«Мұз дәуірі басталды!»

0
2866

20120210092303Бұрынғы тергеуші, бүгінгі адвокат Рұстам Тоққожа өзіне жасалған әділетсіздікке шағымданып, «Егемен Қазақстан» редакциясына хат жолдаған екен. Газеттің жазуынша, 2013 жылдың 1 тамызында Р. Тоққожа соттасушы тараптың өкілі ретінде Алматы қаласы, Бостандық аудандық сотында өткен азаматтық іске қатысады. Бұл іс бойынша оның оппоненті – Хамедов Абильфас Муслимович болатын. Сот процесі аяқталған соң оған қатысушылар ғимараттан сыртқа шығады. Ғимарат алдында Хамедов жанында оққағары және азаматтық іс бойынша өкілі Н. Вейсаловпен бірге Рұстам Тоққожаға келіп, қолынан жұлқылап, шетке шығарып әңгімелеспекші болады. Оған келіспеген Р. Тоққожаны үшеуі жабылып соққының астына алады. Сөйтіп Р. Тоққожа ауруханаға түседі. Онда орта деңгейдегі жарақат алды деген сот-медициналық сараптамамен ол 21 күн емделіп шығады. Ауруханадан шығысымен Хамедовті сотқа береді. Алайда оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, әлі күнге дейін өз деңгейінде жүргізілмей келеді. Хамедов тергеушілерге әртүрлі сылтау айтып, жалған куә беріп, әлі күнге дейін өз кінәсін мойындамай келе жатқан көрінеді. Құзырлы органдардың да бұл істің ақ-қарасын анықтауға құлқы жоқ тәрізді. Осы жағдайға байланысты ашынған бұрынғы тергеуші, бүгінгі адвокат Рұстам Тоққожа газет редакциясына хабарласқан екен.

Аталған мәселе бойынша проблемалық мақала жазған басылым «егер заңгердің өзі құқығы мен мүддесін қорғай алмаса, егер заңгердің өзі әділеттілікке қол жеткізе алмаса, басқа қарапайым жұрт қайтпек?», дейді. Мақала «Астамшылық» деген тақырыппен беріліп отыр.

 Сондай-ақ, «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Елбасы жолы» киноэпопеясына қатысты көрермендер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындылары жарияланды. Басылым келтірген мәліметтер бойынша, фильмді кинотеатрдан, теледидардан, интернеттен көрген адамдар арасында жүргізілген сауалнама бойынша респонденттердің 95 пайызы киноэпопеяны Қазақстан кинемотографы тарихындағы үздік фильмдердің бірі деп атапты. Ал көрермендердің 93 пайызы сценарий мен қойылымның жоғары көркемдік деңгейін атап өткен.

Сонымен қатар, киноэпопеяны көргендердің 40 пайызы 30 жасқа дейінгі, тағы 40 пайызы 30-50 жас аралығындағы, ал 20 пайызы 50 жастан асқан көрермендер болған.

 ***

Метеорологтар «Жер планетасы кіші мұзды кезеңге кірді, ал оның артынан динозаврларды қырған үлкен мұзды кезең болуы мүмкін» деген болжам айтып, дабыл қағуда. Ғалымдардың ақырзаманды төндірген сұмдық болжамдарына қарап адамның денесі тітіркенеді. Бұл туралы «Айқын» газеті «Мұз дәуірі басталды!» деген мақаласында жазып отыр.

Басылымның мәліметінше, жапон ғалымы Мототака Накамура жақында жариялаған зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, таяу жылдарда әлем «Мұзды кезең» мультфильмі авторлары суреттегендей жағдайға келеді екен. Бір-екі жылдың ішінде кезекті жылу циклы және Жердің климаты күрт өзгеріп, планетамызға қатты суық түседі. Накамура бұл саланы 1957 жылдан бастап зерттеп жүрген көрінеді. Оның болжамын басқа ғалымдар да растап отыр. Ең бастысы – жылудан суыққа ауысу өте жылдам болатындығында. Жұмсақ климаттың тез өзгеретіні соншалықты, жапырақты ағаштар өсіп тұрған орманның ондаған жылдардың ішінде қылқан жапырақты орманға айналғаны туралы ғылыми деректер бар. Суықтың қалай жылдам түсетіндігі де белгілі. Оның себептерін кейбір ғалымдар Күн көзіндегі процестермен байланыстырса, екіншілері ғарыштан келіп, Күннің көзін жауып тастайтын газ тәрізді бұлттардың пайда болуынан дейді. Қалай десе де планетамыздың қатты жылынуынан гөрі күрт суыту тез болатындығы шындық.

Мұз дәуірінің алғышарттары қазірдің өзінде байқалып жатыр, еқашан қатып көрмеген Қара теңіздің бетін мұз жапты. Одан кейін көгілдір Дунай, тіпті Венецияның каналдарын мұз құрсаған кезде Еуропаны қатты үрей басты. Мұндай аномалияның себебі неде және біздің планета үшін қандай қауіп төндіреді, деген сұрақтарға жауап табу үшін әлемдік ғалымдар тер төгіп жатыр. Метеорологтар өздерінің әдістерімен, табиғаттанушылар мен физиктер өздерінше зерттеулер жасап, бірінен бірі өтетін әртүрлі, сұмдық болжамдар айтуда.

  Алматылық зерттеуші-ғалымдар адам ағзасын анағұрлым жасартып, ғұмырын ұзартатын дәрумен тапты. Оның авторы – Қазақ өсімдік қорғау және карантиндеу ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Абай Сағитов. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Адам сергітетін саңырауқұлақ»атты мақалада жазылды.

Басылымның атап өтуінше, бір қуаныштысы, қазақстандық ғалым тапқан жаңалықты әлем ғалымдары «ғасыр жаңалығына» балап отыр. Сөйтсек, бұл жаңалық Іле Алатауының шынар биік қойнауынан табылған кордицепс саңырауқұлағына байланысты екен.

Адам ғұмырын ұзартатын кордицепс саңырауқұлағының ХХІ ғасырда өзге мемлекетте емес – тәуелсіз Қазақ елінде табылуы және қазақ ғалымы оның авторы екендігі мақтанатындай жағдай. Өйткені қазақстандық ғалымның баға жетпес жаңалығы қазірдің өзінде алты құрлықтың барша ғалымдарының назарын өзіне аударуда.

Кордицепстің ерекшелігін ежелден білетін, бірақ қолдарына түсіре алмай жүрген әлемнің әр шалғайындағы мүйізі қарағайдай биолог-ғалымдарды айтпағанның өзінде, Американың, Германияның, Польшаның, Оңтүстік Кореяның, Қытайдың әлемге танымал шетелдік ғылыми-зерттеу институттары қазірдің өзінде Абай Оразұлы басқаратын мекемемен тығыз қарым-қатынас орнатуға сәт сайын ұсыныс білдіруде. Сонда бұл саңырауқұлақтың кереметтігі неде? Дерек-дәйек: Кордицепсті шығыстың тамаша ғұламасы Конфуций де тиімді пайдаланған. Тіпті жеке гаремдерінде бір мың, екі мыңға жуық тұтқын қыз-келіншектерді ұстаған Қытай императорлары да өз заманында саңырауқұлақтың осы түрін қолданған екен. Олар өздерінің күнделікті ас мәзірінде кордицепс саңырауқұлағы қосылған тағамдарды арнайы дайындатқан. Мұның себебі, кордицепстің айрықша қасиеті ол адамның жігіттік қарым-қабілетін анағұрлым күшейтеді. Ең бастысы, кордицепс саңырауқұлағын «тілін тауып» пайдаланған адамның кем дегенде 150 жыл жасайтындығын қазақстандық ғалымдар дәлелдеп отыр.

Әбу-Асқар Мекешұлы, Қазақпарат

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз