ХХІ ғасыр ауылы қандай болуы тиіс?

5
5118

Ауыл. Балалық шақтың бал дәмін татқан әрбір адамның есіне түскенде еріксіз жымитатыны сөзсіз. Жазда шаңын бұрқыратып, қыста қол-аяғың домбыққанша асыр салып ойнаған ауылдарымыздың бүгінгі халы қалай? Елуліктің қатарына ене алды ма? Әлде енесін еме алмаған сары ала бұзаудай мөңіреп жатыр ма? Көптің көкейін тескен бұл сұрақ қазір оңайлықпен шешілмей келеді. Шешілмек тұрмақ ескі бөздей болып ыдырай бастаған кейбір ауылдан шошайған бір-екі үй ғана қалған. Үдере көшкен себебі де біреу. Жастарға жұмыс жоқ. Мектепте оқитын бала жоқ. Бар болған күннің өзінде азайып кеткен. Әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындары жоқ, мәдениет үйлері бос. Бос қалған ғимараттар жау тигендей болып қирандыға айналған.  Ойлы-шұңқыр жолдары көлік біткеннің сау-тамтығын қалдырмайтындай. Малының сүмесімен күнелткен жұрт заманның көшіне де ілесуден қалған. Ғаламтор туралы естігендері болмаса, қолданып та көрмеген.

Қазіргі ауылдардың күйі осындай…

Бұл 21 ғасыр есігімізден аттағандағы бергі бірқатар ауылдағы көрініс. Әрине, байлығы асып тұрмысы шалқыған ауылдарда жағдай бөлек. Ғаламторға қосылған, өмір сүруге қажетті барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Дегенмен, мұндай ауылдар қазақ елінде саусақпен санарлық екенін жұрттың бәрі біледі.

Елбасы алдында есеп берген әкім біткеннің аузындағы сөзі біреу. «Ауылдардың жағдайы жақсы, малдары тоқ, көйлектері көк» деп соғады.

Ауылдағы байланыс алаңдатарлық

Тіпті, еліміздің барлық өңірлері ғаламторға толықтай қосылған деген әңгімені БАҚ өкілдері де жарыса жазған. Ал расында 21 ғасыр ауылы ғаламторға толық қосылған ба? Бұған біз күмәнмен қараймыз. Ауылдағы әкімдік ғимаратындағы бір компьютер қосылғанын, толық ауылдың бәрі қосылды деу қисынға келе ме?

Арман Елеусінов, Игілік ауылының тұрғыны (есімі өзгертіліп алынды)

Ауылда ғаламтор түгіл, компьютерді сатып алғандар саусақпен санарлық. Тіпті, білім ордасы мектептің өзі ғаламтор жүйесіне қосылмаған. Балалар ғаламтор туралы информатика пәнінен теориялық тұрғыдан ғана оқытылады. Жетпеген ғаламторды қалай толықтай қосылдық дейді? Әлде біз есептен мүлдем шығып қалдық па? 

Ауылдағы ағайынның жанайқайы шынымен шындыққа жанасатын сияқты. Бірақ көлік және коммуникация министрлігі өткен жылы-ақ еліміздің барлық аймағында ғаламтор толықтай жұмыс істейді деп мәлімдеме жасаған. Тіпті, 2015 жылға дейін жоғары жылдамдықпен жұмыс істейтін әрі сапалы ғаламтор елдің барлық аймағында жүз пайыз жұмыс істейтін болатынын хабарлаған.

Алайда нақты жағдай бұған мүлде сәйкес келмей тұр. Оған статистикалық мәліметтер де толықтай дәлел бола алады. Қазақстан Республикасының статистикалық агенттігі мәлімдемесі бойынша 2013 жылы 1 миллион 600 мыңнан астам ғана ғаламтор абоненттері тіркелген. Ал ғаламтормен жұмыс істейтіндердің саны 8 миллионнан асыпты. Оның өзінде жылдамдығы төмен. Ал министрліктің сөзіне сенсек екі жылдан кейін қуатты «Мегалайн» желісінің қалалы жердегі жылдамдығы  100м/с жетіп, ауылдағы дәл осы желілік ғаламтор секундына 20 мегабитке жетпек. Бұл қазақ даласының барлық аймағында солай болып тұр. Яғни, орталық не деп жатқанын төменгі жақатағы шалғайдағы ауылдар хабарсыз қалады. Болмаса бірнеше күннен кейін пошта арқылы жететін газетпен, тәуірі теледидармен тамашалай алады.

Олжабай Нұрғалиев, Зеренді селосының тұрғыны, қарт журналист. 

Ғаламтор түгіл көп ауылдар ішер суға зар болып тұр. Құдық қазылмаған, су жүйесі орнатылмаған ауылдар да баршылық. Біртіндеп болса да жаңартылып жатқанымен, 21 ғасыр ауылы деуге ауыз бармайды. Қазіргі реформаны қарасаң ауылдарды жоюға арналған сияқты болып көрінеді. Мемлекеттік бағдарламаларды алсаң болашағы жоқ ауылдардың тұрғындарын іргелі ауылдарға қоныстандыру керек деген бар. Ал дәл сол болашағы жоқ ауылдардың «қара тізіміне» кірген ауылдардың тоқсан пайызы – қазақ ауылдары. Орыс селоларының жағдайы жақсы. Бұл ең алдымен алтын қазық болған қазақы ауылдарын түбірімен құртуға арналған сияқты болып көрінеді. 

Ғаламторға ауылды толықтай қосу үшін не істеу қажет. Бұл мәселені министрлік қағаз жүзінде  әлдеқашан жүзеге асырып тастаған. Ал іс жүзінде ше? Әлемдік желіде жұмыс істеп жатқан «Kazsatnet» компаниясының мамандарының мәлімдеуінше ғаламтор желісінің сапасын жақсарту үшін талшықты желі қажет. Алайда, елімізде ондай талшықты желілер орналастырылмаған. Тіпті, компания қызметкерлерінің мәлімдеуінше аталған желі ауылдарды айтапаған күннің өзінде Астананың шағын аудандарында да тартылмаған. FTTН тех¬но¬ло¬гиясын қолданушылардың бар-жоғы еліміз бойынша статистикасы 147 975 або¬нен¬тті құрайды. Ал елімізде қазірдің өзінде 17 миллионнан астам қазақстандықтар бар екенін ескерсек, бұл сан теңіздегі тамшыдай ғанан болмақ.

Ауылдар қандай болуы керек

Ал 21 ғасыр ауылы расында қандай болуы керек? Бұл жүрегі ауыл деп соққан әрбір көкірегі ояу азаматтың көкейінде жүрген сұрақ.

Өткенде ауылға барып қайттым. Ауылым адам танымастай өзгеріпті. Жолдары айнадай жалтырап жатыр. Қос қапталда шоқтай болып жайқалған гүлдер мен ағаштар. Әп-сәтте ауылға да жеттік. Үйге кірместен бұрын қора жақты шолып шықпақ болдым.  Өз көзіме өзім сенбей қалдым. Аулада су бұрқақ атқылап тұр. Қораға барар жолдың екі жағына толықтай гүл егіліп тасталған. Қораға да кірдім. Күйіс қайырған сиырлар алаңсыз жатыр. Жем-шөптері өздері келіп, қилары өздігінінен төгіліп жатыр. Бұл қандай керемет болған дедім. Ояна келсем түсім екен. Ех-шіркін бізде де осындай қашан болар екен деп ойладым.

Шынымен ауылдағы жағдайды қалай түземек керек. 21 ғасыр тереземізден сығалап тұр. Ал біздегі ауыл жағдайын жоғарыда айтып кеттік.

Жандыбай Сламбеков, ауылдық жастар ұйымының мүшесі

Ең алдымен байланыс жолға қойылуы тиіс. Мәселен жоғарыда бір хабар айтылды делік. Сол хабар елдің бар аймағында бір-ақ сәтте таралып, барлық адам білуі тиіс. Бір жерде қауіпті мал ауруы шықса, басқа жақ соны бірден естіп соны пайдаға асыру керек. Қысқасы жоғарыдан төменге дейін жүйелілік болуы қажет. Еліміздегі мемлекеттік жүйе кәдімгі адамның мүшесіндей қызмет етуі қажет. Бастан шыққан хабар төмендегі табанға  дейін дереу жетуі тиіс. 

Ал Еуропа елдерінде жағдай мүлдем басқаша. Айтылған сөз 5 минут ішінде бүкіл елге тұтастай құлағдар болады. Тіпті, ауылдағы адамдардың өзі ғаламтор арқылы басқа да әлеуметтік желілермен жағдайды толық біле алады. Мәселен, дүние жүзіндегі дамыған елдерін шаң қаптырған Швеция, Финляндия және Норвегия елдерінде ауылдардың өзіндегі жағдай қаладан айырмасы қалмаған. Жолдары тақтайдай тегіс, ғаламторы жылдам, көлік қатынасы жолға қойылған. Ауылдағы шаруашылықтары толықтай автоматтандырылған. Тура біз көрген түс сияқты.

Иә. Ауылда өсіп жетілгендіктен алтын бесіктің тамыры әрқашан бүлкілдеп тұрғанын қалайсың. Бірақ. Түстегі көргеніміз өңімізде қашан болатыны әзірге белгісіз.

«Алаш айнасы» газеті

5 ПІКІРЛЕР

  1. Барын бирыншы 1 жумага келип турып кетиндершеи сосын коресындер ауыл кандаи екенын ауасы таза каладагындаи емес кошесы тыныш туны вапше тема гой

  2. қырсыз қазаққа не берсең де жақпайды деген рас шығар, өзіміз қиратамыз, ұрлаймыз, сатамыз, сосын үкіметке қол жайып отырғанымыз. әитпесе осы қазақ елінде қаншама жақсы совхоздар, ауылдар сақталып қалды.рас, үкімет бізді 90 жылдары жол айрықта тастап кетті, «капитализмнің қатал заңы-өздігінен күн көру» болғандықтан,социализм дәуірінен феодализмді аттап еш дайындықсыз «жекешеленіп» кету халыққа ауыр болды. енді сол «оптимизация» секілді бағдарлар ауыл, село, шағын қалалар үшін қиын болды,жұрт үдере көшіп» ақтабан шұбырындының» техникалық жобасын бастан өткердік. не істеу керек? егер еліміз құр мақтан атаққа құрған жоспарларына шектеу қойып, қаржыны үнемдеп ауылға көңіл аударса, мал өсірген, дән сепкен ел аш болмас еді.

  3. Білген адамға өркениеттің бастауы -ауылда! Себеі ауыл-арманның ордасы! Ауылда өскен бала барлық нәрсені көріп, қолымен ұстап, істеп өседі. Сорлы қала баласы ең болмағанда күннің шыққаны мен батқанын өмірі көрмей өтеді ғой. Жұлдыздар туралы тіпті не айтатынында білмеймін. Көзін ашса теледидар, компьютер, төсекке қыйсайса, планшет… Біздің билік ауылдың осы артықшылығын көп көріп, қазақ ұлты күшейіп кетеді деп қорыққанынан ауылдарды қолдан жою саясатын жүргізіп келеді. Қала шайтани тірліктің ордасы. Ұрлық, зорлық, жезөкшелік, тонау, өлтіру, алдау, арбау, сату және т.б. көптеген арамдық қалада болады.

  4. 21-ғасырдың ауылы қйраған қора,боқтығы үйілген көше,кәрі құртаң,көше кезіп арақ ішкен ауылда қалған бірді екілі жас,Техника мен малдың шулаған дауысын теледидардан ғана естисің құлаққа ұрғандай тыныштық,Иттеріде дала кезіп тышқан аулап кеткендей,Әр аулада мал бағатын бір -бір джип,мал жоғалса іздейтін вертолет,кіші самолет,Америкада оқып жүрген немересімен сөйлесіп отырған шал,Малдарының санына жете алмай санап тұрған жастар,Түстікті Алматының мейрамханасынан интернетпен тапсырыс беріп алғызып отырған жеңгейлер,

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз