ЖАҢА АУЫЛДАР ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

        Дәл Жеңіс мерекесі күні Тарбағатай ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен Көкжыра мен Жәнтікей ауылдарында жаңадан бой көтеретін елдімекеннің қадасы қағылып, алғашқы үйлердің іргетасы қаланды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.

         Үкімет Тарбағатай ауданындағы жағдайды қалпына келтіруге, нақтырақ айтсақ, баспаналарды тұрғызуға 2,8 миллиард теңге көлемінде қаржы бөліпті. Алла сәтін салса, Көкжыра ауылында 201, Жәнтікейде 198 баспана салынбақ.

      – Құрылысшылар Көкжыра ауылындағы жұмыстарды бастап кетті, – дейді Тарбағатай ауданының әкімі М.Сапарғалиев. – Олардың екі жүзі сырттан келгендер, жүз елуі жергілікті жұмысшылар. Үйлердің құрылысына 201 алаң бөлінген, сондай-ақ 600 оқушыға арналған жаңа мектептің, Мәдениет үйінің, саябақтың, сауда орталығының, медициналық мекемелердің және басқа да нысандардың салынатын жерлері белгіленді.

         Хош. Қираған ауылдарда құрылыс басталды. Ол енді қашан аяқталады? Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың сөзіне сенсек, құрылыс жұмыстары күзге салым, күн суып кетпей тұрып аяқталуға тиіс.

       – Біздің жоспарымыз бойынша бұл үйлердің барлығы күн суығанға дейін, яғни қазан айына дейін бітуі керек. Оған енді біздің барлық мүмкіндігіміз бар.Үкіметке рахмет. Қаржы бар. Соны игеруміз керек, – деді ол.