Ақша үшін көлік астына әдейі түсетін алаяқтар көбейді

54454488_0Елімізде жол апатын ұйымдастырып, ақша бопсалайтын алаяқтық белең алып барады. Жаяу жүргіншілер көлік астына әдейі түсіп, тәртіп сақшыларын шақырмастан мәселені шешуге ұсыныс жасайды.

Тізгіндегі азаматтан қомақты ақша алу үшін тіпті қойылым ұйымдастырған жағдайлар жетерлік, деп хабарлайды КТК арнасы. Алаяқтардың оңай ақша табу жолы мен олардың арбауына түсуден қалай сақтануға болады? Бір қарағанда жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермей, қағып өткен сыңайлы. Бірақ негізінде ол алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Біріншісі ауыр затпен көліктің айнасын сындырып, өзі жолдан өтіп кетеді. Ал артындағы азамат жараланған адамның кейпін келтіруде. Осылай істейді. Көліктің капотына құлап, арам ойлары іске аспай қалған осындай азаматтар кешірім сұрап, өз жөнімен кетсе, ұйымдасқан алаяқтардың тобы жол үстінде біртұтас спектакль жасауға дейін барады. "Барлығы бір үлгі бойынша жұмыс істейді. Ешқандай жол апаты болған да емес. Яғни алдын-ала ойластырып, өздерін жәбірленуші етіп көрсеткісі келеді. Алаяқтың айтқанына көнгіңіз келмесе видеорегистратор жазбасына немесе куәгерлерді іздегеніңіз жөн", - дейді "ОСА" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Александр Волошин.

Осындай алаяқтық жөнінде жүргізушілер полицияға да арыздана бермейді екен. Өйткені әртістердің сенімді шыққаны сонша, оқиға орнында бар ақшасын ұстатып құтылғанына қуанады.

Дегенмен мамандар, ұсақ-түйек жол көлік оқиғасы болған күннің өзінде тәртіп сақшыларын шақырған жөн дейді. "Жүргізуші оқиға орнынан қозғалмауы керек. Себебі ол кетіп қалған соң алаяқтар полицияға хабарласып, арыздана алады. Нәтижесінде жүргізуші куәлігінен айырылып қалмау үшін олар талап еткен сомманы төлеуіне тура келеді", - дейді заңгер Анна Данилина. Жол үстіндегі алаяқтықтың өзге де түрі бар. Көшеде жүйткіп бара жатқан көлікке пластик шөлмек немесе картоп лақтырып, тарсылға тоқтаған жүргізушіні алаяқтар өздері мінген көлікке соқтың деп айыптайды. Ол үшін сырылған қымбат темір тұлпар мініп жүреді екен. Осындай үлгі негізінде жұмыс істеген топ былтыр Алматыда қолға түсіп, мүшелері 9 жылға сотталған болатын. Жаяу жүргіншіні қағып кету кездойсоқ жағдай болса да, оның салдары кез келген жүргізуші үшін ауыр болуы мүмкін. Кемінде жарақат алдым деген азаматқа қомақты ақша беріп құтылса, ал жоспарын бүге-шүгесіне дейін ойластырған алаяқтар тобы кейін де бопсалаумен айналысады екен. Осындай келеңсіз оқиғаның құрбанына айналмау үшін көлікке видеокамера орнатып, әркімнің сақтықта қорлық жоқ екендігін ұмытпағаны дұрыс.

КТК арнасы