Шерағаң былай депті…

3
1967

Қазақстанның халық жазушысы, заманымыздың заңғар тұлғасы Шерхан Мұртазаның ауызекі сөзге айтқыштығы, табан астында тауып сөйлейтіні біраз жұртқа белгілі.  Ел арасында «Шерағаң былай депті» дейтін әңгімелер аз емес. Ол  жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Ал біз бұл жолы өзіміз естіген, көзіміз көрген, ортасында болған сондай сәттердің бір парасын оқырман назарына ұсынғымыз келді.

Асанәліге айтылған тілек

Шерағаңның 80 жылдық тойының қарсаңы болатын. Қазақстан Халық әртісі, белгілі актер Асанәлі Әшімовтің күндіз облыстық драма театрда 75 жасқа толу мерекесі аталып өтті. Халық көп жиналған жиында халқы сүйген әртіске көп-көп қошемет жасалды.

Кешкісін есік алдында отыр едім, Шерағам далаға шықты да:

– Тез киін, Асанәлінің банкетіне барамыз, – деді. Атқосшыда жан қала ма? Бір киерімді үстіме іліп, әп-сәтте ағаның қасына келдім. Облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов та көлігімен келе қалды.

Тараздағы «Сәтті» мейрамханасының банкет залына кіріп келгенде:

– Міне, Шерағам да келді. Енді тойды бастайық, – деп Асекең ағасының алдынан аңқылдап шықты.

30-40 кісі жиналған шағын той басталып кетті. Әуелі сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев сөз алып, құттықтап, той иесіне темір тұлпардың кілтін тапсырды. Асекең рахметін айтып, облыс әкіміне «Асанәлі Әшімов қорының» сыйын ұсынып, төс белгісін кеудесіне тақты.

Салтанатты отырыс дүрілдеп жатты.

– Баш на баш, бір де бір, – деп той басқарушы, халық әртісі Есмұқан Обаев саңқ ете қалды.

Сөз кезегі төргі үстелде облыс әкімі, Асекеңнің өзі, өзге де сыйлы қонақтардың ортасында отырған Шерағаңа берілді. Өзімен өзі, терең ой үстінде отырған аға микрофонды әкелгенде селт ете қалды. Бірақ орнында отырып-ақ сөйлей берді.

Қаумалаған ел-жұртқа рахметін айтты. Құрмет көрсетіп жатқан облыс басшыларына ризашылық білдірді. Елдің болашағына, жастардың жарқын өміріне жақсылық тіледі, жұптасқан екі кісіге ізгі тілегін арнап, бәтуәлі батасын берді. Бірақ Асекеңнің аты аталып, мерейтойы жөнінде бір ауыз сөз болған жоқ. Қысқа қайырып барып, Шерағаң сөзін аяқтауға айналды.

Осы кезде бір үстел басында бірге отырған  сыншы Әлия Бөпежанова  дереу маған қарап, дегбірсіздене сөйледі:

– Ойбай, Дүйсенбек, Шерағаңа бар, Асекеңнің тойын есіне сал, шамасы, ұмытып барады-ау деймін, – деді.

Мен қонақтардың артқы жағымен барып, төрдегі үстелде енді микрофонды қойғалы жатқан Шерағаңның құлағына сыбырладым.

Шерағаң саспады. Асекеңнің мерейтойында отырғаны, соған арнап сөйлеуі керектігін есінен тарс шығарыпты. Бірақ ұмытшақтығы жеңіп отырса да, әйтеуір, ақ тілек, жылы лебіз білдіріп отырғанын енді ойлаған Шерағаң есін тез жиып ала қойды. Онысын тойдағылардың көпшілігі сезбей де қалды. Сөз одан ары жалғасын тапты.

Шерағаң саңқылдағын даусымен:

– Айтып отырған жоқпын ба, Асанәлі келінмен бірге бақытты болсын! Тойлары тойға ұласып, жас Асанәлілер көбейе берсін! – деп біраз екпінді тілегін үстемелетіп жіберді.

Жұрт дүрілдеп кетті, дуылдата қол соқты, қызу қошамет көрсетті. Асекең ризашылығын білдіріп, ағасының иығына шапан жапты, бетінен сүйді. Бағдат жеңгей Шерағаңның алдына имене келіп, иіліп сәлем жасады. Ал Шерағаң болса барлық құрметке лайық жан екенін өзі де сезді, жұртқа тәкаппар қарап, басын иіп алғысын білдірді.

«Халық қаһарманының» босауы

– Менің ұстаздарым көп болды. Әскери өмірде әр командир – бір тұлға. Бірақ  қасиетті, құдіретті Бауыржан аға Момышұлының орны бөлек. Ең басты ұстазым да – сол кісі. Ол кісіге табынғаным соншалық – күндіз көз алдымнан, түнде түсімнен кеткен емес. Бір топырақтан жаралғаннан ғана демейін, барша қазақтың патриоттық ерлік рухын паш етіп тұрған Баукең тұлғасы – менің бірден-бір пірімдей жүрегімде тұрады.

Парламентке депутат болғанда, алдымен Шерағаңның отырған жұмыс бөлмесін іздедім. Аудиториядағы орнын таптым. Ол – қазір менің орным. Депутаттардың бәрі де біледі. Шерағаңның ойын, идеясын жалғастыруға күш салып жүрмін. Бұл – ұлттың, қазақтың жайы екенін кім түсінбейді дейсің?

Генерал, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаевтың бізбен жүздескендегі бірінші сөзі осы еді. Шерағаңа барғанда, әскери тәртіппен тік тұрып, оң қолын шекесіне қойды. Ағасымен құшақтасып амандасты.

– Аға, Жамбыл жеріне аяғым тиісімен сізді іздедім, – деп Шерағаңды елжірей, еркелей сүйіп, бауырына кіре түсті.

– Айналайын, – деді Шерағаң. Бұл сөз ағаның жүрегін жарып, көкірегін қарс айырып шыққаны түр-тұлғасынан білініп тұрды. Шерағаңның қолдануында өте сирек кездесетін сөз осы жолы өте нәзік шығып, көңілді дір-дір сілкіндірді.

– Аға, сізден бата, әрі рұқсат сұрауға келдім, – деді Бақытжан Ертаев.

«Халық қаһарманы» 60 жасқа толар қуанышы алдында Шерағаның үйіне келді. Шерағаңның сексенінен бұрын жиын өткізудің реті келіпті. Соны меңзеп тұрғаны ғой. Оны қасындағы «Нұр Отан» ХДП облыстық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік және Жуалы ауданының бұрынғы әкімдері, қазір облыстық деңгейдегі басшылық қызметтерде жүрген Еркінбек Солтыбаев пен Мейірбек Пірәлиевтер қоштап отырды.

Шерағаң батыр інісіне ілтипат көрсетті, батасын тез әрі қысқа қайырды:

– Біздің қазақ «Шабан үйрек бұрын ұшады» дейтін еді. Мен шамасы, шабан үйрек шығар­мын, кештеу қимылдап жатырмын. Сен табан үйрек, аман үйрек бол, алдыға самғай ұш! Мен бұрынғы­лардың жолынан айнымаймын: «Тұлпар мін де, Ту ұста». Жолың болсын! – деді.

Ертаевтың жүрегі езіліп, көңілі босап кеткендей болды. Орнынан ұшып тұрып, тағы да ағасының бетінен сүйді. Қаһарман ұлдың осы бір әрекетінің астарында туған жерге, өскен елге, аға-бауыр, ел-жұртқа деген сарқылмас сағыныш жатқаны белгілі еді.

 

«Оқушы шалдар»

Шерағаңның Тараздағы билік басшылары сыйлаған кең, келбетті үйіндегі мол дастарқан басында мектепте бірге оқыған сыныптастары отыр.

– Мына кісілер бар, кешегі Қаратай Тұрысов ортамызда – бәріміз Жамбылдағы жалғыз қазақ орта мектебінің интернатында жатып, бір сыныпта оқыдық. 1950 жылы мектепті тауыстық. Кейін осы төртеуміз сол кездегі Одақтың басты-басты қалалары Мәскеу мен Ленинградтың білікті оқу орындарында оқып, тағы бірге жүрдік. Қаратай екеуміз, беріде Парламенттің партасында тағы ұзақ жылдар бойы қатар отырдық. Ал мыналардың жолы бөлек-бөлек болып кетті, – деп Шераға сөз бастады.

– Иә, солай, – деді Жамалбек аға, – мен қызмет жағдайымен еліміздің түрлі қалаларында жүрдім. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің  сарбазы қайда бармайды? Шәкеңмен бұдан отыз жыл бұрын, ал Әбекеңмен жиырма бес жыл бұрын жолықтым. Бірақ сырласып, ұзақ отыра алмадық. Бәріміз де ат үстіндегі адамдар  едік. Әйтеуір, сырттай хабар алысып, амандығымызды тілеп жүрдік қой.

Жамалбек Рахматуллаевтың қызмет ізі сан жерде қиыр-шиыр болып келіп, ақыры Ақтау қаласында мәресіне жетті. Ұзақ жылғы еңбектен соң осы қаладағы қауіпсіздік қызметінен зейнетке шықты. Сол жерге орнығып, тамырын жайып кеткен-ді. Сөйтіп, сонда тұрақтап қалды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немерелері, шөберелері бар, үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің отағасы атанды.

Құрдастары  Әбеке деп отырған – Әбдуәлі Данаев негізінен көп сөйлемейтін, бір тоға кісі екен. Бәкене бойлы, қағілез адам қағаздай жеп-жеңіл ме қалай, қимылы ширақ, әлгінде көлігін де өзі жүргізіп келді. Үстінде теміржол қызметкерінің формасы, жап-жаңа. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының облыстық басқармасынан зейнеткерлікке шықты. Басқарманың бастығы да болды, басқа да қызметтерді атқарды. Қазір де теміржол колледжінде білімгерлерге дәріс беріп жүр екен.

Сыныптастар кездесудің алғашқы күні өздері оқыған мектепке барды. «Жамбыл атындағы қазақ орта мектебі» деген жазу көзге ыстық көрінді. Көңілді босатты.

– Мектеп әлі де Жәкемнің атында екен ғой, – деді Жамалбек аға. Оған қарап:

–  Әй, ол неге өзгеруі тиіс, – деп Шерағаң оқыс шаңқ ете түсті.

Жанындағылар сасып қалды.

– Ата, сіздер немерелеріңіздің сыныбын іздеп жүрсіздер ме? – деп кезекші мұғалима алдарынан шықты.

– Біздің немерелеріміз жоғары сыныпта  оқиды. Бірақ біз өзіміз оқыған сыныпты іздеп жүрміз, – деп Әбекең жылы жауап қатты.

Жиналып тұрған мұғалімдер бәйек болды, оқушылар аң-таң күйде қарап тұр. «Мына үш шалдың есі сау ма?» деген сұрақ бар көздерінде.

Әрине, баяғы мектеп үйі өзгерген, жаңадан салынған. 70 жыл бұрын өздері оқыған оқу орны да бұл жерде емес еді. Ендігі ол тоқал тамнан із де қалмаған шығар. Жаңа мектеп үйі бір әсем ғимарат екен, іші-сырты жайнап тұр.

Кездейсоқ, еш ескертусіз, тосыннан келген қонақтарды мектеп басшылығы қуана қарсы алды.

– Біздер қонақ емеспіз, оқушылармыз. Жылы ұямызға қайта келіп тұрмыз, – деді Шерағаң.

Кездесу өтті. Естеліктер айтылды. Өткен жылдар ойға түсті. Көңілдер сан құбылды, көздер мұңайды, күлімдеді. Ақыры күліп, жадырап тарқасты «оқушы шалдар».

 «Жас қазақ» газеті

3 ПІКІРЛЕР

  1. Жер мәселесі парламентте талқыланғанда бірінші күні: Жер -Ана! Жерді сатқанымыз -Анамызды сатқанымыз! – деп ашынып арқырып сөйлеп, ертеңінде «Жер сатылсынды» құптап дауыс берген «ерлігі»; қазақ жерінің, Ислам Каримов ашық айтқандай және өзіміз де білетіндей, 70 пайызы шетелдік алпауыттар мен өзіміздік қалталы қорқауларға жем болып жатқанына қосқан «тарихи» үлесі де бар. Н. Назарбаевты Нұх пайғамбарға теңеген «тапқырлығын» қайтерсің! Халық үшін жақсы 10 сөз айтып, ол еңбегін кереғар 2-3 сөзбен шайып жіберетіні өкінішті-ақ! Алайда қолпаштағыштарда сын көз деген болмайды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз