"Нұр Отанға" 7 млн. қарыз Сыздықова сотта жауап береді

photo_114934Бақыт Сыздықова "Нұр Отан" партиясына бірнеше миллиондаған қарызын қайтармай жүргені үшін сот алдында жауапқа тартылады. Бұл туралы "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті. "Бақыт Ахметқызы БАҚ өкілдерінің көзінше қарызды жыл соңына дейін қайтарып беруге уәде еткен. Алайда, жаңа жыл басталса да, ханым қарызының барын ұмытқандай... Өзінен жауап болмаған соң, бұл істі сотқа жібердік. Сот әділ шешім қабылдайды деп сенеміз. Партия мүшесі бола тұра, партия ережелеріне мойынсұнбаған адамды қайтадан партия құрамына қабылдау қауіпті" - деді Бауыржан Байбек мырза. Бауыржан Байбек осылай десе де, Бақыт Сыздықова бұл қарыздың оның жеке басына түк қатысы жоқ екенін айтудан жалықпайды: "Астана KZ" деп аталатын Ұлттық КТК (КВН) клубына партия есебінен бөлінген ақшаны төлеуге міндетті емеспін. Бұл қаржының есебінен Көңілді тапқырлар командасының ойыншылары Қазақстанның намысын әлемдік деңгейде өткен сайыста қорғады, қазақстандық жастарды дүние жүзіне насихаттады. Партия қызметкерлері бұл шығынды "Бақыт Сыздықова өтеуі тиіс" деп отырғанын түсінбеймін. Құқықтық Қазақстан мемлекетінде екі жақ бір келісімге келе алмағанда, іске Сот кіріседі. Бұған еш наразылығым жоқ. Шынымен әділ шешім қабылдаса, Сотпен таласқа түспеспіз" - деді Сыздықова.