Алматы маңындағы "Скат" ұшағының апатқа ұшырағанына жыл толды

memorialКөкшетаудан ұшып шыққан CRJ-200 ұшағы былтыр әуежайға бірнеше шақырым жетпей құлаған болатын. Жолаушылар мен экпиаж мүшелері түгел қаза тапқан еді.

Сол апат орнында марқұмдардың есімдері қашалған ескерткіш тақта ашылып, ағайын-туыс еске алу шарасын өткізді, деп хабарлайды КТКарнасы.

Ал әуе апатының себептері жыл өтсе де әлі айтылмай келеді. 21 адамның өмірін жалмаған әуе апатына тура бір жыл толып отыр.

Сол "Көкшетау-Алматы" рейсінің бортында болған азаматтардың туыстары жер-жерде марқұмдарды еске алу шараларын өткізуде. Қара жамылған отбасылардың бірі  - шымкенттік Асфандияровтар жанұясы. Олар CRJ-200 ұшағының бортында стюардесса қызметін атқарған қыздары Динаға құран бағыштады.

"Өте ауыр жыл болды. Қолдан келер қайран жоқ. Жер бауырлап жатсақ та енді оның қайтып келмесі анық", - дейді Динаның анасы Рита Асфандиярова.

Естеріңізге салсақ, әуе апаты Алматы іргесіндегі Қызылту ауылының маңында орын алған. "SCAT" әуе компаниясына тиесілі "Challenger" қалың тұманда әуежайға санаулы шақырым жетпей құлаған-ды.

2013 жылдың 29 қаңтарында Алматы әуежай маңында қалың қар жауып, қою тұман басқандықтан айналаны көру мүмкін болмады. Дәл сол уақытта Көкшетауда көкке көтерілген CRJ-200 ұшағы сайға құлаған. Арада бір жыл уақыт өткенде оның қалдықтары түгел жинастырылды, ал апат жайлы марқұмдардың құрметіне орнатылған ескерткіш белгі береді.

Тасқа экипаждың бес мүшесі және 16 жолаушының аты қашалып жазылған.

Ескерткішті "SCAT" компаниясы қойғанын айта кетейік. Тек қазақшаға қашанда шорқақ олар мемлекеттік тілдегі жазуда тағы қате жіберіпті.

Тақтайшаға әуе апатында жарынан, баласынан айырылған жандар гүл шоқтарын қойып, марқұмдарды еске алды.

"Інімнің үйі осы жерде. Үш-ақ шақырым жерде. Үйдің жанына келіп құлады ғой. Өзі Алматыда тұрады, әкесі Көкшетауда істейтін. Әкеме "барып келемін деп кеткен, Омбыда атасы болатын. Қоштасқандай болды, туыстардың барлығына барып", - деп мұңайды А.Хұсаиновтың әпкесі Айман Хұсаинова.

Апаттан бері бір жыл өтсе де құзырлы орындар қайғылы оқиғаның болу себебін әлі аша алар емес, қара жәшіктің қорытындысы да әлі күнге дейін жарияланбаған.

Ал "SCAT" компаниясының басшылығы әлі күнге дейін жауапкершілікті түсіне қоймаған тәрізді. Қаралы жиында күліп сөйлесе, кейін тілшілерге "шақырусыз келдіңдер" деп дүрсе қойды.

"Не айтам мен? PR- бөліміне тапсырма берейін солар сұхбат беріп сұрақтарыңызға жауап берсін. Менің қазір көңіл-күйім жоқ.Оның үстіне сіздерді ешкім мұнда шақырған жоқ қой", - деді "SCAT" әуе компаниясының президенті Владимир Денисов.

Осы күнге дейін зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Мәскеуге жіберілген қара жәшіктің қорытындысы шықпағаны марқұмдардың туыстарын алаңдатып отыр.