деп хабарлайды 24.kz.
Елдің батысындағы радикалдар да бүлікшілерге қолдау көрсетуде. Львовта біреулер әскерилерге шабуыл жасап, 30 сарбаз жарақат алды. Олардың 5-уі ауруханаға түскен.
Ал тексеру бекеттеріне 2 мыңға жуық радикал шабуыл жасаған. Олар қақпаға тас пен жанғыш сұйықтық құйылған ыдыстар лақтырған.
bnews.kz