Нұрқаділовке берілген асқа кімдер келді?

nurkadilovterӨткен жұмада бiр топ азамат мемлекет және қоғам қайраткерi Заманбек Нұрқадiловтiң 70 жылдық мерейтойына арнап Алматыда ас бердi. Асқа саясаткерлер С.Әбдiлдин, Т.Жүкеев, М.Әуезов, Ә.Қосанов, өнер қайраткерлерi Бибiгүл Төлегенова, Нұрғали Нүсiпжанов, Рамазан Стамғазиев, Бекжан Тұрыс және Зәкеңнiң шарапатын көрген қызметтестерi, ақындар, жазушылар, қарапайым азаматтар қатысты. Айтылуға тиiс бiр жайт, кезiнде Зәкеңнiң қарамағында жүрiп жақсылығын көрген кейбiреулер асқа келу былай тұрсын, ат-тондарын ала қашты.
Асты белгiлi ақын Иран-Ғайып жүргiздi. Заманбек Қалабайұлының көзiн көргендер естелiк айтып, өзi оқыған мектепке және Алматы қаласының бiр көшесiне атын берудi мәселе етiп көтердi.
Есте қаларлық сәт – Зәкеңнiң ұл-қыздары Қайрат Заманбекұлы, Құралай және Мерей Заманбекқызының бiрге жұрт алдына шығуы. Үшеуi де сөйледi, бiрақ кiп-кiшкентай перiште Мерейдiң сөзi талайдың көзiне жас үйiрдi. “Әкеме арнап ас берiп жатқандарыңызға рақмет. Жүректен айтылған жылы сөздерге де көп рақмет. Әкемдi сағынамын...”, – дедi көмейiне өксiк тығылған Мерей.
Астың соңында бас прокурор А.Дауылбаев пен iшкi iстер министрi Қ.Қасымовтың атына Зәкеңдi “өзiн-өзi атты” деген жаладан арашалау туралы талап хат жолданды.
Мақпал мен Мерей
Асқа жиналған қауым
Заманбек Нұрқадiловке қастандық жасағандарға қылмыстық iс қозғалсын
ҚР бас прокуроры А.Дауылбаевқа, IIМ министрi Қ.Қасымовқа        
Прокурор және министр мырзалар! 
Алаштың асыл ұлы Заманбегiмiздi – Заманбек Қалабайұлы Нұрқадiловтi жалған жаладан арылтуды үзiлдi-кесiлдi талап етемiз! 2005 жылғы 12 қарашадағы қарақшылық шабуылдың құрбаны болған арысымыздың аруағын қорлата алмаймыз ендi! Қанды оқиға тiрiлердi түңiлдiрдi, күллi халықты күңiренттi. Оның құпиясын жасырып бағуға тырысқандардың әрекетi өздерiн масқаралыққа ұшыратты. “Өзiн-өзi үш оқпен атып өлтiрдi” делiнген билiктiң жалалы өтiрiгiне кiм сендi? Ешкiм де! Тiптi соны айтқан шендiлердiң бiрi де, солай дегiзгендер де сенбейдi. Сенетiн­дерiне үш оғы бар тапанша берiп, тәжiрибе жасатып көрейiк. Өздерiн дәл солай – екi рет кеудеге, бiр рет басына атсын. Алда-жалда дәлелдеп бақса, ақиқат үшiн қиған жаны жаннаттың төрiнен орын алсын дейiк. Мемлекет қаһарманы ретiнде оған құрмет көрсетейiк. Бар ма сондай мықты, шықсын қане!
Ондай кеңкелестi сiрә да таппаспыз.Сонда оқалы шен таққандарға не жорық – қазақ елiнiң қалың жұртын ақымақтар санатына сырғыта салғаны ма? Сегiз жыл бойы бiз осындай масқаралыққа көнiп келдiк. Намысымызды таптатқызып, ар-ожданымызды ойрандатқызып қойдық. Үндемеудiң арты одан зор жауыздыққа жол ашты. Алтынбек, Бауыржан, Василийге бес оқ, Жаңаөзен мен Шетпедегi бауырларымызға сансыз оқ атылды. Ол қылмыстар да барынша бүркемелендi. Қан төгуге құныққандарды тоқтату үшiн шынайы қылмыскерлердi әшкерелетудi, жазалатуды талап етуiмiз керек. Әркiм өз басының, туыс­тары мен жақындарының амандығын ойласа, “бұға бергенге сұға беретiнiн”, тәйт демегеннен таяқ кетпесiн түсiнетiн уақыт жеттi.
Бiздiң бүгiнгi талабымыз – Қазақстан Республикасына және оның халқына айрықша еңбегi сiңген мемлекет, қоғам қайраткерi Заманбек Нұрқадiловтiң қазасына қатысты мәлiмделген ресми түрдегi жалған қорытынды жоққа шығарылсын! Қылмыстық iс қозғалып, азаматтың адал атына кiр жұқтыруды көксегендер, оның аруағын және тұтас халықты миғұла санап қорлағандар жауапқа тартылсын! Егер мұны бүгiн сiздер атқармасаңыздар, қылмысты ашуға әрекетсiздiк жасағандарыңыз үшiн, алдағы уақытта өздерi­ңiз заң мен қоғам алдында жауапты боласыздар.
Қол қойғандар – Қазақ елiнiң азаматтары: С.Әбдiлдин, М.Әуезов, З.Ахметова, Ғ.Қабышұлы, Р.Сәрсенбайұлы, Қ.Жарылқап, К.Жұмаш, З.Батталова, И.Савостина, Б.Түменова, Б.Мәкiмбай, С.Жаңа­баева, А.Омарова, Н.Бакирланов, Р.Таукина, К.Аймаханова, К.Құрманғалин, Е.Рахым, К.Кемелханов, Д.Инсенова, М.Ұзақов, Т.Айтбайұлы, М.Құлкенов, Б.Шарахымбай, А.Құлментегi, А.Жәнiбек, О.Мәукенов, М.Қаспанов, Е.Мұхамедиярова және басқалары.