Астанада Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтуде

fariza_onhgharsynovaДәл қазір қазақ халқы өзінің аяулы ақыны, қайраткер қызы Фариза Оңғарсыновамен қоштасып жатыр. Қазақтың ұлттық поэзиясына өзіндік өзгеше леп әкеліп, ерекше дарын иесі екендігін барша өнер сүйер қауымға мойындата білген Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салуға ҚР Премьер-Министрi Серiк Ахметов, ҚР Парламентi Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдiхалықова, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Нұртай Әбіқаев, Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламентi депутаттары, елiмiздiң көрнектi мәдениет және өнер қайраткерлерi, жазушылар, ақындар және мыңға тарта елорда жұрты келдi. 75 жасына қараған шағында аяулы ақын апамыз - қоғам қайраткері, халқының ардақтысы Фариза Оңғарсынова бұл өмірден озды. Фариза Оңғарсынова сегіз қырлы өткір сөзін ақыл адырнасымен құлаштай тартып, әрбір ойын желге қарсы ұшқан жебедей кісінетіп айтатын, сезімін тұманнан тұнған тамшыдайын мөлдіретіп сөйлететін Ақын еді. Фариза мәңгі қазақтың жүрегінде, қазақ қанша мәңгі жасаса, қазақтың Фаризасы да мәңгі жасайды.

Қазақпарат