ЗАМАН – ҚАСҚЫР, ЗАҢ – ҚАЛҚАН немесе Оралмандар заңды, заң оралмандарды керек етпей ме?

d0bed180d0b0d0bbd0bcd0b0d0bd2

ҚР-ның «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында республикаға квота бойынша немесе квотадан тыс тұрақты тұруға келген адамдардың оралман мәртебесін ала алатындығы мен белгілі жеңілдіктерге ие болатыны көрсетілген. Десе де, кейде осы оралман мәртебесін алу үшін де табанынан таусылып жүрген ағайындарды жиі кездестіреміз.

        Ал «ҚР азаматтық туралы» Заңында «оралмандарға оңайлатылған жолмен Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндік береді» деп белгіленген болса да мемлекетаралық келісім жасалған Ресей, Белорус, Украина және Қырғызстан азаматтарына қатысты алғанда азаматтық алу екі-үш ай болғанмен басқа шетелден келген ағайындар осы әурешіліктің бас-аяғында бір жылдай сандалады.

           ҚР Жер кодексінің 46-бабына сәйкес «оралмандарға өздерінің қосалқы шаруашылықтарын жүргізуге, бау-бақша өсіруге және саяжай салуға, сондай-ақ тауарлық ауылшаруашылығы өндірісін жүргізуге сонымен қатар, олар тұратын елді мекендерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері беріледі» деп белгіленген болса дабұл мәселе ешқашан жүйелі түрде жұмыс атқарып отырған жоқ. Тіпті нарықтық экономикаға байланысты жер мәселесінің саудаға түсуі жергілікті әкімшіліктер мен жер басқару органдарының қалтасын томпайтуға шетелден оралман аталатын «көп клент» әкеліп берсе керек. Сөйтіп Қазақстандағы қызуы басылмаған жер саудасының қазанына алыстан келген ағайындарда аз шыжғырылған жоқ. Қазақтарды тарихи Отанына көшіру жөніндегі ынталандыратын іс-шаралардың бірі оларға жеке тұрғын үй салуға қайтарымсыз негізде жер телімдерін беру болып табылады. Алайда бұл жеңілдіктерді жергілікті әкімдердің көбі білмей ме, әлде «жоқтаушысы жоқ» деп ойына не келсе соны істей ме? Оның бәрін қадағалап отырған мемлекеттік органды көрмейміз. Ақпарат көздері жариялаған мәліметтерден мысал алып көрейік. Ақмола облысы Макинск қаласының әкімі 2004 жылғы 6 шілдеде оралман Ж.-ға жер телімін уақытша пайдалану құқығымен үш жылға ғана берген.

           Жер кодексінің 12-бабының 15 тармағына сәйкес көші-қон жер қорлары - оралмандарға беру үшін арнайы жер қорынан жер телімдерін беру қарастырлыған. Алайда, аталған жер қорындағы жерлерді заңды тұлғаларға, сондай-ақ оралман емес адамдарға беру жағдайы да талайдың езуіндегі еншісін жырып әкетті. Мысалға, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Т. 2005 жылғы қазанда оралмандарға арналған жер қорынан ауданның оралман емес 78 тұрғынына заңсыз жер телімін берген екен.

       Осы жолдардың авторының өз көзімен көргеніне сүйенетін болсақ Алматы облысының Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында бұл мәселе мейлінше ушығып, бармақ басты, көз қысты сыбайластықтың көкесі осында болған. Жер мәселесін оңай саудаға айналдырған бір бөлім адамдар, тамыр-танысына бүйрек бұрып, адал көңілмен келген ағайындардың көбі жерсіз қалған. Тіпті әкімге өткізген «құжаттары жоғалып кеткендерде» аз болмаған.

         Жұмыспен қамту сияқты жақтарға келетін болсақ, оларды жұмыс тауып берейік дегеннен көрі арзан еңбек күш ретінде пайдаланып, жалақысын бермей қоятын жекелер мен кәсіпорындар жетіп артылады.

       Осындай мәселелермен еңбек ақысын ала алмай, жылап еңіреп жүрген ағайындар да талай босағыны тоздырып шынайы жоқшысын таппай жүр. Алайда «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңына сәйкес «мемлекет оралмандарға кіретін халықтың мақсатты топтарын жұмыспен қамтуға жәрдем жасау жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді... кәсіптік дайындыққа, біліктілігін көтеруге, екі-үш аралас   кәсіпке оқыту жолымен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мән береді» деген секілді әп-әдемі сөздер бар. Тіпті жоғарыда аталған бағдарламаға сәйкес жыл сайын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті бюджеттерінде жұмыспен қамту органдарының тапсырыстары бойынша оқыту мен кәсіптік дайындықты, қайта дайындықты және біліктілігін көтеруді ұйымдастыруға арналған қаржылық шығыстар көзделген екен. Ал оның иглігін кім көріп жатыр, қай оралман отбасы мемлекеттік қолдаумен жұмысқа орналасып, өзіне бөлінген нәпақасын заңды пайдалана алып отыр? Әдебиет пен өнер төңірегіндегі саусақпен санарлық азғантай топты айтпаған күнде Астана, Алматы қалаларындағы Мемлекеттік құзырлы органдардың тұтқасын ұстап, билік жағалағандардың ішінде бірде-бір оралман өкілінің болмауы тіпті де өкінішті. Оған Қазақстандағы   орыс тілінің әлі де болса негізгі жұмыс тілі болып отырғаны мен жерлестік, руластық, топтық, тамыр-таныстық дегендерді қосыңыз.

          Таяудағы ақпаратқа қарағанда Ақмола облысы Көкшетау қаласында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шетелден қоныс аударған қандастарымыз тиісті құжаттары бола тұра, тұрақты тіркеуге отыра алмағанымен қоймай, құрғақ уәдеге алданып жұмыссыз қалыпты. Жұмыссыздығы аз болғандай «Нұрлы Көш» бойынша берілген үйлерінен боз боран аңырап бала-шағасы ауруға шалдыққандарда аз болмапты. Бұл ғана емес жаңа мекендерінде емхана мен мектептің болмауы олардың сенімін селге кетіріп «Нұрлы көш» пе әлде «сорлы көш» пе деген алаңдаушылық тудырған көрінеді.

          Ал, оралмандар осылай тентіреп жүргенде аты бар заты жоқ қайдағы бір қоғамдық ұйымдардың алыстан келген ағайын үшін ештеме тындырмастан-ақ солардың атын жамылып мемлекет қаржысын «май шелпекке» айналдырып отырғанын қалай түсінеміз?

         Білім жүйесіне қатысты келтірілген деректерде мемлекеттік бағдарламалар негізінде: «Олардың біліктілігін  көтеру курстары ұйымдастырылған. Республиканың орта жалпы білім беру ұйымдарында жақын және алыс шетелдерден келген оралман оқушылар үшін олардың біліміндегі ақтаңдақтарды жою және білім беру бағдарламасына бейімделуі мақсатында қосымша сабақтар, консультациялар өткізіледі, арнайы өтпелі бағдарламалар көзделген. Пәкістан Ислам Республикасынан, Ауғанстаннан және Ираннан көшіп келген ересек халықтар үшін кириллицаны,  қазақ және орыс тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Келген күнінен бастап оралман балалармен   белгілі бір оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Мектептерде тілді жақсы меңгеру үшін қосымша «Тіл дамыту», «Тіл мәдениеті» арнайы курстары  енгізіледі. Қызығушылықтары бойынша үйірмелер, қазақ және орыс тілдерінен факультативтік сабақтар ұйымдастырылады. Оралмандардың балаларын киіммен, аяқ киіммен және мектеп құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Барлық балалар тегін оқулықтармен және тамақпен қамтамасыз етілген. «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы шеңберінде республиканың жалпы білім беретін мектептерінің жанынан ұйымдастырылған қорлар, облыстық Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары, тұрмысы нашар адамдарға арналған өңірлік қорлар оралмандардың балаларына атаулы көмек көрсетеді» -деген мәліметтер кездеседі. Істің анық-қанығын бірден біле бермейтін ағайындар бұл «жарылқауларға» қарап, оралман аталатын этникалық қазақтардың білім алу жүйесіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан «жақсылықтарға» бірден разы болатыны шүбасыз. Алайда айтылуда алтындай жарқыраған, атқарылуда күмістей құны жоқ көркем сөздердің көлеңкесінде қаншама тағдырлардың жылап жатқанын ешкім айтып бере алмайды. Жылап жатқандар бөтен біреу емес, тағдырдың сынымен тарыдай шашылып арып-ашып отанына оралған өз қара көздеріміз. Соның ішінде ала дорба көтерген докторлар мен ғылым кандидаттарынан, табақтай дипломы бар талантты жастардан қаншасы қазақ қалаларының түкпір-түкпірінде көздері жылтырап елі үшін бірдеме тындыруға қолы жетпек түгілі бір жапырақ нанның қамымен қаңғырып жүр. Олардың ішінде бүгінгі Қазақстан зәру болып отырған түрлі мамандықтың иелері – заңгерлер, экономистер, кәсіпкерлер, шетел тілдерінің мамандары, сондай-ақ - көрнекті мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлерде бар. Олардың бір бөлімі қалада таксис болса, енді бір бөлімі қырда қойшы болып жан сақтап жүр.

           Оралман аталған тарихи отанына  оралған этникалық қазақтардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуы сөз болғанда «Қазақстандағы адам құқықтары» мәселесі бойынша «құқықтарықорғалып отыр» деп жауап береді. Өкінішке орай, іс жүзінде Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында кепілдік берілген оралмандардың құқықтарының бұзылу фактілері үнемі туындап әр түрлі алып қашпа әңгімелерге мұрындық болып келеді. Мұндай мәселелер әсіресе олардың отанына оралғаннан кейін әр түрлі құжаттарын рәсімдеуде жиі кездеседі екен. Әсіресе жеке құжаттар қабылдау және оралмандарды көшіп келу квотасына тіркеу, ҚР азаматтығын алғанға дейінгі зейнетақылық төлемдерді алу құқықтарының бұзылуы секілді істер жөніндегі дау-дамай мен наразылық әліге дейін толастаған жоқ. Зейнетақы мәселесіне келер болсақ, «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР Заңының 2-бабына сәйкес шетелдіктер мен Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты өмір сүретін азаматтығы жоқ адамдар егер де заң мен халықаралық келісім-шарттарда өзгеше көзделмесе зейнетақымен қамтамасыз етілу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей пайдаланатынын көрсетілген. Алыс-жуық шетелдерден келген талай қариямыздың атамекенге жеттік ау дегенде сол зейнетақыға қолы жетпей өмірі өксіп жетесінен қиылғанын көзіміз көрді.

            Мұнан сырт көшіп келушілердің қоныс аударуын ұйымдастыру үшін көзделген қаражаттың оларға жетпей қалатын және оралман боп табылмайтын ҚР азаматтарына бөлінетін фактілері де өте көп жүз берген. Солтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органы Оңтүстік Қазақстан облысында 1998 жылдан бері тұрып келе жатқан Қазақстан азаматы П. мен оның отбасы мүшелерін Солтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органы 2004 жылы Аққайың және Айыртау аудандарының оралмандардың көшіп келу квотасына екі рет қосып, оларға заңмен көзделген төлемдер мен өтемақылар заңсыз төленген. Керісінше осы облыстағы 274 оралманның көшіп келу квотасына тіркелу туралы өтініштері ескерусіз қалып, өз үлестерінен қағылған.

          Бұл мысалдар беті ашылған мәселелердің бірнешеуі ғана. «Жабулы қазан қақпағымен» бүркеліп жатқанмұндай қылмыстарды түп тамырымен қопарар болсақ жағасы бары жағасын, жағасы жоғы кеңірдегін ұстар еді. Баяғы, қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетедінің өзі болып отырғаны ғой.

          ҚР Салық кодексінің 405, 502 және 506 баптарына сәйкес ҚР азаматтығын алған оралмандарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған болсада Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында оралмандардан заңсыз мемлекеттік баж салығын алған фактілер анықталған.

           Кедендік баж салығынан босату жөніндегі әр түрлі жеңілдіктерге қарамай, «ассалаумағалейкум» деп алғаш босаға аттаған күннен бастап-ақ оларды тонауға дайын тұратын кеңірдегі зор кедендіктерде азая қойған жоқ.

          Оралмандардың құқықтық қорғану мәселелері сөз болғанда «жерлік» және «оралман» деп араға от жағатын ағайындарда кездеседі. Ондайлар  оралмандарға қамқорлық жасау басқа азаматтардың мүдделерін шектеп, олардың құқықтарын бұзбау шарты астында, ешкімнің еншісіне таласпай жүзеге асатындығын білсе мүмкін басқаша ойлар ма еді.

        Осыдан бірнеше жылдың алдында  Алматы облысының Ескелді ауданының Жалғызағаш ауылындағы бір оралман отбасына қарақшылық шабуыл жасалуына байланысты Талдықорғанда осы өңірге көшіп келген қазақтар ереуілге шыққан. Бұл ашынышты жағдай бір реткі іс үшін ғана емес, оралмандарға жасалған бірнеше реткі зорекерліктің ызасынан туындаған екен. Осыған ұқсас жүз берген бірнеше оқиғада оралман отбасын талау оқиғаларында өздерін құқық қорғау қызметкерлері ретінде көрсеткен қарақшыларда болыпты. Тіпті сондайларды құқық қорғау орындарына мәлімдеуден қорқатын ағайындардыда көрдік. Демек бұл жердеде қорғау мен қорғану арасындағы құқықтық мәселеге саятын көп түйткілдер жатыр.

             Мұндай жағдайларды реттеуде мемлекеттік құзырлы органдар ғана емес, бүкіл ел болып қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтардың, жекелердің де өз жауапкершілігін сезінуі қажет болады. Оралман дегеніміз одағай қазақтар емес, өгейлерде емес. Ққаны бір, жаны бір отандас бауырларымыз.

           Олардың көз жасы – сорыарылмаған қазақ қасіретінің соңғы айғағы. Ссырттан келгендердің өзін өзі жоқтайтын зары емес, бүгінгі қазақ қоғамының алдындағы кезек күттірмей шешетін мәселердің бірі және бірегейі. Ол үшін де оралман бауырлар өздері де қорғанатын заңды біле жүруі керек. Мына қоғамда өзіңді өзің қорғамасаң қылмыстың құрығына ілініп, жат ниеттілердің құлына айналасың. Қақпан басып қансырап құлайсың. Заманың қасқыр болып тұрғанда, заңды қалқан етсең ғана аман қаласың. Егер сені қорғайтын сол заң әділетті болса...

Жәди ШӘКЕН