ҚАЗАҚТАРДЫҢ БОСТЫҒЫНАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛҒАН ЖЕРДЕН ӨЗБЕКТЕР ОБЛЫС АШЫП АЛДЫ

d0bad0b0d180d182d0b0-d0bdd0b5d0b3d196d0b7d0b3d196-d0b1d3a9d0bbd196d0bc2      

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы 13-желтоқсан күні тікелей желіде Қазақстан халықтарының көкейкесті сұрақтарына жауап бергені бәрімізге белгілі.

      Сол күні қойылған қаншама сұраққа жауап беріп үлгеру мүмкін емес еместігін көпшілік жақсы түсінеді. Елбасының өзі жауап беріп үлгере алмаған барлық сұрақтардың жауабын үкімет, тиісті министрліктер беретінін айтқан болатын. Оларға тікелей тапсырма да берілген еді.

      Қойылған сұрақтардың барлығына өткен жылдың желтоқсан айның 15 – не дейін жауап берілуі тиіс болатын. Бірақ мен әлі күнге дейін өз сұрағыма жауап ала алмай жүрмін.

      Бұл мәселе тек қана Мақтарал халқын емес, бүкіл Қазақстан халқын толғандыруға тиіс мәселе. Өйткені, әр ел, мемлекет одақ тараған соң, өз шекараларын нықтап белгілеп алды.

       Бізді толғандыратыны - сол шекара сызықтарының (демилитациялық) әлі күнге дейін дұрыс сызылмауы.

       Кезінде, Қызыл империяның өктемдігімен біздің Қазақстан жері талан-таражға түсті. Керек болса кезінде Солженицин, Жириновский сияқтылар «қазақ деген көшіп, қонған жерін менікі дейтін халық. Қазақ дейтін ел жоқ», - деп сандырақтады. Кезінде Н.С. Хрущев Солтүстік Қазақстанды Россияға қосып, Ақмола облысынан немістерге автономиялық облыс та ашпақ болды. Бірақ, сол кездегі қазақ халқы үшін, жері үшін қаймықпай қарсы тұрған Ж. Тәшенов сияқты азаматтарымыз ерлік көрсетті. Жұдырық болып жұмылған қазақ халқы, қылышынан қан тамған қызыл империяның айтқанына көнбей қарсы тұра білді.

        Бірақ, Н.С. Хрущев ешкімді тыңдамай баса көктеп, қазақ жерін талан-таражға салды. Осылайша, Бостандық, Мақтаарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы бай өлкелерді Өзбекстанға беріп жіберді. Кейіннен Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары Д.Қонаев ағамыздың қолдауымен Қазақстанға қайтарылды. Д.А.Қонаев ағамыздың бұл ерлігіне алғысымыз шексіз.

        Бірақ, кезінде Қызыл Империяны көп жыл басқарған Л.И. Брежневпен жақын етене дос бола жүріп, қазақтың барлық жерін қайтарып алмағаны үшін, айтар назымыз да жоқ емес. Бәлкім жүрегінің кеңдігінен, арамдығының жоқтығынан Өзбекстан басшыларының жымысқы, құйтырқы әрекеттерін байқамаған да шығар. «Біраз аудандарды қазақтар қайтып алайын деп жатыр», - дегенді естіген өзбек басшылары түлкі-бұлаң зымияндыққа барды. Бұрынғы Киров ауданына қарамастан Арнасай, Амангелді, Ильич, совхоздары сонау Бұхара облысына дейін баратын ұлан байтақ Қызылқұм жайылымы  түгел Өзбекстанда қалып қойды.

Үкібаев, Пірназаров сияқты ел ағалары бастап қаншама рет шағымданғанымен ескерусіз қалдырылды. Бұл көршімізбен тату-тәтті тұрайық деген пиғыл болуы да мүмкін.

       Бұрынғы «Бостандық» ауданы түгел халқымен байлығымен сол күні Өзбекстанда қалып қойды. Егемендік алған соң ондағы тұрып жатқан қазақ халқы біраз толқып барып басылды. Ал, өзімізге қарасты ем алып, дем алып жүрген шипажайлар «Шымған» «Ғазелкент» ешқандай Қазақстанның келісімінсіз-ақ Өзбекстан жағында қалып қойды. Өзбектер сол шипажайға баратын жолдарымыздың бәрін тас қып бекітіп тастады. Бір қазақты өткізбей қойды. Ешкім   бара алмаған соң шипажайлар бос қаңырап қалды. Оның айналасында тұрып жатқан қазақтарды үй-жайларын тастап көшіп кетуге мәжбүр етті. Өзбек ағайындардың бұл қылығына тіл қатқан бір ел азаматы табылмады. Белгілі мемлекет қайраткері Хайдар Арыстанбеков ағамыздың жазған бір мақаласында: Өзбектер Қазақстан территориясына барлық шектесіп жатқан жерлерінде біздің ішімізге 500 метрден 1-километрге дейін кіргізіп кеткен,-дейді.

         Қарап тұрсақ шындығында солай. Мақтаарал  ауданымен   шектесіп жатқан Өзбекстанның «Сырдария» облысында   «Шалықор», «Шыбынтай» деген ауылдар бар еді. Аталмыш ауылына қарасты жерлерді Одақ кезінде өзбектер бау-бақша егіп иеленіп алды. Сол жерлерді де қорғайтын бір қазақ табылмады. Мұндай жерлер Сарыағаш ауданының Өзбекстанмен шектесіп жатқан жерлерінде көптеп кездеседі. Кезінде осы ауылда әкім болып істеген Сейітжаппаров деген азаматтың жігерсіздігінен,біраз жер Өзбекстанға өтіп кетті. Соның   арқасында шекара сызықтары дұрыс болмағандықтан өзбектер «малың өтіп кетті»-деп жазықсыз қазкақтарды атып өлтірді. Оны бүкіл ақпарат құралдары арқылы халық есітіп жүр. Соған да шыдап  келеміз. Ел тыныштығын ойлаған халықпыз ғой. Бірақ содан талай опық жеп келеміз. Ал, соңғы жылдары Елбасымыздың тапсыруы бойынша, Мақтаарал ауданының Өзбекстанмен арасындағы шекара сызықтары делинитацияланды.

        Екі республика арнайы комиссия құрып, делимитация сызықтарын сызып, қазықтар қақты. Бірақ Қазақстаннан барған комиссия мүшелерінің тірлігіне елдің көңілі толған жоқ.Сондықтан дау-дамай әлі күнге жалғасып келеді. Өйткені делимитация сызықтары дұрыс сызылмаған. Қазақстандық комиссия мүшелерінің жігерсіздігінен тағы да көп жеріміз Өзбекстанға өтіп кетті..

          Мәселен: Бұрыннан Қазақстанның «Қоғалы» совхозының біраз жері Мақталы совхозының бөлімшелері «Маңғытай», «Құлшығаш» ауылдарының жерлері.

           «Атамекен» кеңшарының жерлерін, ауыл тұрғындарының мемлкеттік актісі бола тұра Өзбекстанға өткізіп жіберген. Ол, ол ма, «Қоғалы», «Қараөзек» совхоздарының Қызылқұмдағы мал жайылымдарының  көбісі құдықтармен қоса Өзбекстанда қалып қойған. Меніңше комиссия мүшелері жердің жай-жапсарын білмейтін жандар болғанға ұқсайды.

           Ал, Өзбекстанның комиссия  мүшелері болса, Қазақстанның ұлтарақтай жері болса да өздеріне қаратуға тырысқан. Құмдағы кейбір отырған қазақтардың үйін бір бөлек, құдығын бір бөлек қылып сызықтар сызған. Қаншама мал жайылымдарды өзбектердің еншісінде кеткен.

           Егер сол кездегі комиссия мүшелерінің құрамына бұрынғы сол совхоздың басшылары, жергілікті тұрғындар, ақсақалдар енгізілгенде мұндай келеңсіз жағдай орын алмас еді. Кезінде бір өзбек тұрмайтын «Амангелді», «Арнасай», «Ильич» совхоздарының Қазақстанда қалуына толық мүмкіндік бар еді. Бірақ, сол комиссия мүшелері мен совхоз басшыларының қамсыздығынан  мүмкіндіктерді  орынды пайдалана алмадық.

          Тұрғындар  арасында: «Комиссия  мүшелері өзбектер не айтса  соны істеп, қол қой деген жеріне қол қойып жүре берген» деген әңгіме желдей есіп жүр.

          Шардара су қоймасының ажырамас бір бөлшегі болып  табылатын Арнасай платинасы арқылы аталмыш су қоймасының артық суы Айдаркөлге жіберіледі. Шардара ГЭС-і, Арнасай платинасы, Айдаркөл үшеуінің   бір-бірінсіз өмір сүруі мүмкін емес. Үшеуі тұтас бір организм. Дүниежүзілік халықаралық келісім бойынша да солай болуға тиіс.

          Соған қарамастан Айдаркөлге өзбектер еге болып шыға келді. Олар Айдаркөлді екі жерден бөліп платина салып, балық өсіретін су қоймасын жасап алды. Осы Арнасай платинасының жанында «Арнасай» елі бар. Ол Шардара ауданына қарайды. Сол Арнасай елді-мекніне бару үшін міндетті түрде «Амангелді», «Арнасай» совхоздары арқылы өтуге мәжбүр боласың. Егер Амангелді, Арнасай жерлері сол күйі Өзбекстанда қалып қойса «Арнасай» елді мекеніне тек вертолетпен бара аламыз.

        Елбасымыз халықтың жанайқайын түсініп, тағы да арнайы комиссия құрып, «Амангелді», «Арнасай» совхоздарын мал жайылымдарымен шипажайымыз «Шымған», «Ғазалкенттің» орнына айырбастап алса жөн болар еді.

         Елбасымыз ЕҚЫҰ – ға төрағалық еткен биылғы Барыс жылына осы мәселені шешетініне сенімдіміз.

         Шекара жөнінде көптеген бұқаралық ақпарат құралдары мәселе көтерді. Баспасөз бетінде халықтың жанайқайын жария етілді. Бірақ селт еткен жан табылмады.

         Мәселен, Мақтаарал ауданынан жарық көретін «Нарық әлемі» газетінің 2003 жылғы №7 санында Ерсайын Жетпісбаев деген азаматтың «Көктөбеге қайтадан көш келе ме?» деген мақаласы жарық көрді. Онда Өзбекстанға өтіп кеткен жерлер картасымен берілген.               Материалдағы өлең шумақтары да кез-келген жанның жүрегін сыздататын, ойландыратыны анық. Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 119-нөмірінде Төлемырза Темірбекұлының «Қош Мырзашөл» өлең топтамалары берілген болатын. Сонымен қатар, тағы да осы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2009 жылғы 3-қазандағы санында Сәбит Қалдыбаевтың «Шекараға тікенек сым тартылса күніміз не болады?» атты мақаласы жарық көрді. Онда Амангелді, Арнасай совхоздарының халқының жан-айқайы көрсетілген.

        Ал, «Жас Алаш» газетінің 21.01.2003 жылғы нөмірінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сол кездегі премьер-министіріміз Тасмағамбетовке берген тапсырмасы жарияланған болатын.

         «Тасмағамбетов орындасын,  Жас Алаш бақылауға алсын », деп қол қойылған хаттамасы берілген еді. Сол кезде бір қуанып қалып едік. Мұның арты да аяқсыз қалды. Міне осы сияқты мақалалар көптеп жазылып жатыр, оны көретін көз, еститін құлақ болса...

        Әлі халықтың жанайқайын Елбасымызға тағы да жеткізіп, мәселені шешуге атсалысатын азаматтар табылар деген үміттеміз. Бұл мәселені жедел шешпесе екі халық арасына сына қағылуы да ғажап емес. Ел билеген азаматтар ойланып, бұл мәселені бейбіт жолмен шешер деген ойдамыз.

 

Ағман САБЫРХАНОВ

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Мақтаарал ауданының құрметті азаматы