Ашық хат

Қазақстан Республикасының

Парламент Мәжілісінің төрағасы

О.Мұхамеджанов мырзаға

 

       Құрметті Орал Байқонысұлы!

       Біз, «31 телеарна» журналистері Сізге осы арнадағы қалыптасқан ахуал туралы хат жазып отырмыз.

          Біріншіден, «31 телеарнаның» 20 пайыз акциясын Ресейлік «СТС-Медиа» холдингі сатып алғаннан бері, арнада «төтенше жағдай» қалыптасты деуге болады. Құрылтайшылық акцияның аз ғана бөлігін иеленіп отырғанына қарамастан, арнаның ұйымдастыру, шығармашылық жұмыстарының шешімі Мәскеуге тәуелді болып қалды. Ал, мәскеулік «СТС» 2-3 жылдың ішінде ондаған қазақ хабарларын жауып, арнаның эфирлік саясатын Ресейлік ақпараттық экспансия жағдайында ұстап отыр. «31 арна» бүгінде тек қана ресейлік сериалдар мен ситкомдардың насихатшысына айналды.

           Екіншіден, басқарушы компания ретінде, «СТС-Медиа» Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» заңының нормаларын өрескел бұзып отыр. Біздің қолымызда нақты мониторинг жоқ, дегенмен эфирден беріліп жатқан қазақ хабарларының үлесі 35 % деңгейінде ғана қалуда. Оның өзінде қазақша шығатын «Информбюро» жаңалықтары, «Әзіл-студио», «Жұлдызбен жүздесу» сияқты бірді-екілі жобадан өзгесі орыс және түрік сериалдарының аудармасы.

            Үшіншіден, ресейлік компания қазақ журналистерін «крепостнойлық право» жағдайында ұстауда. Олар «рейтингтік үлесі төмен» деген сылтаумен жаңа жыл қарсаңында 5 қазақ хабарын жапса, 29 сәуір күні солардың орнына шыққан «Айна Line» жобасын тоқтатып тастады. «Еңбек Кодексінің» қағидаларын белшесінен басып, қаңтардан сәуірге дейін осы жобаны дайындаған журналистерді ақысыз жұмыс істеуге мәжбүрледі.

          «Айна Line» бағдарламасы жабылған соң, олардың барлық ниет-пиғылы анық болды: «СТС-Медиа» қазақстандық кеңістікті өзінің ақпараттық отарына айналдырғысы келеді.

          Біз, осы хатқа қол қоюшы жастар, Сізден ұлттық ақпарат кеңістігімізге қауіп төндіріп отырған жағдайдың оң шешіліп, журналистер құқығын қорғалуына қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

 

Қол қойғандар:

1.Қанат Тілеухан

2.Нұрсұлтан Құрман

3.Шаһ-Керім Кәрмен

4.Ұлпан Құрайысова

5.Даулетхан Ақайдаров

6.Альбина Асқатқызы

7.Әсем Жақыпова

8.Дәулет Есен

9.Әсем Әлмұханбетқызы

10.Сандуғаш Қартаева

11.Нұрғиса Әлмұрат

12.АқкенжеӘлімжан

13.Айдос Алтынбек

14.Ахмет Ғабитұлы