Тоқсан минуттық жолдаудың түйіні

20140117124920Осымен екінші рет жолдау Парламент қабырғасынан тыс жерде, Тәуелсіздік сарайына жарияланды. Шенеуніктер қымбат шетелдік көліктерімен ағылса, лауазымы төмендері автобуспен жеткізілді. Ал жиынның өткізілу тәртібіне биыл біраз өзгеріс енгізіліпті. Ортадағы үлкен үстелге Үкімет мүшелері жайғасқан. Төрдегі басты орынның иесі өзін көп күттірген жоқ, деп хабарлайды КТК арнасы. Әдетте, Нұрсұлтан Назарбаев үндеуін мінберде тұрып оқыса, бұл жолы  өйтпеді. Ал жолдау былтырғының жалғасы, яғни "Қазақстан-2050" бағдарламасын жүзеге асыру тетіктері жайында жалғасты. "2050 жылға дейін 30 елдің ішіне кіреміз деген бағдарлама. Халықтың  әл-ауқатын көтеруге арналған. Біз қалған 35 жылды 7 жылдан бес жылдыққа бөлеміз. Сөйтіп халықтың тұрмысын жақсартамыз", - деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан әлеуметтің әлеуетін арттыруға басымдық берілген.Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа, ішкі жалпы өнімді 5 есе көтеру, ауыл шаруашылығы, медицина мен білімді қаржыландыру ұлғая бермек. Ал кәсіпкерлікпен айналысуды әр отбасының негізгі құндылығы ретінде қарастыру ұсынылып отыр. Елбасы алдымен жалақы, жәрдемақы және шәкіртақының өсетінін айтып қуантып қойды. Үндеуді 90 минут бойы оқыған Елбасыға жиналғандар 50 рет қол соқты. Екі рет орындарынан тұрып ілтипат көрсетті. Ерекше әсер алғандардың бірі президент әкімшілігінің басшысы Кәрім - Мәсімов. Ол тарихи сәтті қалт жібергісі келмеді ме, әйтеуір күнде көріп жүрген Нұрсұлтан Назарбаевты телефонымен суретке түсіріп әуре болды. Алдағы 35 жылға жоспарланған құжат өте ауқымды. Бастысы барлық сала қамтылған. Енді премьерден бастап, министрлер, облыс, аудан ауыл әкімдері, тіпті депутаттарға дейін жолдауды жатқа соғуы тиіс. Өйткені, оны халық арасында түсіндіру соларға жүктелген.

КТК арнасы