ТӨЛЕГЕНГЕ ОРАЛУ

(Соңы. Басы өткен сандарда)

354

VI.

          Төлеген көнбіс адам бола алмады. Күнделікті тірліктің айдауынан шығармайтын көнбістікке ақын жүрегімен көне алмады. Басқалар оның басындағы ең үлкен осалдық деп есептеген – тік мінезділігін жеңе алмады. Жеңуге тиіс те емес еді. Өйткені, шаблонға көнбеген шабыт иесі – ақынды еркін ұшқан құс деп сезінді мынау өзі сүйген өмірде...

           Көптеген әдебиетшілер Төлегенді (жалпы басқа талантты ақындарды да) қайтыс болған соң танылған ақын ретінде көрсетеді. Меніңше бұл – қате, ұшқары пікір. Төлеген кітабы шықпай тұрып-ақ әдебиетті түсінетін талайлардың құрметіне бөленіп, жастардың ұстазына (отызға  жетпей-ақ)    айналып үлгергенді.  Ол – кітап шығаруды емес, өлеңге адалдықты, әдебиетте арлы болуды көбірек діттеген ақын. Өлең аспанында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп көрініп ғайып болған Төлегеннің бұрын жарық көрмеген бір топ өлеңдері Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінің 1960-1964 жылдарындағы сандарынан жинап алынды. Екі өлеңі 1985 жылы «Сыр» бірлестігі мүшелерінің ұсынуымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

             Төлеген Айбергенов атты есімді есіткен сайын жыр құмар қауым әлі де бір елең ете қалары сөзсіз. Жарық дүниемен қоштасқан соң Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болған оның әлі де жинақтарына енбей келе жатқан өлеңдері баршылық.

            Исраил Сапаров: Мен Төлегенді бірінші ақын-жазушылардың өлкелік кеңесінде көрдім. Ол кезде әлі Төлегеннің бірде-бір кітабы жарық көрмеген болатын. Шағын кешімізде тұлғасы шымыр келген бұйра шашты, тұғырынан ұшқалы тұрған қырандай айбынды қағылез қара жігіт:

        -Жігіттер, мынау өлеңді тыңдап көріңдерші, - деп «Кегейлі дәптері» өлең циклдарын тебірене оқи бастады. Ақын өзін-өзі ұнатқандай өлең оқыған сайын өрши түсті. Демімізді ішімізге тартып ұйып тыңдап отырмыз. Құдіретті өлең жолдары өзіне баурап алып барады.

         Сол бір кезде өлең жазып жүрген біздер Төлеген өлеңдерінің таудан атылып шыққан бұлақтай екпінді, ағыны бөлекше екендігін сезіндік. Сол күні жиналғандар түгел өлең оқыды. Кеште бізбен бірге сол кезде кітабы шығып танымал бола бастаған Сабырхан Асанов, Күлән Шілдебаева және Надежда Лушниковалар да бар еді. Ертеңінде бәріміз естелік ретінде суретке түстік.

        Төлеген одан соң Шымкентке, көбіне біз оқитын педагогика институтына келіп жиі өлең оқып, өзі өлең тыңдайтын. Осындай кешімізге бірде сол кездегі өлкелік комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов та қатысып отырды. Біз өлең оқыдық. Мен сонда әлі есімде: «Т-ға» деген өлеңімді оқырмандар талқысына салдым. Сонда:

          Түсінбедім сені мен,

          Сыр ұқтырып жүрсің бе?

          Бір суытып, бір жылытып әлде сен –

          Махаббатқа шынықтырып жүрсің бе? – деген жолдарға Талас туды. Қалаубек аға: - Махаббат темір емес шыңдайтын, - деді. Төлеген аға оның пікіріне қарсы шықты. Төлеген Айбергеновті өлеңнің нағыз жанашыры екенін жан-тәнімізбен түсінетін болдық.

          Бірде  Төлегенмен Шымкенттің   жазғы паркінде кездесіп, ұзақ отырып әңгімелестік. Әңгімеміздің тақырыбы әрине, поэзия туралы болды. Қарапайым Төлеген сонда шын достық көңілімен жүрек сырын ақтарып еді.

             Төлеген ақын емес, жақсы өлеңнің жолдасы еді. Ол кезде әлі жас Мұхтар Шахановты танып, болашағынан үлкен үміт күткен де Төлеген еді. Арада көп кешікпей Төлеген кітабы жарық көрді. Сонда ол бәрімізге:

      - Жігіттер, мынау менің тұңғышым. Мынау менің дүниеге айтар алғашқы сөзімнің бастамасы, -деген еді.

        Не керек қатыгез ажал Төлегендей қыранды мезгілсіз қағып түсті, арамыздан ерте әкетті.

 

VII.

 

          Ғұмырының соңғы жылдарындағы кезекті бір сапарында Мұхтар Әуезов Ташкент қаласында болды. Педагогика институтында оқитын қазақ жастарымен кездесті. Заңғар жазушыны қаумалай қоршап таласа-тармаса суретке түскен шәкірттердің арасында болашақ ақын Төлеген Айбергенов те бар еді. Ол да ынтық көңілмен ұлағаты мол суреткердің тағлымды дәрісін тыңдады.

          Ұлы қаламгер көшкен күні көз жасына тұншыққан көкірегі шерлі Төлеген тас жүрек тағдырдың кесіміне көнгісі келмей қасарысып:

Әуезов өлген жоқ,

Өлген жоқ соны ұқ!

Өлгендердің талайын тірілтіп кетті.   Ажалды аш бүйірінен соғып,

Ұрынтып кетті.

Әуезовті

Өлді дейтіндер –

Өз халқының бақытын тілеместер,

Әуезовті өлді дейтіндер –

Тірі еместер.

Әуезов өлген жоқ,

Күн сайын бұны сезем мен.

Келді ол асып бізбенен,

Сан асу, сан қыр, кезеңнен.

Әуезов өлмеген,

Ажалдың өзі өлген.

деп жазды өзінің күнделігінде. Бірақ қазақ поэзиясының аспанында құйрықты жұлдыздай пайда болып, тез ағып кеткен – отызға жетер-жетпесінде опат болған Төлеген ол кезде дәл сол қатыгез тағдырдың ақындығын дәлелдеуге он жылға жетер-жетпес өмір кесіп тұрғанын білген жоқ еді. Бұл өз алдына бөлек әңгіме ғой.   Төлегеннің ізбасар інісі   Мұхтар  Шахановтың «Мені неге Мұхтар қойған» деген өлеңінде:

Көре алмады тағдырдың мергендігін,

Ұланының жырдан гүл тергендігін.

Абай, Мұхтар бастаған елге әйгілі,

Ұлы көштің соңынан ергендігін, - деген жолдар бар. Сол айтпақшы, ұлы Әуезов өзінің әр басқан қадамынан гүл бітіріп, әр айтқан сөзінен жүректерге жыр бітіп, Төлегендей жүздеген шәкірт қаламгерлердің өз есімін ту көтере шығатынынан хабарсыз да болған шығар?!

         Не дерсіз?! Уақыт заңы солай. Бізге беймәлім ұлы Галактиканың мың-сан жұмбағының бірі – мықтылардың рухани әлемі өзара астасып, үндесіп жататыны да өзгеше бір құбылыс қой. Оны сезінуге кеңістік өлшеміндегі қас-қағым сәттей адам ғұмыры жетпейтіні өкінішті-ақ. Осымен Төлеген туралы толғанысымды аяқтаймын. Мен оны – Ұлы ақынды шынымен-ақ сағынып қалыппын.

 

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,

Жазушылар одағының мүшесі.