Тұрғын үй бағасы қымбаттайды
2014 ж. 12 ақпан
1772
0
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі девальвацияны ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің номиналды көлемі биыл болжамданған 38,6 трлн теңгеден 41,1 трлн теңгені құрайтынын алға тартады.
Ерболат Досаевтың айтуынша, экспорттан түсетін пайданың көлемі 8,8 пайыз тармаққа ұлғайып, бұл ішкі өнімнің номиналды өсіміне ықпал етуі әбден ықтимал. Сонымен бірге, импорттық тауар бағасының қымбаттауы есебінен жалпы ішкі өнімнің номиналды көлемі 2,3 пайыздық тармаққа төмендеп, қосымша 6,3 пайыз береді.
"Теңге девальвациясынан соң мұнайдың экспорттық бағасы артып және "Байқоңырдың" жалдау ақысы да қымбаттайды. Мұның нәтижесінде бюджетке 130 млрд теңгеге жуық қосымша кіріс түседі. Ал шығыс жағдайы бойынша, оның ішінде Сыртқы істер министрлігінің шығыстары біраз өскелі тұр. Бюджет шығысы шамамен 85 млрд теңгені құрайтыны болжанады" дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі.
Сондай-ақ, брифинг барысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде қор жинағандар үшін жағдайдың қалай болатыны туралы Ерболат Досаев нақты мәлімет айта алған жоқ. Министр тұрғын үй нарығында пәтер бағасында өзгерістер болуы әбден мүмкін екенін жоққа шығармайды. Дегенмен, министрдің сөзіне сенсек, тұрғын үй нарығында көп өзгеріс болмайды-мыс. "Инфляцияға қарап отырып, өткен жылмен салыстырғанда бағаның қатты өзгермегені сіздерге жақсы таныс. Оның үстіне қазіргі салынып жатқан үйлердің бағасы осыдан 5-6 жыл бұрынғы бағадан кереметтей айырмасы жоқ. Сатылып жатқан пәтерлер де көп емес. Осыған қарап өзгерістің қатты болмайтынын бағамдай беруге болады. Ақшаны долларға ауыстырып сақтайсыздар ма, ол жағын өздеріңіз білесіздер. Жинақ банкісінде теңгемен жиналған ақшаның жайы қалай болатынын алдағы Үкімет отырысында қарайтын боламыз" деп шорт кесті Ерболат Асқарбекұлы.
Tengrinews.kz