Қазақ елі ақын Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды

85c30ca01978e4d9e32e66966413c01aАқын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова қаңтардың 23 күні 75-ке қараған шағында дүниеден өтті. Бүгін аяулы қызымен қош айтысып, ақтық сапарға шығарып салуға халық көп жиналды. Билік басында жүрген азаматтар, депутаттар, ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақынның замандастары мен үзеңгілес достары орны толмас қайғыға ортақтасты. «Біз бүгін қазақтың ұлы ақыны, қайсар рухты қайраткер қызы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза апамызды соңғы сапарға шығарып салуға жиналып отырмыз. Фариза апамыз туған елінің азаттық алғанын көрді, тәуелсіздікті нығайтуға өршіл рухымен үлкен үлесін қосты. Мінеки, сондықтан Елбасымыз елдің бәрінен бұрын апамыздың туған-туысқандарына, бүкіл қазақ халқына өзінің көңіл айтуын жолдады», - деген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Мемлекет басшысының хатын оқып берді. «Халқымыздың аяулы да, ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңа ортақтасып, көңіл айтамын. Фариза Оңғарсынқызы ұлттық поэзиямызға өзгеше леп әкелген ерекше дарын иесі еді. Оның талантынан туындаған нәзік те отты жырлар әрдайым халқымыздың жан жүрегін еріксіз баурап алатын. Ақын өлеңдерінен оның өзіне тән өр мінезі, өршіл рухы, адам жанының терең қалтарыстарына жіті үңіліп, соны, таң қалдырарлықтай шеберлікпен аша білетін қуатты талант тегеуіріні айқын сезіліп тұратын. Сондықтан да, Қазақстан халқы ақиық ақын, тамаша журналист, көрнекті қайраткер қызын ерекше қадірледі. Оның қоғамға сіңірген еңбегі тәуелсіз еліміздің жоғары мемлекеттік наградаларымен атап өтілді. Халқымыздың өзіне көрсеткен зор сенімінің арқасында ол ел Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ақынның есімі ұмытылмайды, оның шығармалары әрдайым халқымызбен бірге жасай береді деп сенемін. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәнатта болғай», - деген Қазақстан Президенті. Қаралы жиында сөз алғандар Фариза ақынның ел, қоғам дамуына қосқан үлесін, қазақ поэзиясында қалдырған ізімен қатар, оның адамгершілік келбетін де ерекше атап өтті. «Бүгін Алтайдан Атырауға дейін аза тұтқан, барша алаш қайғы жұтқан қаралы күн. Орны толмас қасірет. Ұлтымыздың ұлы ақыны, халықтың музасы, қазақтың Фаризасымен мәңгілікке қоштасып тұрмыз. Тірі күнінде-ақ аңызға айналған атын қалдырып, өзімен үлкен жүрегін алып кетті. Қалың жұртына ақ тілегін тастап, сол жұрты үшін қайғысын жастанып кетті», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. «Ғибратты ғұмырында поэзияның падишасы атанып, әділ сөзімен де, ақмаңдай жүзімен де, бал таңдай жырымен де қазақ поэзиясының нұры, халқының батыр мінезді қызы екенін дәлелдеп өтті. Тахауи Ахтанов ағамыз айтқандай, қыз да болса, ер азаматтың жүгін көтерген бүгінгі заманның Махамбеті болып өтті. Фариза ақын үшін туған елдің рухани тірегі мен талғамды тілегі қымбат еді. Егемен еліміздің өсіп- өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі де, қарымды күресі баршамыздың көз алдымызда», - деген тебіреністі сөзін жеткізді ол. «Өз басым ел өміріне араласып жүрген азамат ретінде де, Фариза апамыздың жанына жақын інісі ретінде де, ол кісінің шапағатына ерекше бөленіп, мейірімін көп көрдім. Сондықтан да Фариза Оңғарсынқызының қоғамды жори білетін, адамды тани білетін ерекше бір қасиетін айтқым келеді.Ол аналық абзалдығы мен ерекше өзіне ғана тән абыздығы. Міне, кәусардың көзі әулие десе, ақынның өзі әулие. Олай болса, Фариза Оңғарсынқызы ел есінде, ұрпақтардың жадында алып ақын ретінде де, рухымызды дүр сілкіндірген ұлылардың санатында тарлан тарихымыздың қанатында тұрған тұлға ретінде мәңгі сақталады», - деді И.Тасмағамбетов. Фариза Оңғарсынованың қызметтес болған әріптестері оның қайтпас қайсар рухты сөздерімен де, қайраткер ретінде де, Парламенттің депутаты ретінде де ел есінде қалатынын айтты. Фариза ақынмен қоштасуға еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері арнайы ат терлетіп келген. Ал оның туған жері Атырау өңірінен жүзге жуық адам қаралы жиынға қатысты. «Тек өзіне ғана лайық ерекше қасиеттерімен өмір сүрген Фариза апамыз біз үшін, ағайындар үшін аса биік ақылшымыз, қамқоршымыз еді. Бүгінгі қаралы күнге еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым, белгілі адамдар, жанашырлар, ағайындар келіп отыр. Астана қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан апамызбен қоштасу рәсіміне келіп отырған баршаңызға ағайындар атынан ризашылығымызды білдіреміз. Қадамдарыңызды сауапқа жазсын», - деді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. 0bbe715697d8fb832bab3acbd7488cee 5bab422fb3dd0012c5f40b5882e7b623 7bccf3dad11c44d8873b9f5bc9002808 464ac9cf9bb87a4686eb98a3c66e1001 659f59c9c9a0208bb92b88277fd69d49 be95c46bdde6e4f3bc55d12d6bd88a36 d900e55a672308ec8f8552c5cc801258 Өзі кеткенімен, поэзия падишасының жарқын бейнесі мен інжу жырлары халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Аяулы ақын қызын Алаш жұрты ешқашан ұмытпақ емес.
Айымгүл ӘБІЛЕВА, суреттерді Бауыржан ЖУАСБАЕВ түсірген
bnews.kz