Қайрат әндерінің рухани кеңістігі

d0bad0b0d0b9d180d0b0d182-d0b1d0b0d0b9d0b1d0bed181d18bd0bdd0bed0b2            

 Қазақ сал-серілерінің әншілік өнері мен өнегесін өрге өрлетіп өркендеткен ел еркесі, ән серкесі Жүсіпбек Елебековтың ән орындау өнерін, шеберлік үлгісін болмысына терең ұялатқан, жүрегіне қондырған, таным-тағылымын жетілдірген күміс көмей, жез таңдай, сұңқар сипатты Қайрат Байбосынов асқақ рух пен мөлдір сезімнің суреткер жыршысы. Қайраттың әншілік әлемі – тұнып тұрған даналық сыр, кереметтей ғажайып көркемдік, сұлулық дүниесі. Ендеше дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мәди сынды ақын-композиторлардың сөздерін барынша гүлдендіріп, түрлендіріп, сезім, көңіл, рух байлығына бөлеп, гармониялық құрылым жүйесін кемелдендіріп, сыршылдық пен күйлілік дарытып шырқайды. Мұхаммед пайғамбардың хадисіндегі «тек әсем сөздер ғана биіктейді. Оны ізгі істер көтереді» деген лебізге шексіз сенесің, ынтыға берілесің. Әннің басты сипаты – ұлттық рух. Рухты жалынды лебізге көшіру – Қайраттың әншілік құдіретіне тән. Тегінде, оның өнерпаздық қуаты кісілік, сырбаздық, сыпайылық, салиқалылық мінезіне саяды.

           Қайрат әндерін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Жаныңды жадыратады, жаңартады. Жігеріңді жаниды. Көркемдік сезіміңді көркейтеді.... 1990 жылдың, Мағжанша айтқанда, «жібек қанат жазында» Орталық Қазақстан, Көкшетау, Ертіс-Баянауыл жерінде яғни әншілік-композиторлық өнердің ту ұстаушылары Жарылғапберді, Естай, Иманжүсіп, Байғабыл, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Иса, Майра, Мәди туған топырақта нақышына келтіріп, нешеме алуан нәзік, әсем, әсерлі әндері әлі күнге көкейімнен кетер емес! Мысалы, Үкілінің «Қалдырғаны» мен «Қызыл асығын» жосылта шырқағанда Қайрат әншінің көкірегі суретхана дерсің! «Қызыл асық» әніндегі:

Қыз емес қыздың аты қызыл қыршын,

Ойнаған меніменен дымың құрысын.

Уәдеңнен күндіз берген түнде тайып,

Қойдың ғой сипалатып жүктің бұрышын,

– деп, торғындай үлбірете жеткізгенде оттай жайнап, тотыдай сайрап, сүйсіндіріп қызықтырады. Көкке өрлеген асқақ дауысы алпыс екі тамырыңды балқытады, жалғанның рахатына кенелтеді. Рухыңды асқақтатады.Қайраттың дарын қуаты сондай, әннің пікір де, идеясы да, сезім де, қиял да, сөйлем де, ішкі жан дүниесі де бейне бір, шынайы тұтастай сиқырлы үн-сырға, суретке айналып кетеді. Сөйтіп, тыңдаушыларын қаздай қалықтатып, толқынды тербелістердің құшағында үйіріп-иіріп әкетеді. Мәселен, Біржан салдың «Айбозым», «Он саусақ» әндерін де орындау үлгісінде өзіндік мәнер, өзгеше стиль бар. Көз алдыңда ән-жырдың шамшырағы, жойқын шабыт иесі Біржан сал нұр шашқан рухани болмысымен, ай дидарлы кемел келбетімен тіріліп келгендей көл-көсір әсерде боласың. Кесек те келісті сөйлемдері қандай!

Домбыра күйі келер бұрауменен,

Келмейді сөз жүйесін құрауменен.

Гүлденген бәйшешектей шіркін жастық,

Келмейді қайта айналып сұрауменен.

Ай! Он саусағым бір баспай,

Жүрмін қалай жер баспай.

Жиын-тойдың ішінде,

Ән салушы ем осылай.

Мінеки келіп қалдық талай жасқа,

Ағарып нышан кірді сақал шашқа.

Отыз бен қырық бестің арасында,

Отырдың, сөзің ортақ кәрі, жасқа.

Келгенде сөз жүйесі іркілмеймін,

Жорғадай жолға түскен бүлкілдеймін.

Келгенде осынау жасқа кәрілік жеңіп,

Секілді ақбас бура күркілдеймін.

Сұрасаң төрт момынның жүйрігімін,

Үш жүздің алға ұстаған тұйғынымын.

Баста емес, аяқта емес осы күні,

Ноқтаның жуан сағақ тұғырымын.

                                                         («Он саусақ»)

           Қайрат арқалы тарланбоз телегей әнші. Швецияда гастрольде жүргенде микрофон істемей қалыпты. Сонда иін тірескен қауымның ішінен «О, аруақ!» деген талып жеткен дауысты естігендей күйге түседі. Сол заматта көкке атылған барыстай бұрқаныс-құлшыныспен дауылша үдеп, құйқылжыта, тамылжыта шырқап, көк нөсердей төгіп, 600 шақырым жерден ат сабылтып жеткен қазақты тамсандырыпты.

           Бірде Мойынқұмда қоңыр кеште ән салғанда, бес шақырым жердегі жылқышылар естіп дереу жетіпті. Иә, әнші сөздің қасиетін терең түсініп, барша болмыс-бітімімен қабылдап ардақтайды. Шәкәрімше айтқанда, «дауыс пен сөз сұлулығы – жан сыйы ғой»!

          Әнші Қайратта биязылық, кішіпейілділік қасиеттер мол. Ел-елгебарып, концерт береді. Көлік таңдамайды. Мотоцикл ме, самосвал ма оған бәрібір. Мақсаты – елді кейітпеу.

           Еске сақтау қабілеті де ерекше. Бір естіген әнін ізінше қайталап, шығармашылықпен толықтырып отырады. Қазақ ән өнерінде даралық қолтаңбасы, өзіндік мәнері бар. Шынтуайттап келгенде, жаңашыл, майталман әнші.

Әйгілі әнші Естай «Қоштасу» өлеңінде:

Заманның түскен талай безбеніне,

Халқымның тағдыры бар сөздерімде – дегендей, Қайраттың жауһар әндері – халықтың көркемдік энциклопедиясы. Қазақтың сұлу табиғатын, көк орманын, көк пүліш жамылған салтанатты даласын, көгілдір аспанын, айдын шалқар көлдерін, сәукелелі кербез тауларын, «гүл жүзді, шырын сөзді, бал сілекей» сәулетайларын ән тілінде үздік сөйлеткенімен бағалы, мағыналы.

 

 

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің профессоры, филология

ғылымдарының докторы