ЗАМАН – ҚАСҚЫР, ЗАҢ – ҚАЛҚАН немесе Оралмандар заңды, заң оралмандарды керек етпей ме?

11
3282

ҚР-ның «Халықтың көші-қоны туралы» Заңында республикаға квота бойынша немесе квотадан тыс тұрақты тұруға келген адамдардың оралман мәртебесін ала алатындығы мен белгілі жеңілдіктерге ие болатыны көрсетілген. Десе де, кейде осы оралман мәртебесін алу үшін де табанынан таусылып жүрген ағайындарды жиі кездестіреміз.

        Ал «ҚР азаматтық туралы» Заңында «оралмандарға оңайлатылған жолмен Қазақстан азаматтығын алуға мүмкіндік береді» деп белгіленген болса да мемлекетаралық келісім жасалған Ресей, Белорус, Украина және Қырғызстан азаматтарына қатысты алғанда азаматтық алу екі-үш ай болғанмен басқа шетелден келген ағайындар осы әурешіліктің бас-аяғында бір жылдай сандалады.

           ҚР Жер кодексінің 46-бабына сәйкес «оралмандарға өздерінің қосалқы шаруашылықтарын жүргізуге, бау-бақша өсіруге және саяжай салуға, сондай-ақ тауарлық ауылшаруашылығы өндірісін жүргізуге сонымен қатар, олар тұратын елді мекендерде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері беріледі» деп белгіленген болса дабұл мәселе ешқашан жүйелі түрде жұмыс атқарып отырған жоқ. Тіпті нарықтық экономикаға байланысты жер мәселесінің саудаға түсуі жергілікті әкімшіліктер мен жер басқару органдарының қалтасын томпайтуға шетелден оралман аталатын «көп клент» әкеліп берсе керек. Сөйтіп Қазақстандағы қызуы басылмаған жер саудасының қазанына алыстан келген ағайындарда аз шыжғырылған жоқ. Қазақтарды тарихи Отанына көшіру жөніндегі ынталандыратын іс-шаралардың бірі оларға жеке тұрғын үй салуға қайтарымсыз негізде жер телімдерін беру болып табылады. Алайда бұл жеңілдіктерді жергілікті әкімдердің көбі білмей ме, әлде «жоқтаушысы жоқ» деп ойына не келсе соны істей ме? Оның бәрін қадағалап отырған мемлекеттік органды көрмейміз. Ақпарат көздері жариялаған мәліметтерден мысал алып көрейік. Ақмола облысы Макинск қаласының әкімі 2004 жылғы 6 шілдеде оралман Ж.-ға жер телімін уақытша пайдалану құқығымен үш жылға ғана берген.

           Жер кодексінің 12-бабының 15 тармағына сәйкес көші-қон жер қорлары – оралмандарға беру үшін арнайы жер қорынан жер телімдерін беру қарастырлыған. Алайда, аталған жер қорындағы жерлерді заңды тұлғаларға, сондай-ақ оралман емес адамдарға беру жағдайы да талайдың езуіндегі еншісін жырып әкетті. Мысалға, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Т. 2005 жылғы қазанда оралмандарға арналған жер қорынан ауданның оралман емес 78 тұрғынына заңсыз жер телімін берген екен.

       Осы жолдардың авторының өз көзімен көргеніне сүйенетін болсақ Алматы облысының Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында бұл мәселе мейлінше ушығып, бармақ басты, көз қысты сыбайластықтың көкесі осында болған. Жер мәселесін оңай саудаға айналдырған бір бөлім адамдар, тамыр-танысына бүйрек бұрып, адал көңілмен келген ағайындардың көбі жерсіз қалған. Тіпті әкімге өткізген «құжаттары жоғалып кеткендерде» аз болмаған.

         Жұмыспен қамту сияқты жақтарға келетін болсақ, оларды жұмыс тауып берейік дегеннен көрі арзан еңбек күш ретінде пайдаланып, жалақысын бермей қоятын жекелер мен кәсіпорындар жетіп артылады.

       Осындай мәселелермен еңбек ақысын ала алмай, жылап еңіреп жүрген ағайындар да талай босағыны тоздырып шынайы жоқшысын таппай жүр. Алайда «Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚР Заңына сәйкес «мемлекет оралмандарға кіретін халықтың мақсатты топтарын жұмыспен қамтуға жәрдем жасау жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді… кәсіптік дайындыққа, біліктілігін көтеруге, екі-үш аралас   кәсіпке оқыту жолымен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мән береді» деген секілді әп-әдемі сөздер бар. Тіпті жоғарыда аталған бағдарламаға сәйкес жыл сайын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті бюджеттерінде жұмыспен қамту органдарының тапсырыстары бойынша оқыту мен кәсіптік дайындықты, қайта дайындықты және біліктілігін көтеруді ұйымдастыруға арналған қаржылық шығыстар көзделген екен. Ал оның иглігін кім көріп жатыр, қай оралман отбасы мемлекеттік қолдаумен жұмысқа орналасып, өзіне бөлінген нәпақасын заңды пайдалана алып отыр? Әдебиет пен өнер төңірегіндегі саусақпен санарлық азғантай топты айтпаған күнде Астана, Алматы қалаларындағы Мемлекеттік құзырлы органдардың тұтқасын ұстап, билік жағалағандардың ішінде бірде-бір оралман өкілінің болмауы тіпті де өкінішті. Оған Қазақстандағы   орыс тілінің әлі де болса негізгі жұмыс тілі болып отырғаны мен жерлестік, руластық, топтық, тамыр-таныстық дегендерді қосыңыз.

          Таяудағы ақпаратқа қарағанда Ақмола облысы Көкшетау қаласында «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шетелден қоныс аударған қандастарымыз тиісті құжаттары бола тұра, тұрақты тіркеуге отыра алмағанымен қоймай, құрғақ уәдеге алданып жұмыссыз қалыпты. Жұмыссыздығы аз болғандай «Нұрлы Көш» бойынша берілген үйлерінен боз боран аңырап бала-шағасы ауруға шалдыққандарда аз болмапты. Бұл ғана емес жаңа мекендерінде емхана мен мектептің болмауы олардың сенімін селге кетіріп «Нұрлы көш» пе әлде «сорлы көш» пе деген алаңдаушылық тудырған көрінеді.

          Ал, оралмандар осылай тентіреп жүргенде аты бар заты жоқ қайдағы бір қоғамдық ұйымдардың алыстан келген ағайын үшін ештеме тындырмастан-ақ солардың атын жамылып мемлекет қаржысын «май шелпекке» айналдырып отырғанын қалай түсінеміз?

         Білім жүйесіне қатысты келтірілген деректерде мемлекеттік бағдарламалар негізінде: «Олардың біліктілігін  көтеру курстары ұйымдастырылған. Республиканың орта жалпы білім беру ұйымдарында жақын және алыс шетелдерден келген оралман оқушылар үшін олардың біліміндегі ақтаңдақтарды жою және білім беру бағдарламасына бейімделуі мақсатында қосымша сабақтар, консультациялар өткізіледі, арнайы өтпелі бағдарламалар көзделген. Пәкістан Ислам Республикасынан, Ауғанстаннан және Ираннан көшіп келген ересек халықтар үшін кириллицаны,  қазақ және орыс тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылған. Келген күнінен бастап оралман балалармен   белгілі бір оқу-тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Мектептерде тілді жақсы меңгеру үшін қосымша «Тіл дамыту», «Тіл мәдениеті» арнайы курстары  енгізіледі. Қызығушылықтары бойынша үйірмелер, қазақ және орыс тілдерінен факультативтік сабақтар ұйымдастырылады. Оралмандардың балаларын киіммен, аяқ киіммен және мектеп құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету шаралары қабылданды. Барлық балалар тегін оқулықтармен және тамақпен қамтамасыз етілген. «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы шеңберінде республиканың жалпы білім беретін мектептерінің жанынан ұйымдастырылған қорлар, облыстық Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай қоғамдары, тұрмысы нашар адамдарға арналған өңірлік қорлар оралмандардың балаларына атаулы көмек көрсетеді» -деген мәліметтер кездеседі. Істің анық-қанығын бірден біле бермейтін ағайындар бұл «жарылқауларға» қарап, оралман аталатын этникалық қазақтардың білім алу жүйесіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан «жақсылықтарға» бірден разы болатыны шүбасыз. Алайда айтылуда алтындай жарқыраған, атқарылуда күмістей құны жоқ көркем сөздердің көлеңкесінде қаншама тағдырлардың жылап жатқанын ешкім айтып бере алмайды. Жылап жатқандар бөтен біреу емес, тағдырдың сынымен тарыдай шашылып арып-ашып отанына оралған өз қара көздеріміз. Соның ішінде ала дорба көтерген докторлар мен ғылым кандидаттарынан, табақтай дипломы бар талантты жастардан қаншасы қазақ қалаларының түкпір-түкпірінде көздері жылтырап елі үшін бірдеме тындыруға қолы жетпек түгілі бір жапырақ нанның қамымен қаңғырып жүр. Олардың ішінде бүгінгі Қазақстан зәру болып отырған түрлі мамандықтың иелері – заңгерлер, экономистер, кәсіпкерлер, шетел тілдерінің мамандары, сондай-ақ – көрнекті мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлерде бар. Олардың бір бөлімі қалада таксис болса, енді бір бөлімі қырда қойшы болып жан сақтап жүр.

           Оралман аталған тарихи отанына  оралған этникалық қазақтардың әлеуметтік-құқықтық қорғалуы сөз болғанда «Қазақстандағы адам құқықтары» мәселесі бойынша «құқықтарықорғалып отыр» деп жауап береді. Өкінішке орай, іс жүзінде Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында кепілдік берілген оралмандардың құқықтарының бұзылу фактілері үнемі туындап әр түрлі алып қашпа әңгімелерге мұрындық болып келеді. Мұндай мәселелер әсіресе олардың отанына оралғаннан кейін әр түрлі құжаттарын рәсімдеуде жиі кездеседі екен. Әсіресе жеке құжаттар қабылдау және оралмандарды көшіп келу квотасына тіркеу, ҚР азаматтығын алғанға дейінгі зейнетақылық төлемдерді алу құқықтарының бұзылуы секілді істер жөніндегі дау-дамай мен наразылық әліге дейін толастаған жоқ. Зейнетақы мәселесіне келер болсақ, «ҚР зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР Заңының 2-бабына сәйкес шетелдіктер мен Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты өмір сүретін азаматтығы жоқ адамдар егер де заң мен халықаралық келісім-шарттарда өзгеше көзделмесе зейнетақымен қамтамасыз етілу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей пайдаланатынын көрсетілген. Алыс-жуық шетелдерден келген талай қариямыздың атамекенге жеттік ау дегенде сол зейнетақыға қолы жетпей өмірі өксіп жетесінен қиылғанын көзіміз көрді.

            Мұнан сырт көшіп келушілердің қоныс аударуын ұйымдастыру үшін көзделген қаражаттың оларға жетпей қалатын және оралман боп табылмайтын ҚР азаматтарына бөлінетін фактілері де өте көп жүз берген. Солтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органы Оңтүстік Қазақстан облысында 1998 жылдан бері тұрып келе жатқан Қазақстан азаматы П. мен оның отбасы мүшелерін Солтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органы 2004 жылы Аққайың және Айыртау аудандарының оралмандардың көшіп келу квотасына екі рет қосып, оларға заңмен көзделген төлемдер мен өтемақылар заңсыз төленген. Керісінше осы облыстағы 274 оралманның көшіп келу квотасына тіркелу туралы өтініштері ескерусіз қалып, өз үлестерінен қағылған.

          Бұл мысалдар беті ашылған мәселелердің бірнешеуі ғана. «Жабулы қазан қақпағымен» бүркеліп жатқанмұндай қылмыстарды түп тамырымен қопарар болсақ жағасы бары жағасын, жағасы жоғы кеңірдегін ұстар еді. Баяғы, қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетедінің өзі болып отырғаны ғой.

          ҚР Салық кодексінің 405, 502 және 506 баптарына сәйкес ҚР азаматтығын алған оралмандарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған болсада Алматы қаласында, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында оралмандардан заңсыз мемлекеттік баж салығын алған фактілер анықталған.

           Кедендік баж салығынан босату жөніндегі әр түрлі жеңілдіктерге қарамай, «ассалаумағалейкум» деп алғаш босаға аттаған күннен бастап-ақ оларды тонауға дайын тұратын кеңірдегі зор кедендіктерде азая қойған жоқ.

          Оралмандардың құқықтық қорғану мәселелері сөз болғанда «жерлік» және «оралман» деп араға от жағатын ағайындарда кездеседі. Ондайлар  оралмандарға қамқорлық жасау басқа азаматтардың мүдделерін шектеп, олардың құқықтарын бұзбау шарты астында, ешкімнің еншісіне таласпай жүзеге асатындығын білсе мүмкін басқаша ойлар ма еді.

        Осыдан бірнеше жылдың алдында  Алматы облысының Ескелді ауданының Жалғызағаш ауылындағы бір оралман отбасына қарақшылық шабуыл жасалуына байланысты Талдықорғанда осы өңірге көшіп келген қазақтар ереуілге шыққан. Бұл ашынышты жағдай бір реткі іс үшін ғана емес, оралмандарға жасалған бірнеше реткі зорекерліктің ызасынан туындаған екен. Осыған ұқсас жүз берген бірнеше оқиғада оралман отбасын талау оқиғаларында өздерін құқық қорғау қызметкерлері ретінде көрсеткен қарақшыларда болыпты. Тіпті сондайларды құқық қорғау орындарына мәлімдеуден қорқатын ағайындардыда көрдік. Демек бұл жердеде қорғау мен қорғану арасындағы құқықтық мәселеге саятын көп түйткілдер жатыр.

             Мұндай жағдайларды реттеуде мемлекеттік құзырлы органдар ғана емес, бүкіл ел болып қоғамдық ұйымдар мен кәсіподақтардың, жекелердің де өз жауапкершілігін сезінуі қажет болады. Оралман дегеніміз одағай қазақтар емес, өгейлерде емес. Ққаны бір, жаны бір отандас бауырларымыз.

           Олардың көз жасы – сорыарылмаған қазақ қасіретінің соңғы айғағы. Ссырттан келгендердің өзін өзі жоқтайтын зары емес, бүгінгі қазақ қоғамының алдындағы кезек күттірмей шешетін мәселердің бірі және бірегейі. Ол үшін де оралман бауырлар өздері де қорғанатын заңды біле жүруі керек. Мына қоғамда өзіңді өзің қорғамасаң қылмыстың құрығына ілініп, жат ниеттілердің құлына айналасың. Қақпан басып қансырап құлайсың. Заманың қасқыр болып тұрғанда, заңды қалқан етсең ғана аман қаласың. Егер сені қорғайтын сол заң әділетті болса…

Жәди ШӘКЕН

11 ПІКІРЛЕР

  1. Салеметсызбе менде оралманмын тарихи елыме оралып мундай корлык коремын деп ойламабедым кошып келгелы ешкандай комек алган жокпын алеуметтык комекте бермейды Маган бала кутымымен жумыста ыстей алмаймын Оз елымде кор болдым

  2. Армысыз айналайын казак елим, озине жырдан салем жаза келдим. Халыкпыз казак дегнн кайсара дана,Журмейди бизге озге елдин……осыдан 11жыл бурын елим деп емиренип,отанга деген ыстык махаббатымызды осылайша жер жолдарын арнай келген едим,бугиги кунде устаздык жолында журмын,жакында ауылымыздын акимине келип жас отбасы ретинде егиндик жер сураган едим,аким жолдас :ауылда жер жок деп шыгарып салды. бул занды ма?

  3. Құрметті Отандастар!
    Менің ойымша, біздің ата заңымызға бір толықтыруды еңгізуіміз керек, ол мынандай шетелдегі қазақ қандастарымыз Қазақстан республикасының азаматтығын оңайлатылған тәртібімен алады деп жазу керек. Мысалы Арменияның ата заңында осылай жазылған. Егер де менде билік болса мен міндетті түрде осы толықтыруды ата заңымызға еңгізетін едім. Тіпті шетелдегі қазақ қандастарымен байланысты нығайту үшін Диаспора министрлігі керек деп есептеймін.
    Біз қазақтармыз, біз қай жерде болмасақ та, қандай жағдай да болмасақ та әрқашанда қазақ болып қала беруіміз керек. Ғасырлар бойы көп жаулар елімізді жаулап алғысы келген, бірақ біз өзіміздің тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді, біздің қазақи тұқымымызды, генімізді сақтап қалдық, өйткені біз әуелі ұлттық рухты сақтап қалдық. Рухы биік халық ешуақытта жоғалмайды, жойылмайды.
    Біздің тарихымыз бұл еркіндікке және тәуелсіздікке әкелген қиын әрі ұзақ жол. Еркіндік пен егемендік өте қымбыт түседі. Еркіндікке қол жеткізу үшін қымбат бағаны төлеу керек.
    Жер бетінде көп халықтар қарулы күрес, ұлт азаттық көтеріліс, көп жылдық соғыс арқылы егемендікке және еркіндікке қол жеткізген. Құдайға шүкір, біздің еліміз Қазақ Республикасы бейбіт түрде егемендік алды. Мүмкін бұл тарихи әділ де шығар, өйткені ашашылық, соғыс, саяси құғын сүргін, қантөгіс көріп біз өзіміздің төлейтін бағамызды ертерек төлеп қойғанбыз.
    Біз тәуелсіздігімізді алған кезде бізде дамыған өнеркәсіп пен ауылшаруашылық болған, ұлттық ғылым жүйесі қалыптасқан, ұлттық білім мен мәдениет саласы қарқынды дамыған. Бұның бәрі әрбір мемлекеттің егемендігінің іргесі. Көп елдер өзінің тәуелсіздігін жариялағанда бұның ештеңкесі болған жоқ. Бұны бағалай білу керек. Тәуелсіздік біздің мемлекетіміздің тарихын және халқымыздың тағдырын түпкілікті өзгерітті. Бұл өзгеріс біздің алдымызда аса жауапты жаңа тарихи міндет қойды, ол дербес, ұлттық, өркениетті, қазақ халқының мүдделеріне сай мемлекетті құру. Бұл міндетті біз дұрыс атқаруға тиістіміз.
    Енді біз ешқашанда өз мемлекетімізден бас тартпаймыз. Біз көп күткен, әрең қол жеткізген егемендігімізді сақтау үшін бәрін істейміз. Туған жеріміздің бір де бір сантиментірін біз ешкімге бермейміз. Ғасырлар бойы көптеген ұрпақтар аңсаған еркіндікті біздің халқымыздан ешкім тартып ала алмайды.
    Тек қана өзіміз қазақтар, ел болып, өзіміздің тағдырымызды шешеміз, өзіміздің даму жолымызды таңдаймыз. Ешқайжақта Шығыста да, Батыста да, Оңтүстікте де, Солтүстікте де бізді түзе бүктіре алатын күш жоқ. Мен осындай ұстанымдар мемлекеттік саясатының негізінде болу керек деп білемін және әрбір салада осы ұстанымдар арқылы мемлекеттік саясатты жүргізу керек деп есептеймін.
    Қымбатты достар!
    Біз қазақтар үшін өзіміздің тағдырымызды билеу құқығы әрқашанда қасиетті болып саналады. Өкінішке орай ғасырлар бойы біз бұндай құқықтан айырылған болатынбыз. Сондықтан өзіміздің өмірімізді өзіміздің қолымызбен құру біз үшін өте мөте маңызды. Ең бастысы бізде өзіміздің қазақ мемлекетіміз бар. Бұл біздің үйіміз. Бұл елді біз өзіміз құрғанбыз. Біздің елімізде жаңа ұрпақ пайда болды бұл тәуелсіздіктің құрдастары. Біз бәрімізде есімізде сақтаумыз керек тәуелсіздік бұл тек қана экономикалық өлшем емес, сонымен қатар бұл рухани өлшем. Тәуелсіздік бізге рухани серпін берді, санамызға нұр шашты, жүрегімізге үміт берді және рухымызды күшейтті. Отанға шексіз сүйіспеншілік, оны қорғауға және көмектесуге даярлық бұл экономикалық категория емес, бұл жүректің қалауы және ақыл-ойдың қажеттілігі. Егерде біздің жастарымыз өздерінің жүректерінде туған жеріне махаббат сезімін жүрегінде сақтаса, егерде бұл сезім шын жүректен шықса, бабалардың терең генетикалық әрі тарихи зердеден шықса, онда біздің туған, сүйікті Қазақстанымыз тек гүлдене береді.
    Адалдық және әділеттік біздің мемлекеттік биліктің ұраны болу керек, ал нәтижелілік пен жаңартпашылық оның ең басты қағидалары болу керек. Бүгінгі таңда тәуелсіздік бізге қарапайым қазақтың мүдделеріне сай мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға мүмкіндік беріп тұр. Бізге еліміздің егемендігін сақтап қалу үшін нәтижелілі, ақылды, сауатты және жаңартпашыл, күшті әрі адал билік керек. Осындай билік болса біз мықты мемлекетті құратын боламыз, елімізде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз, отандық экономиканы дамытамыз. Күшті билік болса біз заң аясында өмір сүреміз, ал билікке күш беретін не, ол халықтың қолдауы. Халық билікті қашан қолдайды, деп білгіңіз келсе, менің ойымша, егерде билік қарапайым халықтың мүддесіне сай саясатты жүргіззе және елдің дамуын қамтамасыз етсе халық билікті сонда ғана қолдайды. Ал елдің дамуын қамтамасыз ету үшін билік нәтижелілі, ақылды, сауатты және жаңартпашыл әрі адал болу керек. Біздің елімізде күшті билік болса онда қарапайым қазақ азаматы бейбіт өмір сүреді, еңбек етеді, қылмыскерлерден қорықпай кәсіпкерлікпен айналысады, бұзақылардан қорықпай көшеде қыдырады.
    Сонымен қатар, бізге әлеуметтік мемлекет қажет. Әлеуметтік мемлекет арқылы біз бәріне жұмыс береміз, мыңдаған үйлер саламыз және жастарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді қорғаймыз. Әлеуметтік мемлекет арқылы біз бюджеттік салада жұмыс істейтін қызметкерлерді қорғайтын боламыз. Ешқандай мәселелерге қарамастан біздің мемлекет әрқашанда қарапайым қазақ азаматты қорғау керек деп білемін.
    Бізге әділеттік керек. Әділеттік арқылы біз қазақ қоғамның бөлінуіне жол бермейміз. Біреулер байып яхталарды сатып алып жатқанда, енді біреулер қоқыстың арасында өзіне тамақ іздеп жатқаны дұрыс емес. Біздің елімізде ешкім қайыр тілеп жүрмейтін болу керек. Қазақстанда әрқашанда бәрі адал және әділетті болу керек деп білемін. Ірі кәсіпорындарды, шикізат өндіретін кәсіпорындарды халыққа және мемлекетке қайтарып алу керек деп есептеймін, егерде Сіздер мені қолдайтын болсаңыз, бұл міндетті түрде жүзеге асырылатын болады.
    Әрбір қазақ азаматта жауапкершілік пен отаншылдық болу керек. Өзінің мемлекеті, туған жері үшін жауапкершілік. Өйткені біздің туған жеріміз біздің болашақ ұрпағымыздың мұрасы. Қазақстанның тәуелсіздігін қорғауға әрбір азамат өз үлесін қосуға тиісті. Диқанның егіндегі ерең еңбегі Отанымыздың азық түлік қауіпсіздігіне қосылған үлес. Ғалымның шығармашылық ізденісі Отанымыздың интеллектуалдық қауіпсіздігіне қосылған үлес. Кәсіпкердің өз қаржысын салып елімізде өндіріс орындарын ашу бұл Отанымыздың экономикалық қауіпсіздігіне қосылған үлес. Өз үйінде электрқуатын үнемдеу бұл да кішкентай болса да Отанымыздың энергетикалық қауіпсіздігіне қосылған үлес. Бұның бәрі тәуелсіздігіміздің нығаюына әкеледі. Осындай кішкентай болса да бірақ күнделікті әрекеттерден, Отанның тағдырына бей жай қарамайтындықтан ұлттың қүш қуаты қалыптасады.
    Қадірілі отандастар!
    Бүгінгі таңда қазақ қандастарымыз біраз шет мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Бірақ қазақ баласы қай жерде болмасын әрқашанда Отанның жағдайын ойлап, оның әрбір жетістігіне қуанып жүреді. Отаншылдық бұл тек қана жүректен шығатын сезім емес, сонымен қатар бұл Отан үшін жасалған саналы әрекет, бұны әрбір қазақ есіне сақтап жүру керек. Дүние жүзінде тарыдай шашылған қазақ халқының әрбір өкілі біздің ұлтымыздың бірлігінің кепілі, ал бұның негізі Отанға шексіз сүйіспеншілік. Отаншылдықсыз біздің халқымыз жаны жоқ дене сияқты болып қалады. Сондықтан біз бірлік, тұтастық және жалпыұлттық мәселелерді шешуге батылдық арқылы күшейе береміз.
    Әрбір жас қазақ, менің ойымша, ана тілімізді білу керек, себебі егерде адам өз ана тілін білмесе ол біріншіден өзінің ұлттық болмысын жоғалтып алады, екіншіден тұлға ретінде әлсіздеу болады. Мен әрбір қазақ сауатты, жігерлі және бәсекеге қабілетті болғанын қалаймын, сонымен ол еліміздің дамуына өз септігін тигізеді, ұлтымызды дамытаты, Отанның өркендеуіне көмектеседі.
    Қазақ Республикасы өз тарапынан шетелде тұратын әрбір қандасымызға көмек көрсету керек деп есептеймін, мысалы шетелде тұратын қазақ жастарды елімізде оқытып. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе қазақ ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, қазақ ұлттық құндылықтарды насихаттау керек деп есептеймін. Өзімнің атынан балаларын нағыз қазақ болып тәрбиелеген отбасыларға алғыс айтқым келеді. Ұлтты сақтау үшін әуелі тіл керек. Біз ана тілімізді, дәстүрімізді, ұлттық мәдениетімізді сақтап қалсақ қана біз ұлтымызды сақтап қаламыз, бұны есімізден шығармау қажет. Сондықтан бізге мемлекеттік тіл жылы керек.
    Қазақ Елі мен шетелдегі қазақтар береке бірлікте болғанда ғана қазағымыз күшті болады. Біз Қазақстанда күшейеміз егерде бізді шетелдегі қандастарымыз әрқашанда қолдайтын болса және шетелдегі қазақ қандастарымыз күшейтін болады егерде оларды егемен, мықты, дамыған Атамекені Қазақ Елі әрқашанда қолдайтын болса. Сондықтан мен шетелдегі қазақ бауырларымызды жалпыұлттық мәселелерді шешуге өз үлесін қосуға шақырамын. Қазақстанды қазақ диаспорасыз және қазақ диаспораны Қазақстансыз елестету мүмкін емес. Сондақтан еліміздің шетелдегі қазақ диаспораларымен қарым қатынастарын күшейте беру керек, ол үшін арнайы мәдени және білім беру бағдарламаларды жүзеге асыру керек, елімізге келем деген қандастарға көшуге көмектесу керек, осы жұмысты Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және Үкімет сапалы атқару керек деп есептеймін.
    Құрметті шетелдегі қазақ бауырлар!
    Сіздерді Отанымызға жиі келіп тұруға шақырамын, Отанымыздың жетістіктерне куәгер болыңыздар, еліміздің алдында турған мәселелерді шешуге әкелетін өзіңіздің ұтымды ұсыныстарыңызды, салиқалы пікіріңізді айтыңыздар, бұл бізге керек. Отанның игілігі үшін аянбай еңбек етіп жатқан әрбір шетелдегі қандасымыздың айтқанына біз зер салуымыз қажет.
    Ардақты ағайын!
    Біздің қасиетті Отанымыз біздің алтын қазығымыз, қуанышта да, қайғы да да, жеңіс күндерде де біз қазақтар әрқашанда Отан аясында бірігеміз. Сондықтан жер бетіндегі бүкіл қазақтар бәріміз бірігіп Отанымыздың гүлденуі үшін жұмыс істейік!.
    Әрқашанда денсаулықтарыңыз мықты, өмірлеріңіз нұрлы болсын бауырлар!

  4. Салеметсіздерме? мен ҚХР Үрімжі қаласынан 2001жылы келіп, 2006 жылы ҚР азаматтығын алдым, 2007 жылы университет бітірген соң қазіргі уақытқа дейін жоғары оқу орнында оқытушы болып қызмет атқарып келемін, қазіргі уақытта Атырау инженерлік-гуманитарлық институтында(жекеменшік оқу орны) аға оқытушы болып қызмет атқарамын, келіншегім ҚР азаматы қазіргі уақытта жұмыссыз, 3 жасар қызымды 2013жылы қыркүйекте бала бақшаға тіркеткен едім 18360-кезекте тұр, сізден сұрар сұрағым оралмандардың балаларын бала бақшаға кезектен тыс қабылдау туралы заң барма? заңның бұйрықтың нөмерін айтып бересізбе? ҚР-да оралмандарға арналған заңды ғалам торда қандай сайттан көруге болады? алдын ала рахмет

  5. Осында қаңғимыз деп көшіп келдік пе?Өзіміз тек ҚР азаматы атанғанымызбен жағдайымыз сол бәз баяғы күйіміз жерде бала шағамызды қалай асыраймыз деп қаңғып жүрміз.Сонда Атамекенге келгеніміз осы ма?Күннен күнге жақсарамыз деп өзімізді өзіміз алдап өмір сүріп жүрміз
    Осы мәселелермен жүргенде тіпті өмірден түңіліп кетеміз.Қалған өміріміз не болмақ?Осы қаңғып жүрген қазақтардың мәселесі кімнің құзырында?ҚР азаматтығын алғалы бері бармаған жерім баспаған тауым жоқ,бәрі бір-біріне сілтейді,араларында жынды болып жүрміз.Оралманбыз деп оралман статусынан айрылдық,ҚР азаматтығын алып осы елдің азаматы екен деп те мәселемізді қарастырып отырған жоқ.Сонда біз кімбіз?Бізге бұл елде көмек көрсететін мұсылман бар ма жоқ әлде өйстіп қаңғып жүре береміз бе?Тіпті ҚР азаматтығынан бас тартып кейін көшіп кетсек пе деген ой күні түні мазалайды.Осы мәселені шешіп беруіңізді өтінемін.

  6. Біз 2008 жылы көктемде ҚХР нан өз елім деп Қазақстанға көшіп келгенбіз.Содан біраз қиыншылық көрдік.Тіркеліп азаматтыққа өттік.Бірақ мемлекет тарапынан берілетін квотаны ала алмай жүрміз.Жергілікті жердегі тіркелу орталығындағы Ақмарал бірде болса бірде жоқ жұмыста .Квота берілмейтін болды дейді.Сонда кімге сенеміз:Ұйғыр ауданындағы Ақмаралға ма әлде заңға ма?Жауап күтеміз?

  7. СІДЕРДЕН КӨМЕК СҰРАЙМЫН, ауылға биыль үлкен үйміз КНР дан көшіпкелген еді ,енді тұрақты тіркеуге тұрып азаматтық алайын десе дайындық курысында оқып жатқан қызын тұрақты тіркеуге тұрғызбай отыр, Алматы обльсы үштөбе ауданы қанабек ауылына келіп қоныстанған . заңның қайжеріне симайтұрғанын түсінбедім: қазағым деп көшіп келген ата-анмыздің көңілдеріе бір уайым болды. осыны қалай ітркеуге болады.

  8. Мен 2007жылы көшіп келген оралманмын.2009 жылдың желтоқсан айында ҚР азаматтығын алып,қолыма шетел паспорты мен соңғы үлгідегі жеке куәлік берілген болатын.Осы төлқұжаттарым қолымда бола тұра мені Түркменістан Республикасына өткізбей екі кезек кейін қайтарды.Соңғы үлгідегі жеке куәлікте менің тұрғылықты мекен жайым көрсетілмегендіктен,болмаса Маңғыстау облысы мен Балкан облысы арасына бес күн визасыз келісім шарт орнатылған және сол келісім шарт бойынша бұрынғы жеке куәлігі бар адамдар бес күнге қайғысыз барып келіп жатыр осы күнге дейін.Енді наурыз айынан осы мәселе бір мықты шаруам болып жолыққан жерлерімнің бәрі де бізден ешқандай күнә жоқ деп оп-оңай құтылғысы келіп отыр.Кейбір жерлер тіпті осы оралмандар көшіп келіп проблема туғызады деді.Біз соңғы үлгідегі жеке куәлік алғанымызға күнәліміз бе,ҚР азаматтығын алғанымызға күнәліміз бе жок әлде тіпті көшіп келгенімізге күнәліміз бе???Ендігі жолыққан жерлерім мәселе қарастырылуда деген,бірақ оған күмәнім болып отыр.наурыз айынан бері шамалы мәселенің шешілетін уақыты болған секілді.Меніңше бұл мәселе ешкімнің де ішін ауыртпайды.Түркменістанда АНАМ қатаң ауырып жатыр десем,олар маған виза аштырып бара аласың деп қысылмай жауап беріп отыр.Біріншіден визаны Астанадан дайындауым керек,Тұркменістаннан шақыру қағазы керек ол болған жағдайда да 1-2айсыз дайын болмайтын көрінеді.Шақыру қағазына 1-2ай керек және ол келген жағдайда виза1-2айда дайын болады.Сонда бұл қалай болды?Біз құжат дайындап жатыр деп ажал бізге қарап тұра ма?Жаман айтпай жақсы жоқ кенеттен қайтты деген хабар келсе ше?ҚР азаматтығын аламын деп осы бәлеге душар болып жанымды қояр жер таба алмай отырмын.Мыналардың қарастырылып жатыр дегеніне сеніп АНАМды осы күнге шейін алдап келген екенмін.Ол кісінің көзі төрт болып артына қарап мені күтуде телміріп.Бұл мәселе бір ғана менің басымда емес.Мен құсап қаңғып жүрген қазақ қаншама?Осында қаңғимыз деп көшіп келдік пе?Өзіміз тек ҚР азаматы атанғанымызбен жағдайымыз сол бәз баяғы үйіміз жоқ әр жерде бала шағамызды қалай асыраймыз деп қаңғып жүрміз.Сонда Атамекенге келгеніміз осы ма?Күннен күнге жақсарамыз деп өзімізді өзіміз алдап өмір сүріп келеміз.Бірақ бәрі жалған,күннен күнге шешілмейтін мәселе туындап көшіп келгенімізге енді төрт жыл болады біз төлқұжатпен әлі жағаласудамыз.Осы мәселелермен жүргенде тіпті өмірден түңіліп кетеміз.Қалған өміріміз не болмақ?Осы қаңғып жүрген қазақтардың мәселесі кімнің құзырында?ҚР азаматтығын алғалы бері бармаған жерім баспаған тауым жоқ,бәрі бір-біріне сілтейді,араларында жынды болып жүрміз.Оралманбыз деп оралман статусынан айрылдық,ҚР азаматтығын алып осы елдің азаматы екен деп те мәселемізді қарастырып отырған жоқ.Сонда біз кімбіз?Бізге бұл елде көмек көрсететін мұсылман бар ма жоқ әлде өйстіп қаңғып жүре береміз бе?Тіпті ҚР азаматтығынан бас тартып кейін көшіп кетсек пе деген ой күні түні мазалайды.Осы мәселені шешіп беруіңізді өтінемін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз