Көршілес ресейліктер Қазақстан атауын мазақ етті

borat_ilyustracАлматылық Әнуар Ұзақов Lenta.ru порталының Қазақстаннан кешірім сұрауын талап етіп отыр. Ол порталдағы Қазақ Елі атауы туралы мақалада қолданылған "Борат" фильмінің кадрына наразы деп хабарлайды Tengrinews.kz. Ұзақовтың пікірінше, бұл - Қазақстан заңдарын аяқасты ету, сондықтан еліміздің мемлекеттік органдары порталдағы суреттің алып тасталуына және соған байланысты ресми түрде кешірім сұралуына қол жеткізуі керек. Алматы тұрғыны электронды үкімет порталының көмегімен Бас прокуратураға, Мәдениет және ақпарат министрлігіне және Сыртқы істер министрлігіне бұл жөнінде өтініш жолдаған. Қазақстанның Қазақ Елі деп аталу мүмкіндігі туралы "Орда Елбасы" атты мақалада ресейлік журналистер "Борат" фильмінің кадрын пайдаланған, онда еліміздің картасы бейнеленген. Картаға Қазақстанның мемлекеттік туы орналастырылып, "КФЯФЛЫЕФЙ" деп жазылған. Әнуар Ұзақовтың айтуынша, ақпараттық ресурс осылайша еліміздің мемлекеттік нышанын қорлады, республикамыздың беделіне нұқсан келтірді. Ресейлік порталдағы мақалада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті "Қазақ Елі" деп атау мәселесін халықпен бірге талқылау керектігі айтылған. Еске салайық, Елбасы жуырда "Біздің еліміздің атауында Орталық Азиядағы басқа мемлекеттер сияқты "стан" деген қосымша бар. Шетелдіктер халқы небәрі екі миллион адамды құрайтын Моңғолияға қызығушылық білдіреді, бірақ оның атауында "стан" қосымшасы жоқ. Уақыт өте келе біздің еліміздің атауын "Қазақ Елі" деп өзгерту мәселесін қарастыру қажет шығар, бірақ мұны алдымен халықпен бірге талқылаған жөн", - деген болатын.

Tengrinews.kz