ТӘУЕКЕЛ ХАН МЕН АЛАТАУ БАТЫР НЕМЕСЕ «ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ДӘУІРІ ТУРАЛЫ

d0b1d0b0d182d18bd180d0bbd0b0d180-33(Соңы. Басы өткен сандарда)

           Берке Науан Хан Тәуекелдің Бас батыры Әз Ғараб Алатау Батырдың отбасы мен сол замандағы уақиғалар баяны.

          Алатау Батырдың бәйбішесі Үзбалай дүниеге екі қыз бала әкеліп, содан он бір жыл бала көтермей жүреді. Ал бұл кезде Алатаудың екінші әйелі төренің қызы дүниеге Ескендір Білші атты ұл баланы әкеліп, оның соңынан тағы екі қыз бала дүниеге келіп, батырдың шаңырағын қуанышқа бөлейді.

          Үзбалай бала көтермей жүрген соң, Ата Баба салт - дәстүрімен: «Шаңырағымның берекесі қашпасын!» - деп, басын сонау Тұран Елінің «Орқайшымы» Қарахан патшаның тұсынан алатын: «Жанұяның татулығының рәсімі» бойынша, Ескендір Білшіні бәйбішеге беріп, бауырына бастырады.

         Арада көп ұзамай бәйбіше де дүниеге ұл бала әкеледі. Алатау батыр бұл ұлының атын Хахназар деп қояды. Хахназардың тілі шығып, жасы үшке жеткенде батыр оны екінші әйелінің тәрбиесіне береді.

       Ескендір Білшінің жасы он сегізге жеткенде бәйбіше оны үйлендіріп, өзінің жанынан жеке шаңырағын көтеріп, еншісін бөліп, отауын құрып, елді жиып ақ батамен түтінін түзулейді.

        Кейінерек кіші жарының бауырында өсіп, ержеткен Хахназары да үйленіп, бөлек шыққанда:

- Менің жасым кіші болғанмен бас отаудың шегесі де, шекпені де менде қалуы керек еді! - деп, әкесіне өкпе – назын айтқанда, батыр  ұлының бетін қайтарып тастап, былай дейді:

- Бір Атаның ұлы жер бөлмейді! Бір бұлақтың суы неше түрлі дәм бөлмейді! Бір Тудың астына жиналса, Ел бөлмейді! Ынтымақ Атадан ұлға мирас! «Тектімін!» - деп өскен Ұл «Құсшөлдеген жұты» келсе де, өз бауырына сыр бермейді! – деп, қатты кейіген екен.

       Алатау Батырдың төреден алған екінші әйелі Тәуекел Ханның жақын қарындасы, әрі ақылына көркі сай, жүзінен нұр төгілген, ізетті де, мейірімді, кішпейіл жан болған соң, қоршаған ортасы мен ағайын – тумалары  оны «тоқал» - деп атауға ауыздары бармайды. Алатау Батыр да оны: «Кішім осы!» - деп еркелетіп атап, кейінерек келіншектің шын аты аталмай Кішім болып кетеді.

         Тәуекел Ханның екінші қосағы Настума ханым мен Кішім көңілдері өте тату, сыр бөлісер, кең қарым - қатынаста болған жақын құрбылар екен. Настума ханым болса, Шыңғысханның тұсында Орыс Еліне сіңіп кеткен Дәшті Қыпшақ Боштық Бояр Ілгі Құназ Балтемірдің қызы болған. Осы Настумадан туылған ұлы Берке Сайжал 14 жасқа келгенде Хан Тәуекел оны Орыс Еліне кепілдікке жібереді. Настума ханым: «Ұлымды сағындым!» - деп, бірнеше рет жанына жасақтар алып, оның ішінде өзін күтуші әйел жыныстылардан басқа құрбысы Кішімді де  шақыртып алдырып, қос ару Ресей Еліне жеті рет барады. Настуманың сүйікті тағамы өрік пен мейіз қосып пісірілген палау болған. Настума мемлекетаралық әдеп, жосық негізінде Орыс елінің ақсүйектері мен Боярларын Қазақ Хандығының Елшілігі Сарайына дәм татуға шақырып, осы тағамды аса шебер дайындайтын құрбысы Кішімге тапсырып, дайындатады. Кішім дастарханды Қазақ дәстүрімен әрлеп, түрлі ұлттық дәмдермен, сый-сияпатпен толтырып және құрғақ өрік пен мейізді де орнын тауып қойып, келген қонақтарды таң қалдырады. Осы дәмді тағамдарды дайындаған Кішімге, әрі дастархан мәзірі мен салтанатына разы болып, Қазақ әйелдерінің сән-салтанатты, ұлттық оюлармен айшықталған, зергерлік алтын - күміспен әшекейленген, үлде мен бүлдеге бөленген сәнді киімдеріне таң қалған Ресей Елінің ақсүйектері құрғақ өрік пен мейізді Кішімнің құрметіне: «Киш – миш» - деп атап кетеді.

        Ақпантайдың түсініктеме – баяны: Әлиасқар қария осы тарихи   алауақиғаны ақсақалдарға айтқанда, сонда олардың бірі:

- Ия, Алатау Батырдың Хан Тәуекел ұлын Ресейге кепілдікке беріп, содан арадағы келісім бұзылып, елшілік жолда қаза болғанына қапа болып, Ақ патшаның Елі туралы айтқан мынандай өсиеті болған:

- Жүзімнің кепкені мейіз болады!

Орыстың кепкені мейірімсіз

болады!

Орысқа бата берсең, басыңды

сұрайды!

Бала берсең, досыңды сұрайды!

Кепілдік ұсынсаң,

Еліңмен қосып қосыныңды

сұрайды!

Елшісін тойдырып,

Айбалтасын қайтарып берме!

Ақымағыңды көтеріп,

Көсеміңді көлеңкелеп ұстар!

Көп ойлан, кем ойлан

Айналдырып келгенде түбіңді сұрайды !– деген екен.

- Ал Тәуекел Хан мен оның ұлы Берке Сайжалдың Ресей жеріндегі өлімі мен Қазақ Елінен барған қару – жарақ пен кемелер жасайтын   ұсталардың кері қайтарылмауы шежіреде жұмбақ күйінде қалған?!!! - депті Сыпыра шежіреші Әлиасқар қария.

      Түсіндірме: «Орқайшым» - деген сөз, ежелгі Сақ тілінде айтылған «Император» - дәрежесі, шені деген ұғымды білдірген.

         Әз Ғараб Алатау Батыр – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи сағанасындағы «Тайқазанды» көтерген алып палуан.

         Берке Науан Хан Тәуекел дүниеден өткенде, Қытай мен Жоңғар әскері Қазақ Елінің шығыс шекарасынан тұтқиылдан басып кіреді. Арқа мен Жайық бойынан Қазақ әскері келіп үлгермей жатқанда, Орбұлақта 800 әскермен оларға тойтарыс беріп жатқан Салқам Жәңгірге Жалаңтөс Баһадүр 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, жаудың қалдығын кері қуып тастайды...

         Алатау Батырдың ұстазы, заманындағы соғыс өнерінің стратегі, оның кейбір соғыс жүргізу тәсілдері әлі күнге дейін өз маңызын жоймаған, атақты алым, Ұлы Маруанақыра Би Ескендір Мұңшы болған. Ескендір Мұңшы Ұлы Даланың Ұлы заңы «Жеті  Жарғының» алғашқы авторларының бірі.

          «Шер Дор» - деген сөзді қазір кейбір тарихшы ғалымдар Әмір Темір Көрегеннің «Барыс туы» - деп шатастырады. Ал ақиқатына келсек Көктіңұлынан тарайтын атақты Алшаңкөк (Алғилар) Қағанатынан шыққан Ардай Шар Дара Бидің құрметіне салынған мешіт – медресе. Ардай Шар Дара Би «Қанды кекке» қарғыс айтып, мұсылмандық жолменен елшілікке Бағдатқа және Мекке, Мединеге, Ресей Еліне бірнеше рет барып «Жеті Жарғының» Үшбауын көтерген Текті азамат. Берке Науан Хан Тәуекел Сұлтандық шенін алып, алтын таққа иелік жасағанда, 88 жасында дүниеден озады. Осылайша «Жеті Жарғының» жарыққа шығып, «Қанды кектің» тоқтағанын көрмей кетеді.

          Қыпшақ Қайалып Мұса Шайхым жыраудың Алатау Батыр туралы толғауы.

Он төрт жасқа толғанша,

Ел білмеген Алатау!

Он алтыға келгенде,

Жол сұраған Алатау!

«Үш киелі санат» сұрауда,

Жау сұраған Алатау!

«Әруақтап» жауға кіргенде,

Дәу құлаған Алатау!

Қызылбасты тоқтатып,

«Жеті Жарғымен» қол бастап,

Құн сұраған Алатау!

Құнның басы «тоғыз» - деп,

Ескендір Мұңшы «Мәшхұрды»,

Жамағат құраған Алатау!

Жамағат шулап жан – жақтан,

«Қанды кекті» қолдамай,

Қанағат сұраған Алатау!

Хан Тәуекел ақ тілеулес,

«Көкбөріден» хақ жолы,

Ақиқат жарасар Алатау!

Ақиқат жолы Алладан,

Шариғат санасар Алатау!

Қайалып Мұса Шайқымын,

Сөйлесем әділдік арнасы – ау!

Қыпшақтың ішінде

Қызыл тілде қайқымын!

Ай, Алатау, Алатау!

Баласы деме қойшының!

Хан Тәуекел тыңдаса,

Ұрпағы едік Байшының!

Ашамайлы Керейде

Бабыр Алым Баханастың

Қанды үзеңгі серігі!

Әмірші болған куәгер

Басын алған,

Айтқанға жүрмес Тайшының!

Ер Байшының ұрпағы,

Мен боламын сыйласаң,

Алдын қайырған «Дөйшінің»!

Ер Алатау, сәлемде!

Ашамайлы арланға!

Қытайды қуған қорғанға!

Ыслабанды тыққан орманға!

Балқы Шәріп, Ер Тоқты,

Алты Алашы тұрғанда

Ұмыт болмас жалғанда!

Түркімен келіп жылап тұр,

Қыпшақ көмек сұрап тұр!

Ер Тоқтының қолын ертіп,

Қызылбасты талқанда!

Ашамайлы «Әруақтап!»

Арқадан қолды салғанда,

Жеңілмейтін жау бар ма?!

Шешілмейтін дау бар ма?!

Ашылмайтын жол бар ма?!

Асу бермес тау бар ма?!

«Қос момыны» сұраса,

Ашамайлы шыдамас!

Жер қайысқан қол шығар!

Қол бастаған Ер шығар!

Ай бір туып толғанда!

Күн тоғыз тартып қонғанда!

Ай Алатау, Алатау!

Сен барарсың, барарсың,

«Анасы шері» Арқаға!

Менен де бір өтініш:

«Қайалып Мұса Шайқымның

Зары!» - дерсің барғанда.

Түстігі Елдің бүлініп тұр,

Дулат, Қоңырат «Қос момын»

Қақ ортадан бөлініп тұр?!

Тағдыры қылға ілініп тұр!

Қыпшақ та түңіліп тұр!

Аяғын тартпай Қызылбас,

Дарбазада шіреніп тұр!

«Байырқұм Орда» қоршауда,

«Қанды кектен» қырылып тұр?!

Шайбаны Хан: «бүгін, ертең»,

«Өлемін» - деп, сыйынып тұр?!

Кіші Жүздің Сұлтаны

Дөңсейіттен хабар жоқ?!

Кілең боздақ тізіліп тұр!

Ашамайлы Керейде

Малдас Биге сәлемде!

Алаштың үміті үзіліп тұр?!

Қазығұрттың түбі бұзылып тұр?!

Қол ұшын берсін Түркістанға!

Қос өкпеміз қысылып тұр! – деп, Алатау Батырды жеті серігімен Арқаға аттандырады. Алатау Батыр Арқаға барып, Малдас Биге түстіктегі Елдің сәлемін жеткізіп, Ашамайлы Керей  мен Арғын, Уақтан 38 мың сарбаз алып, қайтып оралады. Қоңырат пен Дулаттан жиналған сарбаздарға қосылған Алты Алаштың сақадай сай қаруланған қалың әскерінің алдында  арқаланған Қайалып Мұса Шайқым жырау асау жырдың тиегін ағытады:

- Уа мұсылмандар, ойлаңдар!

Жүректеріңе байлаңдар!

Ғұмыр суаты «Ілімде»

Сақабасы болмаса,

Мұхаммед қайдан пайғамбар?!

«Пайғамбарды да жаратқан

Бір Алла!» - деп білсеңіз,

Ия Аллада пайдаң бар!

Білмеген құлға не айла бар?!

Барар жерің қараңғы,

Шам – шырақтарыңды

сайлаңдар!

Қазығұрт басы тіршілік!

Арқа жері әруақты!

Түркістан түбі имандық!

Қазақтың кіндігі Алаштан!

Қазақтан тараған Алты Арыс!

Төрт Құбыланы байқаңдар!

Уа, Атасы Текті Ашамайлы!

Анасы «Асыл» Керейден!

Қан Дарбазадан әруақтап,

Жағаласқанын жайпаңдар!

Түстіктен көрдім түрткіні,

Керей Хандай кезеніп,

Кезенге кез келсе,

Кез – келгенін кескілеп

«Көкбөрідей» шайнаңдар!

«Алланы айтып» ұрандап,

Иманыңды өлтірген,

Иманы жоқ, тайғандар!

Ал, Балқы Шәріп, Ер Тоқты!

Әруақтар Жар болсын!

Ата жауың алдыңда,

Арысыңның қанына тойған-

дар?!?! – дегенде, Мәруанақыра Би Ескендір Мұңшы орнынан тұрып:

- Сұбыһан Алла! Мұса Шайқым, сұмдықтың семсерін суырма! Апшысын Алаштың қуырма! Ашамайлы: «Қос момыным!» - деп, ұмтылса, «Қанды кектің» қазаны бір толмайды.

       «Күрең жолды» тілеме! «Қанжамбының» қылышын қайта салайық қынына! – деп, басу айтып 38 мың қолды аттарынан түсіріп, үш күн белдерін суытып, Қызылбастың қолына «Мүсілім» елші жібереді. Қызылбастар осы күннен бастап, біртіндеп Қазақ жерін тастап шыға бастайды.

Жиембет Жыраудың Әз Ғараб Алатау Батырға айтқан толғауы.

- Оң тізесін көтеріп,

Сол жамбасымен жер төсеп,

Ел Сұраған Әз Ғараб!

Тоқсан Баулы Қоңыратты,

Теңін теліп, төл етіп

Жол сұраған Әз Ғараб!

Ашамайлы Керейден,

Қол сұраған Әз Ғараб!

Хан Тәуекел бас болып,

Алты Алашы қош болып,

«Жеті Жарғыға» бас қойып,

«Ұшбауы» нұсқа ғаділ!» - деп,

Әділдіктен асырмай,

Жер Сұраған Әз Ғараб!

«Қос момыным» келді!» – деп,

Ашамайлы әруақтап,

Арқадан жіберіп ат басын

Заманы сұрау «Қанжалақ»

«Қанды кек» бір тоқталып,

Тоқтаған еді – ау Аллалап!

«Һарамдыққа» жол бермей,

Балқы Шәріп өзі айтқан,

«Ғаділдіктен» туралап!

- Уа, Әз Ғараб, Әз Ғараб!

«Қырық нәсіп» жасыңда,

«Алатау» болды атыңыз,

Адал болды асымыз!

Хан Тәуекел «Уәхіліміз»,

Ғайып Ерен Қырық Шілтен,

Қолдаса Қазақта асылымыз!

Кім келмеген жағалап?!

- Уа, Тоқсан Баулы Қоңырат!

Қызылбастан көріп қорлықты,

«Көкбөріден» тілеп жыладың!

Қабыл болып тілеуің,

Әз Ғараб Алатау пір болып,

Төрт Құбыланы сұрадың!

Жиембет жырау мен едім,

Көзбен көрген көлеңке емес,

Мәңгілік менің сұрарым!

- Е - ей, Еһе – ей Ерім – ай!

Айдай – ей, Елім – ай! – деп, Түркістан шаһарында Алатау Батырдың Елге сіңірген еңбегін айтып, Ұлы жырау осылай жырлапты.

Жиенбет жыраудың, Алатау Батырдың құдай қосқан қосағын тілмен баяндауы.

- «Жіңішке жолдының» сұлуы!

Тал бойында бір мін жоқ

Тобыққа түсіп бұрымы!

Мың құбылып мықыны!

Белі шыбықтай иілген

Періште дерсің жүрісі!

Көз қиығымен қараса,

Іш майыңды суырғандай,

Гүлге ұқсайды тұрысы!

Керілген қасын айтайын,

Жаңа туған айдайын!

Бидай мұрын, қызыл ерін!

Пейіштің соққан жылуындай,

Сөйлеген бір лебізі!

Сыңғырлаған күлкісі,

«Айна бұлақтың» дыбысы!

Ай Алатау, Алатау!

Жүрегің кең, жолың ақ!

Алла бір өзі қосқандай,

Періште мен періні!

Құралай мен «Шеріні»!

«Көкбөрі» ұлып шақырып,

Көк Тәңірі бергендей!

Қосағымен қосағар!

Уа, Көктіңұлының келіні! – деп тоқтаған екен.

Әлиасқар Байғұтұлы (22.03.1898ж.–21.03.1981ж.) – Ұлы Сыпыра шежіреші. «Бестаңба», «Ізбөрі», «Ғасыр Табақ насияттары» кітабынан «Құсілім», «Қадым», «Ықылым» замандарынан қалған баға жетпес жәдігерлерді жеткізуші, басты бұлақ көзі.

          Ақпантай Әлиасқарұлы (02.02.1962 ж. – 10.05.2009 ж.) – ерекше қабілет иесі, құйма құлақ, қазіргі заманғы «үн таспаның» қызметін атқарып, халқына мол жәдігерлерді, мұрахаттарды жеткізіп кеткен «Екі дүниенің арасын жалғаушы «Дәнекер!»

        Асан Тұрабаев – бұл ұлы мұраларды тұңғыш рет қағаз бетіне, үнтаспаға жазып алған тарих  танымгері, өнертанушы.

Бұл баға жетпес деректерді ғалам тарихымен салыстырып, жүйелеп, қалпына келтіріп халқымызға жеткізуші, түсіндірме жазып, ғаламторға, баспаға дайындаған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Ілесбек Байжанов.

Шымкент шаһары