Бауыржан НӨГЕРБЕК, кинотанушы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «кинотану» шеберханасының жетекшісі: БІЗДЕ жанбай жатып сөнетін «ЖҰЛДЫЗДАР » КӨП…

3
4026

АВТОРЛЫҚ  КИНОДАН  АЙЫРЫЛЫП  БАРА ЖАТЫРМЫЗ…

 

Бауыржан аға, әңгімемізді өнер саласына келуіңізден бастасақ…

– Әрине, өнер саласына жүрек қалауымен келдім. Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітіріп алғашқы еңбек жолын «Қазақфильм» киностудиясында мультипликация цехының редакторы болудан бастадым.

          1993 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының кинотану мамандығы бойынша ең алғашқа қазақ тобын қабылдап, кәсіби мамандар даярлауға кірісіп кеттім. Сөйтіп, оқу орнында «Кино және телевизия», «Өнертану» сынды факультеттерді ашуға атсалыстым.

Кино саласының қазіргі даму деңгейі көңіліңізден шыға ма?

-Қазір не көп түсіріліп жатқан кино көп. Кинода ұлттық нақышы, бедері бар сюжеттер болса ғана оны өнер туындысы деп атауымызға болады. Бүгінгі таңда кино саласының екі бағыты айқындалуда. Біріншіден кәсіби деңгейі жағынан жоғары, екінші ұлттық дүниетанымдық негізінде түсірілген фильмдер. Дегенмен, қәзіргі заманда кино түсіру мәселесі – қаражатқа, ал мазмұны мен мәні – киногерлердің шеберлігіне байланысты шешілуде. Қазақ кинематография жүйесі толық қалыптасты деп айту әлі ертерек. Өйткені Қазақстанда кинопрокат мәселелері толық шешіле қойған жоқ. Кино – үлкен насихат құралы. Сондықтан ол мемлекет тарапынан әрдайым қолдау табуы тиіс.

            Осы орайда қазақ киносының даму деңгейі бізді алаңдататыны рас. Бүгінде Қазақстан кинематографистер одағы дәрменсіз жағдайда. «Қазақфильм» базасында кино түсіру тым қымбат. Шетелде түсірілген фильмдерді прокаттау құқығы шетелдік продюсерлердің қолында. Дарынды жас режиссерлеріміз қаржы тапшылығынан өздерінің жаңа жобаларын іске асыра алмай, шарқ ұруда. Бүгінгі күні жеке адамның игіліне айналған кинотеатрлар еркін өмір сүру үндестігіне толы бейтарап фильмдер көрсетуді үдетіп келеді. Батыс киносы санамызды жаулап алды. Бұл бүгінгі жастардың түсінік танымына кері әсерін тигізуде. Киноларымыздың қатарын арзан контрабандалық жолмен келген бейнетаспалар толықтыруда. Кино прокатан түсетін табыс мемлекетке емес, жекелеген адамдардың қалтасына түсуде. Біртіндеп авторлық кинодан айырылып бара жатырмыз. Шетелдік продюссерлердің қазақ режиссерлерін қақпанға түсіру жолында «тер төгіп» келе жатқаны көрініп тұр. Қазақ киносының даму деңгейі жоғары деп айта алмаймыз. Өйткені бұл салада әлі шешімін таппаған проблемалар баршылық.

           Осы тұрғыда бұл үшін не істеу керек? Сіз не істеп жатырсыз? – деген сұрақтар туатыны сөзсіз. Сондықтан, жауап бере кетейін. Кино саласы дамудың даңғыл жолына түсу үшін біздің мамандарымыз теориялық тұрғыдан мықты қарулануы тиіс. Осы мәселеге зер салып жүрген жайым бар. Еліміздің тарихи тағдырын, дүниетанымын, табиғи құбылысын фольклорлық мұрамыздан іздеуге болатыны белгілі. Осы игілікті істі кино өнерімен сабақтастыра білгеніміз жөн. Өзім осы тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. 1989 жылы Мәскеу қаласында «Қазақ анимациясында фольклор дәстүрлерінің дамуы» атты тақырыпта ғылыми кандидаттық диссертация қорғауымның өзі осы сөзіме дәлел болса керек. Сонымен  қатар, жақында «Қазақ көркемсуретті киносындағы экрандық-фольклорлық дәстүр» атты кітабым жарыққа шықты. Бәрін тізбектемей-ақ қояйын, осы сияқты еңбектерім кино саласының дамуына үлкен болмаса  да, азын-аулақ қосылған үлес шығар деген ойдамын.

 

«Келін» – керемет жетістік емес…

 

Бауыржан аға, соңғы кезде қазақ режиссерлері неге қазақтың қызын арсыз, ұятсыз етіп көрсетуді үдетіп жіберді? Мысалға, «Келін», «Махаббат тәлкегі» («Ирония любви»), Аманжол Айтуаровтың «Дала экспресінде» қазақтың қызы француздың, «Астана менің махаббатымда» түріктің қолжаулығы. Жжалпы, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ммұның мәнісін қалай түсінсек екен? Айналып келгенде, осындай мәселелердің барлығы кино саласында қордаланып қалған мәселелердің көптігін көрсетпей ме?

    – Мүмкін. Сіз атаған кинолардың бәріне емес, атышулы «Келінге» тоқталып көрелік. Халықты фильмнің аты шатастырып  жатыр. Көрермен бұл фильмді «қазақтың келіні туралы түсірілген» деп ойлап жүр. Ал, енді түсініп қараған адамға ондағы болып жатқан оқиғалар баяғы бір заманда болғаны анық. Бірақ, оқиғаның қай елде, қай жерде өтіп жатқаны белгісіз. Негізінен бұл фәлсафалық жанрда түсірілген фильм. Бір жағынан фестивальдарға арналып түсірілген фильм деуімізге болады. «Келіннің» жарнамасы жақсы болды. Құдды бір жанрлық фильм сияқты жарнама жасалды. Бірақ, көрерменнің көңілінен шықпады.

          Үңіліп қарасақ, фильм ана туралы. Басты кейіпкер шын мәнінде келін емес, ана болуы керек. «Келін» фильмін керемет жетістік деп айтуға келмейді. Бірақ, әжептеуір фильм. Режиссерлық  жұмыс ретінде қарастырар болсақ, фильмнің деңгейі өте жақсы.

           Мәселен, «Қайрат девственник  №1» фильмі жекеменшік студияда түсірілген фильм. Мұның өзі жаһандану заманында  коммерциялық киноның кең етек жайып келе жатқандығының көрінісі.

           Бүгінгідей нарық заманында  киноны көбіне тауар ретінде қарастырамыз. Бірақ, біз, ең әуелі өзімізге қандай кино қажет екенін айқындап алуымыз керек. Сол кезде қандай киноны қаржыландыру керек екені де шешіледі. Біздің елімізде кино саласы дамудың даңғыл жолына түсу үшін, ең бірінші кино туралы арнайы заң керек. Не үшін? Ұлттық келбетімізді көрсететін ұлттық киноларды көптеп жарыққа шығару үшін, сонымен қатар, осы уақытқа дейін түсірілген туындыларды сараптау үшін. Және де кино саласын қаржыландыру мәселесін шешу үшін.

            Мысалы, Мысырда бюджеттік қаржы тек ғана балаларға арналған фильмдер мен деректі фильмдерге бөлінеді екен. Деректі фильм бір елдің өткен тарихы болса, ал, балаларға арналған фильм арқылы келешек  ұрпақты тәрбиелеуге болады.

           Өкінішке қарай, бізде кино өндіріс ретінде жүйелі түрде қарастырылмаған. Біз әлі күнге дейін сол баяғы Кеңес дәуірінен келе жатқан принцптермен өмір сүреміз. Бір фильмді түсіреміз де оны Алматыдағы және Астанадағы кинотеатрларда шенеуніктер мен журналистерге бір рет көрсетеміз. Одан кейін ол қалып кетеді. Яғни, бізде, киноны көрерменге  жеткізу жағы қарастырылмаған. Осыдан барып көрерменнің ойында «жақсы жарнама жасалған фильмдерді тек ғана «Қазақфильм» түсіреді» деген жаңсақ пікір қалыптасады. Бұрындары киноның продюсері үкімет болғандықтан, қаржы қажетінше бөлінетін. Сондай-ақ, әрбір киноның өзіндік идеологиялық мақсаты бар-тын. Фильмдер арнайы тақырыптар бойынша, тапсырыспен де түсіріліп отырған. Қазір мұндай дәстүр жоқтың қасы.

           Бізде фильмдер тапсырыспен  белгілі тұлғалардың мерейтойына  байланысты ғана түсіріледі. Мәселен – «Абай», «Жамбыл». Ол фильмдердің қандай деңгейде шыққаны бізге мәлім.

           Тапсырыспен түсірілген басқа фильмдердің жайы да мәз емес. Мысалы үшін, «Көшпенділер» фильмін түсіргенде де қате жібердік. Абылай хан туралы тарихи фильм түсіруді мақсат еттік те, оның формасын коммерциялық, прдюсерлік киноға айналдырып жібердік. Ал, продюсерлік киноның сюжеті жеңіл, тілі түсінікті болуы қажет. Сонымен қатар, продюсерлік киноның – голливудтық үлгіге сай, өзіндік шаблондары бар. Біз бір оқпен екі қоянды атамыз деп жүріп, шын мәнінде, екі қайықтың басын ұстаған адамның күйін кештік, ақыры. Өйткені, онда Абылай ханның өмірбаяны мүлдем қозғалмаған. Енді бұл фильмге голливудтық үлгі тұрғысынан қарайтын болсақ, ортаңғол дәрежедегі айына бір-екі рет Америкаға шығып тұратын фильмдердің қатарынан табылады. «Көшпенділер» фильмін прокат (ежіре) жасаймыз деп шетелдің жұлдыздарын шақырғанымызбен, ол туындыда қазақтың иісі мүлдем болмай шықты. Осы проблема әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Прокат жасау үшін шетелдің режиссерлерімен, проюсерлерімен бірігіп кино түсіреміз. Осыдан барып, сіз айтқан әлгі келеңсіздіктер орын алады. Қазақтың қызы орыстың жігітіне ғашық болады деген сияқты. Мұның бәрі көрерменді қызықтыру үшін жасалатын дүние. Осының бәрін нақты шешіп алу керек. Меніңше, біз үшін ең дұрысы – Мысырдың үлгісін қолдану. Балаларға арналған фильмдерді және деректі фильмдерді қаржыландыруды қолға алу керек. Және оның қайтарымын сұрамауымыз керек.

             Нақтырақ айтқанда, мемлекет тарапынан қаншама миллион қаржы бөлінді, соның орнын толтыру керек деген мақсат қойылмауы тиіс. Кино тек идеологиялық құрал ретінде халыққа тегін көрсетілуі керек.

              Жекеменшік адамдар қаржыландыратын жанрлық немесе көркем-суретті фильмдер түсірілетін болса, олар біздің дүниетанымымызға сай болуы қажет. Яғни, ұлттық, діни құндылықтарымыз тапталмауы керек. Қойылған талаптарға сай фильмдер ғана экранға жіберілуі тиіс. Айналып келгенде, кино саласындағы қордаланған мәселелердің қай-қайсысының түйінін тарқату үшін арнайы заң қажет екені сөзсіз.

Дәл қазіргі таңда мемлекет тарапынан кино саласына қаржы бөлінбей жатыр деп айта алмаймыз. Бір ғана «Келіннің» өзіне қаншама миллиондар шашылды. Елімізде ұлттық қауіпсіздігімізді, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық бірлігімізді насихаттайтын киноларды түсіруімізге не кедергі?

Қаржы бөлінгенімен бізде жүйелілік жоқ. Оның бәрін ретке  келтіру үшін, яғни, ұлттық келбетімізді көрсететін фильм түсіру үшін сол заңға келіп тіреледі бәрі.

– Аға, бір сөзіңізде «Қазақ кино өнеріндегі басты проблема – кино шығару және оны көрермендерге жеткізу», – деген едіңіз. Басты проблеманы шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

Кино түсірілді делік. Бірақ, біз оны жалпақ жұртқа тегіс жеткізе алмаймыз. Ол үшін тек фильмдерді телеарналар арқылы таратуымыз керек. Қала тұрғындары киноны кинотеатр арқылы көрді. Бірақ ауылдағы ағайында мұндай мүмкіншілік жоқ. Қазір «Кино – бизнес. Кино арқылы табыс табуымыз керек», – деген пікір қалыптасып кетті. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінген күннің өзінде толығымен емес 70-80 пайызы ғана бөлінеді. Ал, қалған 20-30 пайызын жекеменшік студиялар шығарады. Екі жақ бірлескеннен кейін кинода коммерциялық фильмнің элементі болуы керек болады. Тағы бір мәселе – «Қазақфильм» телеарналарға арналған сериалдар түсіруді қолға алу қажет. Қазақ көрермені қашанғы түрік пен корей халқының сериалдарына телміруі тиіс?! Қазақстанның сериалдар түсіруге мүмкіншілігі бар.

           Қазір жекеменшік студиялар дамып келе жатыр. Ақан Сатаевтың «Рэкетир», «Ағайынды», «Адасқан» сияқты фильмдерінің деңгейі өте жоғары екенін айта кеткеніміз жөн.

         Ең бастысы – біз киноны қалыпты жүйе, яки, өндіріс ретінде қарастыруымыз керек. Ол үшін – кино шығарылу керек, оны көрсететін прокат (ежіре) болу керек. Үкімет киноға ақша бөледі, бірақ мемлекеттің өзінің прокаты (ежіресі) жоқ. Барлық кинотеатрлар жекеменшік. Олар көптеп қаржы түсіру үшін голливудтық киноларды көрсетуге тырысады. Өйткені, жекеменшік кинотеатрлардың көпшілігінің өзіндік қаржылық саясаты бар.

          Сондықтан болса керек, ұлттық кино 2-3 пайыз көрсетіледі. Төл туындыларымызды көбірек көрсететін дәрежеге жетуіміз керек. 70 пайыз өзіміздің ұлттық кинолар көрсетілсе, онда біздің мықты мемлекет болғанымыз. Егер кино саласы арнайы бір заңның шеңберінде жұмыс жасайтын болса, «Келін» деген фильм түсірілмес еді.

           Бізде жақсы фильмдер бар. Мәселен, «Әурелең», «Біржан сал», «Секер», т.б. Фильмдер түсіруге Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының студенттері мен жас түлектері де атсалысып келеді. Бірақ туындылардың басым көпшілігі қалың көрерменге, әсіресе ауылдарға жете алмай жатыр. Ауылда кинотеатрлар болмағандықтан,  фильмнің дискідегі нұсқасын міндетті түрде шығаруымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, киноны шығарамыз, бірақ, таратпаймыз. Тек жоғарыдағыларға киноны шығардық деп есеп береміз. Сонымен іс бітті.

          Шын мәнінде де көрермен және тұтынушы ретінде біздің құқығымыз қорғалмаған. Бізде осы күнге дейін мемлекеттік кинотеатрлар жоқ, прокат жүйесі қалыптаспаған.

          Қала тұрғындарының өзі фильмдерді жекеменшік кинотеатрлардан көреді. Егер мемлекеттік кинотеатрлар жұмыс жасап, олар идеологиялық құралымыз болып табылатын ұлттық және әлемдік классикалық фильмдерді елге жеңілдікпен көрсететін болса, мұның өзі қарапайым халыққа әжептеуір көмек болар еді.

           Одан кейінгі ескеруге тиіс мәселе – атыс-шабысты, эротиканы, қорқынышты фильмдерді (фильм ужасов) арнайы жеке кинотеатрларда көрсетуіміз керек.

          Шет мемлекетерде осындай арнайы жүйе бар. «Отбасылық кинотеатрларда» атына сай, тәлім-тәрбиелік, көркемдік-эстетикалық мағынасы жоғары фильмдер ғана көрсетіледі. Біз де осы жүйе бойынша жұмыс жасауды жолға қоюымыз керек.

Аға, жаңа өзіңіз бір сөзіңізде, «Келін» фильмін фестивальға арналған фильм деп қалдыңыз. Кино негізінен ең бірінші халыққа арналуы қажет емес пе? Киноны мынау фестивльға арналған, мынау арналмаған деп бөле жарғанымыз дұрыс па, өзі?

– Әрине. Киноның тілін түсінетін және оны өмірдің көшірмесі ретінде тікелей қабылдайтын көрермен бар. Мысал үшін, «Келін» авторлық кино. Авторлық кино дегеніміз – суретшінің өзінің еркін ойлары. Яғни, ол – фестивальге арналып  түсірілген.

«Келін» фильмі турасында: Бекболат Тілеуханов: «Туылған баланың бір әкесі – аңшы, бір әкесі – бақташы, бір әкесі – суретші», – деп қояды. Бұл қиял да емес, басқа да емес. Кәдімгі шайтан! Ешқандай ақылға да, ғылымға да сыймайтын дүние», – деп ашына айтқан еді. Сіз не айтасыз осы тұрғыда?

Біріншіден, киноны қалай түсіру, ол түсірушінің еркіндегі дүние. Түсіруші қалай ойлаймын десе де, қалай жасаймын десе де оның авторлық құқығы бар. Мысал үшін, «Келінді» көрсетуге «Қазақфильмнің» де құқығы бар. Қалай болса да фильм түсірілді. Әйтсе де, мен ол фильмді қазақтар туралы деп қабылдамаймын. Ол фильмді түріктің мифологиялық тарихы деп те ойламаймын. Фильм – экспримент ретінде кинодраматург, режиссердің жасаған тырнақалды дүниесі. Онда сөз қолданбаған. Бұл бір ерекшелік. Сонымен қатар, операторлық және актерлық жұмыстары әжептеуір деңгейде болғандықтан бір шығарма ретінде қабылдауға болады. Бірақ, фильмнен соншалықты бір керемет астар, ой іздеудің қажеті шамалы.

            Бір жағынан бұл – жеңіл фильм. «Келін» терең авторлық фильм деп айтуға да келмейді. Режиссер бұл жерде бір оқпен екі қоянды атқысы келген. Біріншіден ол, фестивальдық фильм жасағағысы келген. Екіншіден, коммерциялық фильмдердің жанрлық мақсаттарын қолдану арқылы көрерменді қызықтырғысы келген. Эротикалық көріністерді көп бергені осыдан. Қазіргі  таңда «Қазақфильм» өзінің тарихында тек ғана бір-ақ кино түсірген сияқты болып көрініп тұр. «Біржан сал», «Мұстафа Шоқай» сынды фильмдер турасында бірде–бір әңгіме жоқ. Қазақ баспасөзінің бәрі тек «Келінді» ғана жазу үстінде. «Келін» коммерциялық киноның принцптерімен түсірілген фильм. Продюсерлік киноның мақсаты бойынша фильмнің атышулы болуы керек. Бұл фильм туралы қоғамда пікір қалыптасу керек. Мейлі ол  теріс пікір болса да. «Келінді» осы тұрғысынан – мақсатына жеткен фильм деуге болады. Мүмкін, «Қазақфильмнің» тәжірибесіне осындай нәтиже де керек шығар.

          «Келін» фильмінің желісі бірқатар зиялы  азаматтарымыздың намысына тиіп жатқаны белгілі. Мұны қоштаймын. Бұл дұрыс та. Бірақ, біз, күшті бұл мәселеге салмауымыз керек. Қайта «Қазақфильмді» көтеруге, киноны өндіріс ретінде іске қосуға күш салуымыз керек. Кино туралы арнайы заң қабылдауды қолға алғанымыз жөн. Ұлттық киноны кинотеатрлардан көрсету жағын ойлағанымыз абзал.

 

 

ҚАЗІРГІ  ФИЛЬМДЕРДІ  КӨРІП,  БІЗ  ТУРАЛЫ  ПІКІР  ҚАЛЫПТАСТЫРУ  ҚИЫН…

 

– Киносы арқылы әр ұлттың бет-бейне, бітім-болмысын көруге болады. Мәселен түсірген фильміне қарап, орыс ұлтын қуатты, қызуқанды, белгілі бір жүйеге, тәртіпке бейім ел деп түсінеміз.Үнділерді де киносы  арқылы сезімтал, махаббатшыл, жүрегі жұмсақ ұлт ретінде көреміз. Ал, енді, әлгі атышулы кинолардан кейін өзге мемлекеттер қазақты қандай ұлт деп қабылдауы мүмкін?

Енді, бұл шынында да күрделі сұрақ. Өкініштісі сол – осы күнге дейін біз «Қыз Жібектен» асқан фильм түсіре алмадық. Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», Мәжит Бегалиннің «Тұлпардың ізі» сынды фильмдеріміз арқылы қазақ туралы дұрыс пікір қалыптастыруға болар еді.

          Қазіргі фильмдерді көре тұра біз туралы қандай да бір пікір қалыптастыру қиындау.

– Қазақстан «Келін» фильмі арқылы әлемге танылды. Бұл «атың шықпаса, жер өртенің» кері емес пе?

      «Келін» «Оскарға» түскен екі жүзден астам фильмнің ішінде үздік тоғыздыққа ілікті. «Оскар» фильмнің кәсіби деңгейіне ғана қарайды. Олар «Келіннен» де дөрекі   фильмдерді сарапқа салып жатқандықтан, бұл оларға таңсық дүние емес. «Келін» оларды несімен қызықтыруы мүмкін? Біріншіден, бұл фильмде сөз жоқ. Екіншіден, экзотикалық дүниелермен қызықтырды. Сондай-ақ, фильмде мифтік элементтер де бар.

           Бұл фильмді көрген италияндықтар: «Сендер неге түсіресіңдер, бұл біздің тарихымыз ғой», – депті.

          Ешкім де бұл фильмді қазақ туралы деп айтып жатқан жоқ. «Келінді» қазақ туралы деп тікелей қабылдап, осы пікірмен кетіп бара жатқан біз ғана. Бұл дұрыс емес.

          Бір жағынан фильмнің осындай пікір туғызғанына қуанамын. Демек, бұл киноға көңіл бөлінді деген сөз. Бұрыннан келе жатқан екі проблема бар, қазақта. Бірі – «Қазақфильм» болса, екіншісі – «Қайрат». Елдің бәрі доп тебуді де, кино түсіруді де оп-оңай деп ойлайды. Меніңше, киноға көңіл бөліне бастағандықтан барып, жұрт кино түсіру оңай емес екенін түсінген сияқты.

 

БІЗДЕ ЖАНБАЙ ЖАТЫП СӨНЕТІН «ЖҰЛДЫЗДАР»  КӨП

 

Былтырғы жылы өткен «Шәкен жұлдыздары» кино фестивалі, отандық жас кинематографияның кемшілігін көзге ұрғандай көрсетіп бергенін жақсы білеміз. Актерлердің кәсіби шеберлігі мен техникалық кемшіліктерін өзіңіз де атап көрсеттіңіз. Аталған кемшіліктерді жою үшін қандай қадамдар жасауымыз керек?

     Біздің кинематографиямыз әлі жас. Жаңа ғана дамып  келе жатырмыз. Кәсіби шеберлікке келетін болсақ, бізде арнайы киноактерлар дайындалмайды. Кеңес заманында киноматография институтында, режиссерлар актерлық шеберханаларда дәріс оқыған. Мысалы бізге Ресейдің Сергей Герасимов, Сергей Соловьев сияқты белгілі кинорежиссер ұстаздардың тәжірибесі жетіспейді. Олар өз студенттерін фильм түсіру үрдісіне тікелей қатыстырып отырған: актер, суретші, оператор ретінде. Бұл тәжірибе осы күнге дейін зор жемісін беріп келеді. Осы тұрғыда мамандар дайындау мәселесін бізде жетілдіре түсуіміз қажет.

          Негізгі кемшілік – кино түсіру қажет болатын болса, көшеден сырт бейнесі сәйкес келетін біреу табылса болды, соны түсіре саламыз. Ол актер емес. Сол себептен киноның кәсіби шеберлігі төмен болады. Яғни, бізде, жанбай жатып сөнетін «жұлдыздар» көп.

– «Борат» фильміне биліктің қарсы тұрмауына не себеп?

«Борат» – коммерциялық жоба. Дөрекі әзіл «Коммеди клаб» сияқты. Мұндағы мақсат – Қазақстан сынды дүние жүзіне аты жаңа ғана шығып келе жатқан жас мемлекетті келеке ету арқылы фильмнің атын шығарып, ақша табу. Бірақ, шын мәнінде бұл фильмге мұқият үңіліп қарасаңыз, ол Америка туралы екенін түсінесіз. Осы фильм арқылы Америка өздерінің рухани деңгейінің қандай жағдайда екенін көрсетті.

         «Біздің мемлекет оларды сотқа беріп, үлкен айыппұл салып, бір шара қолдану керек еді», – дегенді жұрт жиі айтады. Бірақ, біз олай жасай алмаймыз. Өйткені, фильмде ешқандай нақтылық жоқ, қазақтарды румындар ма, цыгандар ма ойнайды, қазақ тілінде, тіпті орыс тілінде де ешкім сөйлемейді, фильм Қазақстан территориясында түсірілмеген. Фильмді түсірушілер мұның бәрін алдын-ала ойластырған.

– Әңгімеңізге рахмет аға!  

 

                                                                           Гүлмира САДЫҚОВА

3 ПІКІРЛЕР

  1. Келінді баяғы бір заманда депті, бірақ бір досым ол фильмде радио бар дейді. Ал радио қай ғасырда пайда болды, қазақ қашанға дейін киіз үйде тұрды?

  2. Ассалаумағалейкум!менің Бауыржан ағаға сұрағым бар еді?Мен киноға түсуді армандаймын,әрине,арманың асқақ екен ойда боларсыз,оған деген талант керегі анық,менде бойымда актерлық қабілетім бар,өнер жолына түскім келеді.маған мүмкіндік бар ма екен,өнер жолына түсуге,соны сұрағым келгені!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз