«СВОИК «АҢДАМАЙ СӨЙЛЕП, АУЫРМАЙ ӨЛДІ»

4
1232

 

Саясаттанушы Петр Своик «қазақ ұлтшылдары негізінен этникалық сепаратистер», «Шахановтың маңайындағылардың бәрі оңтүстіктің тумалары» деп сұхбат беріпті. Оның айтуынша, этникалық сепаратизм ең алдымен іштен жау іздеуден басталатын көрінеді. Мәселен ол «Саяси тұрғыдан қарайтын болсақ, олардың бәрі этникалық сепаратистер. Олардың бірі Қазақ елінде тек қазақ ұлты ғана бар, қалған ұлттар диаспора өкілдері деген тұжырымды айтса, енді бірі бұл ойды тұспалдап жеткізіп отыр. Бұл олардың тиянақты тұжырымы, осы арқылы олар бірігіп отыр» деп қамығыпты. Әлеуметтік желіде жас саясаттанушы Мақсат Жақау Петр Своиктің пікірімен келіспейтінін айтып, қарсы пікір білдірген екен. «Жебе» газеті ұлтшыл азаматтың осы және өзге де мәселелерге байланысты көзқарасын сұрап білдік.

 

ЖЕБЕ: Мәке, күні кеше Петр Своик Мұхтар Шахановтың жанындағы азаматтардың барлығы оңтүстіктен және оларды этносепаратистік көзқараста деп айтыптапты. Саясаттанушының оңтүстік азаматтарын сепаратис деп қатты кетуіне не себеп болды?

 

 Мақсат ЖАҚАУ: Өкінішке қарай, Петр Своиктың айтқан сөздері көпшілікті құрайтын жердің иесі қазақ ұлтына атылған оқтай болып тұр. Ол өз сөздерінде сепаратистік ұғымға жете мән бермеген сияқты. Этносепаратистер деп кімдерді айтып отыр? Әлде өз алдына бөлініп шығып, дербес ел болуды тарихи тұрғыда армандайтын Қытайдағы ұйғырлармен, не Түркиядағы күрдтермен шатастырып отыр ма? Бәлкім ол жердің заңды иесі, тарихи мұрагері қазақтың Ресейден, орыстың жанынан іргесін аулақ салмауы керектігін тұспалдап отырған болар. Мен тілін, дінін, ділін, тәуелсіздігін жадынан тастамай жүрген азаматтарды отаны жоқ тентіреп жүрген бір рулы не тайпалы жұрттың жікшілдігіне теңеп қоюын нағыз ұлтаралық арандатушылық пиғыл деп есептеймін. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші, Своиктың дұрыс ойлап, дұрыс сөйлегені жөн болар еді.

 

ЖЕБЕ:  Сондай-ақ ол ұлтшылдардың «Елімізде мемлекет құраушы ұлт қазақтар. Ал қазақтан басқаларын диаспора деп атауымыз керек» деген пікіріне келіспейтіндігін білдіріпті. Әріптесіңіздің бұл пікіріне қалай қарайсыз?

 

 Мақсат ЖАҚАУ: Бұған таңғалатын ешнәрсе жоқ. Осы уақытқа дейін Своик тұрмақ, бірде-бір саяси сарапшы, әсіресе орыс баспасы, журналисті қазақтың шашбауын көтеріп, алаш қайракерлерінің алаштың арманы, ұлты үшін бақилық болғанына саяси тұрғыда бағасын берді ма? Қай жерде  де көкірегін соғып жүретін орыс бұқаралық ақпарат құралдары Кеңес үкіметі тұсында қазаққа құдай оңдап пәтер берілсе бірінші не бесінші қабаттан беріліп келгендігін жазды. Ол кезеңдерде нәсілдік кемсітушілік, алалау басым болатын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан соң қоғамдық көліктерде қазақтың көзін шұқып тұрып «дормоеды неблагодарные, вычти чего захотели, наркоманы несчастные» деп күбірлеген орыстың кемпірлерінің кемсітушілігін неге айтпайды? Керек десеңіз, сол қазақ жастарының көтерілісіне қатысқандарды арамыздағы  орыстарыңыз әлі күнге «пьяницы, наркоманы», ал Алаш қайраткерлерін «бандиты, шпионы» деп жүргендері де бар. Бұл дегеніңіз, азшылықты құрайтын диаспора өкілдерінің қоғамға жік салатын арандатушылық әрекеті. Біз ешкімнің құқына қол сұқпайтын, ар-намысына тимейтін халық емеспіз бе?!

 

  ЖЕБЕ:  Жалпы отандық БАҚ сырттағы қазақтарды диаспора деп, ал өз еліміздегі өзге халықтарға қиналмастан ұлт деген мәртебе бере салады. Осындай кереғарлықтың орын алуына не себеп болып отыр? Бұл биліктің кемшілігі ме, жоқ әлде қолына қалам ұстаған журналистердің қателігі ме?

 

 Мақсат ЖАҚАУ: Расында, шет елдегі қандастарымыздың ортасын диаспора деп мойындап жүрміз. Өйткені олардың тарихи отаны бар болғанымен, түрлі жағдайларда сол елде өмір сүріп жүрген сол елдің азаматтары. Ал, енді бір қызығы, Ресей билігі кеше «Россия нам проживающие не в России должны помогать созданием русских школ» деп атой салып жатыр. Олар «русским диаспорам» деп отырған жоқ. Яғни, отандастарын сол елдің ішкі заңдары мен саяси жағдайындағы сол елдің азаматтары ретінде емес, толыққанды Ресей азаматтарындай қабылдап отыр. Бұл сөзсіз біздің елдегі Своик сияқты іріткі салушыларға дем беретін «клич» ұран. Осы ретте журналистерге айтарым, біз қазір ақпараттық майдандамыз. Сондықтан талдамалық-сараптау стильдерін кеңірек жетілдіріп, орыс тілінде сауатты пікір-таластарға, журналистік пайымдарға машықтанса. Ұлттық тұтастығымызға, құндылықтармызға, қауіпсіздігімізге қарсы ойлар мен ақпараттар шықса қызғыштай қорғап, дәлелдеп шығатын деңгейге көтерілсе. Сонда ғана оларға қазақтың адал болмысын, арман-мұратын, саяси ерік-жігерін түсіндіреміз, көндірмесек те несібемізді қолдан бермейтіндігімізді танытар едік.

 

ЖЕБЕ: Өзіңіз білесіз, Петр Своик бұған дейін де ұлтшылдардың басы бір қазанға сыймайтынын айтып табалаған болатын. Осы жолы да ол ұлтшылдардың бір-бірімен қырық пышақ болып жататынын айтыпты. Әрине, қоғамда әртүрлі келіспеушіліктер болып жатады. Бірақ одан барып ұлтшылдар алауыз деп түйін жасау дұрыс емес шығар? Жас ұлтшылдардың рөлі қандай?

 

 Мақсат ЖАҚАУ: Құдайға шүкір, біз Ресейдегі адыра қалған ұлтшылдықпен ауырмаймыз. Ал егер ауыр қалсақ, Своик мұндай сөзді айтпастан бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіп сөйлер еді. Негізі ұлтшылдық тақырыбы қоғамда түрлі формада орын алады. Бірі кәсібінде қолданса, бірі көшеде қолданады, бірі саясатта қолданса, бірі шығармашылығында қолданады. Бірақ олардың басының бірігуі шын тарихи мезетінде болады. Ал күнделікті күйбең тіршілікте он жерден қайнатсаң да сорпасы қосылмайтын күй кешеді. Тіл деп жүрміз ғой, қарапайым ғана бір мысал айтайын. Тоқсаныншы жылдары шет елден келетін кез келген тауардың паспортындағы, жапсырма қағазындағы (этикетка) жазу мемлекеттік тілде аударылып кіруі тиіс деп, соны жасатқан сол кездегі министр, қазіргі қашқын деп аталып жүрген атышулы Мұхтар Әбілязов болатын. Мейлі, қазақ тілінде сөйлемейтін де шығар, бірақ қазақ тіліне деген құрметті сыртқы экспорттық тауарлардан, компаниялардан талап етті. Осыдан нені байқауға болады? Өнер шеберханасында зергер, суретші, ұста, мүсінші, дизайнер, жазушы адалдық тақырыбын өзінше көрсетуі мүмкін, бірақ түпкі идеясы мен айтар ойына түрлі жолдарымен тоқталады. Сол себепті, ұлттық мүддені өз саласында иманындай ұстап, ісінде көрсетіп, дуасына айналдырып жүргендерді нағыз ұлтшыл, елшіл азамат деп қабылдаймын. Ал, енді оларды жікке бөлінді, ұлшылдық пиғылы бар деп халық жауындай етіп көрсететіндерді арам ниетті, іштей іріткі салушы нағыз арандатушылар деп түсінемін. Мұхтар Шахановқа күйе жағушылар бар, бірақ ол ұлтшылдығымыздың ерекше феномені, арқа сүйер қабырғамыз. Ал қазір мықты ұлшыл жастардың толқыны қалыптасып келеді. Олар білімі мен тәжірибесінің арқасында қоғамда танылып, ысылып, саясатта шындалып, халық арасында мойындалып келе жатыр. Айтпағым, шекпеннің астынан шыққандар емес, көз алдымызда қатары күн өткен сайын көбейіп келе жатқан жас ұлтшыл буындар. Олар да бір күні менмұндалап шығады. Олардың ұтатын жері табиғи дамыған қоғамдық толқын болып есептеледі.

 

ЖЕБЕ: Қалай болған күнде де қоғамда жылдан-жылға қазақ тіліне деген сұраныс артып келе жатыр.  Осыдан кейін қазақ тілін білмейтін және білгісі келмейтін Петр Своик сияқты азаматтардың еліміздің саяси жағдайына пікір білдіруі қаншалықты орынды деп ойлайсыз?

 

 Мақсат ЖАҚАУ:  Енді олардан сұрасаңыз, Ата Заң мен демократияға сүйене кетеді. Осылайша құқықтарының бұзылмауын талап етеді. Негізі Своиктардың ақыл-қабілеті жоғары, үйренем десе жарты жылда қазақ тілінде таза сөйлеп шығады. Керек десеңіз, сіздің қазақшаңызды түсініп те, пайымдап та тұрады. Ондайларды да көрдік, бірақ ниеті жамандардың ішкі арам пиғылы бәрібір білініп қалады. Енді пікір білдірсе аузына қақпақ қоя алмайсың ғой, шешім осылайша пікір алмасу арқылы келеді. Сол себепті де қай тілде болмасын мұндай айтыстарда қызуқанды эмоцияға емес, салмақты қызыл тіл мен сарабдал шешендікке сенуіміз қажет. Петр Своиктің кезіндегі зейнеткерлік реформаларға, экономикаға қатысты оң пікірлерін мойындап жүретінмін. Ол жағынан нағыз маманданған біліктілікті көрсететін. Бәлкім, өзінің осы бағытынан таймай жүрсе, ұлттық бағыттағы пікірлерден абырой таппайтынын түсінер еді-ау.

 

ЖЕБЕ:  Бізге берген шағын сұхбатыңда Украинадағы шерулердің халыққа, билікке де тиімді екенін айтып едіңіз. Қазіргі уақытта жағдай шиеленісіп бара жатыр. Осыдан кейін Еуромайдандағы жағдай не болмақ?

Мақсат ЖАҚАУ:  Бүгінгі күндері саяси жоспардан гөрі стихиялы әрекеттер көбеюде. Грушевский көшесіндегі қақтығыс пен «Беркут» жасағына төбелесу мен оқ атуға рұқсат беру, одан қалды журналистер мен митингіге қатысушыларды пластик, резина оқпен ату жағдайды ушықтырған секілді. Қаңтардың  21-і күні Тәуелсіздік алаңын, Крешатик пен Институт көшелеріне шыққан халық 500 мыңға бір-ақ жетті. Оның үстіне өте ұйымшыл «Днепр» сияқты футбол фанаттары, Львов қаласының мэріне дейін оппозицияға қосылуға ниеттерін көрсетуде. Әзірше таразының басы көшеге шыққан көпшіліктің еншісіне қарай ауғандығы, жағдайдың Янукович билігінің жедел саяси шешімдер қабылдауына итермелейді.

«Батьквшины» саяси кеңесінің төрағасы Арсений Яценюктің «Беркут» жасағына үш күн бұрын оқ атуға рұқсат берген Ішкі Істер министрлігіне «Егер де бір адам қаза тапса, бейбіт келісімге ешқашан келмейтін жолға түсеміз» дегені, саяси мәселелердің ушығып, ахуалдың түрлі сипаттар алып кетпеуіне кепіл болмай тұрғандығын осыдан көруге болады.

 

 ЖЕБЕ:  Украинадағы жағдай Еуропа одағына кірмеуден басталды ғой. Яғни, қарапайым украиналықтар Ресеймен Еуразия одағында болуға қарсы. Қуантарлық жағдай соңғы кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «құратын одағымызды саясиландыра алмаймыз» деп мәлімдеді. Президентің осы мәлімдемесінен нені аңғаруға болады?

 

Мақсат ЖАҚАУ:  Болашағына күмән келтіру әлі ертерек, халықаралық құқық маманы ретінде интеграциялық процестерге балама жоқтығын, нарықтық қоғамда онсыз экономикалық даму тетіктерін жүргізу қиындыққа түсетіндігі даусыз. Мәселе, оны қалай жүргізу керектігінде болып тұр. Егер мүддеміз шектелетін болса, отандық тауар өнімі, қызмет көрсету, кәсіпкерлік бәсекелестіктерінің тамырына балта шабылатындай үдеріс орын алса, мұндай келісімнің қажеті шамалы, не оны қайта қарастыру керек. Бұл жағынан, сөзсіз Н.Назарбаев табандылық танытуы тиіс, оған куә да болып жатырмыз. Өз басым, Европалық одақ стилінде дамуды қалар едім. Бірақ оған империалистік пиғылдағы Ресей, жалтақтап қалған Белоруссия мен Қазақстан қаншалықты дайын?! Саналы түрде қоғамымыз бұған дайын емес, әрбір азаматымыздың санасына азаматтық білімнің қайнар көздері құйылмаған, сіңбеген, оны жасақтайтын азаматтық ұйымдар, саяси институтардың даму тенденциясы нашар, саяси ізденістегі технология мен талдау бағыты, әлеуметтік зерттеу түрлері мен жобалары әлсіз, я болмаса жасанды құбылыс жасақталынған. Біз мұндай күймен қайда барамыз? Ал, еуропалық бағыттағы интеграцияны меңгеру үшін кеңестік заманнан шыққандарды қайдам, бірақ жастарға азаматтық білімнің әліпбиін қайта оқытумыз керек болады. Бізде саяси-азаматтық сауат ашылмайынша, діни, қаржылық сауат ашылмайды. Бірінші түйсікті қалыптастырсақ, қалғанын рухани-материалдық қажеттіліктермен толықтырып аламыз. Осы мәселе әлі өзекті. Ең бастысы, халықтың күйзелісін, әлеуметтік жіктелісін текетірестерге алып бармайтын батыл қадамдарды халықтың мүддесінде жүргізсе – одан ешкім ұтылмайды.

ЖЕБЕ: Әңгімеңізге рахмет!

Серғазы АСЛАНБЕК

«Жебе» газеті, 23 қаңтар 2014 жыл

4 ПІКІРЛЕР

  1. Оны бүкіл орыс шовинизмінің атынан сөйлетіп отырған біздің ҚазақСТАНдық жүйе! Стан-отарлық атау, ал, отар елге, яғни құлға не айтқың келсе соны айтасың.

  2. Своик осы жерде керек десеңіз, өз атынан емес бүкіл орыс шовинизмінің атынан сөйлеп тұр. Нағыз арандатушы сөздер бекерден бекер шықпайды?!

  3. Осы Своик Украиндардың көзқарасымен нағыз шовинист адам ғой.Ішімізде ревалюция жасап іріткі салатындар осылар ғой.ОЛ МЫҚТЫ ДЕМОкрат болса,қазақша үйреніп басқаша сайррау керек еді… Байқау керек!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз