“Жақсы қыз қашып кетедi, жаман қыз шашып кетедi”

photo...Халық қалаулыларының адам құқығы (жiгiттер­дiң келiсiмсiз қыз алып қашуы, әйелдердiң отбасында жөнсiз зорлық-зомбылық көруi және т.б.) қорғалсын, жаза берiлсiн деуi орынды, дұрыс. Оған ешкiмнiң таласы жоқ. Адам құқығы заң жүзiнде қорғалуы қажет. Бiрақ, көптi көрген қария ретiнде айтарым: келiсiмсiз қызды алып қашқан жiгiттерге 15 жылға дейiн жаза қолданылсын дегендерiне қо­сыл­маймын. Қазiр мұндай жазаны қасақана адам өлтiрген, тiптi бiр үйдiң iшiн түгелдей қырып кеткен қаныпезерлер де, миллиондап, миллиардтап ақша жеген жемқорлар мен парақорлар да алып жүрген жоқ қой. Депутаттар бұл мәселеде ойланып сөйлеуi керек едi...
Қыз алып қашу үрдiсi атам қазақта баяғыдан бар. Отбасынан кедер­гiлер болып жатса, қызды алып қашып кетедi. Және қыздарды алып қашып қосылуының басқа да себептерi бар. Қазақта “Жақсы қыз қашып кетедi, жаман қыз шашып кетедi” деген де мақал бар. Қызды үйден шығарып салуға отбасының жағдайы көтермесе, жiгiт екеуi ақылдасып, жiгiт оны алып қашады. Әрине, ал жiгiт­тердiң ерiксiз басып алып кетуi де болып тұрады. Ондай жағдайда қыз артынан қуғыншылар келiп, қыз көнбеген жағдайда қыздарын алып кетедi. Әрине, мұндай жағдай бiрен-саран ғана. Немесе қыз келi­сiп, арты тойға ұласып, кейiн үйлi-баранды болып жатады. Сондықтан парламент депутаттары адам құқығын қорғау мәселе­сiнде жазаны жан-жақты сараптап белгiлесе екен...
М.Оразұлы,
"Жас Алаш" газеті