БИІКТЕРДІ БАҒЫНДЫРҒАН БІЛІМ ОРДАСЫ

0
1570

          

 Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында жер-жерлерде түрлі мәдени шаралардың өткізіліп жатқаны белгілі. Осындай игі шараның бірі Алматы қаласындағы №173 гимназияда өтті. «Отан үшін от кешкендер» атты Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты кешті осы мектептің 10 г сынып оқушылары ұйымдастырыпты.

          Мектеп оқушылары бүгінгі кешті ел басына күн туған шақта елінің, халқының болашағы үшін өз өмірін құрбан еткен батырларымызға, қатыгез соғыстың бар ауыртпалығын көтере білген айбынды ардагерлергерімізге арнады.

         Салтанатты жиынды ашып берген гимназия директоры Өтеш Әбдімәжит жиылған жұртшылықты Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, елім деген ерлердің зұлмат заманда көрсеткен ерліктері турасында әңгіме өрбітті.

           Салтанатты кешке Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, қарт ұстаз, математик Байтұма Тұрарұлы атамыз арнайы шақырылыпты.

        – «1939 жылы Украинаның Киев қаласына Қызыл Армия қатарына шақырылып, сонда әскери борышымды өтедім. Екі жыл әскер қатарында болып, 41 жылы соғыс басталған сәтте майдан даласынан табылдым.

         Сұрапыл соғыстың алғашқы оғы атылған сәттен бастап, Жеңіс туы желбірегенге дейін майдан даласында болдық. Онда мен сомолетке жарық түсіруші болдым. Яғни, бізге келе жатқан жаудың танкісіне қарсы жарық түсірдім. Осы кезде жауыз фашистер бомбаны діттеген жеріне тастай алмайтын.

        45 жылдың 9 мамырында Жеңіске жеткен кезде төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. 1945 жылдың қазан айында әскерді тарату турасында бұйрық келісімен, мұғалімдерді елге қайтару жағы қолға алынды. Өйткені, соғыс жылдарында мектептер жабылып қалған еді. Жас ұрпақты білімділікке баулу қажет болғандықтан елге қайттым.

        Жеңіс төбеден түскен олжа емес. Сондықтан, Жеңістің қадірін бағалай білейік! Ұлы Жеңіс тағы да құтты болсын! Енді ешқашан соғыстың оты тұтанбасын! Бүгінгідей бейбіт күнде ғұмыр кешіп жатқан сіздер бақыттысыздар.

        Адам баласы кез-келген биікті білім арқылы бағындыратындықтан, білімді ұрпақ тәрбиелеу басты мақсатымыз болуға тиісті. Берілген білімді бойына сіңіріп, оны ел игілігі үшін жұмсау – жас ұрпақтың азаматтық парызы. Сондықтан жастарымыз білімді болуға талпынуы қажет. Осы жолда сендерге сәттілік тілеймін шырақтарым», – деп тебірене сөйлеген Байтұм ағамыз сөзінің соңында оқушыларды білімділікке шақырды.

          Иә, бұл Жеңіс оңайлықпен келген жоқ! Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегилдинов, МәлікҒабдуллин, Әди Шәріп, Қасым Қайсенов, Жұмағали Саин, Нұркен Әбдіров, Сергей Луганский, Сабалақ Оразалинов, Мұсабек Сеңгірбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рахымжан Қошқарбаев, Григорий Булатов сынды ағаларымыз бен әпкелерімізді тарих бетіне батыр деп жазып кетті.

           №173 гимназияның 10 «г» сынып оқушылары ұйымдастырған «Отан үшін от кешкендер» атты Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған театрландырылған салтанатты кеш өзге іс-шаралардан ерекше әсерлі өткенін айта кеткеніміз жөн. Іс-шараға белсене араласқан сынып оқушыларның көрсеткен өнерлері театр сахнасының саңлақтарынан кем түспеді.

            Осы тұста оқушыларын өнерлілікке баули білген сынып жетекшісі Айгүл Ишанғалиеваның еңбегі орасан зор екендігі айтпаса да түсінікті.

          Мереке қарсаңында №173 гимназияға арнайы ат басын бұрып келгеннен кейін оқу ордасының жеткен жетістіктеріне аз-кем тоқтала кетуді жөн санадық.

          Физика және математика пәндерін дұрыстап оқытуды мақсат тұтқан білім ордасында бүгінде 2170-тен астам бала дәріс алады екен. Былтырғы жылы Алматы қаласының екі мектебі республиканың ең үздік алғашқы жүз мектебінің қатарына енген болатын болса, соның бірі – №173 гимназия деп танылыпты. Мұның өзі гимназиядағы оқушылардың білім дәрежеснің жоғары екендігінің және ұстаздар қауымының біліктілігін көрсетсе керек. Биылғы жылы аталмыш гимназиядан 136 бала қияға қанат қаққалы отырса, оның 26-сы алтын белгіден үміткер екен.

          Кезінде гимназияның ашылуына атсалысқан Байтұма Тұрарұлы сынды қарт ұстаздан бата алған шәкірттер бүгінде білім жолында биік шыңдарды бағындырып та келеді.

         Мәселен биылғы жылы өткізілген оқушылардың республикалық пән олимпиадасында физика пәні бойынша гимназияның 10 «А» сынып оқушысы Тайман Сабырғалиев жүзден жүйрік танылып, алтыннан алқа тағынса, информатика пәні бойынша осы сыныптың тағы бір оқушысы Жазира Жүнісова қола медальды иеленіпті.

             Сонымен қатар, таяуда ғана өткен қалалық пән олимпиадасына №173 гимназияның 52-оқушысы қатысып, оның 14-і жүлделі 1-3 орындарды иемденіпті.

           Білім бәсекесінде текғана биік тұғырдан көрінетін мектеп оқушылары физика, математика, информатика пәндері бойынша өткізілетін Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада физика пәнінен жүлдегер атанған, республикалық құрама команда мүшелері 11 сынып оқушылары Самат Купаров пен Жасан Байпақбаевтар республикалық турға қатысуға мүмкіндік алып, өздерінің білімділігін дәлелдей білді.

           Сондай-ақ, Алматы қаласының мектептерінің бітіруші сынып оқушыларының арасында өткізілген «Алматы қаласының жоғарғы оқу орындарының гранттарын жеңіп ал» атты сайыста Айдын Сатыбалды, Айгерім Қабжанова, Бауыржан Мұхаметәлі, Ақкерке Құлшанова, Азатбек Бортанов, Нұрсұлтан Таубалды, Алтынбек Жанатай сынды №173 гимназияның оқушылары үздік деп танылып, білім гранттарын жеңіп алыпты.

         Мұның өзі бір ғана гимназия үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.

         Гимназия директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтын Мәлікқызы болса, білім ордасының ұстаздары «Сен бәрін білуге міндеттісің» деген қағидамен емес, «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деген принцппен жұмыс жасайтындықтарын айтты.

          Содан болар, гимназия шәкірттерінің барлығы да дарынды. Бәрі де білім арқылы биікке ұмтылған жастар. Өздерінің білімділігін дәлелдеп те келе жатқан жастар.

          Ашылғанына азғантай уақыт болғанына қарамастан, қаламыздағы іргелі білім ошақтарының бірі ғана емес, бірегейі деп танылған №173 гимназияның білім жолында жеткен жетістіктері жетерлік. Тіпті оның бәрін тізбектеу де мүмкін емес.

         Гимназияның білім бәсекесінде жұлдызының жарқырауының өзі оқу ордасының бірінші басшысы, білікті ұстаз, «Құрмет» орденінің иегері Әбдімәжит Қоңырбайұлы Өтештің іскерлігімен тікелей байланысты екендігі баршаға мәлім.

        Үлкен ұжымды басқарудағы іскерлік, жүйелі жүргізілген жұмыс осының бәрі де жетістікке жету жолындағы ерен еңбек.

         Ендеше біз, гимназия ұжымынының өскелең ұрпақты білімділікке баулу жолындағы еселі еңбектеріне жеміс тілейміз! Шәкірттеріңіз сенімдеріңізді ақтап, білімнің шыңына шыға берсін демекпіз.

 

Гүлмира САДЫҚОВА

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз