Украинада қантөгіс тоқтар емес

BZ2mpIZCQAAnD-7Жексенбiден берi Киевтiң Грушевский көшесi тап бiр соғыс алаңына айналғандай. Шерушiлер мен милиция арасындағы қақтығыстың алғашқы құрбандары бар. Соңғы ресми ақпарат бойынша, екi адам қаза тапты. Ал оппозиция кемiнде бес адам ажал құшты дейдi. Оппозициялық “Батькивщина” партиясының мәлiметiнше, жарақат алған шерушiлердiң саны бiр жарым мыңға жуықтаған. Кеше милиция және “Бүркiт” жасағы шерушiлердiң баррикадаларын бұзып, наразылыққа жиналғандарды тықсыра бастады. Президент Виктор Янукович қол қойған бейбiт жиын өткiзу құқын шектейтiн заң кеше күшiне ендi. Бұл заң “Бүркiт” жасағына оқ атуға рұқсат бередi.
КЕЛIССӨЗДЕР ТЫҒЫРЫҚҚА ТIРЕЛДI
19 қаңтарда В.Янукович қол қойған заңға қарсы көтерiлген украиндықтар әуелi осы заңның күшiн жоюды талап еткен-дi. Бiрақ құқық қорғаушылармен қақтығысқан соң, Еуромайданға қатысушылардың талабы өзгердi. Ендiгi жерде олар Януковичтiң билiктен кетуiн және мерзiмiнен бұрын сайлау өткiзудi жөн көредi.
Президент В.Янукович пен оппозиция­ның келiссөзi басталмай жатып тығырыққа тiрелдi. Әуелде президент оппозиция өкiлдерiмен кездесiп, сөйлесуге, тiптi бiрiгiп комиссия құруға ыңғай таныт­қанымен, артынша бұл ниетiнен айнып қалғандай. Себебi сейсенбi күнi “Удар” партиясының жетекшiсi Виталий Кличко Януковичтiң резиденциясында бiрнеше сағат отырғанымен, президентпен кездесе алмаған күйi қайтты. Президенттiң орнына келiссөзге шыққан оның көмекшiсi­мен сөйлесуден Кличко бас тартты. Сол мезетте-ақ ол “ендi келiссөз жүргiзбей­мiн, бұл процестен шығамын” деп мәлiм­дедi.
Ал Украина Ұлттық қауiпсiздiк және қор­ғаныс кеңесiнiң хатшысы Андрей   Клюев Кличконы “билiк пен оппозиция арасында болған келiссөздердi тастап кеттi” деп айыптады.
КЕЗЕКТI  ҚАҚТЫҒЫС
Сәрсенбi күнi таңертең милиция мен “Бүркiт” жасағы шерушiлер тұрған алаңды тазалауға кiрiстi. Әуелi Еуромайдан қатысушыларының тамырын басып көр­мек болды ма, милиция шерушiлер тұрғыз­ған баррикадалар мен автобустар­ға жақындады. Қосымша күш тартылған соң, шерушiлердi тықсырған құқық қор­ғаушылар әлгiлердiң қорғаныс шебiн бұзып-жарып өттi. Бес минуттан кейiн тағы бiр шабуылға көшкен “Бүркiт” шерушiлердiң баррикадасын басып алып, бұзып тастады. Шерушiлердi онан әрмен шегiндiрiп, құқық қорғаушылар баррикаданың артындағы өртенiп кеткен көлiктер мен автобустар тұрған алаңға басып кiрдi. Сөйтiп, наразылар iлген туларды жығып тастады, шерушiлерге резеңке оқ атып қуды, бiрнеше күннен берi Еуромайданның дабылына айналған қолдан жасал­ған дауылпазды басып алды. Наразылар импровизацияланған дауылпазды бiрне­ше күннен берi тынбай ұрғылаған едi. Оған жауап ретiнде арнайы жасақ қал­қандарды дүңк-дүңк еткiзiп, дүркiн-дүркiн ұратын.
Дауылпаздың быт-шытын шығарған соң шабуылды үдете түскен “Бүркiт” шеру­шiлердi қонақ үйге дейiн қуды. Қашып үлгерме­гендердi қолға түсiрдi.
Бiрақ көшенi тазалап бiткенi сол едi, Тәуелсiздiк алаңынан шерушiлерге қо­сымша күш келiп жеттi. Кү­шiне мiнген ереуiлшiлер милицияға қарата петарда мен фейервектер атып, көшенi қайта толтыра бастады. Керi ше­гiнген милиция оларға күш қолданған жоқ.
Айта кететiнi, милициямен қақтығысып жүрген шерушi­лер­дiң арасында арандатушылар бар. Әсiре­се, “Динамо” стадионы мен Грушевский көшесiнде бел­сендi әрекет етiп жүрген олардың кейбiрiн Еуромайданның қатысушылары анықтады. Осылайша Еуромайданға оппозиция жетекшi­лерiнiң өзi ие бола алмай қалған.
Бұл қайдан келген арандатушылар: Еуромайданды те­зiрек таратқысы келiп, күш қолдану үшiн сылтау таба алмай жүрген билiктiң жалдамалылары ма, әлде Ресейден келген радикалдар ма, ол жағын тап басып айту қиын.
ОҚ АТУ ҚҰҚЫҒЫ
Украинаның премьер-министрi Азаров үкiметтiң күш қолдануы мүмкiн екенiн күнi бұрын ескерттi. “Егер арандатушыларға тоқтау салынбаса, билiкте заңнамада қарастырыл­ған күш қолдану құқын пайдаланып, өз азаматтарды қорғау­дан басқа амалымыз жоқ”, – дедi ол “Россия 24” арнасына берген сұхбатында.
Азаров елде төтенше жағдай жарияланбайтынын жет­кiздi. Сонымен қатар оппозиция өкiлдерi өз бағытын ай­қындауы тиiс дедi. “Егер көшедегi бұзақылар мен экстремистердi қолдайтын болса, солармен бiрге екенiн айтсын. Ал егер оларды қолдамаса, онда билiкпен бiрге көше тазалауға көмектессiн”, – дедi ол.
Кешеден бастап күшiне енген заң бойынша экстре­мис­тiк әрекет пен жалған жала жап­қаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылатын болды. Жаппай тәртiпсiз­дiк, ғимараттарға кiретiн жолды жабу мен басып алу әрекетi үшiн қылмыстық жауапкершiлiк күшейтiлдi. Сондай-ақ, ендi “Бүркiт” жасағына оқ ату құқы берiлдi.
Азаровтың “күш қолдануға дейiн барамыз” дегенде меңзегенi де осы заң болса керек.
“Бiз ешқандай анархия немесе елдi бөлiп-жаруға жол бермеймiз”, – деген Азаров шерушiлердi “террористер” деп атады. “Бү­гiн түнде Майданның тер­рористерi қонақ үйге басып кiрiп, өздерiне қарсылас деп санайтын ондаған адамды ұрып-соқты, ұрлап әкеттi”. Белгiсiз бiреулердiң жатақханадағы адамдарды соқ­қыға жығып, ұрлап әкет­кенiн бас прокуратура да растады.
 
АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАНДАР
Кеше шыққан соңғы ақпарат бойынша, Киевтегi қақ­тығыстар кезiнде шерушi­лер­ден үш адам қаза тапты.
Таңертең Грушевский көшесiнде оқ тигеннен жас жiгiт көз жұмды. Newsru.ua порталының хабарлауынша, Грушевкий көшесiнде тағы бiр адам оққа ұшқан. “Украин­ская правда” басылымының жазуынша, Грушевкий көшесiнде денесiнiң төрт жерiне оқ тиiп, қаза болған жiгiттiң аты-жөнi – Сергей Нигоян. Оқ тиген екiншi жi­гiттiң аты-жөнi әзiрге бел­гiсiз. “Интерфакс-Украина” ақпарат агенттiгiнiң жа­зуын­ша, оған да оқ тиген.
Бас прокуратура екi адамның оқ тигеннен көз жұмғанын растады. Бiрақ iшкi iстер министрлiгi құқық қорғаушылардың шерушi­лер­ге оқ атуы мүмкiн емес дейдi. Ал оппозицияның айтуынша, екi адамға да снайпер оқ атқан.
“Динамо” стадионында “Бүркiт” жасағымен болған қақтығыс кезiнде жарақат алған 22 жастағы белсендi сейсенбi күнi ауруханада көз жұмғаны хабарланды, бiрақ артынша бұл ақпарат жоққа шығарылды.
Ресми билiк шерушi­лер­дiң қазасына байланысты реакция танытып үлгердi. Премьер-министр Азаров “шерушiлердiң қаза тапқанына шерушiлердiң өздерi кiнәлi” дедi. “Жаппай тәр­тiп­сiздiкке қатысқандарды бейбiт деп айтуға келмейдi. Бұлар – тәртiптi бұзушылар. Олардың ажал құшқаны үшiн арандатушылар жауапты”, – дейдi ол.
Украинадағы оқиғаларға реакция танытып жатқан Батыс елдерi екi жақты да келiссөзге шақырып, күш қолдануды тоқтатуды талап етуде.
Ал Ресейдiң мемлекеттiк думасы арнайы мәлiмдеме қабылдады. Бұл мәлiм­де­меде “наразылық агрессиялық сипатқа ие болғаны, күштiк тәсiл­дер арқылы билiктiң заңды институттарын құлату әрекеттерi орын алып жатқаны” айтылады.
Бұған дейiн Еуромайданды қолдау үшiн Киевке келiп, шерушiлердiң алдында сөз сөйлеген Батыс дипломаттарын сынаған Ре­сейдiң сыртқы iстер ми­нистрi Сергей Лавров “қа­жет болса, Ресей Украина билiгi мен оппозиция арасында ара ағайын болып, келiссөз жүргiзуге септесуге дайын екенiн” мәлiм­де­ген. С.Лавров жағдайдың осынша ушығып кет­кенiне оппозиция өкiлдерi кiнәлi дедi.
Украина билiгiнiң оппозициямен және халқымен теке­тiресi немен бiтетiнiн болжау қиын. Сарапшылардың бiр тобы “ендi Еуромайданды тоқтату қиын, күш алған оппозиция прези­денттi тақтан аудармай тынбайды” десе, ендi бiрi “Янукович күш қолдану ар­қылы майданды таратады” дейдi. Билiктен айырылып қалмау үшiн Украина прези­дентi қандай амалдарға баруы мүмкiн? Янукович өз халқына оқ атуы мүмкiн бе? Шеру­шiлер “билiк қазiрдiң өзiнде халыққа оқ ата бастады” дейдi.
Украина президентi В.Янукович  оппозиция жетекшiлерi В.Кличко, О.Тягнибок пен А.Яценюкпен келiссөз жүргiзiп жатқаны хабарланды. Киев уақыты бойынша кешкi сағат алтыда “Халық жиыны” жоспарланған. “Бұл жиында В.Кличко уақытша президент болып тағайындалуы мүмкiн”, – дейдi РБК арнасы. Оппозиция “қантөгiске тiкелей В.Янукович пен iшкi iстер министрi Захарченко жауапты” деген бiрiккен мәлiмдеме жасады. 
"Жас Алаш" газеті, Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ