Джордж Бушты өлтірмек болды

bush0202Нью-Йорк полициясы АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Бушты өлтірмек болған қарулы ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды lenta.ru CNN-ге сілтеме жасап. Бенджамин Смит 31 қаңтар күні Манхэттенде көлігінің ішінде отырған кезінде қолға түскен. Оның көлігінен қару, екі қорап оқ және семсер табылған. Ұстау кезінде Смит Буштың өзінен "құтылмайтындығын" айтып, айғайлаумен болған. Полицияның мәліметі бойынша, ұсталған азамат бұрынғы президенттің қызы Барбара Бушпен қосылу үшін оның әкесін өлтірмек болған. Смиттің ізіне түсуге оның шешесі көмектескен. Ол ұлының "Бушты өлтіремін" деген сипатта жазылған хатын тауып алған. "Маған айдаһарды өлтіру керек, сонда Барбара Буш мендік болады. Американың күні бітті. Обаманың да, бәрінің де күндері таусылды!", - деп жазылған аталмыш хатта. Ұлының жазбасын тауып алған анасы бірден полицияға үйінде тұрған қарудың жоғалып кеткенін, ұлының бір жаққа кетіп қалғанын хабарлайды. Смиттің отырған жері оның ұялы телефоны арқылы анықталды. Күдіктіні ұстауға бұрынғы мемлекет басшыларын қорғауға міндеттелген АҚШ-тың құпия қызметі қатысты. Айта кетейік, АҚШ-та қазіргі немесе бұрынғы президенттің атына қоқан-лоққы жасау қылмыс болып табылады.

Қазақпарат