«Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалысы құрылды

          Белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған 50-ден астам қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, баспасөз орындарының және зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық-демократиялық қозғалысын құрушылардың Ұйымдастыру комитеті осыған дейін қоғамымызда орын алған бірқатар саяси проблемалардың басы-қасында жүргендігі көпшілікке мәлім.

           Атап айтсақ, осы «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысының ықпалы нәтижесінде бастауын «американдық ұлттан» алатын «Ел бірлігі» доктринасына тосқауыл қойылды. Сөйтіп, қазақ халқын және республикамыздағы өзге ұлт өкілдерінің тілін, рухани құндылықтарын тікелей жоюға алып баратын, көп ұлттан бір ұлт жасау идеясы тұйыққа тірелді. Мұхтар Шахановтың басшылығымен табандылық танытып, қарқынды қайрат көрсете білген ұлт патриоттарының ұсынуымен «Ұлт бірлігі» доктринасы секілді бірегей құжат дүниеге келді. (Билік пен ұлтшылдардың бірігуінің арқасында дүниеге келген ұлттық құжат газетіміздің 4-5 беттерінде жарияланып отыр.) Сондай-ақ Қытайға жалға берілуі мүмкін 1 млн. гектар жер мәселесіне де уақытша тоқтау салынды. Қозғалыс атынан жарияланған, келешекте еліміздің тәуелсіздігіне нүкте қоюы әбден мүмкін Кедендік одақ келеңсіздіктері туралы мәлімдеме де халық пен билік арасында қызу пікірталас тудырды. Бір сөзбен айтқанда ұлт патриоттары ұлттық мәселе тұрғысында ұдайы алдыңғы шептен табылды.

           Аз уақытта осындай келелі іс тындырған «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық-демократиялық қозғалысы таяуда Алматы қаласында өздерінің құрылтай-жиынын өткізіп, ұйымдық мәселе қарады. Жиын барысында қозғалыстың Жарғысы қабылданды. «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысының негізгі бағдарламасы болып, бұрын өздері әзірлеп, бүкілхалықтық талқылауға ұсынған «Қазақстан Республикасының Ұлттық саясатының тұжырымдасы» бекітілді. Қозғалыс төрағасы болып М.Шаханов, орынбасарлары болып Ғ.Алдамжаров, Д.Исабеков, Р.Сәрсенбай, Е.Бапи, Қ.Иса, С.Мұхтарбек, В.Козлов, Д.Нұр-Ахмет, А.Сарым, М.Тайжан, Д.Бабамұратов, Ж.Мамай сайланды.