Сол күндердің соғып тұр қоңырауы...

Өзіміздің мектептен кеткенінімізге 20-30 жыл болып қалды-ау деп, санап жүргенімізде... менің оқушыларымның да мектеп бітіргендеріне 20 жыл толып қалыпты... Иә, өзімнің 5-кластан жетекшілік еткен жекеменшік оқушыларымның алтын ұя-мектептерінен түлеп ұшқандарына бақандай 20 жыл болыпты...

        Қайран, өтіп жатқан өмір-ай десеңші... Менің Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Қаз ҰПУ) көркемсурет-графика факультетін 1984 жылы бітіріп, өз ауылым Қызылқұмға мұғалім болып келгеніме де, биыл 26 жыл болған екен-ау... Алматыға суретші боламын деп барып, ақын болып қайтқан арынды жастың, 22- ден енді асқан арманшыл жігіттің сол кездегі жалындаған көңілін елестете беріңіз. Мен биыл құрылғанына 35 жыл толып отырған, қаазығын белгілі ел ағасы Батырбай Сейданов қаққан осы Қызылқұм ауылының, осы мектептің тұңғыш түлектерінің бірі, тұңғыш жоғары оқу орнын бітіріп келіп отырған жас маманы едім. Өзім оқыған мектепке келіп, өзімді тәрбиелеп өсірген ұстаздардың қолына түстім. Мектепті өз қолымен құрап, қазіргі дәрежесіне көтеріп кеткен ұлағатты ұстаз, білікті басшы Сүлеймен Тілегеновтың тікелей тәрбиесін көрдік. Казір өмір мен өнер майданында өрге тартып келе жатсақ, ол ең алдымен осы Сүлекең бастаған ұстаздардың еңбегі деп білемін...

          Алматыдан арындап келген албырт ақынды ауылдың жағдайындағы күнделікті өмірге бейімдеген де осы бір дана да дара ұстаз еді. Астаналық талаппен келген жас маманның өрекпіген көңілін ауыл деңгейіне түсіріп, «Өмір дегеннің бәрі көңілдегідей болмайды және сен оқып келген кітаптағыдай емес...» деп, өз кабинетінде отырып, алғаш ақыл айтқан кезі әлі бүгінгідей көз алдымда... Жарықтық, өте тынымсыз, еңбекқор адам еді....Мектептің әрбір шегесіне дейін сол кісінің қадағалауымен қағылатын.

           Қай мезгілде болсын, таңғы жетіде қақайып мектептің алдында тұрар еді. Бүкіл бала мен мұғалімдер   көз алдынан өтер еді... Әрине, ең соңынан, соғылған қоңыраумен жарысып, асығыс басып, кешегі шәкірті, бүгінгі мектеп мұғалімі, ертеңгі... қазақтың ұлы ақыны (Сүлекеңнің көңілденгендегі сөзі) Қазыбек Иса өтіп бара жатар еді...

             Алатаудың салқын баурайында, биікте жүріп аңсаған Қызылқұмның кең жазира кеңістігі мен ыстығына орана бастады өлеңіміз. Ауылда жүріп те, Алматыдағы ақындарға көңілімізді берген жоқпыз. «Сенің орның Алматыда, ерте ме, кеш пе, кетуің керек» дегенді ауылдықтардан бұрын Сүлекең жиі айтатын өз мұғаліміне... Жатқан жері жайлы болсын, жарықтықтың...

               Ақыры 1984 жылы алған 5 «б» класын 1990 жылы мектеп бітіргізіп, шығарып салдым. Ақмарал Әбдіраманова сол жылғы аудан бойынша жалғыз алтын медальді алды. Айман Тілегенова мен Жұлдызай Қабылова, Мира Әбішевалар күміс медалды иеленді.

            Қазір Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытушы болып істейтін Айманнан сұрап білсем, Ақмарал Шымкентте, жақсы оқыған Жазира Полатова Қарағандыда мектеп мұғалімі, Арынова Ақмарал тіпті Өзбекстанға өтіп кетіп, банк қызметкері болып жүр екен. «Ағайымыз қатал» деп, «а» класына ауысып кеткен Асабаева Гүлмира мен Есіркепова Дариға да қазір бірі Алматыда, бірі ауылда жеке кәсіппен айналысып жүр екен... Ер балалар аз еді, қыздар белсенді еді. Нұрлан Тілегенов, Бақтияр Ізбаев, Шоқан Әліпбаев, Айбек Керімбеков, Жамбыл Айдаровтар ауылда еңбек етіп жүр екен. Бауыржан Смайылов Шардарада аудандық жер инспекторы болып, Нұрлан Өрісбаев Шымкентте кәсіптерінен нәсіптерін теріп жүр.

            1987 жылы болу керек, 8-класта 37 оқушы сол кездегі «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы Есенғали Раушановтың хатына байланысты журналға жазылудан республикалық бәйгеге қатысып, 3-ші орын жеңіп алған едік. Қазір редактордың хатына бола бір класс түгел бір басылымға жазылар ма екен...

            Әлі есімде, Алматыдағы ақын-жазушылар жиындарынан (ол кезде жиі болатын) қалдырмай жіберіп тұратын ағайымыз. Мектеп комсомол комитеті секретарының Алматыдағы ақындар бәйгесіне қатысуына сол кездегі Шардара аудандық комсомол комитетінің басшысы, бүгінгі елге белгілі қайраткер Ислам Әбішев те игі ықпалын тигізіп жататын... Сондай дүбірлі додаларда дүрілдеп кетіп, ауыл бары еске түскенде кешігіп келіп, кінәлы болып қалған кездерде Сүлеймен ағайымыз: «Ақмарал мен Айман бар, не қам бар», деп жүргенсің ғой, дуылдап...»-деп зілсіз ұрсып алар еді.

           Сол түлектерімнің көбісі Алматыға кетті. «Әй, бір күні кетесің ғой» деп ағай айтқандай, арттарынан мен де кеттім...

Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,

Кетіп қалдым бір күнде...

Немкеттілеу ағайын,

Неге кеттім, білдің бе?..

Сөз жүгіртіп әр саққа,

Ілінсем де қанша атқа...

Жырды жығып бермедім,

Мыңды жыққан мансапқа...

Қызылқұмның қуатын,

Бойға жинап бір ақын,

Алматыға аттанды,

Алладан деп рахым...

Сыздауын-ай жараның,

Сызданып-ақ бағамын...

Жамырап-ақ келіп ем,

Жалғыз кетіп барамын,

Жалғыз кетіп барамын...

Дүбірі көп мынадай,

Бұлдыр күндер бұлағай,

Шылбырымды шарт үздім,

Жылқы жылы шыдамай...

          Енді міне, мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған оқушыларым, бүгінгі бір-бір үйдің иелері кездесуге шақырып жатыр. Алғаш Мираш апайымыз «сендердің 20-жылдықтарың ғой, биыл» дегенде түсінбей қалғаным рас. Сонда өзімнің мектеп бітіргенімді ойлап кеткен екенмін... Сөйтсем, оқушыларымның да мектеп бітіргеніне 20 жыл болып қалыпты-ау. Қайран, өтіп жатқан өмір-ай десеңізші...

          Мектепке Сүлеймен Тілегеновтан кейін Әбдіәшім директорлық етті. Ұлбала Жортанова біраз жыл Сүлекең салған сара жолды жақсы жалғастырып, биыл мектеп түлегі Марат Байыровқа табыстады. «Жас келсе, іске» дегендей, енді Маратқа мектепті баяғы Сүлекең кезіндегі биікке шығарып, бүгінгі заман жетістіктеріне сай ету басты мақсат болу керек.

         Жаңа ғасыр – білім ғасыры екені, ел болашағы білімді де, білікті жастарда екені үнемі басты назарда болу ләзім.

Балалығым алыстап қалды-ау менің,

Бал күндерім қияға самғау ма едің?

Жүйке бұзар тірліктен жүдегенде,

Сен есіме түсесің Балдәуренім.

Барлық істі бір сәтке доғарайық,

Балалықты ұмыту болар айып.

Сол күндердің соғып тұр қоңырауы,

Алтын ұя мектепке оралайық.

 

 

ҚазыбекИСА,

Қызылқұм орта мектебінің 1990 жылғы түлектерінің сынып жетекшісі