ҰЛТЫН СҮЙГЕН АҚЫН

4
1964

 Фариза   өмірімнің өнегесі еді

Дана Абай: «Қарашы, өз бойыңда түгел ме екен, Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш» дегеніндей, бойынан осының бәрі табылып келген Ақын, Азамат, Қайраткер Фариза Оңғарсынова мәңгілік сапарына беттеген осынау күндері біздің халқымыз үшін, әрбіріміз үшін ол кісінің тұлғасы күннен-күнге биіктей түсетініне сенімді болып отырмыз.

Өз басым апамызбен бірге азаматтықтың, арлылықтың, мемлекетшілдіктің белгісіндей болған тұтас бір дәуір дүниеден көшкендей сезімдемін.

Академик-жазушы Ғабит Мүсірепов «Сұхбат» кітабына алғысөз жазғанда: «Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркек-әйелге, кәрі-жасқа… ғарышқа дейінгі биіктік те, Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін» депті.

Осы сөздерде аталған қасиеттердің әрбірі Фариза Оңғарсынованың бір бойынан табылатынына 18 жылдан бері әріптес, серіктес, шәкірт бола жүріп көзім анық жеткен. Фариза апаның ақындығы, мінезі, шыншылдығы жайында көп айтылар. Мен ол кісінің қайраткерлік қызметіне біршама тоқталғым келеді.

1996 жылдың қаңтарында бірінші шақырылған қос палаталы Парламенттің Мәжілісіне депутат болып бірге сайландық. Бәрімізді вице-президент Асанбаев жинап, біртіндеп аттарымызды атап шақырып, депутаттық билетімізді берді. Оған қоса ер-әйеліне қарамастан бір шоқ гүл де сыйланды.

Депутаттық билетімді алып, гүлді қолыма ұстап кері оралып келе жатып, гүлді Фариза Оңғарсыноваға ұсындым. Содан жылы шырайланып, кіммін, қайдан келдім, сұрастырып, әңгімелесіп кеттік. Ұлы Адаммен таныстығым осылай басталып еді. Сол күннен бастап, осы күндерге дейін ұдайы бірге жүрдік десем болар.

Әдетте, «Шығармашыл адамдарға Парламентте не бар, жазатындарын жазып, тыныш жүре бермей ме?» – деген сөздер жиі айтылады. Бұл сөзді қазақта ең көп естігендер Әбіш Кекілбаев пен Фариза апай болды десем,  артық айтпағаным болар.

Шынына келгенде, Парламент ылғи заңгерлер мен экономистерден тұрмауы тиіс. Онда саясаткерлер, әлеуметтанушылар, түрлі саланың мамандарымен қатар зиялы қауым өкілдері, шығармашылық адамдары болуы жөн.  Өйткені қабылданатын заңдар сан қилы, онда экономикалық заңдар әлеумет пен мәдениетке қатысты заңдардан онша көп емес.

Фариза апай  Мәжіліс мінберінен сөз алса, ылғи да қоғамның рухани өміріне қатысты болушы еді. Қазақтың тілі мен ділі – негізгі тақырыбы еді.

Алматы өнер университетінің қажеттеріне бюджеттен қаржы бөлу жөнінде талап қойып, әріптестерін қолдауға шақырып, қызына сөйлеген сәттері жадымызда.

Елордамыз Астанаға көшкен сәтте, қаланың рухани дүниесі астана болатын қалаға лайықсыздау болатын. Қала мәдениетін көркейту үшін қай салаға болсын қаржы қажет болып тұрды. Сол жылдары мұнай бағасы бүгіндегіден он есе төмен болып, Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет қаржының қатаң тапшылығына ұшырап тұрған сәттерде Фариза Оңғарсынованың ұсынысымен Астанада жаңадан ашылған Өнер университетіне аса қымбат бағалы орган залын ашуға қаржы бөлінді.

Астанадағы шығармашыл одақтардың түрлі жиындарында, конкурстарда, айтыстарда төрешілер қатарында болып, әрқайсысын қабілет-қарымына қарай бағалағанда, ұсынысы өтпей, көңілінен шықпағандар жеңімпаз аталып кеткенде, оны ұзақ әңгіме етіп айтып беретін.

Депутат ретінде Фариза Оңғарсынованың аса бағалы еңбегі – «Баланың құқықтары туралы» заң жобасын дайындап ұсынуы еді. Бұл жоба парламентаризм тарихында қазақ тілінде әзірленіп, қабылданған екі заңның бірі болды.

Бұл заңның бастапқы нұсқасы шынымен-ақ апайдың өз қолымен қазақ тілінде жазылып, қалай орыс тіліне аударылып, ұсынылғаны көз алдымда. Автор бір ғана «баланың құқығы» деген сөздердегі «құқығы» дегенді, егер шынымен біздер қазақ тілінің қорғаушысы болсақ, қазақтың байырғы тілінде болмаған бұл сөзді «құқы» деп жазуға тиіспіз, «құқық» деген сөз өзбектің «хұқық» дегенінен шыққан деп ресмиленіп, бір нұсқадан айнымауға әбден үйренген мамандармен айтысқанын көрдім. Бірақ, оларды жеңе алмап еді.

Бұл жоба қаржы жоқ деген сылтаумен ақыр соңында қаржы талап ететін баптары біршама қысқартылып, бастапқы қағидалары азайып қабылданғанда қаншама мұңайып, күйзеліп еді.

Қазақ тілін қорғап бірнеше рет сөйлеп, біздерге, бес-алты әріптестеріне «қазақ тілін біле тұрып, қазақша сөйлемейтіндерің қалай» деп шүйлігіп-шүйлігіп алатын.

Мәжілістің қызыл залында біздер – Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов,  Фариза Оңғарсынова және мен бір партада бес жыл қатар отырдық. Сонда Фариза апай мен Шерхан аға бір жақ, Қаратай аға екеуміз бір жақ болып қалатынымыз кездесетін. Сонда апай біздерге өкпелеп, кәдімгілей торсаңдап, бұрқылдап ұрысатын, бірнеше күн сөйлеспей қоятын.

Жер туралы заңда Шераға екеуі залдағы 90 пайыз депутатқа қасқая қарсы шығып, сонау Мүде қағанның жерді жауға беруге болмайды деп айтқанын қозғап, бәрімізді ұялтып еді. Бірақ Парламенттің ережесі бойынша азшылық көпшілікке бағынады, сол себепті екі аяулы зиялымыз қаншама ойлы, дана болғандарымен ұсыныстары өтпей, ауыл шаруашылығы жерін жеке меншікке беру туралы заң қабылданып кетіп еді.

Фариза апайдың төңірегін ылғи да өмірден түңіле жаздаған, тапшылық тартқан адамдар қоршап жүретін. Солардың бәріне қолынан келгенінше жақсылық жасауға тырысатын. Біреуіне баспана, біреуіне жұмыс сұрап, ақ шашты басын иіп кеңселерді жағалайтын. Бірақ ешуақытта біреудің несібесін басқа біреуге алып беруге бармайтын.

Сондай-ақ ол кісінің жанында поэзиясын сүйіп, талантына табынып жақын жүргісі келетіндермен бірге, уақыты келгенде «бірге жүріп едік», «сырласушы едік», «осылай деп айтып, көндіріп едім» дей жүру үшін, бірде болмаса, бірде керегі болып қалар деген есеппен жақындаса жүретіндер де болатын. Оларға алданып, өкініп те қалатын сәттері бар еді.

Фариза апам еркіндікті, бостандықты сүйетін. Ойлаған ойы, айтқан сөзі, жасаған ісі бірдей болып тұрушы еді.

Оны «асау, тарпаң» дегендер табиғатын танымағандықтан, шындықты бетке айтатын турашылдығынан, өз ұстанымынан таймайтын мінезінен тайсалатындықтан  айтатын.

Тарпаңдығы тәкаббарлықтан, өркеуделіктен емес еді.

Ол ешуақытта ешкімді жамандамайтын, біреулерге көңілі толмаған сәттерде: «жай адам ғой» деп қана қоя салатын, әңгімені ұзақ-сонарға созбайтын.

Жалғандықты, жасанды көлгірсуді жаны сүймеуші еді. Жаны өте нәзік болатын.

Бір сөзбен айтсам, Фариза Оңғарсынова менің өмірімнің басты өнегесі еді. Өмірден озғанынша солай болып кетті.

Ең соңғы ауырғаны бес айға созылды. 25 тамыз күні ауруханаға түсті. Күніге дерлік барып, хабар алып тұрдық. Біздің дәрігерлер, неміс елінің дәрігерлері ұзақ ақылдасып, ота жасамай, химиялық екпе арқылы емдеуді жөн санады. Химиялық екпе арасына 15-20 күн салып үш рет жасалды. Соңғысынан кейін тіпті тәуірленіп кеткендей болып еді. Сөйтсек алдамшы екен. Химиялық екпе жүрегіне ауыр салмақ түсіріпті. Нәзік, сезімтал, Асанбай Асқаров айтқан «жігер-жүрек», Оңайгүл Тұржанова айтқан «өлең-жүрек» шыдай-шыдай шаршапты. Мыңдаған адамдарды жырымен, сөзімен, қамқорлығымен емдеген асыл апамыздың жүрегі сол салмақтарды көтере-көтере шаршапты…

Ауруханада жатып та, бір де бір рет тағдырға налып, уайым-қайғыға салынбады. Тіпті, күрсінбеді де. Бір сөзімен, я бір қимылымен өкінішін сездірмеді. Өліммен бетпе-бет келіп қалғанда да, қайтпады, еңсесін түсірмеді. Күрескерлігінде, қайсарлығында шек жоқ екен.

Осының өзі артында қалып жатқан, бүгінде әрбір саналы азаматты мұңға орантып, қайғыға түсірген Фаризаның мінезінен үлгі алуға тиістігімізді көрсетеді.

«Өлім ғана ақиқат, басқасы – жалған» деген ғой. Біз сол ақиқатпен бетпе-бет келіп тұрмыз.

Фариза апаның жайы жаннатта болып, нұры пейіште шалқығай! Өз басым осындай арқалы азаматқа әріптес, іні болғаныма шүкіршілік етемін.

Мырзагелді КЕМЕЛ

www.qazaquni.kz

 

 

 

 

4 ПІКІРЛЕР

  1. Сіздің бақилық болғаныңызды естігенде көзіне жас алмаған қазақ жоқ шығар. Ақын ана Сіз өлген жоқсыз, қазақ деген ел тірі тұрғанда мәңгіге тірісіз!!!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз