АРДАГЕРДІ үлестен қаққан да сол соғыс лагері

           Ардагер Қ. Қажыбеков соғысқа алынған 1942 жыл жаудың алапат, әрі тың күшінің өкшелей қуып келе жатқан кезі еді. Бұл Николаевка, Лозовая, Воробьенко деген станциялардың төңірегі болатын. Аз ғана уақыт әскери дайындықтан соң,соғыс алаңына жақындаған олардың тобы жау ұшақтары мен зеңбіректерінің ажал апанына түспесін деп, поездан ертерек түсірілген еді. Кенет қарша жауған бомба әзірейлінің сұсына бұрылып қарауға да шама келтірмей, әуелгі әзірлік жайына қалды. Жүгіре қашқан жастары орманға жетіп үлгіріп, дивизияға қосылуға мүмкіндік алса, онша жүгіре алмайтын кәрілеу жауынгерлер әу баста-ақ бомбаның астында жер жастанды жатты.

           Шегінуге мәжбүр болса да күнделікті өз шығындарындай шығынды жаудан да шығарып, мөлшерлі жоспарын орындап келе жатқан қызыл дивизияның бір бөлігі ақыры қоршауда қалады. Тұтқынға түскен әскерлерді поездарға тиеп, жау тылындағы станцияларда орналасқан лагерлерге таратады. Вагондар өте тығыз тиелгендіктен ішінде дем алу да мүмкін емес. Терге малшынып, шөлден бұрала бастағандардың бірі есікке жақын жерде тұрған Қозан ағаның алдына келіп құлайды. Ол Қозан ағамен соғысқа бірге барған мемлекет қайраткері Серікболсын Әбділдиннің өз әкесі Шалабай Әлімжанов еді. Қозекең әркімге жалынып, бір жұтым су тауып алып келгенше, Шалабайды тоқтаған станциядан түсіріп жіберген екен. Ол кезде әр станцияға немістер он адамнан санап түсіріп жатқан еді. Шалабай да сондай бір топқа ілініп кетіп, сол кеткеннен хабарсыз кетті. Оны кейін әскерге қайта қосылғанда да әркімнен сұрастырып таба алмаған сияқты. Сол жолы қашуға әрекеттенген Қозекең де поездан секіріп, аяғын мертіктіріп алыпты. Ұсталғандардың саны мыңнан асады. Олар Кеңес одағына қарасты үлкен бір өзенге жақын, шағын ауылдың қасындағы Виньямин деген лагерге жеткізіледі. Бұл жантүршігерлік азап   пен тозақтың ордасы екен. Ббасқа басқа, тіпті үлкен корытаға су қайнатып, еврейлерді қол аяғынан ұстап тұрып, шыңғыртып ыстық суға лақтырып жатқанын ағамыз өз көзімен көріпті.

         – Әсіресе, немістердің еврейлермен қаны қас еді. Онда жүріп, «бұл қалай?» деп сұрастырғанымда, біреулер «еврей дәрігерлері Гитлерді пішіп тастағандықтан одан ұрпақ қалмайтын болып, екі ортадағы қайшылық осыдан туған екен» деп жауап берді, – дейді ағамыз. Лагердің ішіндегі тұтқындар жататын ағаш сөрелер театр орындықтарындай екі жаққа сатылап орналастырылған. Ортасы терең шұңқыр. Күнделікті аштан бұралып өлгендерді сол шұңқырға тастай береді екен. Лагерде кісі сабайтын қамшымен бастан да, басқа мүшеден де ұрады да жүреді. Елдің жұмысқа да әлі жоқ. Там-тұмдап беретін тамағы – тұз салып суға қайнатқан картоп пен капустаның көк қабығы. Бәрі де аш. Ойлары – қалайда қашып құтылу. Күнде қашады. Ондайларды ұстаған бойда қалған тұтқындарға сабақ ретінде әкеліп атып отырады. Әйтсе де «қорлықтан өлім артық» дейтіндер үшін лагерден қашудың тағы да бір сәті түскендей болады. Тұтқындар көбейіп кеткен болуы керек. Бір күні түнде олардың үлкен бір тобын көлікке тиеп, атып, көметін шұңқырдың қасына алып келеді. Әлгілер көліктен түсер-түспестен біреу «Алға!» деп айғайлап, ысқырып жібереді. Тұтқындардың бәрі бытырай қашып, құтылғаны құтылып, құтылмағаны ұсталып, атылады. Құтылғандардың ішінде Қозан аға да бар еді. Оның батальонындағы әскерлер тұтқыннан азат етілгесін сұрапыл соғысқа қайта қатысып, кейіннен тағы да тұтқындалады. Тағы да сол Виньямин лагеріне түседі. Бірақ, лагер жендеттері алдыңғы тұтқындарды суретке түсіріп алмағандықтан, соңғы келісінде бұларды танымай қалады. Сөйтіп, күдіктері шайылып, аман қалуына жол ашылады. Бірақ қашудың әрекеті тағы да жалғасады. Күндердің бір күнінде осындай оймен орыстың екі солдаты Қозан ағаға да ұсыныс жасап, ақыры үшеуі де бір амалын тауып қашып құтылады. Дабыл шыққасын иттерін абалатып, соңынан қуалаған қуғыншылардың әрекетінен де ештеңе шықпайды. Тал  ішін тасалаған олар ат арбамен кетіп бара жатқан немістерді аңдып тұрып, тұтқиылдан жайратады. Сосын арбаға тиелген азық-түлікпен оңашаға барып тамақтанады. Алған консервілері бақаның етінен жасалғандықтан оны лақтырып жібереді. Олар сол маңдағы тоғайға күнделікті келіп жүретін бір шалға жолығып, жақын маңда жүрген партизандар отрядына жолығудың да ыңғайын табады. Партизандар әуелі тұтқында болғандарды тергеп-тексеріп, соңынан арнайы ұшақпен өз бөлімшелеріне аттандырған екен.

           Кейін ағамыздың ұлы Тұрсынғалиға Тарбағатай кеңшарынан кездескен бір ақсақал сол Қозан ағаның соғыстағы жасаған бір жақсылығын айтады. Бір күні сол адам тұтқыннан қашып бір үйдің подвалында түнеп жүрсе керек. Жейтін тамақ таппай аштан бұрала бастағанда ол өзінің желке тұсынан әлдекімнің аяқ алысының тықырын естиді. Мұның жау емес екеніне көзі жетіп, күдігі сейілгесін, бар әлінше дыбыс беріп әлгіні өзіне шақырады. Бұл да өзі сияқты тұтқыннан қашқан солдаттың бірі – Қозан ағамыз еді. Ол хәл үстіндегі адамды көргесін сол маңнан тамақ, су тауып әкеліп, әріптесінің ес жинауына көмектескен екен.

            Қозан атаның өзі ғана емес, әкесі Қажыбек те бір жылдан соң соғысқа алынып, Украинада жараланып, сүйегінде оқ қалады. Бір кезде Қажыбек жуастау болғандықтан анасы Рәзия оны 1916 патшаның маусым жарлығына қатысты соғыс аймағанына жіберуге қорқып, орнына ширақтау ұлы Серікбай кеткен екен. «Қырық жыл қырғын келсе де ажалды өледі» демекші, Қажыбек жуас та болса екі жыл соғысып, елге аман оралды. Ал, Қозекең екі реткі тұтқыннан кейін де сол Украинадағы өз бөлімінің әскеріне барып қосылады. Соғыста әуелде снайпер, кейіннен пулеметші болады. Сексеннің сегізіне келген осы бір қарияның ағынан жарыла ақтарылған әңгімесін аракідік сұрақтар қойып сабақтай түстім:

– Соғыста немісті өлтірмедіңіз бе?

– Мендегі пулеметтің лентасы екі жүз елу оқпен оқталады. Бір тартып қалғанда талайды жайратады. Соғыс үстінде жауды атқылап жатамыз. Бірақ, менікі ме басқаныкі ме, кімнің оғы тиіп жатқанын ажыратып болмайсың.

– Соғыстан соң бірден туған жерге оралдыңыз ба?

– Соғыстағы әскер шығынының орнын толтыру үшін Орта Азия әскері қатарына қалдырды. Арасында аз уақыт Өскеменде тылдың жұмысына жегілдім.

           Әскерден қайтардағы бір сәт есімнен кетпейді. Бірде бізді бір түнде әскери дабылмен

Кеңес Одағының Үндістанмен қиылысқан шекарасына алып келді. Әскерлер соғыс қайта басталды деп шуылдасты. Шекараның маңында бір-бір жүргізуші және офицермен қамтылған бейтаныс әскери көліктер тізіліп тұр екен. Сұрастыра келсек, бұл ойсырап қалған кеңестік Армияның орнын толтырып, соғыстан кейінгі қауіпсіздікті қорғау мақсатында Америкадан көмекке келген қосалқы күш екен. Кеңес Одағы шетелдік әскерилерді еліне қайтарып, соғыста бүлінген халық шаруашылығы техникаға зәру болғандықтан, көліктерін алып қалады. Сол тұстан ағатын үлкен бір өзен көпірінің үстімен келе жатқан киімдері жұпыны үнді кедейлерін көрдік. Әуелде тілдерін ұқпасақ та қолындағы қолтық толар қапшықтарының үнді шайы екеніне көзіміз жетті. Ұққанымыз бойынша оларға керегі киім екен. Мен үстімдегі гимнастеркамды шешіп беріп, бір шайға алмастырып алдым. Сосын кір жаятын жерден тағы бір иесіз гимнастерканы тауып алып, шайдың екіншісін олжаладым да белгіленген әскер уақыты бітіп, аман есен елге оралдым. Елге оралсам соғысқа менен бір жыл кейін алынған өз әкем менен бұрын қайтып келіпті. Мені қуана, бір жағы жылап қарсы алғандардың ішінде Ақшолақ әулетіндегі үлкен жеңгеміз Мәптықа, осы соғыста оққа ұшып оралмаған Бікен ағамыздың үйіндегі Мамилә жеңгеміз, әйелім Қауан, тағы-тағылар бар. Сөйтіп соғыстан құр алақан қайтпай, Үндістанның үлкен екі қапшық шайын ала келген едім, - дейді, кейбір қызық жағдайларды да еске алып. Бұл жолғы сұхбатта ағамыз соғыстың әңгімесінен соң, нәубет жылдарында атақты Құнанбайдың қажыға бірге барған жиені Шал қажы ұрпақтары ретінде қуғындалған ағайындарын да еске алды. Әсірісе, итжеккенге айдалып он сегіз жыл сергелдең көрген Серікбай, ату жазасына кесіліп, айуандықпен өлтірілген Садырбай, он жыл үндемеске кесіліп, түрмені бұзып, Қытайғақашқан Кәріпжан, тағы-тағылардың жанкешті тағдыры кімді де болса толғандырмай қоймайды. Сөз соңында ол кісі маған Алматыдан сақалалғыш әкеліп беруді тапсырды. Мен уәде еттім. Өйткені ол кісінің тіл алғыш туғандарының бірі мен едім. Менің көп жыл бұрын Алматыдан алып берген көзілдірігімді де әлі тағып жүр екен. Бірақ, соңғы уәдесін орындауға санаулы уақыт аздық етті. Амал не? Мен кеткесін көп ұзамай бақилық сапарға аттаныпты. Иә, сондай-ақ, ол кісі тұтқында болғандарды қудалайтын кеңестік дәуірде өзінің соғыста болғандығын дәлелдей алмай, бертінге дейін сергелдеңге түсті. Арызданбаған жері жоқ. Мен де бұл жайдың анық- қанығын білуге қол ұшын беру үшін осыдан он сегіз жыл бұрын ол кісінің атынан елбасына хат жаздым. Хат ізімен президент аппараты республикалық әскери комиссиариатқа нұсқау беріп, көздеген шешімге де қол жеткіздік-ау әйтеуір. Ағамыздың құжатына қоса, бұрын ала алмаған мерекелік медальдарының ішінен түгел болмаса да екеуін қосып жіберіпті. Әйтсе де, сексенге жақындағанда жүйке тоздырып қол жеткізген ауылдың шалғай шетіндегі жалғыз баспанасы болмаса, ардагерлерге тиесілі көп үлестен қағылды. Жеңістің мерейтойы сайын көңілге демеу болып жатқан автокөлік, басқа да материалдық қажеттіліктер мен жеңілдіктердің көбін ол кісі көре алмады. Қыл аяғы, үйіне де дәрігер шақыратын бір телефон қондыра алмай он шақты жыл сандалған еді. Сөйтті де жауапты топты артық әуреден босатты. Яғни, бақилық сапарға аттанды. Бұл да тарих көшінде елене бермейтін өзімізге тән үйреншікті дәстүр.

        Соғыстан кейін тұтқында болғандарды қаралау қаншалықты ұзаққа созылса уақыттың жаққан күйесі өзіндік пайым-парасаты жоқтардың санасында одан да ұзақ сақталады. Олай дейтінім, тұтқыннан азғана өмірі қалғанда ғана ақталған ардагер тағдыры алдымыз бақилық болса да тарихи бағасын ала алмаған біз сияқты желтоқсаншылардың да тағдырына ұқсас. Кешегінің бүгінгі айнасы да осы.

 

Аманғазы КӘРІПЖАНӘУЛЕТІ

Қызылкесік ауылы,

Тарбағатай ауданы,

Шығыс Қазақстан облысы.