ТАРБАҒАТАЙ ТАСҚЫНЫ : Көшесiнде қайық жүзген қайран ауылым...

d181d183-d182d0b0d181d29bd18bd0bdd18b3            

Өскеменде ызғар сынған екен. Қала көшесi күндiз - киiз, түнде -мүйiз. Күнес тұста - күншуақ, көлеңкеде - ызғар. Сырт киiмiңнiң түймесiн бiресе ағытып, бiресе қымтанасың. Жора-жолдастар маған:

      -Алматыдан жылу әкелдiңдер,- десiп едi. Қай оймен айтқандарын кiм бiлсiн, өйткенi тасқын тарықтырған жұртты сол жылу онша қуанта да қоймаған сыңайлы. Күннiң күрт жылуы құт әкелмейтiнi ертеңiне-ақ белгiлi болды.

      Қаладан шыға қыс бойғы сiрескен қалың қар қасатқа айналып, шөмиiп, шөгiп бара жатқанын байқадым. Жол бойғы ағаштардың басы, қар-мұздан арылған жол табаны толған қалың қара қарғалар. Топ-тобымен шу-шу етедi. Бұрын дәл мұншалық көп қарға бола қоймайтын сияқты едi. Биыл... Биыл бәрi керiсiнше. Табиғаттың итi қырын жүгiргелi қашан?

           Көктемнiң екiншi айы орталанып  қалғанымен кiсәпiр мiнезiмен аты шыққан Байбурадан өте бере Көкпектi ауданының жерi әлi сiрескен қар астында мызғымай жатқаны мынау. «Жарылмаған жанартаулар қауiптi, ал жарылған жанартаулар даңқты» дегенге ұқсас өлең жолдары ерiксiз ойға оралды. Кiм жазғанын мен ұмытып қалған екем. Күн бұлай аяқ-астынан жылып қоя берсе, мына моп-момақан болып монтансып жатқан Көкпектi өңірі де кесiр мiнез көрсетуi мүмкiн-ау дестiк, қасымдағы жолсерiк iнiм талантты қаламгер, «Шығыс-ақпарат» медиа холдингiнiң басшысы Нұржан Қуантайұлы екеумiз. Оның туған жерi осы ауданның «Үлгiлi малшы» деген ауылы. Жолдан қиыс 40 шақырымдай жерде көрiнедi. Жайшылықта болса қуана бұрылып, ат шалдырып өтер едiк, мынадай жағдайда мұрсат қайда? Нұржан да бұйраттары бұйыққан ұлан далада аппақ кiлегейдей болып ұйып жатқан көл-көсiр қарға әлдебiр қауiппен көз тiгiп отыр. Басқа уақыт болса, осы табиғатқа сүйсiнiп қарап, шабыт шақырар ма едiк?

             Тарбағатай ауданының шетiне iлiккен маңда қар көрпесi сетiнеп, жер алашабыр тарта бастаған. Бiр тұсы әлi мұз, бiр тұсы - бетi жылтыраған су. Шағын ғана Уан ауылының тұсынан өте бергенiмiзде алдымыздағы жол шетiнен ойпаңдағы ала қарды алқымдап, шымырлай ағып келе жатқан жадағай қызыл су көрiндi. Бiр қарағанда бала кезде бақша суарып, болмаса қой-қозы жайып жүрiп, мәйкiмiзбен сүзiп iшетiн арықтағы ботананың өзi сияқты, бiрақ батпақ түстес, бөтен, қоңырқай, қошқыл, кәдiмгi лай. Бiрте- бiрте екпiн алып, жал бiтiп, андыздай бастағаны аңғарылды. Көлiгiмiздi бұрып барып, қызыл судың қара ала қатқақты кемiрген жемiр мiнезiн таңырқай бақылап көрдiк.

            Алдымыздағы тоғайлы ауыл Жәнтiкейдiң шетiнде ошарылған жұрт, қаңтарылған автобус, қиқы-жиқы тiрелген көлiктер. Жетiп келсек - көпiрдi жұлып әкетердей күшенiп ағып жатқан көк долы су, одан әрiрек жақындап барғанда көше-көшенiң күркiреген өзенге айналып кеткенiн көрдiк. Көшелерден шыға қосылып, екiлене ағып жатыр. Ауыл үйлерi кiшiгiрiм кемедей болып қайырлап тұр. Жөңкiле аққан жайқын су бiз келе жатқан жолдан асып, белiнен басып, ақтарыла буырқанып жатыр. Жөпшөңкi көлiктер өте алмай қалыпты. Тракторлар, «джиптер» мен «уазиктер» болмаса. Олардың өзi арлы-берлi байқап-байқап өтуде.

           Құрғақ жол шетiнде суға кеткен ауылға қарап тұрмыз. Кейбiр үйлер қисая құлаған. Кейбiрi мелдектеп, кейбiрi тағаннан су кешiп тұр. Қайсы бiр аула-албарларда ызғақтап, дiрдектеген бiрлi-жарым арық-тұрақ мал көрiнедi. Кейбiрi қора-қопсының төбесiне, шатырына шығып кеткен. Сабан ба, сағдар ма, қамыс па, әйтеуiр бiрдеңенi талғажау қылып жүр. Қалай шығып кеткенi беймәлiм. Не маңыраған, не мөңiреген бiр дыбыс естiмедiм. Маңырап-мөңiреп болған сияқты. Естiлетiнi - судың сарылы мен қарғаның шуылы, әредiк мотор дыбысы ғана. Кейде маңайда босып жүрген иттер ұлып, үрiп қояды. Көңiл әлем-жәлем, жүрек тiлкем-тiлкем болды. Iш ашып, өзек өртендi. Жұрттың бәрi түнерiңкi. Сөзге сараң. Жауаптары келте.

        -Үй-жай, мал-жанымызды сыртынан қарақтап жүрмiз. Жем-шөп күтiп...

        -Арғы күнi жылы жаңбыр жауып едi. Таудағы қарды ерiтiп жiберiптi. Содан сел-тасқынның екiншi екпiнi басталды,- дестi тұрғандар. Күннiң  жылығанынан қорқақтайтын болған. өздерi тiптi тоңуды ұмытқандай. Жылы машинадан шыққан менi суық лезде қармады. Тез-ақ тоңази бастадым. Күн ызғарлы, тау жақтан өкпек жел бар. Жергiлiктi жұрт бұл суықты мизер емес. Жайлап жақындап, жылы-жылы сөйлесiп, екi жақтап сыр суыртпақтап жатырмыз.

       -Өткен жолғы сел айналайын екен. Мынаның екпiнi тiптi жаман, - дестi.

       -Онда қапыда қалып, қара басты. Бұл жолы ұйықтамай, қамданып, түнiмен күттiк. Айналайын ЧС-шiлер ескерттi,-дестi.

      -Су сарынын келмей жатып естiдiк. Мына тасқын таңертеңгi сағат 9 -дың шамасында жеттi. Егер түнде болғанда, сөз жоқ, адам шығыны болатын едi,-дестi.

       Нұржан Қуантайұлы маған:

     -Аға, тасқынға барамын, топанды көремiн, көзіммен көрiп жазамын деп едiңiз, мiне, сiз үшiн по заказу сел  ағызып қойыпты,-деп қалжыңдап едi, менен күлкi шықпады. Езуiм икемге келмедi.

         Өз көзiме өзiм сенбей, ақтарыла ағып жатқан суға, сол суға қарық болған ауылға, резiңке етiк киiп, тағдырдың салғанына қарсы қарап, тұнжырап тас-түйiн тұрған қайран жұртқа қарай бердiм. Аузыма сөз де түспедi. Не деуге болады? Не деп жұбатамын? Қалай көмектесуге болады?

        Жолдың өзi екiге бөлiнiп қалған, арғы беттен берi өткен «Джип» машинасы тұсымызға тоқтады, түсе қалып бiр жiгiт сәлем бердi: облыстық жол бастығы Серiк Ахтанов екен. Зайсандық азамат, он шақты жыл бұрын Астанада бiр үйде көршi тұрғанбыз. Тәжiрибелi, iскер маман, бiраз жыл Атырау жолын басқарған, Қазақ автожолдарының вице-президентi де болған.

       -Жолдардың сықпыты мынау, су бұзып кетiп жатыр. Қарап, қөрiп, жөндеудiң шарасын қарастырып жүрмiз. Өзiңiз де байқап тұрсыз. Бұзылғанның бәрiн тез арада қалпына келтiру керек. Сол үшiн шапқылап жатырмыз. Бiр орында отыру жоқ. Ұйқы-күлкi қалған,- дедi Серiк бауырым. Айтқаны рас. Ұйқы-күлкiден қалған жалғыз ол емес, тасқын басталған бiр айдан астам уақыттан берi облыс жұртшылығында да, басшыларында да маза жоқ. Қайдан болсын?!.

      ...Менiң бiлетiнiм, өткен айдың 17 күнi облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев Тарбағатай ауданындағы тасқынның тосын хабарын алысымен-ақ, мұнда осы өңiрде көп жыл әкiм болып iстеген өз орынбасары Түсiпхан Түсiпбековты жiбердi. Бұл - бiздiң журналист ағайындар мен Шығыстан шыққан бас көтерер азаматтар дабыл қаға бастаған тұс болатын. Өйткенi Қызыағаш қырғынынан ес жия алмай жатқан қоғам Тарбағатайда адам шығыны болмаған соң ә дегенде ондағы тасқынға онша мән берiп, назар аудара қоймаған. Сол күндерi студент кезден бергi үзеңгi жолдас Түсiпханға телефон соқсам – жерде емес көкте, тiкұшақ iшiнде отыр екен: тасқын су басқан ауылдарды аралауға шыққандарын айтқан. Соның алдында ғана, бiрнеше күн бұрынғы дәл осындай боранда Өскеменнен шығып, ауыл-ауылдан ауыр науқастарды теріп алып жүрген жедел жәрдем вертолетi құлап,  ішінде дәрігерлері, сырқаттары, ауыл әкімдері мен ұшқыштары бар он шақты адам мерт болған едi. Бұл жолы Түсiпханның тобы мiнген тiкұшақ та үйіріп, орай соққан күшті бораннан төңкерiлiп қала жаздап, ақыры Ақсуатқа қона алмай, Өскеменге қайтуға мәжбүр болды. Бұл - маңайдың бәрiн су алып кетiп, аудан орталығы Ақсуат аралға айналған кез едi. Ертеңiне боран ашылғанда қайта барып қоныпты. Содан бастап, негізінен облыстың мәдени-әлеуметтiк мәселелерiне жауап беретiн Т. Түсiпбеков облыс әкiмiнiң тiке тапсырмасымен сол ең қиын кезде, тасқынға ұшыраған жұртты құтқарумен, құрғақ жерге көшiрумен, орналастырумен, зардап шеккендерге жағдай жасаумен, қолдан келгенше көмек ұйымдастырумен жүрдi. Осы кезде ел iшiнен шыққан қайраткер азаматтар сатып алып, жинап, жөнелткен жылы киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек тиелген алғашқы «Камаздар» да Астана мен Алматыдан шығып, Ақсуатқа жете бастаған.

            Шығыс өңiрiне басшылыққа барғалы жарғақ құлағы жастық көрмеген әкiм Б.Сапарбаев өзi де жедел ұшып барып, аралап, бар ауыр жағдайды өз көзiмен көрдi. Көрдi де, келiп қалған Наурыз мерекесiне дайындықты шұғыл шегертiп, аймақта төтенше жағдай жариялады, бар күштi тасқынға тосқын қоюға  және апаттың зардабын жоюға жұмылдырды. Айналдырған жиырма күннiң iшiнде апат аймағына едел-жедел 4 рет барды. Елбасынан көмек сұрады, ол жiберген Үкiмет басшысының орынбасары Ө.Шүкеевке апат аймағын аралатып, кенеттен келген кесапат пен машақаттың және төбеден төнiп тұрған қауiп пен қатердiң ойыншық еместiгiне көзiн жеткiздi. Төтенше жағдайлардың зардабын жою жөнiнде штаб құрып, оған Өскемен қаласының әкiмi, осы салада мол тәжiрибесi бар Ислам Әбiшевтi жетекшiлiкке қойған.

          -Қиындықты жою жорығы жүрiп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты  Екi ауыл түгел жаңа, басқа жерден салынатын болады, бiрнеше ауыл жарым-жартылай, қалғандары iшiнара, қысқасы кемінде 500 тарта үй қайта тұрғызылады. Жәнтiкей мен Көкжыра ауылдарының жаңа жерден қадасы қағылып қойылды. Өзiң барғанда көрерсiң. Жобала ры бекiтiлдi,- деген едi дуанбасы И.Әбiшев кеше Өскеменде кездескенде. Бүгiн мiне бiз де тасқынның екінші толқынымен бетпе-бет келiп қалдық...

        -Асфальтты су опырып барады. Дегенмен сіздердің көлiктерiңiз жаңа біз өткен жерден өте алады. Жолдың ортасын ала жүрiңiздер. Шет-шетi орылып қалған, тайып, түсiп кетуден сақтаныңыздар. Сiздер өтiп алғанша кетпей қарап тұрамын,-дедi Серiк Ахтанов қоштасып.

        -Ал, бисмилла, Құдай сақтасын, - деп, су астында қалған жолдын нобайын ойша жобалап, арғы бетке, Ақсуатқа қарай беттедiк. Бiз мiнген «Нива-Шевроленiң» терезесiн ашып қарап отырдым, сарылдап, сарқырап, жосыла аққан судың екпiнi қатты, көлiгiмiздiң табалдырығын соқты. Жолсыздың будан-арбасы өз атағын ақтады, жолдан асып, кесе-көлденеңдеп, екi жүз метрдей жайыла жөңкiлген ағысқа бой бермей, тоқталмай ажылдап, арғы бетке өте шықты. Дәл ортасындағы терең тұсында табаны сәл қозғалақтағандай болғанымен дес берген жоқ.

           Арғы бетте де әлгiндей көрiнiс: ошарылған жұрт, қаңтарылған көлiктер. Суға қарап отырып, олардың тұсынан өтiңкiреп кетiппiз.

          -Анаң қараңыздар, ауылда қайық жүр,- дедi қырағы жүргiзушiмiз Елдар. Тоқтай қалдық. 

                Шынында  да, ауыл көшесiмен берi қарай ернеуi доғал резiңке қайық қалтылдай жүзiп келе жатыр екен. Iшiнде кiлең қызыл кеудеше киген бес-алты ескекшi өздерiне өздерi әл-қуат бере «Әуп -па! Әуп- па!» деп қосыла дауыстап, ырғақпен есiп келедi. Бұрқырай аққан ағыс алып кете жаздап, жағалауға айналған даңғыл жол шетiне әрең жеттi. Ортасында бiр-топ әйелдер мен шиеттей балалар, шал-шауқандар. Арғы жағындағы тоқал тамдардың төбесiнде бiзге қарап қолын бұлғаған үш-төрт адам тұр. «Қайыққа симай қалған-ау, келер рейстi күтiп тұрған болар» деп долбарлап едiм, олай болмай шықты.

           - Олар азғантай малына, дүние-мүлкiне қарайлап қалып қойғандар, -дедi бiзбен тiлге келген төтенше жағдайлар басқармасының суға батпайтын қызыл күртешесiн, ақ дулығасын киген жiгiт, - Бiрнеше отбасы «дүлей тасқын қайталап жатыр!» десек те көнбей, үйлерiнен шықпай отырып алды. Табалдырығынан су аттап кірмесе шықпайды. Бiздi тыңдамаған соң ауыл әкiмi Айгүл Иманғалиева апайды алып барып едiк, әрең көндiрдi ғой әйтеуiр. Соларды қайыққа салып алып келдiк.

           Жағаға жеткен қайыққа жақындап келе жатқанымызда басына шошақ төбелi бөрiк киген бiр ағамыз көлденеңдеп:

         -Есдәулет шырағым, сенбiсiң? Менi таныдың ба? Сонау жылы Сәбит Досанов, Совет-Хан Ғаббасов үшеуiң келгенде Бөрiтостағанда бас тартқан Жамбыл Жұманбаев ағаң мен болам. Сонда сен суырып салып «Тас түбiндегi бас» деген өлең шығарған едiң ғой. Есiңде ме?- дедi ақкөңiлiмен аңқылдап. Айдаладағы көктен түскен көк кемедей Бөрiтостаған жартасы қайдан ұмытылсын, бiрақ өлең есiме түсе қоймады. Жамбыл аға сөзiн жалғап:

         -Бiзде үш Боғас өзенi бар. Арғы күнгi күні-түні жауған жаңбырдан ерiген таудың қары сол үш Боғасқа қосылып, үшеуі бірігіп, екiншi тасқынға айналды. Бұл өткен жолғыдан төрт есе көп, әлдеқайда қуатты. Осыған жедеғабыл бiр тасқын сонау 80-жылдың сәуiрiнде бiр болғаны есiмде. Онда анау Ортабаз деген жерде отырған шопан жiгiт әйелiмен, баласымен жолда тасқында қалып, аты жан-дәрмен мөңкiгенде арбаның алдыңғы екi дөңгелегiн бiлiгiмен жұлып алып кетiптi.Артқы дөңгелектiң қасында ағаштың түбiнде жатқанүшеуiнiң сүйегiн екi күннен кейiн тауып алғанбыз. Құдайға шүкiр, бұл жолы адам шығыны жоқ,-дедi.

           Құтқарылған бала-шағаны тоңдырмай, жол шетiнде тұрған қою жасыл түстi ауыр автобусқа тездете отырғызып, аудан орталығы Ақсуатқа қарай ала жөнелдi. Төтенше оқиға жөнiндегi комитеттiң көлiгi екен. Босаған қайықты әп-сәтте екiншi бiр көлiктiң үстiне артып

үлгiрiптi. Сол қайықтан әлгiнде түскен бiр әйел үстiндегi сулық қаптамасы мен аяғындағы саптамасын құтқарушылар көмегiмен шешiп жатты. Жамбыл аға оның Жантiкей ауылының әкiмi Айгүл Иманғалиева екенiн айтты. Жақындап келiп сәлемдестiк. Ол менi бiрден тани кеттi:

           -Ұлеке, сiз де осында жүрсiз бе? Ана жылы бiздiң Сұлуталға келiп клубта жұртпен кездесу өткiзген едiңiз. Маған қолма-қол шығарып, әдемi өлең арнағансыз. Ендi мынадай қысталаң жағдайда кездесiп тұрмыз,- дедi жымиып. Осы бұрынғы Сұлутал, қазiргi Жәнтiкей ауылында сексенiншi жылдардың басы мен тоқсаныншы жылдардың аяғында екi рет болғаным бар. Кейiнгi келгендегi кездесудi өзi жүргiзгенiн айтты. Өңi күнге әбден тотығыпты. Оңай ма? Қанша жыл бойы ер-азаматтың жүгiн арқалап, мiндетiн атқарып жүр. Тасқынның таусылып бермес сынағы болса мынау.

          -Бүгiн мына бiр адамдар көшуге көнбей жатыр деген соң қайықпен өзiм барып «әке-күкелеп» әкелдiм. «Тасқыныңды көрiп алдық. Бұдан әрi не қылар дейсiң» дейдi. Қыңырға сөз өте ме? Әкелгенiмiз емшекте сәбиi бар жас әйел, бала-шаға, кәрi-құртаңдар...-дедi.

          Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатты бетке алып жылжи бергенімізде Жамбыл аға қоштасып тұрып:

        -Тасқын болмаса келмейсiң бе? Жазда тағы соқсаңшы, Бөртостағанға апарайын,- деп қалды...

         Ақсуатқа кештете жеткен бiзге қонақүйде орын болмай шықты. Азғантай бөлмелер Төтенше жағдай жiгiттерiнен артылмайды екен. Алдын-ала айтып қойғанымыздың арқасында ғана бiз үшiн қонақүй iшiндегi нотариалдық кеңсеге төсектер қойған екен, нотариус болмасақ та бiр түн қонып, қалтырап тоңып шықтық.

         Ертеңiне аралаған ауылдарымыз  Жәнтiкей, Көкжыра, Қарғыба-Құмкөл, Уан... бәрiнде ұқсас жағдай. Үдерiп, үрпиген ел, кетеуi кеткен ауыл, ыңыршағы айналған мал. Әр ауылдың тұсында қырлауыт жерге үлкен палатка-шатырлар тiгiлген. Iшiне төсек-орындар, пештер қойылған, қасында қолжуғыштар, көшпелi қазандықтары бар. Үй-жайынан айрылып, тентіреп, босқан елдi қабылдауға бәрi дайын, бiрақ қар-мұздың әлi ерiп болмауы, күннiң суықтығы, тасқынның қайталану қатерi қолбайлау. Бәрі де әлі тоңды жерде тұр. Сосын жұқа шатыр жұртқа қашан баспана болып жарытушы едi? Мына суықта оған кірген ел денсаулығынан айрылуы да мүмкін... Уақытша iлдалда ғой... Ертең күн жылынғасын, бұлар да керекке жарайды, әлі...

            Қарғыбадағы ең алғаш ұстыны қыңырайып, белі кеткен үлкен көпірді жөндеуге кірісіпті. Қасынан тұрғызған уақытша жаңа көпірді таңғы тасқын жұлып әкетіпті. Абажадай үлкен екі-үш құбыры судан басын шығарып жатыр.

           Қызылкесік жаққа өте алмадық. Кешегі көпір бүгін жоқ. Тау жақтағы ауылдармен көлік байланысы үзілген. Жалпы, аудан көлемiнде көпiр бiткенге зауал келiп тұр екен.

           Ақсуаттағы Кәрiм Нұрбаев атындағы орта мектепте және мектеп- интернатта жәнтiкейлiктер мен көкжыралықтар жайғасыпты. Олар арнаулы бөлінген сыныптарда түнеп шығып, күндiз өз жұмыстарымен, үйлерiндегi тірі қалған малдарына қарап, жем-шөпберу, құлаған үйдi бұзу, мұздан арна ашу, топырақ толы қаппен бөгет биiктету, өлген малын көму, т.б. iстермен айналысады екен. Бір қарағанда жағдайлары жаман емес: үш мезгiл тамағы тегiн, аптасына моншасы дайын. Таңғы, түскі астары кәсіпкер депутат Шыныбаевтың кафесінде, кешкі астары «Раушан» мейрамханасында, Балалары мектептерде оқып жатыр. Студент балалары төлемнен босатылды.  Гуманитарлық көмек күнде толассыз келуде. Мектеп iшiнде тұрып жатқандар үшiн мәдениет мүйiсi ашылып, оған Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабилянов сыйлаған аумақты теледидар қойылған. Медпункт жұмыс iстеп тұр. Онда дәрi-дәрмек жеткiлiктi екенiн сұрап бiлдiм. Бірақ осының бәрі әркімнің өзінің ұядай шаңырағына қайдан жетсін? «Айналайын өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген емес пе? Мектептегі матрастың үстінде ұйықтап жүрген жұрттың күйісі кетіп-ақ қалғаны байқалады.

            Зардап шеккендердің арасында шыбық басын сындырмай текке сенделетін ас iшiп, аяқ босатарлар, iшiмдiк iздеп емiнгендер, бұзақылық жасап буырқанғандар да табылыпты. Олардың тәртiбiне алдымен ел сайлаған онбасылар мен жүзбасылар жауап бередi. Өз телісі мен тентегін өзі тиып келген ел емес пе?

             Аудандық газеттiң төтенше жағдайға байланысты «Тарбағатай» атты жедел шығарылым-парағы жарық көре бастапты. Оған облыстық «Шығысақпарат» медиа холдингі қол ұшын берiп отырғанын көрдiк. Бұл қосымша басылым аудан көлемінде тасқын зардабын жоюға байланысты жасалып жатқан жұмыстардың айнасына айнала бастапты. Жалпы жұртшылыққа баспасөз жеткізу де қолға алынған.

          Нұрбаев мектебiнiң алдында кеу-кеулескен жұрттың үстiнен түстiк. Олар - Жәнтiкей ауылын жаңадан салатын жердiң жайлы-жайсыздығын талқылап тұр екен. Бiр адуын жеңгей:

-Ол жер - сортаң, мен бала-шаға, ұрпағымды ондай құнарсыз жерге қоныстандырып сорлата алмаймын,- деп жұлқынды. Екiншiсi:

-Жазған-ау, бұрынғы отырған орнымыз батпақ едi ғой. Одан тәуiр емес пе?-дейдi. Бiр ақсақал маған келiп:

-Ауылдың жаңа қонысын дұрыс жерден таңдамады, соны жоғарыға жеткiзiңiз,-дедi.

Басқа бiр қария:

-Өткен жолы жер таңдағанда бәрiң бас изеп , мақұл болып, қол қойып бергенсiңдер. Ендi несiне қарсы болып отырсың?-дейдi.

Оған анау:

-Сен қойсаң қойған шығарсың, мен қойған жоқпын, -деп, бой берер емес. Тіпті тағы бір ағамыз:

-Басқаларыңды білмеймін. Мен өзім ешқайда да көшпеймін!.. -деп тебітіп қояды.

               Менiң анықтағаным, бұлардың кейбiрi құлашын кеш сермеп отыр. Өйткенi, жергілікті жұрттың ұсынысын ескере отырып, су аяғы шықпайтын қырбеткейден жаңа ауылдардың орны таңдалып, арнаулы мамандар өлшеп-пiшiп, архитекторлар оның жоспарын сызып-бекiтiп, қазығы қағылып, қаржысы есептеліп, мердігерлері таңдалып жатыр. Күні ертең құрылыс басталмақ. Уақыт ырғалып- жырғалуды күтпейді.

            Аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң меңгерушiсi, ақынның ұрпағы Айдос Тайшөгеловтiң айтуынша, жаңадан салынатын ауылдарда жаңа мектептер, емханалар, кiтапханалар, мәдениет үйлерi де бой көтермек. . Балаларға киім кешек, оқулық, дәптерге дейін таратылуда.

Кеше облыс әкімі Бердiбек Сапарбаевауылшаруашылық министрi Ақылбек Күрiшбаевпен бiрге ауданға (бесінші рет) келiп, аймақты аралап, оған таудағы су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйін көрсетіп, ел-жұртпен тағы кездесiптi. Онда жұтқа ұшыраған жұртқа несиеге төрт түлік мал беру жайы тиянақталыпты.

         ...Осыдан екі күн бұрын ғана Бердiбек Сапарбаев Жамбыл атындағы облыстық драма театрында шығармашыл қауымға облыс әкімінің өткен екі жылда мәдениет пен өнерге елеулі үлес қосқаны үшін берілетін он сыйлығын өз қолымен табыс еттi. Жүлдегерлер қатарында жақында ғана өмiрден озған менің інім, дарынды жас режиссер, театр директоры болған Рүстем Есдәулет те бар болып шықты. Оған тиесiлi сыйлық пен диплом марқұмның жары актриса Маржан Мырзахметоваға табыс етiлдi. Осы кездесуде әкiм Өскеменде облыстық жаңа қазақ драма театрын салудың жобалау жұмыстарына алғашқы транш бөлiнгенiн тілге тиек ете келіп, апат аймақтарында жаңадан мәдениет пен өнер ошақтарын ашуға айрықша көңiл бөлiнетiнi туралы айтқаны ерiксiз есiме түстi...

           ...Ертеңiне қайтар жолда Жәнтiкейдегi өткел аузында әкiм Айгүлмен тағы кездестiк. Тайланып буылған шөп тиеулi «Камаздардың» жанында Тарбағатай аудандық ауылшаруашылық бөлiмiнiң бастығы Әсет Ақанжанов екеуi жұртқа жем-шөп таратып тұр екен. Ол бiр тұрғынның кезекті мәселесiн шешiп жатып, менi көре салысымен, маңындағыларға таныстырып, әзiлге бұрып:

           -Осы сiздер, ақын-жазушылар, осындайда келiп, апат-тасқыннан  рухани нәр алып, шығарма жазасыздар ғой, ә?-дедi.

Әсет сөзге араласып:

-Жоқ, бұл кiсiлер жазса көзiмен көрiп, жанымен қиналып, жұрт қайғысын өз қайғысындай етiп жазатын шығар?-деп араша түстi. «Екеуiңдiкi де дұрыс» деп құтылдым. Мұндайда не деп сайрарсың? Сөзiңдi бiреу сөйлеп жатса иегiң несiне қышиды? Оларда да ұзақ сөйлесер, асықпай тыңдар мұрша жоқ.

-Мына «Камаздар» Павлодар облысынан келдi. Шөптiң әр бумасын 500 теңгеден сатып алып, жұртқа бюджет есебiнен арзандатып, 300 теңгеге түсiрiп берiп жатырмыз. «Менің қалам» қорынан 200 тонна шөпке қаржы бөлiнген. Облыстың аудандарынан 300 тонна жем келдi. Әзiрше азық-түлiк, дәрi-дәрмек жеткiлiктi. Күнiне 7-8 «Камаз» көмек келедi,-дедi Әсет Ақанжанов. Біз олардан Ислам Әбішевтің Ақсуатқа ұшып келгенін естідік. Ол штаб отырысын шақырып жатыр десті.

             Ауыл адамдарын отырғызып, әрi жем-шөп тиеп алған кешегi жасыл машина толқынмен алысып, аласапыран боп ағып жатқан ауыл көшесiне кiрдi. Алдында бiр салт атты жол көрсетiп жүр. Аты су iшiнде тәлтiрек қағып кетiп барады.

             Қасымыздан шауып өткен бiр жiгiт ат-матымен омыраулап суға қойып кетiп, әлгiлердiң соңынан iлестi. Бiздiң жанымызда жол жағалап, бiресе үрiп, бiресе қыңсылап, бiресе ұлып қойып жүрген итi де бiр кезде иесiнiң соңынан жанталасып суға секiрдi. Толқын оны қақпақылдап ала жөнелдi. Асау ағыс iшiнде бiр батып, бiр шығып, қалтылдап бара жатқан ит бiр кезде қара жерге тырнағы iлiктi-ау деймiн, орғып-орғып бiр үйдiң ауласына кiрiп жоқ болды.

          Серік Ахтанов телефон соғып, Зайсан жаққа облыс әкімінің орынбасары Серік Тәукебаевпен бірге ұшып барғанын айтты. Тұғыл маңындағы көпірлерге қауіп төніпті. Қарабұлақ ауылына жеткен тасқын бөгетті ернеулеп тұрған көрінеді. Шілікті зардабын жою қолға алынғанмен қаупі әлі сейілген жоқ. Семей өңірінде де осындай ахуал. Жалпы, бүкіл шығыстағы күллі жұрттың көңілі әлі күпті, қаупі зор. Өйткені таудағы қар мен мұздың беті бері қарамай, әлі ішін бермей жатыр.

               Алматыға оралып, үйге келсем, бiр танысым телефон соқты. Хал сұраған соң, Тарбағатайдан келгенiмдi, ол жақта тасқын су басқан ауылдардың өзенге айналған көшелерiнде жұртты қайықпен құтқарып жатқанын айтқанымда:

-Е, ауылдарың Венецияға айналған екен ғой,- дедi күлiп. Кiмге күлкi, кiмге қайғы...

             Ал мен болсам, бiздiң қарапайым, қараша ауылдарымыз Алматы мен Астанаға айналса да, астынан су шыққан Венецияға айналмай-ақ қойғанын Құдайдан тілер едім...

 

 

 

Ұлықбек Есдәулет,

Ақын, ҚР Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты