Өлім аузында жатқан ресейлік әнші қазақстандық дәрігерлерден көмек сұрамаған

Жанна_ФрискеВладимир Борисович қызын емдету үшін өзінің қазақстандық дәрігерлерге жүгінгені туралы ақпаратты теріске шығарды, деп жазады BNews.kz "Комсомольская правда" газетіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, кеше Астанадағы брифингте Ұлттық медициналық холдингтің дәрігерлері Фрискеге тек отандық дәрігерлер ғана көмектесе алатынын жария еткен болатын. "Бізге Жанна Фрискенің туысқандары хабарласты. Олар бізде әзірленген технологиялар бойынша емдеу мүмкіндігін талқылауды өтінді. Бүгін Жаннаның әкесі Владимир Фрискемен сөйлестім. Біз науқас жағдайының ауырлығына байланысты ем қалай қонатынын білмейміз. Өйткені, сырқаттың жағдайы өте ауыр, өлім аузында жатыр. Біз олар науқасты әкеле алса, қолымыздан келгенді жасауға дайынбыз. Барлығы оның қазіргі жағдайына байланысты болады", - деген еді холдингтің басқарма төрағасы Әлібек Кеннет. Ақпараттың растығына көз жеткізу үшін ресейлік басылымның тілшілері Владимир Борисовичтің өзіне қоңырау шалып, "Жаннаны емдету үшін қазақстандық дәрігерлерге жүгінгеніңіз рас па?" деп сұрапты. Ал ол: "Мен ешкімнен ештеңе сұрамаймын! Бұл шындыққа жанаспайды!", - деп жауап қайтарған. Шағын сұхбаттың аудио жазбасы басылым сайтына орналастырылыпты. Ұлттық медициналық холдингінің төрағасы Әлібек Кеннет ресейлік әнші Жанна Фрискені Қазақстанда емдеу жөнінде түсініктеме берді. Әлібек Кеннет сөзін "белгілі әншіні емдейміз дегеніміз құр сөз емес, өзімізді жарнамалау да емес" деуден бастады. "Біз өз тарапымыздан қолдау көрсететіндігімізді, қолымызда бар технологиямен көмектесуге даяр екенімізді жеткіздік. Иә, Жаннаның әкесі Владимир Фриске бізге бір емес бірнеше рет хабарласты", - деді Әлібек Кеннет. Холдинг төрағасы әншінің әкесінің тілшілерге хабарласпадым дегенін түсінуге болатынын айтты. Бес баланың әкесі ретінде оны түсінетінін жеткізді. Дәрігер маман Адам бауыр еті баласы қиналғанда, кез келген мүмкін деген көмекті қабылдауға даяр тұратынын және Фрискенің әкесі қазақстандық дәрігерлердің көмегін құр пиар деп түсініп қалғанын да баяндады.

Кеннеттің айтуынша, Жанна Фрискеге алдын қойылған геобластома диагнозы расталмаған. Ал, ісікті емдеуде отандық дәрігерлердің өзіндік әдісі бар екен.

"Қатерлі ісікті емдеуде алдымен ісікті өлтіру көзделеді. Ол үшін түрлді химиялық препараттар, терапиялар қолданып жүрміз. Бұл адамның онсыз да әлсіз иммундық жүйесін өлтіруі мүмкін. Сау жасушаларды зақымдайды. Біздің ұсынып отырған әдісіміз этиопатогенетикалық әдіс деп аталады", - деді Әлібек Кеннет. Мамандар бұл тәсіл арқылы алдымен ісіктің пайда болу себептерін іздейді. Ол үш факторға байланысты болуы мүмкін. Бірінші, созылмалы аурулар: бактерия, паразиттер; екінші зат алмасу процесінің өзгеруі - диабет; үшіншісі - иммундық жүйенінің жұмысын төмендететін жағдайлар екен. Дәрігерлер алдымен осы себептерді жоюға талпынады. "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі таңда бас-ми ісігі бөлімінде отыз бір науқас емделіп жатыр. Бүгінге дейін мұнда сексенге жуық адам емделіп, дәрігерлер оның алпыс пайызының өмір сүру уақытын ұзарта алған. Отандық онкологтардың ұстанып отырған әдісіне шетелдік мамандар да қызығушылық білдіріпті.

bnews.kz