Фурманов көшесіне «Алашорда» атауын берейік.

Alash kosemderi

Тұлғаларымызды ұлықтауға ниет керек...

Алдағы «Алашорда» үкіметінің премьер-министрі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және Алашорда мемлекетінің 100 жылдығын бүгінгі ұрпақ қалай атап өтемек?" деген сауалдар көкірегі ояу азаматтарды көп толғандыруда. Бүгінгі қазақ Үкіметі прагматикалық тұрғыда 2050 жылға дейін қадау-қадау жоспараларын жасап, «Мәңгілік елге» айналудың инновациялық идеяларын іздеумен басы қатып жатқанда, осыдан бір ғасыр бұрын ұлттық дамудың сара жолдарын ұсынып, қазақтың басын бір мүддеге топтастырып кеткен Алаш қайраткерлері елеусіз қалмайды ма, тағы да сол жетім қыздың тойындай күй кешіп кетпейміз ба, бұзылған ізбасарлық көпірді орнатудың жолдары қандай болмақ деген ойлар БАҚ өкілдерінің күн тәртібіндегі зерттеулерге арқау болуда.

Өткен жылы ел болып,  ең жоғарғы деңгейде Елбасының өмір жолы туралы кино трилогиясы түсіріліп, қоғамға ұсынылды. Егер сарапшылық көзбен қарасақ, ең мықты режиссерлік құрам, кәсіби актерлер, әсерлі сюжеті мен музыкалық көркемдеу, ауқымды бюджеті тайға таңба басқандай көрінеді. Яғни, түсіргіміз келсе, түсіре алады екенбіз?! Сондықтан, неге осы Әлекеңдер мен Ахаңдардың бастамаларын, сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалды, өмір тәжірибесін, тұңғыш қазақ Үкіметі туралы тарихи фактілерге негізделген көп сериалды кино түсірмеске. Туындының маңыздылығы алдымен тарихи баға беруге, кешегіні сараламай, келешекке батыл қимылдамайтындығымызбен айқындалады. Елшілдікті насихаттайтын сапалы кино болса, Голивудттың Оскарын алмаса да, ұлтымыздың  Оскарын алатыны анық. Екіншіден, Алматы қаласының орталығындағы өзгермейтін аты-шулы үкіметтік жол - Фурманов көшесінің атына – «Алашорда» атауын беру керек.  Өйткені барлық елдердің басшылары жүретін президенттік даңғылды осылай атасақ, абыройымыз асып-тасымамай ма? Барынша тарихи-маңызы жойылған "Путь к большевизму" кітабының авторы, революционер Фурманов Дмитрий Андреевичті осы қазақ соншама несіне кұрметтейді? Оның қасында тәуелсіз ұлттың жасампаз жолына ұмтылған «Алашорда» феномені өшпес жаңғыру мұрасы емес пе. Сол себепті де принциптік тұрғыда тоғыз жолдың торабындағы, қаржы һәм мәдени орталық Алматының қақ ортасында «Алашорда» даңғылы болуы шарт.  

Мақсат Жақау,

«Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі 

www.qazaquni.kz