Ақша үшін көлік астына әдейі түсетін алаяқтар көбейді
2014 ж. 21 қаңтар
1664
0
Елімізде жол апатын ұйымдастырып, ақша бопсалайтын алаяқтық белең алып барады. Жаяу жүргіншілер көлік астына әдейі түсіп, тәртіп сақшыларын шақырмастан мәселені шешуге ұсыныс жасайды.
Осындай алаяқтық жөнінде жүргізушілер полицияға да арыздана бермейді екен. Өйткені әртістердің сенімді шыққаны сонша, оқиға орнында бар ақшасын ұстатып құтылғанына қуанады.
Дегенмен мамандар, ұсақ-түйек жол көлік оқиғасы болған күннің өзінде тәртіп сақшыларын шақырған жөн дейді. "Жүргізуші оқиға орнынан қозғалмауы керек. Себебі ол кетіп қалған соң алаяқтар полицияға хабарласып, арыздана алады. Нәтижесінде жүргізуші куәлігінен айырылып қалмау үшін олар талап еткен сомманы төлеуіне тура келеді", - дейді заңгер Анна Данилина. Жол үстіндегі алаяқтықтың өзге де түрі бар. Көшеде жүйткіп бара жатқан көлікке пластик шөлмек немесе картоп лақтырып, тарсылға тоқтаған жүргізушіні алаяқтар өздері мінген көлікке соқтың деп айыптайды. Ол үшін сырылған қымбат темір тұлпар мініп жүреді екен. Осындай үлгі негізінде жұмыс істеген топ былтыр Алматыда қолға түсіп, мүшелері 9 жылға сотталған болатын. Жаяу жүргіншіні қағып кету кездойсоқ жағдай болса да, оның салдары кез келген жүргізуші үшін ауыр болуы мүмкін. Кемінде жарақат алдым деген азаматқа қомақты ақша беріп құтылса, ал жоспарын бүге-шүгесіне дейін ойластырған алаяқтар тобы кейін де бопсалаумен айналысады екен. Осындай келеңсіз оқиғаның құрбанына айналмау үшін көлікке видеокамера орнатып, әркімнің сақтықта қорлық жоқ екендігін ұмытпағаны дұрыс.КТК арнасы