Қазақ жастары – зияткерлік ұлттың тірегі

        Қоғам – адамзат өркениетінің білігі мен біліміне, адамгершілік-этикалық нормаларына тікелей қатысты дамиды. Біздің бүгінгі тәуелсіз қоғамымыз бен егемен еліміздің негізгі үміт артары – жастар. Мемлекет тәуелсіздігінің бүгінгі даму сатысында ел жастарына артылып отырған сенімнің жауапкершілігі – ауыр, күтілетін үміттің үлесі мол. Жастарға сенім артып, жастардан үкілі үміт күту – қай қоғамның да басында бар болатын құбылыс. Алайда, біздің қоғамның жастардан күтер үміті айрықша. Олай дейтініміз, бүгінгі жастар – мемлекетіміздің егемендігімен тұстас, санасы кешегі қызыл қоғамның идеялық ұстанымымен уланбаған ұрпақ.

         Бүгінгі күнде Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында осы жастардың 633 814-і студент атанып білім алып жатыр. Қоғам дамуының алғышарты адам факторы, адамның білімі мен біліктілігімен тікелей байланысты деген қағидаға сүйенер болсақ, қазіргі жастардың білім алуына, таланты мен дарынына орай ғылымға келуіне мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаралар, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Республикамыздың білім саласындағы жасалып жатқан көптеген шаралары да негізінен жастарға арналып отыр. Ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші болып табылатын жастар – жалпы, қоғамның жемісті дамуының кепілі. Білім беру саласы жастарға бағытталғандықтан, бұл салада артта қалушылық мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлттық келешекке кері әсері тиеді.

         Бүгінгі жастарға, оның ішінде жоғарғы оқу орны қабырғасында білім алушы жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған  түрлі мазмұндағы (материалдық, әлеуметтік, т.б.) көмек жеткілікті десек артық айтпаймыз. Мәселен, бүгінде елімізде Қазақстанның ғылыми-техникалық дамуының ұзақ мерзімді ұлттық әлеуетін анықтау бойынша алдын ала зерттеулер жүргізілуде. ҚР Бірінші Президентінің Қоры жанынан ғылыммен айналысатын жас мамандардың басын қосатын жас ғалымдар кеңесі құрылды. Білім бағдарламаларын жақсы меңгеріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген, оқу орнының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласқан ЖОО студенттері мен аспиранттарын қолдау үшін әл-Фараби, Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, Абай, Шәкәрім және басқа да қоғам қайраткерлері атындағы атаулы стипендиялар бар.

1. Жоғарыда келтірілген дәйектердің болуына қарамастан, қатардағы студент жастар осы мүмкіншілікті сарқа пайдаланып отыр ма? Олардың ғылым салаларына бейімділігі мен ынтасы қаншалықты деген сауалдарға жауап іздер болсақ, бұл мәселеде әлі де түйткілді тұстардың бар екені байқалады. Қазіргі ғылым мен ғылыми сабақтастық төңірегіндегі жастардың үлес салмағы Кеңестік дәуірдегі кезеңмен салыстырғанда аз екені байқалады. Бұл да алдағы уақытта назар аударып, дер уағында қолға алмаса қауіпті дертке айналар қоғамның бір сұранысы.

         Президентіміздің білім және ғылым саласында іргелі университеттерге қойған тапсырмалары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінінің ұйымдастыруымен дарынды студенттерді анықтау мен олардың ғылыми-зерттеу жұмыстарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында республикалық деңгейде өткізіліп келе жатқан студенттердің түрлі білім және ғылым сайыстарының саны артып келеді. Соның бір дәлелі ретінде жуырда Шығыстану факультетінде өткен жас ғалымдар мен студенттердің «Зияткерлік серпіліс: жастар, ғылым және инновациялар» атты халықаралық конференцияның өтуі. Жоғарыда аталған конференцияда Шығыстану факультетінің студенттері мен магистранттары Шығыс елдерінің тілі, тарихы, экономикасы, саясаты, діні мен мәдениеті бойынша өте қызықты әрі өзекті тақырыптарда ғылыми жұмыстарын көпшілік алдында талқыға салды. Бұл конференцияның нәтижесі қазіргі студент жастардың ғылымға   деген қызығушылығының жоғары деңгейде екенін аңғартты. Сонымен бірге, Республикалық деңгейде Шығыстану факультетінің ұйымдастыруымен және Жапония мен Қытай елшіліктерінің, компанияларының қаржылық қолдауымен Жапон тілінен Республикалық шешендік өнер сайысы және Республикалық Қытай тілі олимпиадасы өткен болатын.

          Бұл сайыстардың басты мақсаты студенттердің болашақ мамандықтарына деген қызығушылығы мен кәсіби біліктілігін арттыру болып табылады. Сондай-ақ, студенттерді ғылымға  баулу жолында шығыстану факультеті  тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың бір алуаны – факультеттегі «Жас ғалым мінбері» ғылыми үйірмесі. Үйірме студент жастардың ғылыми жұмыспен шұғылдануына, ғылым алдындағы мәселелермен танысуға, ғылыми жұмыстың орындалуы мен дұрыс рәсімделуін меңгеруге, көпшілік алдында сөйлеу мәнері мен ғылыми стиль элементтерін игеруге септігін тигізеді. Факультетте атқарылып жатқан мұндай жұмыстар – білім және ғылым жүйесінде үкімет тарапынан алға қойып отырған басты міндеттердің бір бөлшегі ғана.

 

Бақдәулет АҚЫН,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Шығыстану факультетінің оқытушысы