«Дәстүр» журналының жаңа саны жарыққа шықты.

Ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының жаңа 2014 жылғы бірінші саны жарыққа шықты. Республикалық «Дәстүр» журналының осы жаңа санында халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, наным-сенімдері төңірегінде сыр шерткен ойлы, ғылыми мақалалар, құнды пікірлер жарыққа шыққан.   dastur

Елбасымыздың  Мәңгілік Ел  идеясын қолдаймыз!

  Ұлттық этнографиялық  «Дәстүр» журналының оқырмандары! Жуырда мемлекет басшысы өткен жылғы жетістіктеріміз бен атқарылған жұмыстарды және мақсат-межелерді қазақтың қасиеті саналатын жеті саны аясында жан-жақты талдап берді. Шынында да жеті саны қазақ үшін қашаннан киелі де қасиетті боп саналған. Міне, Елбасы осы жеті санын мемлекетіміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жеті кезеңнен тұратынын жіліктеп талдап берді. Бірінші – Шекарамыздың беріктігі, көрші елдермен достық қатынаста болуымыз, екінші – Қазақстан халқының бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруі, үшінші – әдет-ғұрпымыз бен тілімізді дәріптеу, төртінші – индустриялды-инновациялық эко-номикамыздың дамуы, бесінші – ұлттық байлығымыз, алтыншы – мемлекетіміздің күш-қуатын бейнелейтін сәулетті Астанамыз және жетінші – бүкіл адамзат алдындағы жауапкершілігіміз бен бейбіт өмірді сақтауға арналған ұсыныс-тілектеріміз. Міне, осының барлығын Елбасымыз халыққа жан-жақты талдап жеткізді. Елбасымыздың  қаңтар айының он жетінші жұлдызындағы Қазақстан халқына Жолдауында ата дәстүрді сақтау мен жаңғырту төңірегінде талай міндеттер айтылды. Бұл жолғы Жолдаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды деп батыл айта аламыз. Мәңгілік Ел идеясы қазақ халқының қаншама ғасыр  аңсап келе жатқан арманына апаратын, мақсатына жеткізетін бірден-бір мәңгіліктің жолы. Елбасымыз өз Жолдауында Мәңгілік Ел болып қалу үшін бүгінгі заманға сай не істеу керектігін нақтылап айтып берді. «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді... Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы», – деп Елбасымыз бұл идеяның аса қажеттіліктен туындағанын ерекше атап өтті. Негізі қаланғанына төрт жылдан астам уақыт өткен республикалық «Дәстүр» журналы кезінде атақты этнограф Жағда Бабалықұлының ақ батасын алған басылым. Журнал бетінде 92 жасқа келіп өмірден озған ғұлама этнографпен болған сұхбат кезінде толық жарияланды. Бұл оқырмандар арасында жылы көзқарас, пікірталас тудырды. Республикалық этнографиялық «Дәстүр» журналының биылғы алғашқы саны тоғыз мың данамен жарыққа шыққалы отыр. Бұл біздің журналдың ел ішіндегі оқырмандарының саны жыл сайын артып келе жатқандығының нақты айғағы болса керек. Журнал өзінің атына сай халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын оқырманға жан-жақты насихаттап келеді. Ұлттық салтымызды жазып зерттеп жүрген ғалымдардың, зерттеушілердің, ақын-жазушылардың ой-пікірлері журналдың әр санында көрініс тауып отырды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың  ұлттық салт-дәстүрді  насихаттаудағы ерен еңбегін осы орайда айта кету ләзім. Өткен жылы әкімнің бастамасымен Шымкент қаласында  ұлттық «Наурыз» алаңы ашылды. Бір гектар жерді алып жатқан аумақта «Ауылым – алтын бесігім» атты барельефті сахна, «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші», тағы да басқа сәулеттік-декоративтік композициялар орнатылған. Алаңда тарихи өлкетану мұражайы, салт-дәстүр орталығы, этно-саябақ, қолөнершілер шеберханасы секілді тарихи-мәдени кешендер бой түзейтін болады. Алдағы уақытта олар бұл алаңның аумағын 50 гектарға дейін ұлғайтуды межелеп отыр. Міне, ұлттық дәстүрге деген шынайы қамқорлық осындай болса керек. Қамқорлық мәселесін сөз еткенде Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың да ұлттық дәстүрімізге деген ізгі ілтипаттарын, оң көзқарастарын айқын аңғаруға болады. Жылқы жылы «Дәстүрдің» оқырманы біздің редакция ұжымынан не күтеді? Сіздерді  қандай танымдық мақалалармен қуанта аламыз деген сұраққа келетін болсақ, биыл журналда бірқатар жаңа айдарлар ашылды. Сонымен қатар редакция ұжымы арасында да ішінара өзгерістер орын алды. Айталық, 2014 жылдың журналдың алғашқы санынан бастап «Салт-дәстүр жырларының антологиясы» деген  жаңа айдарды беруді бастаймыз. Алғашқы салт-дәстүр жыр топтамасы ұлы Абайдан бастау алып отыр. Бұл айдарды Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбек жүргізеді. Сондай-ақ, «Тұлға» айдарында қазақтың белгілі этнографтары туралы деректер мен дәйектер тұрақты беріліп тұратын  болады. Сонымен қатар алдағы уақытта «Дін және дәстүр», «Салт-дәстүр», «Кешегі мен бүгін», «Қолөнер – халық қазынасы», «Қолөнер», «Шеберхана», «Ойтүрткі», «Сырт көз», «Ырым-тыйымдар», «Дәстүрлі өнер», «Сауалнама», «Ұлттық тағам» – деген айдарлар да тұрақты беріліп тұратын болады. Журналымыздың шетелдегі өкілдері Түркия елінен Абдулуақап Қараның, Монғолиядан Байыт Қабанұлының, Қытайдан Ясин Құмарұлы мен Шәкен Бөкетайұлының, Өзбекстаннан Өміртай Байжанұлының    ұсыныстары мен пікірлерін үнемі ескеріп, олардың жолдаған мақалалары мен фотоларын  үзбей жариялап отыратын боламыз. Жасыратыны жоқ қазақтың ай аттары да әлі бір жүйеге түсті дей алмаймыз. Ай аттары еліміздің әр өлкесінде әртүрлі аталып жүр. «Біздің ай аты деп жүргеніміз жұлдыз аты. Жұлдызға қойған атты сол кездегі туған айға қоя саламызда ай аты деп ұғынамыз. Сол себепті кейде бұл пәлен ай деп таласамыз. Мысалы «Желтоқсан» жұлдызының он бесінде туған айды біріміз  «Қаңтар», екіншіміз «Ақпан» деп жатамыз. Менің ойымша біздің ескі ұғымда (ескі түрікте) ай аты болса керек. Бірақ ол ескі аттар не біржола ұмытылады, не жұлдыз аттарына араласып кетті-ау деймін. Осы айтылған ескі айлар туралы білетіндерің «Сарыарқаға» жазса екен...»  Ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы «Сарыарқа» газетінің 1918 жыл, 2-ші наурыз күнгі №5 санында жарияланған «Қазақта ай аты жоқ» деген мақаласында осындай келелі мәселені көтереді. Демек ай аттарын нақтылау арыдан келе жатқан мәселе екенін осыдан-ақ анық аңғарамыз. Біз «Дәстүр» журналында қазақша ай аттарына қатысты деректі-танымдық мақалалар беруді де үзбей қолға алғалы отырмыз. Заман өзгерді, өзге елдердің жат әдет-қылықтары біздің елімізге жан-жақтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тоқтаусыз келіп жатыр. Қай арнаны ашып қалсаң да, қай газет-журналды ақтарсаң да өзге тілде өзеуреген жат елдің саясаты мен салт-дәстүрлері. Олар жас ұрпақтың санасын қатты улауда. Қарап, төзіп отыра беруге болмайды. Сонда не істеу керек?  Әрине, бүкіл халық болып қарсы күресуіміз керек. Құрметті  «Дәстүр» журналының оқырмандары, республикамыздағы бірден-бір қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттайтын ұлттық этнографиялық журналға атсалысыңыздар. Журналдың сапалы шығуына, атына заты сай болуына Сіздердің көмектеріңіз аса қажет екендігін естеріңізден шығармаңыздар. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»  деп өсиет еткен. Бесік – ұлттық тәрбиенің негізі. Салтымыз мықты болса, халқымыз да мықты болмақ. Қасиетті қазақ елінің Рухы халықтың салт-дәстүрінде, наным-сенімінде, әдет-ғұрпында сақталған. Халқымыздың өмір сүруі де осы рухани байлықтарымыздың күш-қуатына байланысты. Елдің салт-дәстүрі әлсіресе, рухани орталықсыз, бағыт бағдарсыз қалатын болса, онда ол ел өз сипатынан бірте-бірте айрылып, жойылып кетуі де мүмкін. Осы қауіптен сақтану үшін халқымыздың барынша бай рухани қазынасы болып саналатын салт-дәстүрімізді берік ұстау болмақ. Қазақтың дәстүрлі салттары мен әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері қалай болса солай атүсті орындалмай оның байыбына терең бойлап, мәні мен мағынасын түйсінуді қажет етеді. Жан-жақтағы  күллі қазақты біріктіретін де осы дәстүрлеріміз. Тарих қойнауында көмескілене бастаған кейбір сал-дәстүрлерімізді қайта қалпына келтіру, жаңғырту, насихаттау – бүгінгі күнгі жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азаматтың ең басты парызы болуы керек. Еліміздің болашағы халықтың өткен өмірі мен басынан кешкен тарихымен астасып жатыр. Өткенге зер салмау жетістіктер мен кемшіліктерді зерделемеу болашақтың жарқын болуына көлеңке түсіретіні сөзсіз. Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асырудың бір жолы – ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап қана қоймай ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру болып табылса керек. Журналдың шағын ұжымының мақсаты – Атырау мен Алтай арасын алып жатқан халқымыздың әдет-ғұрпын шама-шарқы жеткенше басылым бетінде көрсетіп, оқырман назарына ұсыну. Біздіңше, біздің елде  әркім өз қолынан келетін нақты іспен, алаңсыз  айналысатын кез жетті. Біз оқырмандарымызды халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйымдары мен наным-сенімдерін  ел ішінен жинауға шақырамыз. Ол үшін өзіңіз жақсы білетін, ұмытыла бастаған  дәстүрімізді қағазға түсіріп, электрондық пошта арқылы бізге жолдасаңыздар болды. Біздің қазақта «елу жылда, ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Көз алдымызда қоғам өзгерді. Өмір жаңарды. Жаңа ғасырдың табалдырығынан тәуелсіз ел боп аттадық. Енді ел іргесін бекітіп,  рухты ұлттық идеялогиямен, жалтақтамай, батыл айналысатын мезгіл жетті. Біз сіздерден келген мақалаларды сұрыптап, әбден екшеп оқырманға ұсынамыз. Осылайша осынау баға жетпес құндылықтарымызды өзімізден кейінгі ұрпаққа аманаттап тапсыратын боламыз. Дәстүр – адамзат тіршілігінің басты категорияларының бірі. Дәстүр жоқ жерде ғұрып, ғұрып жоқ жерде тәртіп, мақсат және мүдде болмайтынын өмір көрсетіп отыр.  Елбасымыздың Мәңгілік Ел идеясының астарынан халқымыздың қаншама ғасырлар бойы берік ұстанған салт-дәстүріне деген шексіз құрметті анық аңғардық. Сондықтан этнографиялық «Дәстүр» журналының ұжымы Елбасымыздың Мәңгілік Ел идеясын толық қолдайды. Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын,  «Дәстүр» журналының бас редакторы www.qazaquni.kz