ЖЕР – ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢ ЖАНДЫ МҰРАСЫ

0
1848

        

Бiздер бүгiн аса маңызды мәселеге байланысты жиналып отырмыз. Ол адам өмiрiне қатысты. Ал адамның ең қымбаттысы не? Өмiр деймiз. Ол оған бiр-ақ рет берiледi. Сол өмiрi қалай өтедi? Қасырет-қайғысы көп бола ма, әлде қуаныш-қызығы артық бола ма десек, ол көп жағдайларға байланысы екенi белгiлi. Дегенмен ең негiзгiсi, аса маңыздысы Алла сыйлаған жерге байланысты.

        Сол жердi анаға теңеп жүрмiз ғой. Ал ана ең ардақ тұтар тұлға. Адамды жарық дүниеге әкелетiн, оны асырап, өсiрiп-жеткiзетiн негiз содан. Естерiңiзде болар, Максим Горькийдiң айтқаны. “Мать вскормила весь мир” – “Ана жер жүзiн асыраған” деп едi ғой. Жер де солай, адамзат баласын асырап отыр. Сондықтан әр ұлт өзiнiң атамекенiне айналған, күн көру, құрып кетпеу тiршiлiк көзi болған жерiн басқаға бергiсi келмей жанын салады. Осындай жағдайды қазақ та басынан өткiзiп келедi. Бiлектiң күшiмен, найзаның ұшымен қорғаған батырларымыз да, елдiң мұң-зарын, басына түскен қасыретiн, қайғы басқан шерiн түсiнiп күреске бастағандар да, жұртты сөздерiмен жiгерлендiрген шешендер мен жыраулар да болды. Барлық ой-мақсат қасиеттi жерiмiздi, кең даламызды ешбiр жат жұртқа бермеу едi. Мiне, осы жайды түбегейлi терең зерттеп, ақиқатын ашып, болашақта қазақтың күнi не болады деп қамығып жүрген Сапабек Әсiп ағамыздың айнымай, бұлтақтамай, қаймықпай өзiнiң ойын айтып келе жатқанына көп болды. Оны ойландырып-толғандыратын, iшкi дүниесiн астан-кестен етiп, жан-жүрегiн ауыртатын не десеңiз, ол қазақ жерiнiң өткендегi, бүгiнгi, келешектегi тағдыры, соған қатысты қазақ халқының аман қалар-қалмасы.

         Сол жөнiнде ұзақ жыл архивтiң шаңын жұтып, қойнауын ақтарған, қыруар деректер мен мәлiметтер жинаған, құнды айғақ боларлық құжаттар мен шешiмдер, қазақтың оқыған арлы азаматтарының жазып кеткен жерге деген пiкiрлерiн тапқан Сапакең күнi бүгiнге дейiн жазып келедi. Ол сонау Абай, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, одан берiде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Әлiби Жангелдин, Сұлтанмахмұт Торайғыров тағы басқалардың жер үшiн қамкөңiл кешiп, ашына айтқан сөздерiне арқа сүйей отырып үлкен талдау жасапты.

         Әсiресе, қазақ елiн Ресей патшалығының отарлап, жерiн қалай тартып алғандығын тәптiштеп отырып таразылауына қанша күш-жiгер, төзiмдiлiк пен шыдамдылық, табандылық пен берiктiк керек болды десеңiзшi. Бұл ерлiкке бара-бар iс. Осындай ой түюiм Сапакеңнiң “Қазақ қасыретi”, 1994 жылы шыққан, “Қатерлi дерт, қалжыраған халық”, 1998 жылы шыққан, “Қауқарсыз қазақ мәселесi”, 2009 жылы шыққан кiтаптарын оқығаннан кейiн тебiрендiм. Аннотациялардаол кiсiнi журналист-жазушы деп қана таныстырыпты.

           Публицист деген жерi де бар. Бұған философ, тарихшы, экономист, ғалым дегендi қосар едiм.

         Қазақтың жерi оны неге мазалай бередi? Ұлттың сондай азамат ұлы болғанына да шүкiр. Қара қарын, тойып секiрудiң қамын ойласа, қартайған шағына дейiн бiрнеше бөлмелi үй алып, жанбасын сипап жата берер едi ғой. Бiр-ақ бөлмеде қысылып-қымтырылып өмiр сүрiп, әлгiндей халқының қамын ойлау әркiмнiң қолынан келе бермейдi.

         Отарлау саясатын Ресей империясы қолдана отырып, қазақ жерiн иемденгенiн ашу үшiн жасаған iсi қыруар. “Ресей империясы бiр жағынан алдап-арбап, бiр жағынан күндей күркiреген зеңбiректермен қорқытып, бодандығына алғаннан кейiн қазақтың басынан ерiк, қолынан билiк кетiп, кiрiптар болып қалды. Царизмнiң отаршыл әкiмшiлiгi өз заңын, өз билiгiн орнатып, отырсаң опақ, тұрсаң сопақ деп төбесiне әңгiртаяқ ойнатып, заманын тарылтқан үстiне тарылта түстi” деп Сапекең құрғақ сөзбен шектелiп қалмаған. Дәлелдеу үшiн келтiрген дәлелдерiн де ойдан шығарған, қисынсыз дей алмайсың. Тарих қойнауынан, тасқа басылған, кездерiн де зерделенiп, айқындалып жеткен нақты, еш жалғаны жоқ   дәйектердi төгiлтiп сөйлете бiлген. Жазбаларын оқығанда отарлаудың басталуы, бара-бара қарқын алуы, ақыр аяғында қазақтың құнарлы жер-суынан айырылып, шөл және шөлейт өңiрлерге ығыстырылуы, сөйтiп көрген қиыншылығы, шеккен қасыретi оның қаламынан қағыс қалмаған.

         Ол жазған мына жолдарды қарайық. “Ресей империясының отаршылдық саясаты қазақ елiне қаудан  шыққан өрт болып келдi. Ол қазақ  елiнiң сау жерiн қалдырмай шарпыды. Басыңнан билiгiңдi, қолдан  еркiңдi алып, жаныңды бiр күйдiрсе, жаңылыс бассаң ауыр жазаға тартып, тәнiңдi екi күйдiрдi. Қатар ұшып қаңқылдау қайда? Шалқар көлге қонып салқындау көзден бiр-бiр ұшты. Барар жер, басар тау қайда?

       Қазақ байғұстың төрт құбыласын түгел бақытсыздық жайлап, қараңғыда  қарманумен күн кештi” – дегенi көңiлдi құлазытып-ақ жiбередi. Одан бұрын да еңiреген елдiң “Елiм-ай!” әнiн еске түсiрiп, зарлы үнi құлаққа келедi. (“Қатерлi дерт, қалжыраған халық” кiтабы, 1998 ж.,  11 б.)

          Сапекең “Жерсiз қазақты – “жетiм жұрт” дептi. Сол жетiмдiкке жеткiзу Ресейден мұжықтарды бiрте-бiрте әкелiп, бара-бара қаптатып, түрлi айла-шарғы қолданып бодандыққа алып, хандық жүйенi жойып, өз шенеунiктерi билеп-төстейтiн құрылымдар жасап, қазаққа болыс, старшын сияқты бағынышты шен берiп уысында ұстауы нәтижесiнде жеттi. Онымен қоймай, қазақ жерiн мүлдем иеленуi үшiн 1868 жылы Дала өлкесiн басқару жөнiнде “Уақытша Ереже” қабылданған. Онда “Қазақтар көшiп-қонып жүрген жер мемлекет меншiгi болып табылады” делiнген. Ал 1891 жылғы 25 наурызда жарияланған “Далалық Ережеде” (“Степное положение”) оны мемлекет меншiгi деп бiржола бекiтедi. Сөйтiп қазақ жерi Ресей   мемлекетiнiң меншiгi болып шыға келдi де, елiмiз иелiктен айрылды. Тоқсаныншы жылдардың аяқ кезiнде “Қазақстан қалай отарланды?” деген мақала жазып дайындағанда әлгi құжаттардың болғанын мен де байқаған едiм. Сапекең бiздер үшiн мән-маңызы қажет деректердi архивтен көптеп келтiредi. Тiптi орыстың кейбiр жанашыр азаматтарының да пiкiрлерiн тауып пайдаланған екен. Ал жоғарыдағы “Ереже” жергiлiктi халықтан жердi тартып алуға негiз болғанына назар аудартады. Әсiресе, шұрайлы, құнарлы, сулы, нулы жерлерден  ығыстырылған.

         Сапекеңнiң зерттеу барысында екi азаматтың – алаш қайраткерлерiнiң бiрi Телжан Шонанов пен тарихшы  терең бiлiмдi ғалым Ермахан Бекмахановтың еңбектерiне сүйенiп, өз бiлiгiн арттыра түсiп, ой-өрiсiн кеңейткенiн айтуымыз керек. Екеуi де қазақ десе iшкен асын жерге қоятын жандар едi. Т. Шонановтың кiтабы 1995 жылы түзiлiп қайта шығарылған. Бұл еңбектi Сапекең “құнарлы жерiнен, нәрлi суынан, яғни ырыздық қайнарынан қуылып, шөл далада – көр аузында өлмешiнiң күнiн кешкен қазақ көзiнен аққан қанды жасын баяндауға арналған екен” деп (сонда, 34-35 б.) бағалаған, маңыздылығын талдап көрсеткен. Ал Кенесарының он жылға жуық көтерiлiс жасауының себептерiнiң негiзгiсi жер мәселесi екенiн жан-жақты ашып, ғылыми еңбек жазған, сөйтiп айдауда болған Е. Бекмахановты жоғары бағалағанын, қажеттi деректерiне сүйенгенiн бiлдiк. Онысы дұрыс та болған. Т. Шонанов кiтабынан төмендегiдей дерек келтiредi. 1896-1917 жылдары Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстарына 1 117 389 көшпендiлер келген екен (әр облыс бойынша жеке көрсетiлген). Басқа аймақтарға да орналастырғаны тарихтан белгiлi. Осының салдарынан қазақтың қырғынға ұшырағанын дәйектi көрсете отырып, отызыншы жылдардың басындағы аштық зардабына ұласқанын дәлелдi әңгiмелейдi.

          1917-жылғы Қазан төңкерiсiнен үмiт күтiлген едi. Қазақ Советтiк Социалистiк Автономиялы Республикасы құрылса да қазаққа өзiн-өзi басқару құқығы берiлмедi де, оның жан-дүниесiн түсiнбейтiн, ерекшелiк қасиеттерiн, өмiр тiршiлiгiн, салт-санасын бiлмейтiн басқа ұлттардың өкiлдерi басқарып, бiр-бiрiне қарсы айдап салып дүрдараз етiп отырды.

           Тек Мирзоянның кезiнде бiраз жақсылық көргенi болмаса, қазақтың мойнына iлiнген құлдық хамыты түспей көп жыл теперiштi көрдi. Оның себептерi қазақ атқамiнерлерiнен де болыпты. Сапакең келтiретiн көп мысалдарының бiреуiн ғана алайын.

           Жоғарыда аталған кiтабының “Қызғаншақ қайраткерлер – қызыл қырғын құныкерлерi” деген тақырыпты мақаласында Казревком төрағалығына Ә. Жангелдиннiң қалай сайланбай қалғанын жазған. Қазақ делегаттарымен кездескенде И. Сталин: “Казревком төрағалығына Әлiби Жангелдиндi ұсынып отырмыз?” – дептi. Сонда бiреу ұшып тұрып: “Жангелдиннiң төрағалыққа тағайындалғаны дұрыс. Бiрақ, үш жүзге бөлiнген елмiз ғой. Бет-бетiмiзге түйе айдап кетемiз бе деп қорқам. Сондықтан Казревком  төрағалығына бейтарап ұлт өкiлiн тағайындаған дұрыс”, – деген.

         Ақыры Станислав Пестковский ұсынылып, оны қазақтар қуана қарсы алыпты. Сапакең “Қазақ кадрларын басқарудан шеттетудi 1919 жылдың жазында Мәскеуде Казревком құру жұмысы жүрiп жатқан кезде қазақтардың өзi бастап бердi. Содан былай бiрiншi басшыны орыстан немесе басқа бiр ұлттан сайлау дәстүрге айналып кеттi” деп түйiндеуi (сонда, 57 б.) жалған емес. Шындық. Жетпiс жылдық кеңестiк кезеңде үш-ақ қазақтың сондай басшылықта болғаны (Мырзағалиев, Ж. Шаяхметов, Д. Қонаев) айқын айғақ. Тек тәуелсiздiк алғаннан кейiн ғана қол жеттi. Бұл әркiмдi ойландырса керек.

              Қалай десек те басқа ұлт өкiлi бастық болғанда ол қазақтың қамын қатты қамығып ойлады дей алмайсың. Ал оның жерiн сақтау, шөл мен шөлейттегi тұрғындарына қамқорлық жасау деген мақсат түсiне де кiрген емес. Оны қойып кең байтақ жерiмiздi бөлшектеп әкету әрекеттерiн де жасады. Н. Хрущевтың тұсында солтүстiк облыстардың жерi Ресейдiкi деушiлер де болды. Орынбор, Қорған, Төмен, Омбы сияқты шекаралас жерлерiмiз сол жақта қалғаны оларға аз көрiнген. Одан бертiнде М.Горбачев пен А.Солженицын Ресейдiң жерi одан көп екенiн ұялмай-қызармай, ауыздарын көпiрте айтуы қай қазақты ашындырмады дейсiң. Мұның бәрi сақтықты, ауызды ашып, бiр уыс топырақ болса да айырылып қалмауды, оны жөн-жобасымен дұрыс пайдалануды қажет етедi. Сондықтан ғой, Сапакеңнiң өзегi өртенiп, жаны шырқырап, көңiлi құлазып, шаршап-шалдығуды бiлмей айтып жүргенi, жазып жүргенi. Iшi қазандай қайнаған соң айтады ғой.

           Жоңғарлардың шапқыншылығы кезiндегi қанды қырғыннан, “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан” кейiнгi кезде қазақтың үш соққы көргенiн Сапакең төмендегiдей белгiлейдi. Бiрiншiсi – ең бастысы да аса ауыры отарлау уақытында қазақтың құнарлы жерлерiн жүгенсiз озбырлықпен, қаныпезерлiкпен тартып алынуы. Екiншiсi – 1932-1933 жылдардағы аштық апаты. Үшiншi, Қазақстан жерiнде, Семей облысында тұңғыш атом бомбасын сынау. Оның жердiң әрiн ғана емес, нәрiн жоятын алапат зардабы болса да, көп жыл жалғасуы.

          Бұл соққылар жөнiнде әр кезде ғалымдар да, жазушылар да, журналистер де жазғанын атап көрсетiп, өзi де үлес қосқанын кiтаптың “Жер тозбасын, ел азбасын” деген үшiншi бөлiмiндегi “Мұқтаждыққа төзу – жан сақтау амалы”, “Аспанды жарған алапат”, “Бейшара бүркiттер, тас-талқан ғимараттар”, “Жер жегiлерi, бiтеу жаралар”, “Жыртық күмбез, жұқпалы сәулелер” атты мақалаларынан тағы да байқатады.

           Шүкiр, жылда тәуелсiз мемлекет болғанымызды атап жүрмiз ғой. Соған жете алмай зар қағып едiк. Түзелер, бәрi оңалар, қазақ жайы жақсарар, жерiне де, байлығына да өзi ие болар деп сенiм арттық. Сол ой Сапакеңнiң мына сөзiнен анық аңғарылады: “Құдайға шүкiр, тәуелсiз елмiз ғой. Санамыз құрсаудан босанған, екi елi аузымыздағы төрт елi қақпақ алынған. Есiмiз кiрiп, етек-жеңiмiз баяу да жиналып келедi емес пе. Бүгiн болмаса ертең қандастарымыз жерсiз адамның жоқ екенiн, өздерiнiң бүгiнгi тұрған жерлерi түпкiлiктi қоныс болуға жарамайтынын түсiне бастар-ақ. Көкiрек көзi ашылуы мұң, егiн, шөп шығатын топырағы құнарлы, суы нәрлi қоныс керек деген талап пайда болады” – деген “Бiлместiк – қазақтың ұлттық дертi” атты мақалада 1996 жылы. (Сонда, 229 б.) Бұдан кейiн де үнемi жер мәселесiне үкiметтiң, парламенттiң қашан, қалай мойын бұратынына назар салып жүрген. Жаңағы мақалада он бiлместiк жөнiнде әңгiмелейдi. Оны әркiмнiң оқығаны жөн, қазiр тоқталып жатуға көп уақыткерек. Бiрақ, Сапакеңнiң халықтар бiрлiгi неге негiзделуi керек, жерге қоныстандыру қалай ұйымдастырылуы тиiс, оның шешiлуi елiмiздiң экономикасының, ғылымы мен техникасының, мәдениетi мен әдебиетiнiң дамуымен, халқының денсаулығының мықты болуымен байланысты екенiн алға тартады. 1991 жылы “Известия” газетi арқылы (2-шiлде, №155) Н. Назарбаевтың бұрынғы отарлау саясатын, жер басқа халықтың Отаны болса да табиғатын да, адамдарын да уландырып отырды (травили) деген сын айтқанына ризалық бiлдiрген екен.

           “Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың” демекшi, одан кейiнгi iстердi көргеннен кейiн аузын буып отыра алмапты. Әсiресе үкiмет басшыларына, парламент депутаттарына  сауалдар қойып, пәрмендi iс күтедi. Ренiшiн де жасырмайды. “Қазақстан Республикасының жерi қазақтың ұлттық меншiгi” деп қадап айтып жүредi. Сондықтан әр қадамды қалт жiбермейдi.

 

(Жалғасы бар)

Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз