Бұның қалай, Баха! Есіңді жиып, Ер қалпыңда қал!
2014 ж. 01 ақпан
4689
4
...Мен сені сонау 2004 жылы көріп едім, Баха! Сен ол кезде Карим акамызбен Өзбекстаннан қашқандай болып әзер жетіп, Азат Перуашевтің қолтығынан пана тауып жатыр едің... "Өзағаң" өзектен теуіп, әлемдік додаларға маңайлатпай қойғанда, бір кездері Азаттың да бапкері болған Карим ака сені атажұртыңа әкеліп, қазақтың қас батыры жасаймын деп жанталасқанын да білемін. Ол - Азаттың ғана емес, сенің де бапкерің еді ғой. Азекең "жылы-жұмсағын" сенің ғана аузыңа тосушы еді ғой... Тіпті, "Бақыттың тойын өзім жасап беремін" деп отырғанын да өз құлағыммен естіп едім. Алғашқы машинаңды да сол Перуаштың немересі алып бермеп пе еді? Тұратын жерің жоқ, партияның кеңсесіне түнеген күндеріңді қалай ұмытқаныңа таң болып отырмын. Сен үшін кеңсе астынан жаттығу залын да ашып тастап еді-ау, Азекең! Ол кезде сен Олимпиада чемпионы емес едің... Қазақстан құрамасына жолатпай, кеудеңнен итергендермен жаға жыртысқан да сол Азат еді ғой... Енді міне, қайдағы бір пәтер үшін бапкеріңмен соттасып жатырсың... Азат туралы да артық сөз айтыпсың. "Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанаттының" керін келтіріп жатқаның қалай?
...Көк туды желбіретіп, Карим ака армандаған қас батырға айналып елге оралғаның да есімде. Қазағың сені төбесіне көтеріп алды. Жерге түсірген жоқ. Өзіңді өзің жерге тастап жібердің... Келе салып Алматының әкімі үй бермеді деп дау бастадың... Оныңды да кешірдік. Ешкімге айтпаған тағы бір пендешілігіңді де мен кешіріп едім. Алматыға өзіңмен бірге шаршы алаңда атойлаған Қанат Іслам бауырымыз келіп, алдымен сені іздеген. Екі мемлекеттің атынан рингке шығып, қазағының намысын бермеген қос бауырдың туған жерде төс түйістіргенін біз де қалап едік. Мен саған осыны айтып қоңырау шалдым. "Не хочу видеть!" болды сенің жауабың... Батырдың бір "еркелігі" шығар дедім де қойдым, сол жолы... Сөйткен батырым "Қолдың кірі – дүниеге" ең қасиетті жандарын айырбастап жібереді деп ойлаған жоқпын, шынымен... Естіген елден ұят болды. Сен үшін өзбекке өгей болған Карим акадан ұят болды! Солай, Баха! Есіңді жиып, Ер қалпыңда қал!
Арман Сқабылұлы Тележурналист
http://kaz.tengrinews.kz